494
Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары: Саяси реформа жүргізудің нақты қадамдары
Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары: Саяси реформа жүргізудің нақты қадамдары
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауын бастан-аяқ зейін қойып тыңдадық. Көптеген тосын да тың мәселелер қозғалды. Ең бастысы – биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауы, ал келер жылдың алғашқы жартысында Парламент және мәслихаттар сайлауы өткізілетіні. Бұл әрине, еліміздегі саяси реформаларды жүргізудегі нақтылы қадамдар деп білемін. Бізге қазір ішкі дау да, сыртқы жау да керек емес. Ең бастысы – ел тыныштығы мен бірлігін сақтай отырып, алға қарай әділетті қоғам құру жолында дами беру. «Патшада қырық адамның ақыл-айласы болады» деуші еді қариялар. Осы тұрғыдан келгенде, Президенттің бұл ойларының астарында біз біле бермейтін басқа да жағдаяттар болуы мүмкін. Негізінен халық сайлаған Мемлекет басшысының батыл бастамаларын қолдаудан ұтылмасымыз анық. Қазақстан бай мемлекет екенін бүкіл әлем біледі. Енді сол ұлттық байлығымызды өз қажетімізге жарататын күн де алыс еместігін балалардың есеп шоты ашылып, оған кәмелет жасына толғанша қаржылай үлес түсіп тұратынын іске асыру керектігі айтылғанда, баршамыз қуанғанымызды жасыра алмаймын. Жемқорлық жолмен табылған заңсыз қаражат мемлекетке қайтарылып, соның есебінен заманауи мектептер салу қажеттігі де көкейге қонады. Студенттерді толық жатақханамен қамту, әйелдердің зейнет жасының 61 болып белгіленуі, үш ауысымды мектептердің болмау керектігі, жастарды жұмыспен қамту үшін олардың кәсіппен айналысуына 2,5 пайыз мөлшерінде несие беру, қаңтар қырғынына қатысқандарға бір реттік амнистия жариялау, бала күтіміне 1,5 жасқа дейін жәрдемақы төлеу сияқты нақты шешімдердің қабылдануына пәрмен берілді. Мұның бәрі дерлік халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған іс-шаралар екенін ел-жұрт терең түсінеді деп ойлаймын. Өйткені жуық арада нақты нәтижелерге куә боламыз. Жастар арасында есірткіге бой алдыру фактілеріне батыл тосқауыл қою міндеті айқындалды. Жергілікті жолдарды жөндеуге назар аударып, еліміз инфрақұрылымын дамыта түсу, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы құрылықтық дәліз рөлін атқаруынан түсім түсіру мәселесіне де көңіл бөлінді. Осы Жолдауда көрсетілген бағыттардың жүзеге асуы үшін барша қазақстандық Президент төңірегіне топтасып, ел бірлігі мен болашағы үшін аянбай еңбек етеді деген сенімдемін!