Елімен қайта қауышқан Кейкі батыр

Елімен қайта қауышқан Кейкі батыр

Елімен қайта қауышқан Кейкі батыр
ашық дереккөзі
297
Мешін жылы қазақ елі тағы бір жоғын түгендеуге мүмкіндік алды. Себебі 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келген Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден елімізге жеткізілген болатын. Іле-шала зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін батырдың бас сүйегі Венгрияға да жөнелтіліп, сараптама жасалды. Қазір Кейкі батыр бас сүйегінің бөліктері Орталық музейде сақтаулы тұр. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу мәселелері жөнінде кезекті жұмыс кеңесін өткізіп, тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақберен қолбасшы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін айта келе, батырдың аты мен ерлігін барынша дәріптеп, оның денесін салт-дәстүрімізбен арулап жерлеу қабырғалы халық, іргелі ел екендігіміздің көрінісі деп атап өтті. Ол Кейкі батырдың денесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екеніне назар аудартты. Себебі ҚР Премьер-министрінің орынбасары құзырлы органдарға Қостанай облысының аумағында батыр бабамыздың денесі жерленген орынды табу мақсатында археологиялық зерттеулер жүргізу үшін рұқсат қағазын рәсімдеуді тапсырған еді. Жіті әрі сапалы зерттеу жүргізу үшін уақыт керек. Батыр хақында жиған-тергені бар зиялы қауым өкілдері мен тарихшы ғалымдар батырдың денесі көмілген орынды іздестіру, оны анықтау және жерлеу рәсіміне байланысты дайындықты алдағы жаздың соңына дейін жүргізетін болды. «Еліміздің зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссияның шешімі – Кейкі батырдың бас сүйегін арулап қоюды асықпай жасау. Ең бастысы, елімізге батырдың бас сүйегі келді. Бұл егемендігіміздің, еліміздің, Елбасының беделінің арқасында орындалды. Мұны халық түсініп отыр. Елдің батыры, сол себепті арулап, тиісті мемлекеттік деңгейде жерлеу осы комиссияда шешілді», – деді кеңес отырысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай. Мәселен, Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелу және оны зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай: «Кейкі батырдың бас сүйегі Венгриядан Алматыға жеткізілді. Венгриядағы жаратылыстану ғылымдарының антропологтары Кейкі батырдың бейнесін зерттеп, оның неден қайтыс болғанын анықтау үшін ДНК сараптамаларын да жүргізді. Қажеттілік болғанда, яғни, бас сүйекті жерлейтін кезде оны туыстарына береміз. Ал батыр бас сүйегі алдағы күз айында жерленгені дұрыс болады. Өйткені оған дейін міндетті түрде көптеген мәселелер атқарылуы тиіс», – деді.

Кейкі батырдың әлпеті қалпына келтірілуі

 Қазақ пен мажардың туыстығын зерттеп жүрген венгриялық азамат Андраш Биро бастаған антропологтар батырдың бет-әлпетін толық қалпына келтіріп, қоладан бюстін жасап шығыпты. Андраш Жолт Бироның айтуынша, Кейкі батырдың келбетін қалпына келтіру жұмыстарымен осы салада тәжірибесі мол және осыдан төрт жыл бұрын Абылай ханның келбетін қалпына келтірген Агнеш Куштар есімді маман айналысқан. Сондай-ақ, бұл жобамен Шандор Эвингер мен Андраш Бироның өзі айналысуда. Шандор Эвингер сүйектің арнайы сараптамаларын жасап шықты. Венгрия ғалымдары жүргізген ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы танымал ғалым, ҚР Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай: «Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру барысында белгілі бір қиындықтар болды. Антропологтардың айтуы бойынша, батырымыздың басына жеті ауыр соққы тиген екен. Бас сүйектің өзге де зақымданулары болды. Бірақ антропологиялық реконструкцияларды жасауға арналған заманауи технологиялардың арқасында, венгр ғалымдары екі ай бойы үздіксіз жұмыс нәтижесінде Кейкі батырдың мүсінін қалпына келтірді», – деді. Будапештте тұратын антрополог Андраш Биромен әлеуметтік желінің көмегін пайдаланып, хабарласып көрдік. Үлкен істің басы-қасында жүрген азамат ә дегеннен-ақ жұмыс барысымен таныстыра кетті. «Біз батырдың басын рентгенге түсірдік, ал кейін компьютерлік томографияға түсіріп, 3-Д моделін жасадық. Бұл жұмыс екі айға созылды. Батырдың сүйектері арқылы келбетін қалпына келтіру қиынға соқты. Ең қиыны – оның түпнұсқасын жасау. Біз батырдың сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кезде жасы шамамен қаншада болғанын, неден қайтыс болғанын анықтадық. Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр. Кейкі батырдың бассүйегінен және жасалған сараптамалардан оның мықты ер адам болғанын көруге болады. Жасы шамамен 40-50-де. Қазақстанға осындай халық батырлары керек. Себебі ең ауыр кезеңде ол ешкімнен қорықпай, нағыз батыр екенін көрсетті. Кейкі батырдың келбеті дайын болғанда, оны оқулықтарда және тарихи кітаптарда бейнелеуге болады», – деді антрополог Андраш Биро. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігінің жұмыс тобы танымал қаһарманның сыртқы бейнесі мен мүсіндік реконструкциясын әзірлеу бойынша ғылыми жұмыстар кешенін аяқтады. А. Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ең танымал көшбасшыларының бірі болған Кейкі батырдың бас сүйегін Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша үлкен жұмыс жүзеге асырды. «Бұл мемлекетіміз және ұлттық тарихымыз үшін ерекше маңызы бар тарихи оқиға. Бассүйекті Қазақстанға қайтару және тасымалды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысқа Ресей Мәдениет министрі Владимир Мединский жан-жақты қолдау көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздігі тарихында алғаш рет елімізге осындай айрықша маңызы бар артефактіні қайтаруға мүмкіндік туды», – деді министр. Айта кету керек, Кейкі батырдың ерлігі, батылдығы, туған елін бақытты және тәуелсіз етуге деген ұмтылысы туралы көптеген кітап, повесть, поэмалар мен деректі әңгімелер жазылды. Олардың ішінде 2001 жылы жарық көрген Серік Тұрғынбектің «Кейкі батыр» тарихи дастаны, 2014 жылы Ш. Байділдин шығарған «Кейкі батыр» кітабы бар. Сонымен қатар, биыл талантты қаламгер А. Нұрмановтың Кейкі батыр жөніндегі «Құланның ажалы» романы 2 мың данамен басылып шығарылды. Биыл О. Бекмағамбетовтың авторлығымен «Кейкі батыр» ғылыми монографиясы жарық көрмекші. Ал алдағы уақытта Мәдениет министрлігі тарапынан Кейкі батыр туралы театр қойылымдары, деректі және көркем фильмдер түсіру жоспарланып отыр    

Серіктес жаңалықтары