1970
Азапты жылдар ақиқаты: Мұхтар Әуезов ажал аузынан қалай аман қалды?
Азапты жылдар ақиқаты: Мұхтар Әуезов ажал аузынан қалай аман қалды?
Қазақстан тарихының ең бір күрделі әрі бүгінгі күнге дейін ақ-қарасы толық ажыратылмай келе жатқан қалтарыс-бұлтарысы мол қилы кезеңі – ХХ ғасырдың дүрбелеңге толы 20-30-жылдары десек орынды болады. Олай дейтініміз, Алаш арыстары ақталғанға дейінгі кезеңде ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің есімі толық аталмай, ал ішінара аталғандарының өзін бірыңғай даттау, «ұлтшылдығы» үшін барлық деңгейде тек қаралау сипатында болып келді. Ал одан бергі тәуелсіздік жылдары қоғамтану ғылымдарында «Алаш арыстары» атты жалпылама ұғым қалыптасып, сол дәуірде өмір сүрген жандарды түгелімен осы топқа жатқызу, ақтап алу, барлығын бірыңғай орынды-орынсыз сыпыра мақтау белең алды. Ұстанған бағыттары мен саяси көзқарастары бірде үйлесіп жатса, енді бірде бір-біріне кереғар, өзара ымырасыз қарсылас болған ХХ ғасыр басындағы жұлдызды шоғыр мүшелерінің іс-әрекеттері, саяси ұстанымдары бүгінге дейін қоғамтану ғылымдары тарапынан әлі толық тарихи бағасын алып болған жоқ. Дей тұрғанмен, орталықтағы түрлі саяси топқа жіктелген күштердің жергілікті жерлердегі өкілдерінің немесе нағыз шынайы ұлт қайраткерлерінің азаттық жолындағы күресі – замана қайшылығы мен ұлттың тәуелсіздікке деген аңсары тудырған ел азаматтарының соңғы тұяқсерпер әрекеті, жойылып кетпеу үшін жасаған шешуші жанкешті ұмтылыстары болатын.
Біз бүгін сол тұста сан салалы шығармашылық жолымен, белсенді қоғамдық қызметімен жарқырай көрініп, ұлт жетекшілерінің бірі болған, бұл күндері 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатқан М.Әуезовтің ер басына күн туған қиын кезеңдердегі азапты жылдары туралы арнайы баяндауды жөн деп білдік. Себебі ертелі-кеш қазақ мемлекеттігінің осынау ақтаңдақ беттері алдағы уақытта ашылар тың деректер мен білікті мамандардың көбеюіне байланысты әлі де талай мәрте тарихтың талқысына түсіп, әрқайсысына лайықты бағаның берілері сөзсіз. Біз көксеген Жаңа Қазақстанның – жарқын болашақтың жобасын жасап, жүйелі жоспарын құру тарихтағы әрбір айтулы оқиға мен осындай қайталанбас тұлғалардың әрекеттеріне әділ бағасын беру арқылы ғана жүзеге аспақ.
Ал М.Әуезовтей ұлы суреткердің 1930-1932 жылдар аралығындағы түрмеде отырған, тергеуде болған жылдары бұл тек өзінің жеке басы үшін ғана емес, тұтастай қазақ мемлекеттігі мен руханияты үшін де аса маңызды жылдар болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегенді қазақ қалай дәл айтқан. Олай дейтініміз, М.Әуезовтің дәл осы бір жыл жеті ай абақтыда отыруы, ұлы сынақтан өтуі оның кейінгі тағдырына, қазақ зиялыларын қынадай қырған 1937-1938 жылдардағы саяси науқандардан аман қалуына тікелей әсер еткен ерекше оқиға болды. Қитұрқы тергеу әрекеттері, бопсалау, әріптестері мен мүдделес серіктеріне қарсы куәлік етуге итермелеу – осының бәрі де М.Әуезов мезгілінен бұрын басынан өткеріп үлгерген, іштей моральдық-психологиялық дайындықтан өтуіне септігін тигізген адам төзгісіз ауыр сынақтар болған еді. Оған қоса, түрмедегі түгілі еркіндікте жүрген жандар аштан қырылып жатқан жеме-жемдегі бұл сынақ ұлы қаламгердің тірі қалуына, қайталанбас талантын ел мүддесіне жаратуына, жиған-тергенін ұлт кәдесіне асыруына алып келген шешуші фактор болды. Нәтижесінде, қазақ әдебиеті мен сахна өнері шығандап өркендесе, жаңа сипаттағы кәсіби фольклористика ғылымы мен Абай дәстүрін тану ілімі қалыптасып, саяси көшбасшыларынан көз жазып қалған Қазақ республикасына даңғыл да дұрыс бағыт-бағдар, жарқын жол көрсетілді, сол адамшылық жолына қызмет ететін тұтас буынның өсіп шығуына ықпал етті.
Сонымен... 1928 жылы Ленинград Мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін тәмамдаған М.Әуезов сол жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі және осында оқытушылық қызметті қоса атқарып жүреді. 1930 жылдың 17 қыркүйегінде Салар өзені жағасындағы пәтерінде М.Әуезов тұтқынға алынады.
М.Әуезовтің тұтқындалуы «Алашорда» мен ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның құрамында болған және соған қатысқан қазақ ұлтшылдарының ісі» деп аталған №2 370 тергеу ісі бойынша жүзеге асырылды. 1930 жылдың 2 шілдесі мен 1931 жылдың 23 қыркүйегі аралығында тұтқынға алынған 20 қайраткерді қамтыған бұл саяси науқан алашордашыларға қатысты жүргізілген екінші ауқымды шара еді. Бұған дейін 1928-1929 жылдары «Алашорда ісі» деп аталған жаппай тұтқындауда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтар бастаған 44 адам қамауға алынған-ды.
М.Әуезовке «астыртын контрреволюциялық ұйымның Ташкент филиалының басшысы» деген айып тағылады. Онымен бірге Ташкент филиалының мүшелері ретінде Иса Қашқынбаев, Жұмахан Күдерин, Қошке Кемеңгеров, Нашир Қожамқұлов, Мұстама Бұралқиевтер де аталып, барлығы да тұтқындалған болатын.
1930 жылдың 1 қазаны күні Алматы қаласында Қазақ Автономиясының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты жиын өтіп, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Ф.Голощекин көлемді баяндама жасайды. Партия және кеңес белсенділері алдында Ф.Голощекин тергеудегі ұлтшылдардың жауаптарына сілтеме жасай отырып, М.Әуезовті «Ә.Бөкейханов идеяларын жүзеге асырушы «алашшыл», «оңшыл», «ұлтшыл» деп айыптайды.
1925 жылдың қазанында Қазақ автономиясының басшылығына келген Ф.Голощекин бұған дейін де өзінің «Партия қатарын тазалау», «Ауылға Кіші Октябрь жүргізу» сияқты саяси науқандарымен әйгілі болып келсе, енді сол жазалау, арандату, елді үркітіп-қорқыту әрекеттерін күшейте түседі. Ф.Голощекин баяндамасында аталып, тұтқынға алынған М.Әуезов жедел Алматыға жеткізіліп, 8 қазанда оған алғаш тергеу жұмыстары жүргізіледі. Тергеу хаттамасына Айрықша бөлім аталған ОГПУ басшысы Белоногов, №1 бөлімше бастығы Попов, көмекшісі Волохов дегендер қол қояды.
М.Әуезовтің Ф.Голощекин баяндамасына ілігуі де тегіннен-тегін емес-ті, ол жас күнінен-ақ қоғам өміріне белсене араласып, сол тұстағы елге кеңінен танымал болған жергілікті қайраткерлердің бірі болатын. Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетіне «Қазақтың өзгеше мінездері» атты алғашқы мақаласын жариялайды. «Еңлік-Кебекті» сахналайтын тұсы да осы кезең. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмыстармен бірыңғай айналысуға мүмкіндік алады.
1919 жылдың 4 желтоқсанында Семейде большевиктер билігі орнап, М.Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Жас бола тұра осыншалықты шаруаларды атқарып үлгерген М.Әуезовтің орталықтан жіберілген жоғары лауазымды партия қызметкерлерінің назарында болуы заңды құбылыс еді.
1922 жылдың 17 қарашасында РК (б)П Қазақ обкомының жауапты хатшысы Г.Коростелев М.Әуезов турасында: «Болеет национальным недугом и национальный вопрос понимает по своему. Один из восточных коммунистов, стремящихся использовать революцию в пользу целой нации, не разделяя на слои и классы. Самооценка повышенная, политически не устойчив, уклоны от большевизма в сторону мелкобуржуазного направаления были: (ҚРПА, 139 қ, 3 т, 28 іс, 2-п)» – деп жазады.
1919 жылдан 1923 жылға дейін М.Әуезов Коммунистік Партияның қатарында болады. Осы жылдары кейін атақты Ішкі істер халық комиссары (НКВД) міндетін атқаратын
Н.Ежовпен қызметтес болады. Н.Ежов ол жылдары Семей губревкомының жауапты хатшысы міндетін атқаратын. 1923 жылы «партиялық тәртіпті бұзғандығы және ұлтшылдығы үшін» («Личный листок по учету кадров» НКЦ «Дом Ауэзова») Коммунистік Партия қатарынан шығарылған М.Әуезов кейін партияға қайта кіруді қажет деп таппапты.
1923-1928 жылдар аралығында Ленинград мемлекеттік университетінде, одан кейінгі кезеңде Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқуда болып, елден жырақ жүрсе де, М.Әуезовтің есімі барша қазақ баласына танымал болды. 1927 жылдың шілде айында Жетісу өңіріне Кенесары мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы деректер жинастыруға келген М.Әуезовтің жұмыс сапарына қатысты «Тілші» газеті «Алматыға Мұхтар Әуезұлы келді» деген мақала жариялайды. «Жақын арада Ленинградта оқып жатқан қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезұлы Алматы қаласына келді» деп басталады мақала. Әлі 30 жасқа да тола қоймаған қаламгерді сол кезеңдегі жалғыз басылымның «атақты жазушы» деп жариялауы – оның жұртшылыққа кеңінен танымал болғанын көрсетеді.
Ел ішінде айрықша беделге ие әрі білімі толық М.Әуезов осылайша жас кезінен-ақ бақылауға алынып, оның шығармашылығы арнайы органдардың тексеруіне ілікті. Нәтижесінде, 1927 жылдың 14 мамыры күні БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің секретариаты Қазақ мемлекеттік баспасының жарты жылдық жоспарын қарап, 25 оқулықтың үшеуін – А.Байтұрсынұлының «Тіл құралын», М.Әуезовтің «Әдебиет тарихын», А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонановтың «Хрестоматиясын» шығаруға тыйым салған еді. Міне, осындай жағдайлардың барлығы жинала келіп, жаңа үкімет басшыларының оған деген күдігін күшейте түсті.
Ташкентте тұтқындалып, Алматыға жеткізілген М.Әуезовтен 8 қазаннан кейін екінші мәрте 15 қазанда жауап алынады. Біріккен саяси бас басқарма – ОГПУ-дің ерекше бөлімі бірінші бөлімшесінің бастығы Поповтың ұсынысымен, ерекше бөлім бастығының көмекшісі Волоховтың келісімімен, ерекше бөлімінің бастығы Белоноговтың бекітуімен 1930 жылдың 15 қазанында:
«Қылмыстық істер кодексінің 58-11 және 59-3-баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтардың №2 370 тергеу ісін қарай отырып:
Осы тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған 33 жастағы, Семей округінің Шыңғыс болысында туған, Ташкент қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, партияда жоқ, жоғары білімді, ұстаз-журналист, үйленген, 2 баласы бар, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған азамат Әуезовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестік науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздегені, өкімет мекемелері мен ВК(б)П-ның, жерге қоныстандыру мекемелерін, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөзді өздерінің ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылғаны; Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгені, Кеңес өкіметін құлатуды алдына мақсат етіп қойғаны толық әшкереленеді.
Сондықтан да УПИ-дің 128-тармағына сәйкес азамат Әуезов Мұхтарды №2 370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартып, оған ҚІК-нің 58-7 және 58-11 баптары бойынша айып тағылып, бұл туралы ОГПУ мекемелеріндегі тергеу жұмыстарын бақылайтын прокурорды хабардар етуге қаулы қабылдады». (Жұртбай Т. «Талқы». – Алматы: «Қазақстан». 1997. 91-бет).
Енді М.Әуезовтің хаттамада көрсетілген айыптауларға қатысы мен одан жауап алушы тергеушілердің біліктілігіне назар аударалық.
Алдымен ОГПУ қызметкерлері туралы айтсақ, олардың барлығы дерлік орталықтан арнайы жіберілген, жергілікті халықтың ұлттық менталитетінен бейхабар, шала сауатты, төңкерісшіл рухтағы фанатиктер еді. Мұны «Алашорда ісіне» қатысты тарихи құжаттардағы қисынға келмейтін қорытындылар мен айыптаулардан анық көруге болады. Олар үшін жергілікті қайраткерлердің ұлт мүддесіне сәйкес тығырықтан шығар жол іздеп жасаған әрбір қадамы контрреволюциялық пиғыл болып көрініп отырған. Сондай-ақ жергілікті кадрлардың қатарында Мәскеу, Ленинград, Томск, Саратов қалаларының жоғары оқу орындарын тәмамдаған, жан-жақты сауатты да іскер, шын мәніндегі мемлекет қайраткерлері бар еді. «Алаш ісіне» қатысы бар жүздеген азаматтың көпшілігі саяси күресте шыныққан, ұлт мүддесі жолына саналы түрде басын тіккен жандар еді. Ал М.Әуезовке «Орта Азиядағы бандылардың қозғалысына жетекшілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенді» деген секілді қисынсыз айыптардың тағылуы, тергеушілердің қандай жолмен болса да одан аса қауіпті қылмыскер жасауға тырысқанын көруге болады.
Дей тұрғанмен, тергеушілер таққан бұл орынсыз айыптаулар дәлелін таппай, 1930 жылдың 20 қарашасы күні ОГПУ коллегиясы №2370 іске қатысты «Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымы» мүшелерін Қылмыстық істер кодексінің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша қылмыстарын дәлелдей түсу үшін оларды 1931 жылдың 1 қаңтарына дейін қамау мерзімін ұзарту жөнінде қосымша шешім шығарады. Бұл бойынша нақтылы 30 адамның есімі аталады да, тізім бойынша М.Әуезов 26-ыншы болып тіркелген.
Осылайша, ел ішіндегі жаппай ашаршылық жағдайында М.Әуезовтің түрмедегі белгісіздік ахуалы созыла түседі. Қамаудағы түгілі бостандықта жүрген жандар аштықтан қырылып жатқанда абақты өмірінің қаншалықты ауыр сынақ екенін айтып жатудың өзі артық еді. Тағылған айыптардың басы ашылмағандықтан әрі ұзақ уақыт тергеусіз жатып қалғандықтан, М.Әуезов 1931 жылдың мамырында өз қолымен алғашқы арызын жазады. Бұл арызды жазудағы мақсаты – өзінің бұдан кейінгі дүдәмал тағдырын не де болса бір жағына қарай шығару, тиісті үкімді жеделдету болатын.
Осы өтініш-арызынан кейін одан 1931 жылдың 20 қыркүйегінде жауап алады. 20-28 қыркүйек аралығында бірнеше күнге созылған бұл тергеуді де Попов деген жүргізіп, ол Әділов дегеннің берген жауабына сүйене отырып, жаңа айыптауларды бастайды. Соның нәтижесінде М.Әуезовке тергеуші тарапынан белгілі саясат пен өнер қайраткерлері М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұловтармен қарым-қатынасы хақында қи-
тұрқы сұрақтар беріледі. Бұл тұста тергеушілер ұлтшыл қайраткерлерді бірінің аузымен екіншісіне жала жаптырып, сол бойынша жауапқа тартуды көздегені байқалады. Бір таңғаларлығы, осындай жеме-жемде берген жауаптарының ішінде, қылмыстық іс хаттармалары мен өзге де арыздарының арасында бүгінгі күн тұрғысынан М.Әуезов есіміне көлеңке түсірерлік, оны айыптап-жазғыруға негіз боларлық артық ауыс бірде-бір сөз немесе әлдекімді сырттай қаралайтын пікірдің ұштығы жоқ. Қайта ысқаяқ тергеушілерді өз жетегіне ертіп, «Бұрынғы алашордашылар маған және М.Жұмабаевқа жеккөрінішпен қарады» немесе «Ғаббасов маған 125 сом ақша салды, бұл менің оған қайтаруға тиіс жеке басымның қарызы. Студент болғандықтан, менде ақша болмады да, 1928 жылы мен қызмет істеген кезде ол тұтқындалып, қарызымды қайтара алмадым» деп оларды да, өзін де айыптауға еш негіз қалдырмайды. С.Сәдуақасов пен Т.Рысқұловтар жайлы жауаптарында да жалқыдан жалпыға, нақтыдан бұлыңғырға қарай сусып, тергеуші сұрақтарын құрдымға кетіріп отырады. Осындай риторикалық маневрлар нәтижесінде тергеу орындарының айыптаулары тағы да аяқсыз қалып, олар жаңа деректер іздеуге мәжбүр болады.
Арандату әрекеттері мен негізсіз айыптаулары тығырыққа тірелген тергеушілер енді М.Әуезовке «1919 жылы партия қатарына Кеңес органдарында контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастыру үшін ұлтшылдар
Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынұлының тапсырмасы бойынша өтті» деген жаңа айып тағады, яғни олардың пайымдауынша, Коммунистік партия қатарына М.Әуезов «жансыз-шпион» ретінде енген. Мұндайда тергеушілердің үнсіз қалуды қылмысын мойындағаны деп қабылдайтынынан сезіктенген М.Әуезов, 29 қазан күні ОГПУ коллегиясы атына аталмыш айыптау бойынша тағы да арыз жазады. Жай қағаздың бес бетіне орысша:
«В коллегию О.Г.П.У.» деп басталатын арыздың астына «От заключенного по делу казакских националистов Ауэзова Мухтара. Заявление» деп жазылған. Арызда М.Әуезов: «Жоғарыда аталған айыптау ешқандай шындыққа жанаспайды, себебі менің қоғамдық сахнадағы қызметім партия қатарына өткеннен кейін басталды. Бұрын-соңды Алаш Ордамен байланысым болған емес, ол ұйымға қызмет еткенім жоқ. Керісінше, 1919 жылдың қазанынан Колчакқа қарсы астыртын ұйымға қатыстым», – деп бұлдырата келіп, өзінің әдеби «Алқа» ұйымына тікелей қатысқанын, онда М.Жұмабаевтың ешқандай астыртын жұмыс жүргізбегенін ескертеді. «Алқа» – М.Жұмабаевтың бастамасымен Ташкент қаласында құрылған саясаттан тыс таза әдеби ұйым болатын. Аталмыш ұйымның «Табалдырық» атты платформасында көркем әдебиеттің алдында тұрған ең өзекті мәселелер уақыт талабына сай орынды қозғалған еді. Осылайша, М.Әуезовті айыптау ісі тағы да тығырыққа тіреледі.
Өздерінің айыптау ісінде жүйеліліктен айырылған тергеу орындары 1931 жылдың 6 желтоқсаны күні М.Әуезовке 58-баптың 7 және 11-тармақтары бойынша жаңа айып тағуға мәжбүр болады. Мұның 7-тармағы «экономикалық контрреволюциялық әрекеттерге байланысы» бар деген бап болса, 11-тармағы «ұлтшылдық ұйымға қатысы бар» деген айыптау болатын. Бір қызығы, тергеушілерге берген жауаптарында М.Әуезов олардың саяси сауатсыздығын, идеологиялық тұрғыдан дүмшелігін, қазақ тілі мен жергілікті ахуалды жете білмейтінін шебер пайдаланады. Сондай-ақ, ойды бұрмалауы мүмкін тілмаштардың көмегіне жүгінбес үшін арызының барлығын да орыс тілінде жазып отырады.
Жылдан аса арбасу мен түрлі бопсалау әрекеттерінен соң едел-жедел 6 желтоқсандағы соңғы айыптау актісі тағайындалғаннан кейін М.Әуезов өзіне қатысты қылмыстық істің аяқталуға жақындағанын шамалайды. Не де болса осы бір өліара шақта әрекет жасап қалуды ойлайды. Бір-бірімен тығыз байланысты тергеу және сот орындарына ықпал ету мақсатында ол енді арызды тікелей БК(б)П Қазақстан Өлкелік хатшысы Ф.Голощекиннің атына жазады. Арызда тергеушілердің тағып отырған 58-баптың 7-тармағына қатысты «Өмірімде шаруашылық мекемесінде бір күн де жұмыс істемегендіктен, маған таңылып отырған экономикалық контрреволюцияға қатысты айыптауды негізсіз деп білемін» деп ашып айтады. Шындығында, ешқашан шаруашылық не қаржылық ұйымда жұмыс істемеген жанды «экономикалық қылмыс жасады» деп айыптаудың еш қисыны жоқ болатын. Сонымен қатар
Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтардың ұлтшылдық ұйымына қатысы бар деген 11-тармаққа байланысты да қисынды түсінік береді. Өзіне тағылып отырған айыптардың нақтылы бір фактілерге сүйеніп емес, әлдекімдердің «дейді-дейдісіне» негізделгенін жақсы білетін ол, өзін ұлтшыл ретінде дәлелдеуге болатын өмірлік деректері мен шығармаларынан тергеушілер назарын басқа жаққа аударып отырады.
1927 жылғы А.Байтұрсынұлының екі кітабымен бірге тәркіленген «Әдебиет тарихы», 1928 жылы жазылған «Хан Кене» пьесалары жайлы тіс жармайды. Ұлтшылдық бояуы қанық «Қилы заман» хақында «тарихи повесть болғандықтан, бүгінгі күнге еш қатысы жоқ» деп жалтарады. Ал шын мәнінде аталмыш шығармаларда патша отаршылдығына қарсы, дербес ел болуға қатысты ойлардың жеткілікті екенін бүгінгі оқырман жақсы біледі. Ал Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтар жайлы «Мен ол екеуі жайлы өз бағамды 1924 және 1926 жылдары жазған «Сұғанақ сұр» повесім мен Абай өлеңдерінің кіріспесінде жазған болатынмын» деп тағы да бұлдырата түседі. Күні бүгінге дейін қолымызға тимей жүрген «Сұғанақ сұрда» не жазылғанын кім білсін, ал Абай өлеңдерінің кіріспесінде ол екеуі жайлы ештеңе де жоқ. Тіпті, олар жөнінде әңгіменің болуы да мүмкін емес еді. 12 желтоқсан күнгі Ф.Голощекин атына жазылған арызда бұл шығармалардың аталуы – тергеушілер назарын басқа жаққа аударуға, айыптауларын жоққа шығаруға бағытталған кезекті тактикалық қадамдар болатын.
Осы арыздан кейін, 1932 жылдың 26-30 ақпан аралығында өткен Қазақ пролетар жазушыларының (КазАПП) жиналысында М.Әуезовтің жазушылық қызметіне «революцияға қарсы, таптық күреске қарсы феодалдық идеологияны насихаттаушы, ұлтшыл және байшыл» деген баға берілгеніне қарамастан 20 көкек күні Қазақстандағы Ерекше Мемлекеттік саяси басқарманың төтенше өкілеттігі жанындағы үштіктің мәжілісі төмендегідей үкім шығарды:
«№2370 іс бойынша:
Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыты 1930 жылдың
8 қазанынан бастап есептелсін. Ермеков пен Әуезовтің үкімі шартты деп есептелсін». Репрессиялық машина тоқтаусыз жұмыс істеп, таптық, ұлтшылдық, мемлекетшілдік, тәуелсіздік туралы ой айтқан жандарды жазалау дерті мейлінше асқынып тұрған тұста салыстырмалы түрде мұндай жеңіл үкімнің шығуы шын мәнінде зор жеңіс болатын. Осы үкімнің арқасында 1932 жылдың 20 сәуірінде бір жыл жеті ай қамауда болған М.Әуезов бостандыққа шығады.
Осыншалықты сұрапыл сынақтан аман шыққан, ұшы-қиыры жоқ зорлық пен зомбылықты көзімен көріп, басынан кешірген М.Әуезовтің алдындағы ендігі міндет – жаңа қоғам мен билік алдында өзін-өзі ақтап алу, өмірді жалғастыру еді. Себебі ол тұста түрмеден аман шығу оның қауіпсіздігіне ешқандай да кепілдік бере алмайтын. Бұл бағыттағы оның алғашқы қадамы – 1932 жылдың мамыр айында ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевтың атына жазған арыз-хаты болды.
Бұрын-соңды еленбей келген бұл тарихи құжат атақты 1932 жылғы 10 маусымда «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған ашықхатының алғашқы нұсқасы десе де болады. Тек жазылу мақсаты мен мерзімі әртүрлі. Кейін талантты шәкірті Қайым Мұхаметхановқа М.Әуезовтің өзі мойындағанындай – оған бұл хаттарды жазу жөніндегі ақыл-кеңесті А.Байтұрсынұлы береді. Бұл хаттың қаншалықты дәл әрі мезгілінде жазылғанын айтып жатудың өзі артық.
Сонымен, 1930 жылдың 17 қыркүйегінен 1932 жылдың 20 сәуіріне дейінгі аралықта түрмеде болып, халқымыздың бағына орай ажал аузынан аман қалған М.Әуезовтің қилы кезеңдегі өнегелі өмірі нендей сыр шертеді?! Ең алдымен кейбір жандардың әрдайым көкейінде тұратын «30-жылдардың қырғынынан М.Әуезов қалай аман қалды!?» деген сауалға «Ол өзінің биік парасат-пайымымен, терең білімімен, замана демін дәл таныған көреген түйсігімен өлім тұзағынан аман қалды!» деп жауап берер едік. Екіншіден, осындай жеме-жемде өз жаны мен қарақан басының қамы үшін ешкімді де құрбандыққа шалмағанын, мүдделес серіктері мен замандастарының бірде-біреуіне қатысты айыптау куәлігін бермегенін айтар едік.
Өзінің бақилыққа аттанарынан санаулы күндер бұрын ғана ауруханадан
Е.Ысмайыловқа жазған хатында: «Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» – дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулердің өмірі біркелкі, тура, түзу, жатық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауратқандай тәрізді.
Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де сенгенім көп, жиренгеннен гөрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол» деп мәлімдеуінің астарында сол бір қысталаң шақтарды ой елегінен өткізе отырып, азапты жылдардың ақиқатын айтқаны екен ғой данышпанның деген ойға бекінгендей боласың...
Мамай Ахет, әуезовтанушы