523
Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары
Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларымен, АҚШ-тың ірі қаржы институттарының және трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен, сарапшылар тобының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізіп, сол жақтағы қазақ жастарымен жүздесті. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатына қатысты.
Аса маңызды кезеңге тұспа-тұс келген басқосу
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі. Бұл – Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапарының басты оқиғасы болды.
Президент басқосу адамзат үшін аса маңызды кезеңге тұспа-тұс келіп отырғанын, әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқанын айтты. Екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келгенімізді де тілге тиек етті. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі.
– Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді, – деді Президент.Мемлекет басшысы БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретінін айтты. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ екенін, осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Президент ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін әрекет етуі керек бағыттарға да тоқталды.
– Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды. Бізге БҰҰ Жарғысының ережелерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейтуге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты шешімдерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр, – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнатудың маңызды екені айтылды.Сонымен қатар Президент ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне біздің ел алаңдайтынын жеткізді. Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастаманы тағы бір еске салды. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де айтылды. Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала бермек. Президент сөзінше, біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды екені айтылды. Оның үстіне жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін әділ сауда режимдері аса маңызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сенімді, әртараптандырылған жаһандық транзиттік және көліктік инфрақұрылымның маңыздылығына тоқталды. Осы тұрғыда Президент Қазақстанның Азиядан Еуропаға дейінгі маңызды құрлық дәлізі ретіндегі өсіп келе жатқан рөліне тоқталды.
– Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі. Ұзақ мерзімді перспективада біз жасыл сутегі мен жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, энергия көздерін әртараптандыруға ұмтыламыз, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық өзара іс-әрекетін нығайтуға ниетті екенін ерекше айтып өтті.
– Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және экономикалық байланыстарды тереңдетуге ниеттіміз. Біз тату көршілік қарым-қатынастарды сақтауға және ынтымақтастықты әртараптандыруға бейілдіміз. Бұл сенім біздің маңызды табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарымызға, адами капиталға және транзиттік әлеуетімізге негізделген. Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы аралық нарық-пыз, – деген Президент өңірдің халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде табиғи және ауылшаруашылық ресурстары, адами капиталы мен транзиттік әлеуеті арқылы зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айтқанда, президент мерзімінің қайта қарастырылып жатқанын айтып өтті. – Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстана береміз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.Жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен жүздесу Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктеріне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды. Президент Қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесу өткізді. Бейресми өткен кездесуде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Сонымен қатар кездесуде Taskrabbit.com компаниясының стратегия және даму жөніндегі жетекшісі Әсет Әбдуәлиев, DCVC компаниясының венчурлық инвесторы әрі директоры Анна Фокина, Google компаниясының инженер-программисі Арай Сабыржан және Booking.com компаниясының менеджер-программисі Әлібек Датбаев сөз сөйледі. Олар Президентке шетелдік компаниялардағы жұмыстарынан алған әсерін айтып, отандық ІТ саласын одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Дүниежүзілік экономикалық форумда ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды Президент Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері туралы пікір алмасты. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастығы туралы айтты. Клаус Шваб Президентті 2023 жылы қаңтарда Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға шақырды. Сонымен қатар елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ірі компаниялардың басшыларымен өткен кездесулер Мемлекет басшысы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Президенттің америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды. Кездесу кезінде Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазір бұл банк «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасты. Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты. Президент әлемдегі ең ірі қаржы-талдау компанияларының бірі S&P global компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдарламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания. Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдамен болған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселелері қарастырылды. Coursera – білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен жолықты. Әңгімелесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспары талқыланды. Президент General Electric International Markets компаниясының аға вице-президенті Набил Хабайебпен кездесті. Корпорация Қазақстанға медициналық жабдықтар өндірісін көшіруге ниетті, атап айтқанда, УДЗ және КТ аппараттарын шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен еліміздің көмірсутек секторындағы бірқатар жобаларды іске асыру барысын талқылады. Кездесуде Қашаған кен орнында толық ауқымды өндірісті қайта бастау мерзімдері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фирмасының бас директоры Дженни Джонсон Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасты. Franklin Templeton – 1,5 трлн долларлық активке ие жаһандық инвестициялық компания. Барлық кездесу аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ұйымдастырған Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Қазақстан – Аустрия ынтымақтастығы нығая түспек Мемлекет басшысы Аустрия Президенті Александр Ван дер Белленмен екіжақты келіссөз жүргізді. Мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан – Австрия ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекетін талқылады. Екі ел саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және инфрақұрылым салаларында аустриялық технологияларды трансферттеуге қызығушылық білдірді. Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Еуропалық комиссия Президентімен келіссөз өтті Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының аясында Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен де екіжақты келіссөз жүргізді. Қос тарап Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, энергетика және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қозғалды. Мемлекет басшысы Урсула фон дер Ляйенді Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Урсула фон дер Ляйен стратегиялық серіктестікті одан әрі жан-жақты нығайтуға деген өзара қарым-қатынасты растады. Еуропалық комиссияның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Кездесу соңында Президент Урсула фон дер Ляйенді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. «Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті» Қасым-Жомарт Тоқаев Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төрағалығымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Жиынға Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Испания Премьер-министрі Педро Санчес, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо, Сенегал Президенті Маки Салл, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және басқа да әлемдік деңгейдегі саясаткерлер қатысты. Мемлекет басшысы бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы осы форматта өткен соңғы кездесуден бері азық-түлік тапшылығына тап болған адамдардың саны 135 миллионнан 345 миллион адамға дейін өскеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Президент біздің еліміз астық пен азық-түліктің басқа да негізгі түрлерінің сенімді жеткізушісі болып қала беретінін айтты. Мемлекет басшысы аштыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырды. Осы ретте, Президент Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен және өңірдегі БҰҰ институттарымен түрлі сатып алу жобалары, соның ішінде Ауғанстан қажеттіліктері үшін ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Президент Қара теңіз астық бастамасын жүзеге асыруды жақтап, азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкция мен шектеуден босатудың, оларды кедей елдерге жеткізуді қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің транзиттік-көлік мүмкіндіктеріне, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне тоқталды.
– Алдағы жылдары Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай артады деп болжап отырмыз. Қысқа қарай Қазақстан энергия ресурстары мен аса маңызды шикізат тауарларының тапшылығын азайта алады, – деді Мемлекет басшысы.Президент климаттың өзгеруіне және азық-түлік жүйелерінің құрылымдық тұрғыда әлсіздігіне байланысты сын-қатерлерге де тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық транзиттік хаб ретінде жаһандық және тұрақты жеткізу тізбегін құруға қабілетті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет кезінде Қазақстан аштық қасіретін бастан кешкенін, сондықтан азық-түлік проблемаларын шешуге толық мүдделі екенін айтты. БҰҰ хабын құру бастамасының орындалуы қарастырылды Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының аяғында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Конструктивті және достық жағдайында өткен кездесуде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін шешудің ұжымдық әдістерін әзірлеуге бағытталған күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін жоғары бағалап, оның 2023 жылы «Болашақ саммитін» шақыру туралы бастамасын толық қолдайтынын жеткізді. Президент осы маңызды жиынның қорытындысы Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Бұдан бөлек, тараптар Мемлекет басшысының Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ хабын құру бастамасының жүзеге асырылу барысын қарастырды. БҰҰ Бас хатшысы бұл маңызды бастаманы қолдайтынын айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришті Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Жалпы Президент екі күнде 27 кездесу өткізіп, 3 ірі іс-шараға қатысты. Сапар аясындағы кездесулер мен іс-шараларда бұрыннан қалыптасқан әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалпына келтірудің, территориялық тұтастықты сақтаудың, елдердің егемендігін құрметтеудің маңызы сияқты әлем үшін де, біздің ел үшін де мәні зор мәселелер қозғалды, нақты бастамалар мен ұсыныстар айтылды. Маңызды кезеңге тұспа-тұс келген сапардың нәтижесі де салмақты болатынынан үміт көп.