Ел тәуелсіздігі және «Алаш идеясы»

Ел тәуелсіздігі және «Алаш идеясы»

Ел тәуелсіздігі және «Алаш идеясы»
ашық дереккөзі
1639
Алаш – алғы бабаларымыздан келе жатқан көне сөз. Бұрынғы үлкендердің айтуынша, «Алты алашқа»: қазақ, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, түрікпен, өзбек кіреді. Бұл да негізсіз емес, өйткені олардың ұлттық болмыстары, өмір-тіршілігі, тілі мен діні, салт-санасы, ғұрып-әдеттері бірыңғай, ұқсас. Қазақта елге қамқор болған қадірменді адамдарын «Алаш аза­маты» деп құрметтеген. Ешкімді жат көрмей, өзіне жақын тартып жүретін халқымыз, таны­маған адамының да амандығын тілеп, «Алаш азаматының бөтендігі жоқ» деп іш тарту­шы еді, құрмет көрсететін, бұл сөз ел аузында жақсы ниетпен айтылатын. Кешегі ХХ ғасырдың 30-жыл­дары­нан бас­тап ұзақ уақыт осы сөз­ден де, дәстүрден де безіп кет­тік, «Алаш» аты аталса, ат-тонымызды ала қа­ша­тын болдық. Оның басты себебі – Ұлт к­ө­семі Әли­­хан Бөкейхан баста­ған «Алаш» то­бының құрылуы және осы топ өкілдерінің бола­шақ ұлт тағ­­­­­дырын ойлап құрған саяси ұйым­дары мен пар­тия­лары, ұстанған бағ­дар­лары еді. Ол, әри­не Кеңес өкі­­ме­тіне ұнамады, жалған айып тағылып, жа­зық­сыз жазғырылып, кейінгі ұрпақ са­насына теріс тү­сі­нік сіңіріліп, олар­ды «халық жау­лары» деген жалған айыппен жазалап, ұрпақ санасынан аластатты. Өткен ғасыр аяғында еліміз қол жеткізген тәуелсіздіктің арқасында Алаш зия­лы­лары ақталып, ұлтымыздың саяси-рухани тари­хы­н­ан өз орындарын алды, ақиқат жеңді. Соның ар­қасында қазір жалпы Алаш, оның тарихы, әлем­дік тарихтағы орны мен маңызы туралы, Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы орны туралы көп айтылып та, жазылып та жатыр. Осы бағытта жекелеген мақа­лалар мен монографиялық ең­бектер, ұжымдық жи­нақтар жарық көріп, ғы­лыми-танымдық кон­ферен­циялар өткізілді. Оның басты себебі «Алаш идея­сының» өзектілігінде, Алаш аманатын орын­даудың бүгінгі ұрпақ үшін қа­жеттілігінде және ХХІ ғасырдағы тәуелсіз қазақ қо­ғамында оны жаңғырту мүмкіндіктерінің тууын­да. ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің бас­ты мақсаты – туған халқын терезесі тең, тәуел­сіз жұртқа айналдыру болған. Бірақ оның сәті түсе қоймады. тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме бас­талып, ол толастар емес. Бұл заңды құбылыс та. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық езгі құр­сауында қамалған, егемендігін енді орнық­тырған, жаһанданудың алдында тұрған халықтың есті ұрпағына ұлтты ұйыстырар идея керек болды. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде Алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ аза­матын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның бас­ты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлт­тық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен са­бақ­тасып жатқанында. Алашшыл сана уақыт жыл­жы­ған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, хал­қымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек, Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идея­ның ұйытқысы болғанын тарихтың өзі рас­тады. Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тари­хын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойы­на сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зия­лыларының сан салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да, Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде ба­ға­лап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен са­бақтасып жатқанына мән беріп, одан өрісті өне­ге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз жөн. Алаш идеясының өзекті болатыны, біз ұлттық идеологиямыздың негізін – Алаштан іздеуіміз керек. Өйткені Алаш ұлтымызды бірлік пен ын­ты­маққа шақырды, дана Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатты сөзін өздеріне бағдар етті; бірегей ұлтымыздың өз тер­риториясының, ата-бабадан қалған атамекені­нің, қасиетті жеріміздің тұтастығын сезінуі және қор­ғауы; тіл, діл, дін, еркіндік – ұлт болмысының құ­рам­дас бөлігі екенін терең түсінуі; әлемдік кеңіс­тікте өз орны бар әлеумет, егемен ел ретінде, өз еншісі мен үлесін анықтауды жүзеге асыруды көз­деуі т.б. Алаш идеясында мемлекеттің өркендей дамуы үшін білім мен ғылымның, техника мен технологияның, өнімді еңбектің орнына ерекше мән берілген. Ең бастысы, адал, әділетті қоғам ор­натып ата-бабалар арманына қол жеткізу бол­ған. Сол тұстағы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бас­қарған қазақ зиялыларының өздерінің саяси қоз­ғалыстары мен партияларының атын Алаш атауы да тегін емес. Алаш идеясы үшін күресу ке­зеңі өткен ғасырдың 1907-1930 жылдар аяғына дейін болды. Бұл аз уақыт болса да идеялық тұр­ғы­дан алғанда ғасырға татырлық уақыт еді. Олар­дың әрқайсысының мемлекет басқаруға білімі де, білігі де жететін, толық қабілеті бар азаматтар еді. Со­нымен қатар олар орасан зор сауатты, тамаша та­лант иелері, көп тіл біліп қана қоймай, түйгені көп, білгені бар айтулы тұлғалар болатын, ұлтын шек­сіз сүйген мемлекетшіл азаматтар еді. Кезінде осы лектің ең жас өкілдерінің бірі Мұхтар Әуезов: «Дү­ниеде болып өткен нелер ұлы жандар бар. Олар­дың ішінде даналары да аз емес-ті. Көбінен қал­ған дарынды кітап, ұлы шығармалар, терең ма­ғыналы ойлар саналы тірлігіңде үнемі есіңе тү­сіп, қатарыңда ілесіп жүргендей болады, біз олар­ды керегіне қарай пайдаланамыз» деп жаз­ған болатын. Айтса айтқандай, қазіргі тәуелсіз Қазақ­станды қайта жаңғырту барысында біз Алаш зия­лыларының еңбектерін қажетсіндік және керегімізге жаратып та жатырмыз. Ұлтымыздың рухани-мәдени, және саяси тарихында Алаш зия­лыларының орны ерекше. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ерекше атап өтті: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қай­рат­керлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасыр­дың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жо­лында құрбан болды... Олардай біртуар тұлға­лар­ды еске алып, олардың мұраларын жастары­мыз­ға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек». Ен­деше біздің ойымызша, Алаш арыстарының асыл мұраларын игеру, өміршең идеяларын жас ұрпаққа жеткізу жалғаса беруі тиіс. Алаш арманы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан, Алаш идеясы – ұлттық идеология, ол отан­шыл­дық­қа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді. Сон­дық­тан да олар өздерінің басты бағыттарын тө­мен­дегіше анықтады: 1) жерге ең алдымен қазақ ие болуы керек; 2) жердің асты-үсті байлығын ал­ды­мен қазақ иеленуі керек; 3) өз өнімін өнді­ре­тін ұлттық экономика; 4)қазақ тілінің мемле­кет­тілігі, діні мен ділінің үстемдігі; 5) білім мен ғы­лым­ның дамуы. Бұл ұстанымдар бүгін де өзінің өзек­тілігін жойған жоқ. Ендеше Алаш идеясын өт­кен шақта қарастырмай, керісінше, Алаш арма­нын іске асыруымыз керек. Алайда бүгінгі шындықтан шығар болсақ, біз­дің қоғамда ұлтсыздықтың, қазақты іштей және сырт­тай кемсітушіліктің барлығына көз жеткі­зе­міз. Біз өзімізді көрші өзбекпен, тағы басқалармен салыс­тырсақ, өздерін орыс рухы үстемдік құрған Ре­сейдің бір автономиясында тұратындай сезі­нетін территорияларымыз да бар. Бұларға ұлт мә­се­лесінің қоғамдық санада, бұқаралық ақпарат құралдарында, саяси жиындарда, ғылыми ортада қызу талқылағанымен, атқарушы орган бұл істерге ай­тарлықтай мән бермей, жайбарақат күйде қалу­да. Ал көптеген күрделі мәселе ашық айты­л­ма­ған­дық­тан, сыртқа шықпайды, іштей ренжитіндер кө­­беюде. Олар қазақ ұлтына, оның тіліне, басқа да әлеуметтік адалдық пен ұлтын еліміздегі көп эт­ни­калық топтың бірі емес, мемлекет құраушы ұлт деп қабылдау. Өйткені Қазақстанды орыс­тар­сыз, кәрістерсіз, ұйғырларсыз және басқаларсыз елестетуге болар, бірақ қазақсыз елестету мүмкін емес. Біздің мемлекетіміздің атауы ғана емес, оның шекарасы, тілі, басым діні мен дәстүрі тек қазақ­тармен ғана байланысты. Осыдан келіп, мем­лекет құрушы қазақ ұлтының болашағы өз Ота­ны­мыз­дағы ұлт саясатына: қазақ тіліне, мәде­ниетіне, ұлт­тық құндылықтарға басымдық беруде. Алайда бұл мәселе бізде өз деңгейінде шешімін тапты деп айту әзірге қиын. Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, бір­ақ Алаш идеясының негізін қалаушылардың бізге қалдырған басты қағидасы – қазақ ұлтын отар­сыздандыруды осы уақытқа дейін ресми түрде жүзеге асыра қойған жоқпыз. Рухани-мәдени саладағы отарсыздану – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Бас­қа елдердің біз үлгі алатындай озық тәжіри­бе­леріне сүйене отырып, отандық және халықаралық заңдар негізінде ұлттық мәдениетті, дәстүр-салтты қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары, кинопро­кат, театрлар мен концерттер репертуарларының ұлттық үлесінің шетелдікке қарағанда басым­ды­ғын қадағалау, ұрпақ тәрбиесі мен болашағына алаң­даған әрбір жауапкершілікті азаматтың мой­нындағы парызы және бүгінгі күнгі қажет­тіліктердің бірі. Ұлтымыздың рухани болмысын қалып­тастыруда Алаш қайраткерлерінің тілдік мұра­сының орны ерекше. Олар: қазақ тіл білімін дү­ниеге әкеліп, оның қалыптасуына сара жол сал­ды; қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырды; тіл­дің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркен­деуін­дегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш рет айрықша баға берді; қазақ тілді баспасөзді қалыптастыра отырып, әдеби тіл­дің публицистикалық жанрын тудырды; олардың ғылыми еңбектері, оқу құралдары арқылы ғы­лыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль компонент­тері орныға бастады; көркем аудармамен бірге, ғы­лыми, публицистикалық, саяси-әлеуметтік ең­бек­терді аудара отырып, жалпы қазақ аудар­ма­сының негізін жасады; Алаш қозғалысы тұсын­да ресми іс құжаттары стилі қалыптасты; ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастыра оты­рып, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын ор­нына ерекше назар аударды; өз ана тілінде сөйлеу, ті­лін білу – ұлттық іргелі мәселе екенін Алаш зия­лылары жақсы ұғынды. Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында ұлт тәуел­сіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың ру­ха­ни-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екенін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту мін­деттерін көтере келе қазақ тілінің саяси-қо­ғам­дық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газе­ті­нің ең алғашқы санының бірінде А.Байтұрсын­ұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрт­тың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жо­ғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлт­тық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екенін алғаш аңғартты. А.Байтұрсынұлының осы пікіріне орайлас ойды Алаш зиялыларының көпшілігі айтқан, яғни ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екенін рухани-мәдени тарихымызда алғаш айтқандар алаштықтар болды. Ендеше біз ұлттық тілді дамытудағы әлемдік тә­­жірибелерге сүйене отырып, тіл мәселе­сіне кешенді түрде қарауымыз керек. Ең бастысы, елімізде тілге деген қажеттілік болуы керек және көпшілік мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесінің сақталуын талап етуге құқылы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуында ұлттық эли­та мен бизнес элитасының қолдауының да рө­лі зор болмақ. Рухани сау ұлт өз елінде басқа тілде сөйлемейді, басқа тілді өз тілінен жоғары қой­майды. Бұқара халық пен саяси элита кон­сен­сусқа келіп, саналық деколонизация шара­ла­рын бастау күн тәртібінде тұрған мәселе. Алаш зиялылары өз ұлтын шексіз сүйе оты­рып, басқа халықтармен тең құқылы қарым-қа­ты­нас орнатуды қолдады. Елімізде тәуелсіздік жыл­дарында осы ұстаныммен Қазақстан халқы ас­самблеясы құрылды. Негізгі мақсат ел ішіндегі бір­лік пен түсіністікті нығайту, еліміздің саяси-әлеу­меттік, рухани саласындағы қабылданған мем­лекеттік деңгейдегі шешімдердің жүзеге асуы­на ықпал ету болатын. Алайда еліміздегі этномә­дени орталықтардың әрқайсысы өз диаспора­лары­ның сойылын соғып, тарихи Отанымен бай­ланыстарға басымдық беріп, оқшауланып бара жат­қаны қоғам белсенділері мен саясаткерлер тара­пынан орынды сынға ұшырауда. Президент пен қазақтар туралы тәтті сөз, мақтап-мадақтау сөз айту бір басқа, ал оны өзіңнің ісіңмен көрсету мүл­дем бөлек. Мәселен, олар еліміз халқының 30 пайызын құраса да, диаспоралардың балаларының қа­зақ мектебінде оқитындары бар-жоғы 1 пайыз­ға жетер-жетпес қана. Ұлт Ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз бай, білімді, һәм күшті болуы­мыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» де­ген екен. Бұл ұлағатты ой-тілектің айтылғанына да ғасырдан асты. Қазір елімізде білімділер мен оқы­ғандар да, бай кәсіпкерлер де бар, бірлікке де қол жеткіздік. Алайда білімділер мен кәсіп­кер­лер­дің біразы ұлт мүддесінен аулақ. Олардың бір­қа­тары өз ана тілін білмейді, ұлттық мәдениетінен сусын­дамаған, ұлттық дәстүр-салттан аулақ. Ұлт­тық намыстан ада, рухсыз, жігерсіз. Осындай аза­маттарымыз өзге мемлекет тілінде сөйлейді, ба­лаларын да қазақ тілінде оқытуға құлықсыз, жүрек­тері «Елім», «Жерім», «Қазақстаным!» деп соқ­пағандықтан, қаржыларын да Қазақстанда емес, шетелдерде сақтайды, балалары да сол жақта оқиды, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен әлеуетін көтеруді парызым деп санамайды, рухани өмірге араласуға дәрменсіз. Алаш зиялылары өздеріне дейінгі ұлтымыздың рухани мәдениетін терең игерген жандар болды. Олар XV ғасырда қазақ халқының мемлекеттілігін құрған Керей, Жәнібек сұлтандардың өз зама­ны­ның ойшылдары Асанқайғы мен Қазтуған жы­рау­ды ғана емес, олардан ілгерідегі даналардың мұра­­ларын да жетік білген. Кешегі ұлт болмысы ман­сұқталған Кеңес заманында ол үзіліп қалды. «Ұлттық» дегеніміздің бәрі кертартпалық, «ұлттық шектелушілік» және тағы басқа деп болашақсыз, ке­ле­шексіз дүниеліктерге айналды, бұл үрдіс есі­міз­ден әлі шыққан жоқ, жаңғырығы құлағымызда тұр. Шын мәнінде, ұлттық элита дегеніміз – зерек ақыл-ойымен, тегеурінді іс-әреке­ті­мен, интеллектуалдық ізашарлығымен халқы­ның ілгерілеу дамуына шарапатын тигізген, адам­зат өркениетіне лайықты үлес қосқан, ұлтқа үлгі қабілет-қасиетке ие тұлғалардың шоғыры. Ен­деше біз қазір салауатты, парасатты, білікті алаш­шылдарды билік басына әкелуіміз керек. Оның бірден-бір жолы таза сайлау мен мери­ток­ратиялық қағидаларын сақтау. Демократиялық жол­ды таңдаған билік те, бұқара да, демокра­тия­ның негізгі құралы – халықтың сайлау үдерісін ба­қылауға алуы, жікшілдіктен, рушылдықтан, бір сөз­бен айтқанда, трайбализмнен аулақ болуы ке­рек. Жақын арада қабылданған конституциялық өзгерістерге байланысты жергілікті мәслихаттар мажоритарлы принциппен сайланады. Яғни, қо­ғамдағы беделді, парасатты, білікті де құрметті адам­дар партияларға тәуелді болмай, өздерін ұсыну арқылы Мәслихаттарға сайлана алады. Олар бұрынғыдай, өздерін қаржыландырып отыр­ған партияларға тәуелді болмағандықтан, еркін­діктері шектеулі емес, сондықтан тәуелсіз депу­таттар ретінде халықтың мұң-мұқтажы үшін күре­се алады, өзінің ойын еркін айтып, билікке мәселені тура қойып, талап та ете алады. Алаш қайраткерлерінің қозғалысы – адамға, ұлт­қа деген жанашырлықтан туған гуманистік әре­кет. Гуманизм идеялары ұлттың жаңғыру не­месе қайта өрлеу дәуірін жасайды. Батыстық ғы­лым­да да, Еуропада да бұл мойындалған құбылыс. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да ар­найы тарау ретінде зерттеудің тұрақты ны­са­ны­на айналдырған. Қазақ ренессансының басы – данышпан қазақ Абайдан кейін зор гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері еді. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында күресте шыңдала, іздене отырып Алаш зиялылары өздерін де, өз за­м­андастарын да, өздерінен кейінгілерді де қай­раткерлік және қаламгерлік жағынан дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты нағыз ұлтшылдық дәуір туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұха­меджан, Жанша, Әлімхан және тағы басқа қай­раткерлерді; Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптас­тыр­ды. Олардың ұлтшылдығы кезінде большевик­тер кінәлағандай жалаң ұлтшылдық емес, адам­сүйгіш­тік, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған табиғи талпынысты ұлтшылдық бола­тын. Яғни, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы, өз дәуірі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуір­дің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген жауабы еді, Алаш зия­лыларының гуманизмі олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм бол­маса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әре­кеттерге де бармас еді. Алаш қозғалысы қазақ­тың «Жаңғыру дәуірі» болғанын, оның елім деген, жұртым деген азаматтардың басын қосқанымен де дәлелдеуге болады. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ; Кене­сары, Махамбет, Абай дәуірінде «бас-басына би болған» қазақ; Алаш тұсында бас біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, ұрпа­ғына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл – нағыз ренессанстың тамыры боларлық гуманизм. Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Алаш қай­раткерлері осы үлкен сынды абыроймен орын­дай алды. Елді бірлікке шақырды, халықты еркін­дікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаң­ғыруды туғызған ұлы істер толқыны болатын. Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған абзал азаматтардың жүріп өткен жолын үлгі ету, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қым­батты құндылықтардың бірі. Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолын таңдады. Біз бұл жол­да өткеннен тағылым алсақ қана келешекке се­німмен қадам басамыз. Осы жолда Алаш зия­лылары бізге үлгі еткен ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.

Қайырбек Тоқтаров, Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты

Серіктес жаңалықтары