50374
Үш баланың анасы тігін мәшинесімен табыс тауып отыр
Үш баланың анасы тігін мәшинесімен табыс тауып отыр
Қолөнер – ұзақ тарихы бар текті өнер. Ертеден келе жатқан ұлттық өнеріміз шеберлердің арқасында жалғасын тауып келеді. Бүгінде тігін тігуді жанына серік еткен жанның бірі – Меруерт Әлібекқызы. Қазір тоғыз айлық баласымен үйде отырған жас ана сүйікті ісімен айналысып, кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Бала кезінен қолөнерге жақын болып өскен Меруерт тұрмысқа шығып, балалы болған соң сүйікті ісін қайта қолға алған.
«Қолөнерді апамнан, анамнан үйрендім. Оқушы кезімде суретті жақсы салатынмын. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орын алдым. Тұрмысқа шығып, қазір үшінші баламмен үйде отырмын. Әлі бір жасқа толмады, тоғыз айлық. «Сатып алсаң, қымбатқа түседі. Одан да қолдан тігейін» деп, ламбрекен, перде тіктім. Бұл жұмысымды жан-жағымдағылар көріп, тапсырыс бере бастады», – дейді тігінші.Меруерт қазір қазақтың ұлттық киімдерін тігеді. Сәукеле, бөрік, тақия, кішкентай балаларға арналған киімдер сұраныста. Тігіншінің қолынан шыққан дүниелерді еліміздің әр қаласындағы тұрғындар, шетелден келген қонақтар тапсырыспен алады.
«Шетелдік қонақтар заманауи тақияға қатты қызығады, көп тапсырыс береді. Киімдерді пошта арқылы еліміздің кез келген қаласына жіберемін. Тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген ғой. Тұрғындар кішкентай балаларына да тіккізеді. Батыс жақтан клиенттерім көп. Қазір соңғы үлгідегі тігін машинасын алдым. Қолым босай қалғанда тігін машинама отырып, жұмысыма кірісемін. Қазір негізгі табыс көзім осы. Айына 400 мыңнан жоғары табамын», – дейді Меруерт Әлібекқызы.