50967
Жас кинематографтар Қаңтар оқиғасы жайлы фильм түсірді
Жас кинематографтар Қаңтар оқиғасы жайлы фильм түсірді
Елорданың жас кинематографтары Қазбек Рүстембеков, Еламан Шаубанов және Дүйсен Қалымжанов қаңтардағы оқиғаларды арқау ететін үш өткір әлеуметтік көркем қысқаметражды фильмді жарыққа шығарды деп хабарлады turkystan.kz.
Киноальманах «Байқа», «Сақта», «Қара» деп аталатын үш бөлімнен тұрды. Фильмде отбасы мәселесі, патриотизм және қоғамдағы өзге де құндылықтар жайлы тақырыптар қамтылған.
Бірінші фильм краудфандинг арқылы түсірілсе, қалған екеуі «Евразия» қорының қолдауымен жарыққа шыққан.
5 минуттық «Байқа» фильмінде құқық қорғау жүйесінің ашкөз, қасаң пікірдегі адамдарына қарсы тұруға мәжбүр болған патрульдік полиция қызметкерінің хикаясы суреттеледі. Көркем шығарма кез келген жағдайда әділдіктен танбауға тырысқан басты кейіпкердің жұмыс барысын баянадайды.
Ал 10 минуттық «Сақта» фильмінде Қаңтар оқиғасы кезінде мұражай қызметкері Бибігүл Дандығараеваның басынан кешкен шынайы оқиғасы жөнінде сыр шертеді. Кинокартинада басына өлім қаупі төніп тұрғанына қарамастан, тарихи маңызы бар мұражай экспонаттарын қорғап қалған әйелдің образы берілген.
«Қара» фильмінің хронометражы 11 минут. Мұнда қызмет бабымен күрделі оқиғаға тап болған полиция қызметкерінің оқиғасы баяндалады. Қаңтар трагедиясын тергеу барысындағы эксгумация кезінде бас кейіпкер өз ұлының бейітін ашып жатқанын біледі.
Кинотеатрда өткен жабық көрсетілімге жиылған қауым туындыны тамашалап болғаннан кейін өз пікірлерін ортаға салды. Фильмді түсіру кезінде кеткен олқылықтар мен авторлардың шеберлігі жайлы пікірлер айтылды.
Авторлардың айтуынша, қысқаметражды фильмдер жақын күндері әлеуметтік желілерге жүктеледі.