Баян АХАТАЙ: Ауызбірлік – аман болудың бірден-бір амалы

Баян АХАТАЙ: Ауызбірлік – аман болудың бірден-бір амалы

Баян АХАТАЙ: Ауызбірлік – аман болудың бірден-бір амалы
ашық дереккөзі
1128
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ха­лыққа қажетті реформаларды жүзеге асырудың маңыздылығы туралы үнемі ай­тып жүр. Бұл – бүгінгі қоғамның талапты сұранысы. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішін­де мемлекетіміздің іргесін бекітуде және ішкі саяси-экономикалық, әлеу­меттік жағдайларды түзеуде атқарылған іс жеткілікті, дегенмен қателіктер де жоқ емес. Кешегі қанды Қаңтар оқиғасы осындай қайшылықтардың берер заң­ды нәтижесі. Тарихтан сабақ алып, кеткен қателіктерден тиісті қорытынды шы­ғарып отыру ертеңгі күннің бағытын түзеу үшін өте қажет. Бүгінде саяси жаң­ғырусыз еліміздің қай саласы да дамымайтыны анық. Халық жалған есеп, орын­далмайтын уәде, бос сөз дегеннен шаршап, сеніміне селкеу түскен қиын тұс­та жаңашылдықтардың нақты іске бағыттала жасалуы көңілге дем береді. Қоғам­ның пікіріне құлақ аса жасалып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыру­да әр азаматтың саяси сауаттылығы мен белсенділігі маңызды дер едім. Негізгі саяси оң өзгерістердің бірі – бейбіт жиналыстар туралы демок­ра­тия­лық заңның күшіне енуі. Заңның іс жүзіндегі жүзеге асу көрінісі ретінде үсті­міздегі жылы елордамызда өткен «Торғай облысы ашылсын» бейбіт жина­лы­сын атап өтуге болады. Бұл жаңашылдық елімізде саяси мәдениеттің қалып­тасуы мен өзара сенімді арттыруға, жауапкершілікті сезінуге игі әсер етері сөзсіз. Бүгінгі жасалып жатқан саяси реформалар қоғамда айтылып жүрген әртүрлі пі­кірлердің қорытынды жиынтығы іспетті. Саяси жаңғырудан басталып, эко­номикалық өзгерістерге жалғасқан реформалардың мақсатқа сай жүзеге асуы бір президентке ғана байланысты емес, атқарушылардың асқан жауапкершілігіне байланған бақ не сор. Саяси жүйенің қалтқысыз қызмет атқарып кетуі үшін әлі де болса кадрлық жетіспеушілік, қоғамдық сана, бар салаға дендеп кірген сы­байлас жемқорлық сынды кері тартатын факторлар бар және бұлардан арылу бір күндік арпалысумен бітпейтіні анық. Дегенмен халық сезімтал, оң бет­бұрысты бірден біледі. Бүгінгі ашықтықты дұрыс пайдаланып, арандатуға бой ал­дырмай, кешегі Жолдауда анықталған мақсатты бағыттарды бағындыруда күш біріктірсе алмайтын асу жоқ. Жолдаудың жолдарынан әр азамат өзін тапса, қайсібір әлеуметтік топ болмасын мүшелеріне тең мүмкіндіктер қаралған дер едім. Әр азамат өзінің, отбасының әл-ауқатын көтеру үшін қызмет қыла оты­рып, мемлекеттің ахуалын көтеруге болатын жоспарлы шаралар легі бар. Саяси жаңару биліктің өзінен бастау алғаны құптарлық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен басталған мемлекеттік билік құрылымын өзгерту үрдісі толығып, жетіліп отыруы заңдылық. 2024 жылға белгіленген кезекті Президент сайлауының үстіміздегі жылдың қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына ауысқаны басталған саяси жаңғыру процессін сапалы жүзеге асыру мақсатындағы қажеттіліктен туған шешім деп ойлаймын және құптаймын. Бұрынғы жаңарулардан өзгеше жаңарудың негізін қалаушысы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының қайта сай­лауға түскенін қалаймын және қолдаймын. Себебі басталған оң өзгерістер ме­желі мақсатына жетуі тиіс. Халыққа жолдаған жақсы жоспарларының жүйелі әрі сапалы жүзеге асырылуының басында идея авторының өзі болғаны дұрыс деп санаймын. Президент өкілеттілігінің жеті жылдық мерзімге бірреттік болып өзгеруі пре­зидент болып сайланған кез келген азамат бұл мүмкіндіктің уақытша беріл­ген, қайтып айналып келмейтін үлкен істер кезеңі екенін сезініп, бар по­тен­циалын мейлінше тиімді жұмсауына мұрындық болады деп білемін. «Қиын кездер мықтыларды жасайды» деген бар. Қайсыбір қиындықтың ақы­ры қайырлы. Бастысы – бірлік. Біріге тірлік етсек, берекелі қоғам құрудың ауы­лы алыс емес. Бейбітшілік пен ынтымаққа ешнәрсе жетпейді, бүгінгі әлемнен ты­ныштық кеткен алмағайып заманда бізді тек ауызбірлік қана аман алып қалады. Алда болатын кезектен тыс Президент сайлауына азаматтарды белсенділік та­ныта қатысуға шақырар едім. Тек дауыс беру белсенділігі ғана емес, бәсекеге қабілетті үміткерлердің де көбірек болуын қалар едім. Бұл – азаматтарымызды тани түсуге мүмкіндік қана емес, сонымен қатар сынға түсе шыңдалу үшін лайық­тыларға жақсы алаң. Қазақ – қашанда ел тізгінін ұстайтын ерлер туып отыр­ған киелі халық. Бақ пен бап шабысының өлшемі беймәлім – сайлаудың нәти­жесі азаматтардың белсенділігіне тікелей байланған. Мұны еліміздің әр аза­маты дұрыс ұғып, өзінің саяси құқығын мейлінше пайдаланғаны абзал.

Серіктес жаңалықтары