Бексұлтан Нұржеке-ұлы: Тарихшының көбі өзгелердің жазғанын қайталаудан аспайды

Бексұлтан Нұржеке-ұлы: Тарихшының көбі өзгелердің жазғанын қайталаудан аспайды

Бексұлтан Нұржеке-ұлы: Тарихшының көбі  өзгелердің  жазғанын  қайталаудан аспайды
ашық дереккөзі
685

Бексұлтан Нұржеке-ұлының әрбір туындысы оқырманына үміт сыйлайды, адамгершілікке шақырады, адами қарым-қатынасты дәріптейді. Ал жазушының тарихи тақырыптағы туындылары тарихи дәлдігімен халықтың бастан кешкендерін көз алдыңа күні бүгінгідей елестетеді. 2016 жылы әдебиет саласы бойынша жазушының «Әй дүние-ай» романы Мемлекеттік сыйлық алды. Тарихи деректерге құралған роман Шәйі мен Тазабектің өмірі арқылы қазақтың тағдырын бейнелеген. Осы орайда автормен әңгімелесіп, романға негіз болған тарихи тұлғалар мен деректерге тоқталудың сәті түсті.

– «Әй дүние-ай» романы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, тәуелсіздік жылдарына дейінгі уақытты қамтиды екен. Тарихи шындыққа негізделген романның кейіпкерлері өмірде болған, тіпті сөздерін де мұрағаттан алдым дедіңіз. Қазақтың бастан кешкен қиындықтары Шәйінің көрген зобалаңына сыя алды ма? – Жалпы, қазақтың басынан кешкенін бір романға сыйғызу мүмкін емес. Әйткенмен негізгі, өзекті нәрсе – Албан көтерілісін айтарлықтай қамтыдым. Дербес мемлекеті жоқ, не халықты қорғайтын ұлттық әскері жоқ, не ұлттық басшысы жоқ, турасын айтқанда, қорғаушысы жоқ, жаттың боданы болған халықтың көрген күні не дегенге жауап беру – романның негізгі мақсаты. 1916 жылғы көтерілісті көргеміз жоқ, әрине. Көргендер де қалған жоқ. 80-жылдары «Күтумен кешкен ғұмыр» романын жазғанмын. Ол роман да 1916 жылғы оқиғаны қамтиды. Кеңес үкіметінің дәуірінде жазылған шығарма. Сұмдық қырғынды ашып айта алмай, тек қана халықтың басы бірігіп, мемлекетін қорғауға тиіс азаматтардың бірін-бірі өлтіріп, бірін-бірі отқа итеріп жатқанын ғана жазғанмын. Елге басшылық жасауға тиісті азаматтар тізе қосып, күш біріктіретін кезде бір-бірімен таласып, қатын мен атаққа бәрін сатты. Әтіке деген әнші бас кейіпкер. Біздің жақта Әтіке, Нұржеке деген батырлар болған. Қоныстанушы орыстарға қарсы алға шыққандар да солар. Әтікені патша әскері атып өлтіреді, Нұржеке жер айдалып кетеді, қайтып келген соң қайда өлгені, неден өлгені белгісіз. Міне, солардың бәріне «Күтумен кешкен ғұмыр» деп ат қойғанмын. Қаншама халық сұраусыз атылып кетті. Халықты қорғайтын заң да жоқ. Ресейдің орыстарды ғана қорғайтын, орысқа тисең өлесің, сотталасың деген заңы ғана бар. 1916 жылы осы заң толықтай жүзеге асырылды. Бір Шәйінің өміріне қазақтың өмірі сыя ма? Бәрін сыйдыру мүмкін емес, бірақ негізгі-негізгісін алдым. Әйелдің тағдыры мен халықтың тағдыры ұқсас. Халықтың басына түскен ауыртпалықтың бәрі әйелдің басына да түседі. Қазақ әйел-ана, Жер-ана деп екеуін теңестіріп сөйлейді. Былай қарасаң, сол кездегі дүрбелеңнің еш себебі жоқ сияқты. 1846 жылы Қапалда жасалған келісім бар. Ол келісімге албан тайпасының өкілі Тазабек Пұсырманов қол қойып, мөр басқан, ол орыс-қазақ қатынастары деген жинақта тұр. Патша үкіметі сол келісім бойынша қазақтан әскер алмауы тиіс, бірақ қазақтар салық төлеп тұруы керек болады. Қазақтың бәрі салығын төлеп тұрған. Сол қағаз албанның аға сұлтаны Тезек төренің үйінің керегесінде ілулі тұрғанын Семенов-Тянь-Шаньский көрген. Ол өзінің мемуарында: «Мақтан қылып Тезек төре орыстың берген келісімін іліп қойған» деп жазады. Иә, 1916 жылғы көтерілістің бәрін толық зерттей алған жоқпын. Мұрағатта отырып, Албан көтерілісін ғана зерттедім. Біздің тарихшылардың бойламаған нәрсесі көп екен. Кейбір беттерді шытырлатып жаңадан ашасың, кім оқыды екен деп қарасаң, ешқандай тізім жоқ. Біздің мұрағаттың жұмысы да оңып тұрмаған сияқты. Бәлен күні, бәлен алды деген қолхат бар. Оқыдым, өткіздім деп қол қоятын қағаз жоқ. Ешкім оны талап етпейді екен. Бетін жыртып кетіп жатыр ма, оқып жатыр ма, әлде өзгертіп жатыр ма, ешкімнің есебі жоқ. Еріксіз таңқалдым. Құжаттардың ішінде фон Берг деген хорунжийдің сот алдында берген мәлімдемесі бар. Бір ол емес, талайлар да жауап берген. 16-жылдың қазан айынан бастап тергеу жұмысы жүрген. Көтеріліс неден шықты, оның кінәлілері кім, құжаттардың негізгісі жазалау мәлімдемелері. «Ең қауіпті пәленше дарға асылсын» деген үкім шығарады. Тергейді, тергеген соң дарға асады. Мен дарға асылған Бекболат Әшекеевті ғана білемін. Талайлар дарға асылып, ел бастаған ерлер ұмытылған. Біз әйтеуір Ұзақ, Жәмеңкені есте сақтап қалған екенбіз. Кезінде ағаларымыз соны құлаққа жеткізіп кеткен. Ілияс Жансүгіровтің жазбалары бар, Мұхтар Әуезовтің «Қиыл заманы» бар. Соның арқасында жадымызда қалды. Ал енді романға келейік. Шәйі 16-ға толып отырған қыз. «Бақытты болам, тұрмыс құрам, өзім ұнатқан жігітке тием» деп отырады. Жәрмеңкеге жеңгесімен барып, әдемі көйлек таңдап жүреді. Дүрбелең қазақ халқының басына қалай оқыс туса, Шәйінің де басына солай күн туады. Тіпті күйеуге тиюдің өзі мұң болады. Болашақ күйеуінің әкесі оққа ұшады. О заманда біреу өліп жатқанда келін түсіру қиын. Сөйтіп, «тәуекел, тірі кезінде шаңырақ көтеру деген уәде бар еді» деп Шәйіні өз әкесі ұзатады. Бірақ ағасын, оның бала-шағасы, шешесі мен әкесін орыстар өлтіріп, өртеп кетеді. Бұл Шәйінің тағдыры. Қазақтың да тағдыры. Жазалаушы отрядтардың жазған деректерінде бұл мәлімет бар. Солардың айтқанына қарасаң, халық себепсіз қырылған. Шәйі де солай. Орыстың алдында ешқандай жазығы жоқ. Қазақ халқы да солай. Жарайды, орысқа бағындық па – бағындық. Малымызды бағайық, баламызды өсірейік деп жүрген халықтың басына бір-ақ күнде зобалаң туды. Амалсыздан орысқа бағынғаннан біздің ұрпағымыздың өзі орыстана бастады. Шәйі де солай. Орыс зорлады, туған баласы орыс боп туады. Халықпен ұқсастығы да осы. Ал сол орыстан туған бала бәрібір қазаққа қызмет жасайды. Өйткені тілі, тәні қазақ боп қалды. Біз де солай шала орысшаландық. Өзінен туған шөберені ақыры желтоқсанда сол орыстың офицерлері зорлап, қаза табады. Халықтың басынан кешкенін, барлық қиындығын Шәйі де көреді. Қорланды, зорланды, тіпті орыстанды. Күні бүгінге дейін орыстанған қазақтар арамызда толып жүр. Шәйі орыстан бала тапты, бірақ оны орыс емес, қазағым деп қарады. Қалмақ та қазақты қырды, қорлады, зорлады. Оны қорғайтын Тазабекте күш жоқ. Ол жалғыз адам. Жау жалғыз емес, көп. Қорғаушысы, тәуелсіздігі жоқ халық осындайға ұшырайды. Тарихи жағына келейік. Мұның ішіндегі Шәйі мен Тазабек халықтан алған жиынтық бейне. Бұл жазушының қиялынан типтендірілген. София деген қыз болған. Орыстың қызы, қазаққа тиген, қазақшаға судай, қазақты жақтаған, қазақтың балаларымен бірге ойнаған, қазақша ән салған. Оның әке-шешесі бай болған, омарта ұстаған. Ол – тарихи бейне. Қожаш та сол жерде болған адам. Қазақты жақтайтын Кобзев деген орыс бар. Ол Жалаңашта тұрған. Қапездің әкесі Байғабылмен дос болғаны рас. Ресейден аш-жалаңаш келіп, Аралтөбе жақта қызын зорлатып, осы жаққа келгенде Байғабыл өзінің жарты асын аузынан жырып көмектескен. Соны ұмытпайды. Ол халықтан қорлық көрген жоқ. Кобзев пен Байғабыл халықтың өкілі. Олар бірін-бірі сыйлады, сыйласып отыр. Сергейчук – мүлде басқа адам. Орыстың көбейген кезінде, күш алған кезінде келген. Анау жеке-жеке келгендер қазақты паналады. Сергейчук қазақтан жақсылық көрем деп келген жоқ, қазақтың жерін аламыз, соларды билейміз деп келді. Ал Кобзев жан бағамыз, бала-шағамызды осы жақтан асыраймыз деп келген. Екеуі екі басқа орыс. Бұрын келгендер қазақты қимайды, өйткені көп жақсылық көрді. Демек, біреудің жеріне біреу басып кіруі әу баста дұрыс емес нәрсе. Жер кімдікі, ел де, билік те, заң да сонікі болуы керек. Соны қорғау керек. Бізде керісінше болды. Келген адам заңды өзі жасады. Қазақты қорғайтын заң жоқ. Қазақтар: «Әй, сен бізден әскер алмаймын деп едің ғой» дегені үшін қырғынға ұшырады. Орыстарды қазақтар қырған жоқ, мұның бәрі мұрағатта айқын көрініп тұр. Ары қарай жылжиық. Қапез Байғабылұлы – әнші-композитор. Ол да өмірде болған адам. Самсалы – Қожабектің баласы. 1946 жылы Жаркентте Самсалы Қожабеков аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Головацкийді әскери қызметтен алып кеп, ауыл шаруашылығын басқартқан, Жаркент қаласында алғаш су құбырын тартқызған. Осы кісінің естелігі менің қолымда. Осы естелік бойынша бүкіл оқиғаны қуалап отырдым. Қалмақтар шекарада өткізбей тұрғанда Дәулетбай деген кісі барады. Дәулетбайдың қалмақ інісі болғаны да, Дәулетбайдың қазаққа сіңгені де бәрі рас. Тура сондай адамның болғаны Ілияс Жансүгіровтің құжаттарында тұр. Самсалы ағаның естелігінде де бар. Соның аты аталады. Екеуі бірдей. Бір дерекке кейде нанбайсың, екі дерек бір жерден шықса – тарихи шындық. Міне, бәрінің тарихи негізі бар.  – Қазақ әдебиетінде көркем шығарма мен тарихи шындық арасында қабыспайтын тұстар көп. Мұның қазақ тарихы, әдебиеті үшін зияны бар ма? – Біздің тарихты жазып жүрген кейбір жазушылардың арасында үлгі қылмайтұғын бір іс бар. Көркем тарих пен шын тарихтың арасында алшақтық болса, ол кешірімді деп санайды. Бұл дұрыс емес. Тарихи фактіні өзгертуге хақың жоқ. Мысалы, барлығы Қарқара көтерілісі деп атайды. Мен Қарқара көтерілісі деуге келіспеймін. Бұл – Албан көтерілісі. Өйткені, көтеріліс тек Қарқарада болған жоқ. Мынау Талдыбұлақ, Нарынқол, Қырғызсай (бұрынғы Подгорный), Шелек, Асы жайлауында да болды. Ал Қарқара деген бір-ақ жер. Қарқара көтерілісі деп айтылып кеткен себебі Подпорков деген ақжелке приставтың негізгі тұрағы сол жерде болды. Халық наразылығын сол жерге барып білдірген. Әйтпесе бұл – жиынтық көтеріліс. Оның негізгі асқынған жері – Қарқараға шабуыл жасалды. Ең бастысы, оқиғаның барысына қарасаң, көтеріліс барлық жердегі албан тайпасын қамтылған. – Мұрағатта айтылмаған, бұрын-соңды белгісіз деректер көп болды ма? – Әрине, енді соған келейін деп отырмын. Мысалы, бірнеше орыстың, қазақтың сотқа берген мәліметін қарап, оқып шықтым. М.Тынышбаев, Т.Бокиннің жазбаларын көрдім. Жаркенттің бір-екі орысы жолда көргенін жазыпты. Тіпті жазалауға қатысып жүрген орыс офицері, солдаттардың жазғандары да бар екен. Кейбірі көтерілісші емес екенін, бірақ оның дүниесін тартып алу үшін әдейі атқандарын айтады. Сол жерде бір дүнген саудагерінің байлығын имедену үшін, көтерілісші деп көрсетіп, атып жіберген. Адамның жаны түршігетін нәрселер көп. Енді Қарқара көтерілісі деп жүрген көтерілістің қалай өршігенін қараңыз. Подпорковты істі дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін орнынан алып тастайды, орнына Кравченко келеді. Кравченко 29 жастағы фон Берг деген офицерге тапсырма береді. «Қазақтар Зуев деген омарташының омартасын қиратып, үйінің күл-талқанын шығарыпты, соған барып көмектес», – дейді. Ол әтрәдімен жолға шығады. Өз аузымен айтады, өз қолымен жазады. «Біз межеге жеткенде түн жарым болды. Он екіден асып кетті» дейді. Қазақ малды жайғап, тіпті ерте ұйықтайды. «Содан түн ішінде бір көтерілісші ат мініп тұрды, мен оны тапаншамен аттым. Ол қашып кетті» дейді. Оның көтерілісші екенін қайдан біліпті? Неғылған қазақ екенін білмейді де. Келді, көрді, бірден атады. Барып көрсе, Зуевтің бала-шағасы аман. Ызаланған қазақтар қоқан-лоққы жасаған, бірақ үйін де өртемеген, баласына да тимеген. Қалың қазақ орыстарға «біз сендерді паналаттық, сол жақсылыққа істеп отырғандарың мынау ма» дегені ғой?! Қорасына кіріп, күш көрсеткені рас. Бірақ тонамаған, тиіспеген. Орыс қорыққанынан қашып, тоғайдың ішіне жасырынған. Зуевті көрген соң, сөйлеседі, сөйтіп таңғы бесте бейқам ауылға келеді. «Олардың күзеті бар екен, біз көтерілісшілерге уралап тиістік. Сөйтіп елуін атып өлтірдік. Қалғандары тауға қашып кетті» деп жазады. Қашып кеткендер кімдер? Әйел мен бала-шаға. Не үшін өлтірді? Зуевті ешкім өлтірген жоқ, бір орысты өлтірмесе де, ұйықтап жатқан елу қазақты қырып салды. Қарақолдан бастап Түп өзенімен бері қарай тағы бір ауылға келеді. Олардың күзеті бар деп көрсетеді. Рас па, өтірік пе, еш адам білмейді. «Айса деген тараншы (ұйғыр) үлкен ерлік көрсетті. Шабуылдап, орап алып келіп, әлгілерді түйредік. Сөйтіп сексенін санап шықтық, бізден шығын жоқ» – дейді. Ұйықтап жатқан адам кімді атып өлтіреді? Олар дайындалған болса, біреуін атып түсірмей ме, не біреуін найзаламай ма? Енді бұлар өзін қалай ақтап алады дейсіз? Қазақтардың үйін тексерсек, орыс әйелдерінің көйлегі, иконалар шықты дейді. Қазақтар біреуді тонаған деп ұйғарым жасайды. Орыстың қай жердегі шіркеуін тонайды? Жалаңашта ғана шіркеу бар. Анау Түптегі ауылдар Жалаңашты қашан шауып еді? Кейін қолға түскен заттарды тексергенде қазақ үйлерінен 5-6 мылтық шығады деп жазады. Егер көтерілісшілер қарсылық жасайтын болса, мылтықты қолдарына ұстамай, неге үйлерінде тығып сақтайды? Фон Бергтің көтерілісшілер деп жүргені жай өз үйінде ұйықтап жатқан қазақтар екенін осының өзі-ақ дәлелдемей ме? Көрдіңіз бе, бәрі өтірік. Қазақ оның иконасын не қылады? Орыстың көйлегін қайтеді? Орыстарды тонаған соң, біз кек алдық дегенді айтпақ қой. Бір ауылдағы 80 адамды өлтіру үшін құрығанда он бес шақты киіз үй тұр деген сөз. Адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, геноцид деген осы. Осының бәрі жанымды түршіктірді. Қырғынның осылай болғаны Ілияс Жансүгіровтің қолжазбасында бар. Бұл кейін табылды. Кезінде халық жауы деп атылды ғой, оның тергеушісі қолжазбаларын өртеп жібердім деп айтқанмен, үйінде сақтап қойған екен. Кейін тергеуші өлгеннен кейін үйінен арабша жазылған дүниелер табылады. Мұрағаттан кісі шақырып, оқытса, баяғы Ілияс Жансүгіровтің өртенді деген қолжазбасы. Міне, соның арасынан Жансүгіровтің «Жаркент уезі» деген қолжазбасы шыққан. Осы қырғынның барлығы айтылған. Бір адамның жазғанына нанбайсың ғой, мен бірнеше рет мұрағаттан қарадым. Фон Бергтің істегенін бұл кісі де жазады. Тағы да фон Бергтің өз жазғанына жүгінейік. «Қарақол жақтан үш жүз адам келе жатты. Дүнгендер бар, аткез тартушылар (контрабандистер) бар. Қолдарында ақ ту бар екен» дейді. Өзі көтерілісші деп ат қойса болды, кез келген адамды қыра береді. Содан елу-ақ адам аман қалады. Сонда екі жүз елу адамды еш сұраусыз қырып тастаған ба? Бұл сұмдық қой. Ең бастысы, адамдарды қырып тастаған соң, бәрін тонаған. Кравченкоға бәлен ақша, бәлен мал деп есебін береді. Жалаңаштағы орыстарға қоқан-лоққы жасап, Әубәкірді қорғаймыз деген туыстары көтеріліске шығады. Әубәкір Сұлтанбаев Ұзақ, Жәмеңке, Серікбаймен бірге қамалған. Іргебай Дәлденбаевтың естеліктері бар. Бұл дерек Ілияс Жансүгіровте де бар. «Сонда сегіз жүз адам келдік. Қарқарада екі жүз адам қосылды» деп жазады. Барлығы мың адам. Фон Берг бес мың қазақ келді деп жазады. Бес есе өтірік айтып тұр. Біз соны қоршап алуға екі бөлініп шықтық дейді. Іргебай: «Біз келе жатыр едік, қоршап алып, төрт-бесеумізді атты, кілт бұрылып қаштық» деп жазады. Фон Берг те осыны айтып отыр. «Біз қоршап алмақ болып едік, қазақтар біліп қойды, қашты. Біз атқыладық» дейді. Осы жерде Шәйінің әкесі жараланады. Содан кейін Кравченкодан жаушы келеді. «Қашқан қазақтарды қудалама, қайт» деген хабар келді деп өзі жазады. Фон Берг қайтпайды. Кравченкоға бағынбай, көш басында ақ ту ұстап келе жатқан, ақ боз атқа мінген адамды тапаншамен атып түсіреді. Малын айдап, көшіп келе жатқан адам. Ол Қытайға көшіп бара ма, қоныс аударып бара ма, белгісіз. Атқан соң, аттың үстінен домалап түсті, барып қарасам кеудесінде Александров медалі бар, болыс болған адам екен дейді. Болыс орысқа қызмет еткен адам. Қалғандарының бәрін найзаладық, қылыштадық дейді. Оқ шығармайды, бір адам аман қалмайды. Мыңғырған мал Кравченкоға тегін түсті. Қанша мал түскенін айтады да, қанша адамды қырғанын айтпайды. Мен осыны суреттеп жаздым. Бала-шағадан бастап бір адам аман қалмайды. Сұраусыз қырғын дегенде төбе шашың тік тұрады. Шындықты боямалаған жоқпын. Фон Бергтің жазғанын мұрағаттан тауып алып, өз аузымен айтқызғанда, София тыңдап отырып: «Сені орыс әскері дегенге намыстанып отырмын. Бейбіт халықты қырып келесің» дейді. Мені жылатқан осы қырғын. Ішіме сыймай -тұғын. Осыны оқығаннан кейін пәлен күн ұйықтаған жоқпын. Мен мұны архивтен бұрын да оқығам, Тұрсын Жұртбай да «Қазақ әдебиетіне» жазған. Бірақ өз көзіммен оқығаннан кейін таңқалдым. Қазір аты-жөнін ұмытып отырмын, Жаркенттің сауда жасайтын бір орысынан сұрақ алады. «Мен Қарақолдан келе жаттым. Түп өзенінің бер жағында қарны жарылған бір әйел жатыр, өзі зорланған, жолдың бойында өлтіріп кеткен. Ана жерде бір бала жатыр, соның баласы болар, көтенін ойып алған. Мына жақта тағы бір бала жатыр. Оны да өлтіріп кеткен» дейді. Осылар көтерілісші ме? Сонда не үшін өлтірді деп сұрайды. Қазақты жер бетінен құрту керек болған. Мақсат солай сияқты. 1916 жылы әрбір орыс отбасына жасырын қару таратылған екен. Осының бәрін көріп отырған Кобзев Самсалыны, соның бала-шағасын жұмысқа орналастырады, қамқоршы болады. Қожабектің айтатыны бар: «Сен мені шақырасың, орыстарыңнан мені қорғай аласың ба» дейді. «Мен қорғай алмасам, сені жұмысқа шақырам ба?» дейді. Бәрінің аты өз аттарымен аталды. Тасашыда Қожашты ағашқа асып кетті. Мұрағатта Қожаш деген аты жоқ, бірақ Тасашының аузында қазақты шошыту үшін қазақты ағашқа асып, аузына мүшесін қыстырып кеткені рас. Ол барлық естеліктерде бар. Анау қырылған адамдардың ішінде жиырма шақты бала батпаққа батып өледі, ол елдің жазған естелігінде тұр. Туырлықтың астында топ-тобымен өліп жатқан адамдардың сүйегі үйіліп қалған, барлық оқиға желісі Ілияс Жансүгіровтің естелік жинағында бар. Осының бәрі төбе шашың тік тұратын нәрселер. Қашқан қазақты неге кері қайтарды? Мұның да себебі бар. Нарынқолға барсаң Сүмбе деген жерде әскери күзет орны бар. Қытайға өткендердің барлығы осы жерден шекара асқан. Қазақтар асулардың бәрін білген, алғашқылар өтіп кеткен. Кейін мұны бекітіп, өткізбей қойған. Орыстың солдаттары арт жақтан келіп, атқылайды, зеңбіректің даусы шыққанда қазақтар өлген-тірілгеніне қарамай шекара асады. Қалмақтар таудан түсе қалып, қазақтардың малын, қыздарын тонап алады. Бұл болған нәрсе. Әубәкір алғаш барғанда пәлен малымның жартысын беріп өттім дейді. Көбі солай істеген. Ал Қожабек ағалар барғанда Дәулетбайдың бір інісі қалмақтардың атаманы болып жүрген. Сол арқылы өзі өткізіп алады. Бұл да болған оқиға. Қалмақтар шекарадан өте алмай тұрған қазақтарды атпен аралап, әдемі-әдемі қыз-келіншектерді өңгеріп әкетеді екен. Бір күн, екі күннен соң қан-сөл жоқ қып қайтадан әкеп тастайды. Бұл тірідей өлтіру ғой... күйеуі тұр, ата-енесі тұр, олармен ешкім санаспайды. Бұндай қорлыққа шыдау сұмдық қой. Осы қорлықтың бәрін оқығаннан кейін ұрпақ кішкене ойлануы керек. Тәуелсіздік аспаннан түспейтін нәрсе. Төгілген қан, төгілген тер, тапталған намыстан келіп қолымыз жетті. Тәуелсіздік қасиетті. Әне, ата-бабаң тәуелсіздігі жоқ кезде көргені анау. Бұлар Қытайға өткен соң Уақытша өкімет орнады. Олардың бар бітіргені – қазақты іздеді. Қытайға «Біздің халқымызды отанына қайтар» деген ресми хат түсіреді. Олар қудаланбайды, тек жерімізге қайтар деп талап қояды. Қытайға халық керек жоқ, үйді-үйді аралап тұрып, қайтарды. Кейбірі туыстарымыз бар деп қалуға тырысты. Халық аш, келе жатады да құлап түседі, қасына келіп қарасаң, құлаған жерінде жаны шыққан. Қайтуын қайтқанмен, жолда тағы қырылады. Ерте көктемде қайтарған ғой, ұзынсары кезінде, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін ашөзек кезі. Қазақ ары ауғанда да, бері ауғанда да сұраусыз қырылды. Серікбай болыстың Көкшегір деген әйелі әйгілі Қожеке батырдың қызы. Соны қалмақ таниды. Көркем шығарма болса да ойдан шығарылған бейне жоқ, болған тарихты бұрмалау жоқ. Тек адамның психологиялық дайындығы, тарихи нәрселердің психологиялық астарын ашу. Оны жазбау тарихқа да обал, адамға да обал. – Бұл тақырыпқа «Жау жағадан алғанда» романы бастау болған сияқты. Екеуі де елең-алаң уақытта қазақтың бастан кешкен қиын кезеңін қамтиды. Бұл жалғастықтың түбінде заңдылық бар дейсіз бе? – Ол Кеңес үкіметінің орнауы туралы ғой. Елу жасымда туған жерге деген борышым сияқты қарап, жиырма күн мемлекеттік мұрағатта отырдым, жиырма күн Жаркенттің мұрағатында отырып қарағам. Бәрі тарихи нәрсе, Дутовты өлтірген Махмұт Қожамияровтың өзінің қолымен жазғанын оқыдым. Жеке листоктағы ұлты деген жерге тараншы деп жазған. Қалай барғаны, қанша адам барғанын жазады. Бұл тарихи шындық. Менің мектепте бірге оқыған Ақжол Юсупов деген досым бар, соның әкесі қатысқан. Әкесін көрдік, әкесімен сөйлестік. Олардың бәрін наградтаған, қылыш берген. Қылыш асынып, тапанша ұстағаны үшін «халық жауы» болып кететін заман болды. Бас кейіпкер Кітапбек өмірде болған адам. Сахалинге айдалып кеткен Ұлтанбай туралы А.Чехов жазған. «Сахалин» деген очеркінде мұнда мұсылмандар да тұрады деп, аты-жөнін келтірген. Ол кісі елге оралған соң, баласы Зәріп бізде алғашқы ревком мүшесі болған. Туған туыстары Алмалыда, Басқұншыда тұрады. Тарихта шындыққа жетуден артық қызық жоқ. – Тарих түлкібұлаңға салынған дейді тарихшыларымыз, жазушыларымыз. Бір сөзіңізде «Саясат сағым сияқты сиқыр нәрсе» деген едіңіз. Саясат араласпаған тарихқа қашан қол жеткіземіз? – Тарихты саясатта пайдаланбаған мемлекет жоқ. Тарихты саясаткер де, тарихшы да, ақын-жазушы да пайдаланады. Біздің ата-бабаларымыз пәлен деп айтады дегендері кейде аңызға айналып кетеді. Аңыз – тарих емес. Аңыз сол адамның белгілі бір дәуірде болғанын ғана дәлелдейді. Мысалы, Райымбек батырдың төңірегінде аңыз көп. Аңыз – дамыған өтірік. Кейде адамға зиянын келтіреді, аңызға құлағы үйреніп алған адамдар шындыққа сенбейді, тарихи шындықты мойындамайды. Қазір Шыңғыс ханның төңірегінде де солай. Тілеуберді Әбенайұлы Шыңғыс ханды ешқандай моңғол емес дейді. Сегіз жүз жыл бойы сеніп келдік осыған, енді тарихшылардың өзі соны мойындағысы келмейді. Ғалым Зәріпбай Оразбай Ирандағы Рашиддиннің ешкім көрмеген түпнұсқасын, аударып жатыр. Сонда ешқандай моңғол деген сөз жоқ. Ол моғол деген сөздің қате жазылып кеткені. Моғолстан – Жетісу. Шыңғыс ханның туып-өскен жері – Жетісу. Оған қарсы шығу үшін иероглифті мен былай оқыдым, сен былай оқыпсың деп айта алу керек. Бізде оқыса да, оқымаса да «ә, ол өтірік» дей салады. Тарихты меңгеру мәдениеті, тыңдау мәдениеті, үйрену мәдениеті кем. Бұл тарихшылардың өзінде кем боп тұр. Ал басқадан не сұрайсың? Тарихшы өзінің пәнін құрметтейтін, тарихқа қасиетті деп қарайтын болса, «Шынында біз бұған мән бермеппіз, мына азаматтың жазып отырғаны шындық шығар» деп қарау керек. Бұл – тарихтың алдында да, ата-бабаның алдында да адамгершілік. «Бұл сандырақ» деп отыра береді көбі. Себебі ол тарихшы емес. Бізде «мен тарих ғылымдарының докторымын, сондықтан өтірік айтсам да шындық болуы керек. Әбенайұлы қытай тілін білмек түгілі, жер әлемнің тілін білсе де ол тарихшы емес, оны тыңдамау керек...» дегендер бар. Қадырғали Жалайыридың тарихшы деген құжаты бар ма еді? Дулатидің де тарихшы деген құжаты болған жоқ. Міне, осындай нәрселердің кесірінен айналып келгенде биік дәрежеге көтерілмегеніміз білінеді. Тарихшы, тарих деген өте қасиетті нәрсе. Әр адам келтірген дәйекке сыйластықпен қарау керек. Сонда тарихтың беделі көтеріледі. «Ойбай, ақын-жазушылар көбейіп кетті, тарихшы болмаса да тарихты айтып жатыр» деп байбалам салады кейбіреулер. Қайта қуануы керек. Өздері араласып, пікір таластыруы керек. Мен Жаркенттің тарихын әлдебір тарихшы келіп жазады деп күтіп жүруім керек пе? Мен сонда туып-өстім, жердің жайын білем, ол менімен бірге өлмеуі керек. Бізде тарихты оқыту нашар. Бұл тарихшылардың негізгі міні. Тарихты иемденуге болмайды, тарих халықтікі. Халыққа насихаттау керек, халықпен ақылдасып жасау керек. Тарих туралы тарихшылар ғана сөйлеу керек деген қағида жоқ. Тарихшылар кітап оқымаса, ізденбесе оған ақын-жазушылар кінәлі емес қой. Кітап оқығанның арқасында ақын-жазушы болады. Ал тарихшылардың көбі тек орыс ғалымдарын оқудан аспайды, өз ғалымдарымызды менсінбейді. Махмұт Қашқаридың аударылғанына бәлен жыл болды. Тұнған тарих. Соған пікір айтқан ешкімді білмеймін. Кітаптың ішінде талай тарих бар, ру, тайпалардың аты жатыр. Мына тайпалардың аты пәлен кезде айтылған, біз пәлен кезде деп жүрміз, неге бұлай деп Аристовпен неге салыстырмайды? Бүкіл Ұлы жүздің ру тайпаларын айтқан, қазақ тайпалары жөнінде айтпағаны жоқ. Неге соны салыстырмайды? Әрине, тарих біздің кәсібіміз емес, бірақ оқимыз, көреміз. Міне, тарихқа белсене кіріспеген соң осындай болады. Әнебір жылы Марат Тәжин тарих туралы баяндама жасап еді. Барлық тарихшылар «енді қатырамыз» деп шулады. Сол шудың нәтижесі қайда? Тәжиннің қызметің ауысып еді, тарихшылардың да міндеті ауысып кетті. Әшейін біреуге қолпаштап тарих жасайды. Тарих қаны тамған шындық болуы керек. – Орыстың отарында үш ғасырға жуық уақыт болсақ та тілімізді, дінімізді, ұлтымызды сақтап қалдық. Ұлттық өзегі әлсіз халық болса, жұтылып кетер ме еді? Осының өзі қазақ үшін ерлік емес пе? – Дұрыс сұрақ қойып отырсың. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің екі үлкен тарихшымыз колхоздастыруды қолдап мақала жазды. Камал Смайлов менің тарихты жазып жүретінімді оқыса керек: «Бексұлтан осылай жазыпты, сен қалай қарайсың?» дейді. «Біз ұлт болып қалыстаспағанбыз» деген мақала екен. «Отар ма едік, қатар ма едік?» деген қарсы мақала жаздым. «Лениншіл жасқа» шықты. Егер ұлт болып қалыптаспаған болсақ, 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жыл қалай отаршылдыққа төтеп бердік?! Тілімізді, шекараны, ата-текті, психологиялық бірлестікті сақтап қалдық. Сталиннің ұлт болу үшін қажет деген бес ерекшелігін толық сақтап қалдық. Бізде диалект жоқ. Шетел асқан қазақпен еркін түсінісеміз. Тілімізден де, бәрінен айрылар едік. Осы мақаланы Амантай Ахетов орысшаға аударып басты. Ұлт болмасақ, бөлек-бөлек жүрген қауым болсақ, ұзақ жылдық отаршылдыққа ешқашан төтеп бере алмас едік. Біз ертеден ұлт болғанбыз. Шыңғыс хан, Үйсін, Көк түрік, Сақ, Ғұн заманы бар. Арғы ата-тегімізден ұйымдасқан халықпыз, әйтпесе быт-шыт болар едік. Біз сол ұлттық ұйысуды дұрыс бекіте алмай жатырмыз. Әу баста біріккен елміз, бізді іріткен кейінгі заман. Ата мен руға бөліну – надандық. Біз ру ұғымын бөлектеу үшін қолданамыз. Шыңғыс хан найман, керей, жалайыр, меркітті біріктіріп, мемлекет құрған. Неге осылар біріге қалды? Бәрінің ата-бабасы түрік болған соң жиналды. Анау таңғұттар қайта-қайта көтеріліс жасады, өйткені олар түрік емес. Отырар қазақтың жері дейді, Отырар Хорезм шахтың жері болған. «Шыңғыс хан қазақтың жерін қиратты» дейді. Рубрук, Карпини, Марко Поло Қазақстанға келеді, ешқандай қираған жер көрмейді. Талдықорғаннан он сегіз шақырым жерде Екіөзен қаласы бар. Соның орны әлі жатыр. Рубрук осы қаланы «Сауда жүріп жатыр, әдемі қала екен» деп суреттейді. Қаялыққа бардық, шетелден көпестер келеді дейді. Шыңғыс хан оларды қиратпаған. Осыларды көргеннен кейін Ебі желіне ұрындық дейді. Қойлық дегенді дұрыс айтпайды. Дұрысы – Қайлық. Рубрук Қайлыққа келгенде «Енді Шыңғыс ханның туған жерін көрсетем деп бізді он екі күн тоқтатты. Ал оны көретін болсақ, он бес күнге аялдаймыз» дейді. Шетелдің тарихшылары да, біздің тарихшылар да жерді білмейді. Ебі, Сайқын желі қайда? Жер-су аттары тұр. Біз қалай мән бермей келгенбіз? Бір тарихты екінші тарих не жоққа шығарады, не дәлелдейді. Мемлекет ата-баба жерінің үстінде тұрған шаңырақ. Біз ата-бабаны сыйлауға тиіспіз. Түріктер ауыз біріктіргенде әлемді билеген. Әділ Ахметов пен ағылшын профессоры Америкадағы үндістердің арғы атасы түрік екенін дәлелдеді. Бейбарыс атының тұяғы тиген Африкада жұма мешітін ашқан. Аттила, Шыңғыс хан Еуропаға барған. Арыстан тараған ұрпақтың үш баласы үш ауыл бірікпейінше, тәуелсіздік мәңгі болмайды. Мәңгі болғың келсе, мәңгі қолдайтын бауыр табуың керек. Менің ойым осы. «Әй дүние-айды» жазғандағы мақсатым осы. – Жалпы, жастардың ғаламтор әлеміне өтіп кете жаздап жүргені күрделі бір мәселе. Олар кітап оқудан алшақтап кеткен. Осыған қалай келдік? Көпшілік қазіргі жастар кітап оқымайды дейді, ал осы жастардың ата-анасы, ата-әжесі кітап оқи ма? Олар кітап оқыған болса, жастарды неге кітап оқуға тәрбиелемейді? – Біздің тұсымызда ең көп кітап оқитын Қазақстан болатын. Одан айрылып қалдық, өкінішке қарай. «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдары әрбір қойшының қойнында жүретін, қой бағып жүріп, кітап оқитын. Көптеген орыстың жастарын байқадым, жол қысқарту үшін кітап оқып отырады. Ол адамгершілік. Кітап оқымаған адам жақсы маман болуы мүмкін, бірақ адам сыйламайды, ата-баба, тарихты сыйламайды. Ақшасын алады, тамағы тоқ. Адамға керегі сол ғана болса, жануардан айырмашылығы шамалы. Осы жолы Астанаға барғанда қатты ойланып келдім. Тәуелсіздікке жеткеніміз осы ма деп кергитін небір найсаптар бар. Мен таң қалдым. Астана-операны аралап көрдім.Ғажайып әлемді аралағандай әсер қалдырады. Тарихты оқығанда пәленше патша салдырған сарай, мемлекетінің мәдениеті дәуірлеген тұста салған деп таңдай қағамыз. Сондай күшті мемлекет болған екен деп дәріптейміз. Біздің Астана мәдениеттің ғажайып ошағы, ғимараттардың әрқайсысы бір ескерткіш. Жүз жыл бұрын тәуелсіздік алып, мемлекет құрған елдер бізге қызыға да, қызғана да қарайды. Жиырма бес жылдың ішінде қалай салып алған деп таңдай қағады. Осыны біз көтере алмай жүрген сияқтымыз. Ақтамберді айтқандай, осыншама бақ-дәулетті көтере алар ма екенбіз? Білім, мәдениет, адамгершілік көтере алады, қарын көтере алмайды. Қарын бүгін тоқ, ертең жоқ. Осындай тәрбие беруден олқылығымыз бар. Тарих – білімнің анасы. Өткеніңді екшейді, қазіргіні салыстырады, болашақты болжайды. Кей адам «даяр асқа – тік қасық», ештеңенің қадірін білмейді. 16-жылдың қырғынын білмеген тәуелсіздіктің де қадірін білмейді. Мен негізі әйел, махаббат тақырыбында жазам. Соның өзінде де сыйластық туралы жазам. Кез келген заңның негізі сыйластық. Бәрін біліммен меңгеру керек. Сонда ғана іргеміз мықты мемлекет боламыз, аз болсақ та, тереземіз тең халық боламыз. Жеті ата мен шежіре – тарих, бірақ бұны қазіргі жастар дұрыс түсінбеді. Геродоттың өзі айтатын Анахарсистен бастауға болады. Арғы ата қалып, бергі атаны дәріптеп кеткенбіз. Тіпті басы ашық нәрсені шатастырамыз. Алтын адам сақ емес, үйсін. Үйсін, Ғұн, Қаңлы бір дәуірде өмір сүрген. Осыны үйсінге қимайды, рулық, тайпалық ауру меңдеп алған кейбіреуді. Осыдан құтылмай мемлекет нығаймайды. Басшылардың кейбірі тайпалық көзқараспен дертті, бұл етек алып кеткен ауру. Оқыған жастар осыны жоюы керек. Білім нашарлап кетті, осыны таратып түсіндірмесек ел болмаймыз. – Бексұлтан аға, көңілді алаңдатқан, көкейді тескен, жазылмаған дүниелеріңіз бар ма? Қазір не жазып жүрсіз? – «Қызға қызығу» деген әңгіме жазып жүрмін. Іштарлық туралы толғау жазып жүрмін. Бірін-бірі көре алмаушылық үдеп барады. Надандықтың ең асқынған түрі. Бағы жанған адамды көре алмаудан артық мәдениетсіздік жоқ. 1936 жылғы қырғында көре алмастықтан бірін-бірі көрсеткен. «Қызға қызығудың» да негізі осы. Біз сыйласа білмейміз. Білімділік деген бәрін білетін адам емес, білімділік мәдениетте. Ол мәдениет әуелі басқаны сыйлаудан басталады. Тарихты сыйлау – мәдениет пен білімділіктің басты белгісі. Әділ сөйлейтін адам қай ауылдан болса да, ол сенің бауырың болуы керек. Әділдік мемлекеттің негізгі түпқазығына айналса, мемлекет сонда мықты. – Шындықты тура айтқаныңыз үшін көп рахмет!  

Әңгімелескен

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары