Тамара Мұхсинқызы[/caption]
– Кеңес үкіметі жағынан болған қуғынға шыдап, Қарқаралыда қала бердіңіздер ме?
– Жоқ, Қарқаралыдан кетіп қалдық. Ол кезде анамның туған бауыры Мағунат Алматыда тұратын. Мағунат көлік жалдап, түнделетіп Қарқаралыға келіп, бізді алып кетті. Сөйтіп, біз бәрін тастап, қашып кеттік. Анамның алғаны тек қана бірнеше білезік. Олардың өзін менің жаялығыма орап алыпты. Кейін қиын болғанда сол білезіктердің асыл тастарын алып күрішке айырбастайтынбыз... Қарқаралыдан біз түнде қашып бара жатқанда біреулер хабарлап, артымыздан атты милиция қуады, бірақ көлігімізге жете алмайды... Анамның айтуы бойынша, Қарқаралыда біздің тағы бір үйіміз болыпты. Ол үй өзеннің жағасында орналасыпты. Оны біз Қарқаралыдан кетер алдында бір күн бұрын біреулер өртеп жіберіпті...
– Одан кейінгі өмірлеріңіз Алматыда өтті ғой?
– Аман-есен Алматыға жеттік. Алматыда біз қаншама жан Мағунаттың кішкентай екі бөлмелі пәтерінде тұрдық. 1937 жылы бізді Қарқаралыдан алып кеткен Мағунатты тұтқындады. Белгісіз біреу Мағунатты түнде көлік жалдап, бір жерге барғанын жеткізіпті. Онда ол бізді Қарқаралыдан алып кеткен кезі еді. Сөйтіп, оны «тыңшы» деп 25 жылға соттап жіберді. 20 жыл ол Тайшетте өткізді. Шамамен, 1957 жылы оралды. Мағунатты тұтқындаған соң бізді оның пәтерінен қуып шықты. Есімде, біз біраз уақыт жаман лашықта тұрдық, одан кейін бараққа көштік. Анам түрмеге сыпырушы болып орналасты. Ол кісі түрмеде шетелдік бір адамның камерасын жинайтын. Ол адам болса аштық жариялап, тамағын анама беретін. Анам байғұс ол тамақты қуана бізге әкеліп беретін. Одан кейін анам курстарды бітіріп, ауруханаға санитар болып орналасты. Жағдай қиын болды, тамақтың тапшылығынан менің денсаулығым нашарлады. Содан біздерді интернатқа тапсырды. Онда мен 10-ға келіп қалған кезім. Тәубе, ол жерде менің кім екенімді ешкім білмейтін...
Интернатта жүргенде менің музыкаға бейімім бар екенін байқайды. Содан мен музыка онжылдығында оқыдым, одан кейін музыка училищесіне түстім. Оны аяқтаған соң мен Алматы консерваториясына түсіп, фортепиано класы бойынша білім алдым. 16 жасымнан бастап сабақ бере бастадым. Өз музыкалық аспабым болмағандықтан, мен балаларды көбіне тегін оқытып, сабақ соңында солардың пианиноларында ойнайтынмын.
– Алматыда сіздердің отбасыларыңызды қуғындаған жоқ па?
– Кім екенімізді жасыруға тырыстық. Бірақ жасырғанмен ата-тегімізді біліп қойып жатқандар болды. Мысалы, апам Кәмиля институтқа оқуға түскенде біреулер оны байдың қызы деп жазып жіберіп, оны оқудан шығарып тастады. Роза деген апам Мәскеуде тоқыма институтында оқығанда өзінің өмірбаянын жасырғанымен, Алматыға келіп, Министрлер кеңесіне жұмысқа тұрғанда шындық ашылды. Белгісіз біреу апамның өзінің шығу тегін жасырып жүр деп жазып жібереді. Содан үлкен қиындықтар болды. Ақырында баласы әкесіне жауап бермейді деп, Розаны тыныштықта қалдырды.
– Сіздің «Девушка-джигит» киносына түскеніңіз рас па?
– Консерваторияда оқып жүргенде киностудиядан режиссердің көмекшісі келіп «Девушка-джигит» атты фильмге түсуге бір қызды іздеді. Мені де шақырды. Сөйтіп, мен ол кинода кішігірім бір рөлде ойнадым. Одан кейін мені «Ленфильм» кино-студиясынан келіп киножурналға түсірді. Киножурналда мен алма теріп жүрген қазақ қызын бейнеледім.
– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз...
– Мен 1956 жылы Алматыға гас-трольмен келген Свердловск театрының жас актері Борис Урецкиймен таныстым. Содан отбасын құрып, Свердловск қаласына көштім. Ол жақта мен училищеде музыкадан сабақ бердім, фортепьяно бөлімінің меңгерушісі болдым. Жолдасым Борис Урецкий Свердлов киностудиясында алғашқыда деректі фильмде, одан кейін көркем фильмде екінші режиссер болып істеді. 1970 жылдардың басында Борис «Мосфильмге» жұмысқа ауысып, біз Мәскеуге көштік. Жалғыз қызымыз Марина Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) кинотану факультетін аяқтап, халықаралық кинематография одағының бөлімінде қызмет істеді.
– Америкаға қашан кеттіңіздер?
– 1981 жылы біз Америка Құрама Штаттарына көшіп кеттік. Жолдасым 1991 жылы қайтыс болды. Қызым Марина әлеуметтік қорғау департаментінде қызмет атқарды, зейнеткерлікке шықты, жолдасы – инженер болды, ол да қазір зейнеткерлікте. Джеймс және Даниэлла есімді екі жиенім бар.
– Қазақстанды, атамекеніңізді сағынатын боларсыз...
– Әрине, Қарқаралы ұйықтасам түсімнен, ояу жүргенде ойымнан шықпайды. Қазақ жерін бір көрсем деп зарыға аңсаймын. Алайда қазір жасым 92-ге келді. Елге жетуге дәрмен жоқ. Өкінішім өзегімді өртейді. Асылы, туған жерде өмір кешкен, туған жерде, туған елде өлген де бақыт екен. Қазақ жұрты тәуелсіз ел болыпты. Көңіліме осы да медет.
Ерлан МҰСТАФИН, өлкетанушы Қарқаралы қаласы