Тәркіленген қаражат мектеп болып қайтпақ

Тәркіленген қаражат мектеп болып қайтпақ

Тәркіленген қаражат мектеп болып қайтпақ
ашық дереккөзі
561
Енді жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп салуға жұм­сал­мақ. Қаңтар оқиғасынан кейін қол­ды болған қаражаттың қа­зынаға қайтып жатқаны, парамен ұстал­ғандар туралы ақпарат бұрын­­ғыдан жиі жариялана­тын болды. Сонымен қатар мектепте ба­лаларға орын жетіспей жатқаны да қо­ғамдағы өткір мәселенің бірі болып отыр. Жемқорлық деңгейі жоғарылаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегіне сүйенсек, биылғы 8 ай ішінде шамамен жал­пы сомасы 500 миллиард теңге бола­тын мүлік, активтер мен қаражат мем­лекетке қайтарылған екен. Оның ішінде қаң­тар оқиғасынан кейін айыптал­ғандардың заңсыз иеленген дүние-мүлкі де бар. Осы уақыт ішінде жемқорлық бойын­ша айыпталып, ұсталған­дар немесе күдікке ілінгендер туралы ақпарат легі көбейді. Көрсеткіш бұдан бұрын­ғыға қарағанда салыстырмалы түрде өскені байқалады. Мәселен, биыл әкімдіктерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер­лер­дің ішінде пара алу, пара беру бойын­ша заң бұзғандар саны көбейген. Нақты сандарды мысалға келтірер болсақ, 2022 жылғы қаңтар – шіл­де аралығында әкімдіктер мен олар­дың құрылымдық бөлімшелерінің 91 қыз­меткері ұсталған. Бұл соңғы жыл­дар­дағы рекордтық көрсеткіш екен. Мысалы, был­тыр 87 жемқордың қылмысы әш­кере­ленген. Ал 2020 жылы – 11 қызметкер, 2019 жылы – 23, 2018 жылы 22 қызметкер айып­ты болған. Ал өңірлер бойынша салыстыратын бол­сақ, әкімдік қызметкерлерінің пара алуы бойынша Түркістан облысы көш бас­тап тұр. Мұнда 13 адам ұсталған. Бұл ай­мақтың әкімдіктерінде сыбайлас жем­қор­лық мәселесі әрдайым өзекті. Ес­теріңізге сала кетейік, жақында ғана Түр­­кістан облысын басқарған Өмірзақ Шө­кеев отставкаға кетуіне осы нәрсе се­беп болды. Бұған дейін Өмірзақ Шөкеев Кен­таудың бұрынғы әкімі Дәурен Мақа­жановтың аса ірі көлемде пара алғаны дәлел­деніп, кінәлі деп танылған жағдайда отс­тавкаға кетуге дайын екенін мәлім­де­ген болатын, ол 10 жылға бас бостан­ды­ғы­нан айырылғаннан кейін облыс бас­шы­сы да отставкаға кетті. Одан кейінгі орын­да Қызылорда облысы мен Шым­кент қаласы тұр. Ресми статистикалық мәліметтер екіұдай пікір тудырады, ұсталған­дар мен анықталған қылмыстар саны артқаны қылмыстың көбейгенінің белгісі ме, әлде жауапты органның жұмысының са­пасы жақсарғанының жемісі ме, бей­мә­лім. Дегенмен жемқорлық деңгейін анық­тайтын Corruption Perceptions Index (CPI) сыбайлас жемқорлықтан таза елдердің әлемдік рейтингінде еліміз бір сатыға төмендеген. Биыл жемқорлық деңгейінің әлем­дік орташа көрсеткіші оныншы жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Ең жақ­сы нәтиже 100 балмен өлшенеді, ал әлем елдерінің орташа көрсеткіші – 43 балл. Яғни елдердің үштен екісі 50-ден тө­мен балл жинаған, яғни бұл елдерде жем­қорлық мәселесі өршіп тұр. Ал біздің елі­міздегі ахуал 37 балға бағаланған екен. Transparensy International индексі бойын­ша да еліміз тура осындай нәтиже көр­се­тіп отыр. Рейтингтің одан бұрынғы нәти­желеріне қарасақ, еліміздегі жағ­дай 4 жыл қатарынан бір сатыға жақ­сарып келген екен, ал биыл көрсеткіш қай­тадан бір саты төмендеген. Бұған дейін 2015-2018 жылдары жем­қорлыққа қарсы стратегия да жүр­гізілді. Дегенмен оның нәтижесі қандай екенін ешқандай статистикаға сүйенбей-ақ айтуға болады. Ал биыл ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2026 жылдарға ар­нал­ған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сат Тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бе­кіту туралы Жарлыққа қол қойды. Стра­тегиялық мақсаттың бір тармағы ретінде Transparensy International сыбайлас жем­қорлықты қабылдау индексінде 2026 жыл­дың соңына қарай 47 ұпайға, 2030 жыл­ға қарай 55 ұпайға жету межесі көз­деліп отыр. Ұрлық жайлаған салалар Биыл мамырда Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі қай салада жемқорлық деңгейі жоғары еке­ні туралы мәлімет берген болатын. Қылмыстардың ішінде ең көп тарал­ғаны – бюджет қаражатын ұр­лау. Ал жалпы бюджет шығыстарының кө­лемі бойынша мемлекеттік сатып алудың үлесі – шамамен 30 пайыз. Бұл елі­­міздегі ЖІӨ-нің шамамен 5 пайызы болады. Бюджет қаражатының мұндай ай­налымы мемлекеттік сатып алу жүйе­сін жемқорларды қызықтыратын басты объектіге айналдырып отыр деуге болады. – 2020 жылдан 2022 жылғы бірінші тоқ­­санға дейін 418 қылмыстық іс аяқ­та­лып, олар бойынша 162 адам сотталды. Тал­­дау көрсеткендей, аталған қыл­мыс­тар­дың 80 пайызға жуығы – бюджет қара­­жатын ұрлау, жалған орындалған жұ­­­мыс актілеріне қол қою және мем­ле­кет­тік сатып алу бойынша жеңімпазды анық­тау кезіндегі пара алу фактілері. Олар негізінен құрылыс, денсаулық сақ­тау, білім беру және мәдениет салаларында жү­зе­ге асады, – деген еді агенттіктің ресми өкілі Ұлан Сарқұлов. Мысал ретінде Жалаңтөс баһадүр ес­керткішін салуға қаражатты ау­дар­ғаны үшін 1 миллион теңге пара ал­ған Қызылорда облысының мәдениет басқармасының басшысына қатысты сы­байлас жемқорлық ісін, 2021 жылы Атырауда Абай Құнанбаевтың ескерт­кі­шін жасау мен орнатуға келісімшарт жа­сағаны үшін 4,5 миллион теңге пара ал­ды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты істерді ай­тып өтуге болады. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойын­­ша, жемқорлық жайлаған салалар ре­тінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақ­тау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық салалары сыбайлас жем­қорлықтан қатты зардап шегетіні анық­талған. Сонымен қатар жалпы басқа қыл­мыстардың ішінде параға қатысты қыл­мыстардың үлесі артқаны бай­қа­лыпты. Егер 2015 жылы «пара беру» бабы (ҚК 367 – бабы) бойын­ша тіркел­ген фак­тілер барлық сыбайлас жемқор­лық­қа қатысты қыл­мыстың 10 пайызы болса, (2 733-тің 274-і), 2021 жылы бұл көр­сет­кіш жалпы қыл­мыс­тың үштен біріне жеткен (1 576-ның 564-і). Яғни, былтыр 1 576 сыбай­лас жемқорлық қыл­мысы тіркеліп, 1 280 адамның қыл­мы­сы әшкереленген. Олар­­дың 159-ы әртүрлі дең­гейдегі бас­шылар екен. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ауыл шаруа­­шылығындағы былыққа министрлік пен әкімдер жауап беруі керек екенін айтқан еді. Жемқорлық жайлаған салалардың ішін­­де ауыл шаруашылығы саласы бірін­ші айтылады. Президент сыбайлас жемқор­лық­пен тиімді күрес жүргізу құқық қор­ғау органдарының жұмысынсыз мүл­де мүмкін емес екенін де айтқан еді. Де­ген­мен осыдан 2-3 жыл бұрын­ғы дерек­тер­ге қарасақ, құқық қорғау орган­дарын­дағы жемқорлық деңгейі де көңіл көн­шіт­пейтінін байқауға болады. – Бұл жерде ауыл ша­руа­шы­лы­ғындағы суб­си­д­ияларға байла­нысты жем­қорлық де­рек­тер­дің анықтал­ғанын атап өтуге бо­лады. Кейін­гі бес жыл­­да мем­лекет аг­ра­­­рий­лерді қол­дау үшін 2 триллион тең­ге бөлді. Осы уақыт ішінде атал­ған салада 960 қыл­мыстық іс тір­кел­ген. 450 адам қыл­мыс­тық жауапкер­ші­лік­ке тартылған. Бұл са­ла жылдар бойы жем­­қор­лық­қа бел­ше­­ден батып отыр, – деді Тоқаев сыбай­лас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл мә­се­лелері жөнінде кеңесте. Соның салдары­нан мемлекет үл­кен зиян шекті, жаз бойы халықты дүр­ліктірген азық-түлік тапшылығы мен қым­бат­шылықтың да себебі – осы жем­қорлық. Мәселен, жайылым­дарды сулан­дыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұм­салмаған. Был­тыр қуаңшылық болған кезде шаруа­лар жем-шөп таппай, мал қыры­лып қал­ды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға суб­сидия ретінде күн батарея­сы берілген. Ауыл тұрғындарына, жалпы халыққа не қажет екеніне ешкім бас қатыр­маған. Суб­сидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының баға­сы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі жауап­ты орган­дардың жауапсыздығынан бол­ған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Жемқорлық жайлаған салалардың ішінде білім беру, жоғары білім беру салалары да бар. Қаншама уақыт бойы диплом басып шығарумен айна­лыс­қан жоғары оқу орындары туралы был­тыр біраз мәселе көтерілді. Ал оған «Ал­тын белгі» мен ҰБТ-ның саудаға салынып кел­генін қосыңыз. Енді жемқорлардан тәр­кіленген қаражаттың барлығын мек­теп салуға жұмсау туралы ұсыныс ай­ты­лып отыр. Бастаманы қолдағандар көп. Се­бебі жыл өткен сайын мектептегі орын тап­шылығы мәселесі өткірленіп барады. Бастама несімен өзекті? Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында орта білімнің ұлт болашағы үшін аса маңызды екенін ай­тып, балалардың оқуы және жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керегін назарға салды. Мектептегі орын тап­шылығын ескерген Президент жем­қорлардың заңсыз иемденген қаражатын түгел­дей қаражат мектеп құрылысына жұмсалуы керек деген болатын. Жалпы мектептің аздығы соңғы 1-2 жылда туындап отырған мә­­­­селе емес. Бұған дейін, тіпті 4-5 жыл бұрын да бұл проблема айтылып жүрді. Мә­селен, сол кездегі Білім және ғылым, қа­зіргі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылы мектептерде 500 мың балаға орын жетпей қалуы мүм­кін екенін болжаған еді. Сол кездің өзінде тап­шылық мәселесі тез арада шешіле қой­майтыны айтылған болатын. Ал жа­қында министр болжамын қайта жаңарт­ты. Оның сөзінше, 2025 жылға қарай мектептерде миллион оқушыға орын жетіспеуі ықтимал. Ал қазір 260 мыңнан астам орын тапшы екен. – 2025 жылға қарай бізде миллионға жуық оқушыға орын жетіспеуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай жағдай туын­дамас үшін Президент мың мектеп, бір мил­лион орын салу міндетін қойды. Өткен жылы 277 мектеп салынды. Бір жыл­дың ішінде 277 мектеп әлі салын­баған, – деді министр. Ал биыл 225 мек­тепті пайдалануға беру жоспарланып отыр екен. Мектеп неге жеткіліксіз? Жалпы, мектеп тапшылығының себебін қаузағанда ең алдымен демографиялық және миграциялық себептер айтылады. Яғни, халық санының өсуі және көші-қон мәселесі. Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 10 жыл ішінде та­­биғи өсім көрсеткіші, яғни нәрес­те­лер­дің дүниеге келуі 2 миллион адамға өс­кен. Ал Білім министрлігі биыл 400 мың­нан астам бала мектеп табалдырығын аттай­ды деген болжам айтқан еді. Яғни, бұл – 2015-2016 жылы дүниеге келген ба­ла­лар. Ұлттық статистика бюросының мә­ліметі бойынша, 2015 жылы 398 458 ба­ла дүниеге келген, ал келесі жылы дү­ние­ге келген сәбилер саны – 400 694. Қазір 5,6,7 жастағы балалар мек­теп­ке бірге барады, өйткені бар­лық балабақшада бұрынғыдай дайындық тобы жоқ. Осыған сүйеніп айтар болсақ, жауап­ты органның 400 мың бала деген бол­жамы аздау сияқты. Былтыр естеріңізде болса, елімізде алғаш рет бірінші «Ы» сыныбы ашыл­ғаны туралы жаңалық қоғамда қызу тал­қыланған еді. Балалар үш ауысым, тіп­ті төрт ауысымға дейін оқуға мәжбүр бо­лып отыр. Мұны Ақтөбе қаласының тұр­ғыны Райгүл Шадаева да растайды, оның айтуынша, немерелері қала мек­тептерінде 4 ауысыммен оқуға мәжбүр екен. – Немерелерім 2 және 4 ауысымда оқи­ды, біреуі бірінші сыныпқа биыл бар­ды. Сағат кешкі 8-де төртінші ауысым аяқ­талады, – дейді ол. 2021 жылғы дерек бойынша, елімізде бар­лығы 7 481 жалпы білім беретін мек­теп жұмыс істеп тұр, оның ішінде ең көп мектеп (959 мектеп) Түркістан об­лы­сын­да, одан кейін Алматы облысында (793 мектеп), үшінші ШҚО-да 670 мектеп бар екен. Облыстардың өзгеруіне байланысты статистика жаңара жатар, дегенмен ел­дегі мектептердің басым көбі кеңес дәуірін­де салынған, ескірген. Айта кету керек, елімізде тіпті 1920 жылы бой кө­тер­ген, саман кірпіштен салынған мек­тептер де жұмыс істеп тұр. Мектептегі орын тапшылығы үл­кен қалалар мен мегаполис­тер­де өзекті. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан қала­ларында мектеп жетіспейді. Яғни, мұны жаппай урбанизация процесі, халықтың мегаполистерге шоғырлануының салдары десек болады. Мысалы, Түркістан облысында мә­селені шешу үшін 200-ге жуық жаңа оқу орнын салу керек. Шымкентте 900 балаға арналған мектепте 4 000-ға жуық оқушы оқиды екен. Ресми дерек­терде еліміз бойынша үш ауысымда оқы­татын 147 мектеп бар делінеді. Оқу жылының қарсаңында бұл мәселе күн тәртібінде екені, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жә­не облыс орталықтарында оқушы орын­дарының тапшылығы жаңа мектеп­тер салу, сондай-ақ оқу орнының негізгі ғимаратына қосымша құрылыстар салу арқылы ішінара шешілетіні айтылған болатын. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта құру міндеті қойылғаны туралы министрлік арнайы жауап берген болатын. Дегенмен мектеп тапшылығы әлі бі­раз уақыт бізді алаңдататын түрі бар. Оқу ордаларын салуға керек қара­жат та қыруар екенін ескерсек, жем­қорлардан тәркіленген қаражаттың осы мақсатқа жұмсалуы, әрине құптарлық іс. Орта білімнің сапасы туралы өте көп мәселе көтеріп жүрміз. Олай болуы заңдылық та. Себебі орта білім – жалпы білімнің діңгегі, өзегі. Егер мектеп же­тіспей, қажетті жағдай жасалмай жат­са, білім сапасы туралы айтудың өзі ар­тық болар еді. Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Қазір жекеменшік мектеп қоғамда жоғары сұранысқа ие болып келе жатқаны байқалады. Бірақ қалтаға да едәуір салмақ, екінің бірінің жеке мек­тепте баласын оқытуға мүмкіндігі жоқ, ашығын айтқанда. Мұндай мектептерде, әл­бетте барлық жағдай жасалады, ең қа­жетті құрал-жабдықтың бәрі табылады. Білім сапасының әркелкілігі, жағдайдың әртүрлілігі сияқты мәселелер одан әрі тереңдеп бара жатқандай. Аятжан АХМЕТЖАН, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90-гимназия директоры: Мектептің қандай ақшаға емес, қалай, қашан салынуы маңызды
– Жалпы, орын тапшылығы екі түрлі нәрсенің, ең алдымен жоспарлаудың қателігі. Өйткені бала туғаннан кейін мектепке барғанға дейін 7 жыл уақыт өтеді, бұл уақыт мектеп мәселесін толыққанды шешуге жеткілікті уақыт деп ойлаймын. Кемінде 6 жыл дейік. Мәселен, 2022 жылы дүниеге келген бала 28 жылы мектепке баратын болса, ол жылы қанша балаға мектеп керек оны есептеп алуға болады. Екінші ішкі-сыртқы миграция процесі өте бейберекет жүріп жатыр, қалаларға, соның ішінде санаулы қалаларға шоғырлану мәселесі үлкен проблема тудырып отыр. Негізі, әкімдіктер болсын, министрліктер болсын ұзақмерзімді тірлік емес, күндік, жылдық жоспармен жүреді. «Ол кезде мен әкім болмаймын, оны сол кезде өздері шешіп алар» деген көзқарас бар. Сондықтан да мектеп мәселесі бізде 30 жылдан бері жолға қойылмай отыр. Жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсау туралы айтылып жатыр. Дегенмен мектепті қандай ақшаға салу маңызды емес, қалай салынуы, қашан салынуы маңызды. Жемқорлардан биыл осынша ақша түсті, соған биыл осынша мектеп саламыз деп жоспарды өзгертіп отыра алмайтынымыз тағы бар. Ал қай жылы қанша ақша түсетіні де беймәлім, жоспарланбайтын дүние. Жалпы, бұл мәселеге нақты көңіл бөлінсе, шешу түк те қиын емес, ол үшін жоспарлау мен іске асыру мәселесін қатар үйлестіру де жеткілікті. Қазір мемлекеттік сектор мен жеке секторды мектеп салуға жұмылдырып жатыр ғой. Мұның енді оң да, теріс те жағы бар. Жекеменшік мектептердің бақылануы белгілі бір деңгейде мемлекетте болуы керек. Өйткені мектеп жеке болса да, бала халықтан бөлінбеуі керек. Бұл мәселе ойландырғаны жөн деп есептеймін. Ішкі миграцияны да реттеп, мегаполистерді ғана көркейте бермей, моноқалаларға да көңіл бөлінсе, сол жақтағы мектептердің сапасы назарға алынса деген де тілек бар.

Серіктес жаңалықтары