Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Өзекті мәселені әлеуметтік желі емес, журналистика талқылауы қажет

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Өзекті мәселені әлеуметтік желі емес, журналистика талқылауы қажет

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Өзекті мәселені әлеуметтік желі емес, журналистика талқылауы қажет
ашық дереккөзі
1666
Қазір әлемнің көптеген елінде Қазақстан аза­маттары «Болашақ» халықаралық бағ­дар­ламасының гранты негізінде білім алып жатыр. Олардың арасында ақпарат сала­сы­ның өкілдері де бар. Ұлыбританияның Нью­касл қаласындағы 150 жылдық тарихы бар Ньюкасл университетінде білім жетіл­діріп жүр­ген Есенгүл Кәпқызына хабарла­сып, ме­диа саласының қазіргі бағыты, бары мен жо­ғы жайлы әңгімелестік. Есенгүл Кәп­қызы – «Түркістан» халықаралық газе­тінде және тағы басқа ақпарат құралдарында көп жыл ең­бек еткен елге танымал медиа маман. – Сіз «Болашақ» халықаралық бағ­дар­ла­­масы бойынша Еуропада білім же­тіл­ді­ріп жатқаныңызды білеміз. Оған дейін отандық журналистиканың әр саласында еңб­ек етіп, түрлі жобаларды басқардыңыз. Со­нымен қатар университетте оқы­ту­шы­лық қызмет атқарып, ғылыми ортамен де тығыз қарым-қатынаста болдыңыз. Осын­шама бай тәжірибеден кейін барған сізге шет­елдік білім жүйесі мен медиа өн­дірі­сінде қандай тың технология таңсық бол­ды? Біздің ол жақтан үйренеріміз не? – Қоғамдағы жаңа технология қарқыны, жаңа үрдістердің пайда болуымен жур­на­лис­тика үнемі жаңарып отырады. Саладағы осы жаңа­лық, технологиялық өзгеріс маған білі­мімді одан әрі жетілдірсем деген мақсат қоюы­ма себепші болды. Себебі біздің қазақ жур­на­лис­тикасында кенжелеп қалған тұстары жоқ емес. Мысалы, бізде мәселені сыни тұрғыдан сарап­тай білу жағы дамымаған. Қоғам үшін қан­дай ақпарат құнды немесе маңызды дегенді де білмейтін сияқтымыз. Мүмкін шатастырып жүр­міз бе, әлде әдейі солай жасала ма, белгісіз. Біз­де қазір өнер жұлдыздарының жеке өмірі «құн­ды» ақпарат саналатын болды. Мұндай ша­тасудан арылу үшін ақпарат беру үлгісін ба­сынан бастап қайта дұрыс жолға қойып, ба­тыс стандарттарына жақындатуға ұмтылуымыз қажет. Мен бұл мәселемен кезінде Би-би-сидің қа­зақ бөлімінде жүргенде де, «Азаттық» ра­дио­сында жұмыс істеген кездерімде де таныс бол­ғанмын. Бұл – адамның жеке өміріне деген құр­мет. Біз адамның жеке өміріне құрмет көр­сетуді мойындамай келеміз. Мәселен, мен жа­қын­да қазақ сайттарының бірінен «Марат Омаровтың тоқалынан туған қызы үйленді» де­ген тақырыпты көрдім. Бұл не деген масқара?! Не себепті біз адамдардың жеке өмірін ма­териал­дың басты тақырыбына шығарамыз? Бұл жерде ең бірінші сыни пайымның деңгейі байқалады. Сосын адамның жеке өміріне деген құрметтің төмендігі көрініп тұр. Мен осындағы оқу кезінде көзім жете түскен мәселе адамның жеке басының мәліметі, жеке өміріне деген құрмет бірінші тұруы қажет. Мәселен, біреудің жалақысы, баласының саны немесе оның жасын сұраудың өзі өрескел ұят мәселе екенін түсініп жүрміз. Сонымен қатар мен үшін ең басты мәселе data журналистика жайында көбірек мә­лімет алдым. Шын мәнінде, бұл сала маған сәл алыстау еді. Себебі біздің буын data жур­на­листикадан алыстау, мәселені абстрактылы қа­растырып, идеологиялық тақырыптарды кө­бірек жаздық. Бірақ идеологиямен жур­на­листер айналыспауы керек екенін мен енді тү­сініп жүрмін. Одан кейінгі бір үйренген нәр­сем – медиа теориялары. Медиа анализ жасау. Бұл тақырып болашақтағы менің бір жо­ба­ла­рым болмақ. Бізде медиа анализ бойынша жа­зылған еңбектер аз. Бұрынғы еңбектер кеңестік сарынмен жазылған болғандықтан, қазір бізге жаңа қоғамға сай жазылған жұмыстар қажет. Медиа анализдің көмегімен біздің студенттер, жас журналистер жаңаша бағытта дамып, же­тіледі деген ойдамын. Мұнда медиа анализ, сыни дискурс, пропаганда моделі жайлы ұғым­дарды тереңірек үйренуім осы сала бойынша бас­қаша бір түсінік қалыптастырды. Бұл ұғым­дарды кезінде біз сөзбен айтып та жүрген болуы­мыз мүмкін. Бірақ бұл жолы ағылшын ті­ліндегі жаңа теориялық еңбектер арқылы ете­не танысуға мүмкіндік туды. Осы арада айта кетер бір мәселе мен ағылшын тілін орта жасқа келгенде үйренсем де сол тілдегі материалдарды толық түсініп оқуым, жеткен жетістігім шығар деп ойлаймын. – Би-би-сидің қазақ бөлімінде қызмет ат­қарған екенсіз. Сізбен қатар кімдер жұ­мыс істеді? Кейін ол не себептен жабылып қал­ған? – Бізде ол кезде Лондонда 3 продюссер бол­ды. Олар Дәулет Жұмаділов (жазушы Қаб­деш Жұмаділовтің ұлы), Дина Жансағимова (Әзіл­хан Нұршайықовтың немересі), сосын Мұ­рат деген жас жігіт болды. Ал Алматыдағы ре­дакцияда Данабек аға, Өміргүл Дәлелқызы жә­не мен болдым. Би-би-си бізге өте көп дүние үй­ретті. Егер сол ірі медиа корпорацияның қа­зақ бөлімінде жұмыс істемеген болсам, мен қазір мүлде басқа адам болуым да мүмкін еді. Ақ­паратты іздеу, табу, сұрыптау және баланс сақтауға байланысты көп мәселені осы жерде үйрен­дік. Кейіннен оның қазақ бөлімі тыңдау­шылар аз деген себеппен жабылып қалды. – Рухани-мәдени көзқарасы қалып­тас­қан, толысқан маманға басқа жүйедегі ор­тада білім алу қиындық тудырмай ма? Ру­хани құндылық, саяси көзқарас, тіпті шет тілін игеруге дейін сатыларды алып қарасақ... – Өз салаң бойынша біраз деңгейге жеткен­нен кейін көзқарасыңды өзгерту дегенге келер болсақ, шын мәнісінде көптеген мәселеге бай­ланысты көзқарасым өзгерді. Мысалы, ме­нің алғашқы журналистикаға келгендегі жазған дү­ниелерім мен қазіргі көтеріп жүрген мә­се­лелердің арасы жермен көктей деп айтуға бо­лады. Біз 90-жылдардың басында «Азаматтық қоғам деген не, ол қазақтың ұлттық болмысына балта шаппай ма?» деген сауалдарды жиі кө­тере­тінбіз. Тіл үйрену мәселесіне келер болсақ, біраз жасқа келіп үйренгендіктен қиын­дық­тар бол­ғаны рас. Ол жерде тіл сындыру, сөз­дерді айту жағынан қиындық болды. Ал не­гі­зінен түсіну және кітап оқу жағынан қиындық бол­мады. Шын мәнінде, мен өзімді жаңа тео­рия, жаңа көзқараспен байытып, заманға сай білім алдым. Жалпылай айтқанда, оқу процесі маған ешқандай қиындық тудырмады. Кері­сінше, көптеген жас эссе жазу сияқты шы­ғармашылық үрдісте қиналып жүрді. Ал мен үшін ол жағынан ешқандай қиындық болмады. Әрбір тақырыпты жазуға идея болғандықтан жеңіл алып кеттім. Ал ортаға бейімделу мәселесіне келер бол­сақ, мен өзімнің ортама сай адамдарды тауып, тез бейімделе білдім. Англия қоғамында бір жақ­сы дүние бар – ол адамдардың жас айыр­ма­шылығына немесе тағы басқа өзгешелігіне бай­ланысты шеттемейді. Сондықтан мен үшін бұл ортаға бейімделу қиындық тудырмады. – Сіздер «Мінбер» журналистерді қол­дау ор­та­лығы арқылы көптеген жас ма­ман­дарды білім жетілдіру курстарынан өт­кіздіңіздер. Қазақстандық медиа маман­дарына қандай бағыт бойынша білім же­тілдірген маңызды? Қай салада жетіс­пеу­шілік, қай салада ілгерілеушілік бар деп ойлайсыз? – «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ар­қылы біз біршама жұмыс атқардық. Соның ішін­дегі бір бағыты жас журналистерге бағыт-бағ­дар беру, оларды журналистикаға келген жаңа технология мүмкіндіктерімен таныстыру болатын. Соңғы тенденциялардың бірі адамдар дәстүрлі медиадан гөрі онлайн медиа бойынша көбірек білім алып жатыр. Біздің журналистикада өзгеруге тиісті, жаңаруға тиісті мәселе өте көп. Жо­ғары­да айтып өткенімдей, ақпараттың құндылығы не, біз қандай ақпарат таратып отырмыз деген сауал­дарға жауап іздеген дұрыс. Бұл бір жа­ғы­нан біздің сыни тұрғыдан ойлауымыз үшін қажет. Екіншіден, біздің журналистер қоғамдық мәселе мен жеке мәселені шатастырып алған. Мамандарымыз осы тұрғыдан білімін жетілдіру қа­жет. Одан кейін бізде этика мәселесі қатты ақсап жатыр. Жеке мәселеге басымдық беру, ақ­параттың шынайылығын тексермей жария­лау, ешқандай фактісіз құр айқайға құрылған популистік материалдар өте көп. Сондықтан біз мамандарды этика тұрғысынан қайта оқы­туы­мыз қажет. Неге біз тексерілмеген ақпаратты жа­риялаймыз, неге сыни ойлау деңгейіміз тө­мен деген сауалдардың жауабы маңызды. Сосын сіз қай сала бойынша ілгерілеушілік бар деп отыр­сыз. Иә, бәрі жаман деуге болмайды, ізде­ніс­тер де жоқ емес. Мені қуантатыны, соңғы ке­зде ақпарат құралдарында зерттеуші жур­на­листикамен айналыса бастаған жастар пайда бол­ды. Көптеген жас жаңа технология мүм­кіндіктерін жақсы пайдаланып, сапалы аудио, ви­део өнім ұсынып отыр. Қазіргі біздің онлайн жур­налистика осыдан 10 жыл бұрынғымен, тіпті 5 жыл бұрынғы деңгеймен салыстыруға кел­мейді. Жаңа технология мүмкіндіктерін игеру тұрғысынан ілгерілеушілік бар. Десе де, әлі күнге дейін қырып кетті, жойып кетті деген сияқ­ты арзан әрі нақтыланбаған ақпарат та­ра­тушылар көп. Сондықтан мүмкін болашақта бі­лім беру бағдарламаларын қайта електен өт­кізіп, мамандарды нақты бір сала бойынша оқыту жоспарларын қолға алып, салалық журналистиканы дамыту маңызды болар ма еді. Мәселен, пандемия кезінде әлеуметтік желі бел­сенділері арасында вакцинаға қарсылық көр­сеткендер көп болды. Сол кезде біздің жур­налистердің арасынан вакцинаның маңызы, қажеттілігі жөнінен жан-жақты талдап, түсіндіріп беретіндері аз болды. Біздің ғылыми журналистиканың әлеуеті керемет болмай тұр. Алдағы уақытта ғылыми бағыттағы журна­лис­тиканы дамытуымыз маңызды болмақ. – Сіз басқаратын «Мінбер» порталында Аза­маттық журналистерге арналған бөлім бар. Бұл жобаны қолға алуға не себеп бол­ды? Жалпы біздің елдегі азаматтық жур­налистиканың келбеті, пәрмені қандай? Азаматтық журналистика дербес дамып кетпегенімен әлеуметтік желінің бір бөл­шегі ретінде қайнап жатқан сияқты. – Азаматтық журналистер деген кім, ал­ды­мен осыған жауап бере кетейік. Бізде азаматтық жур­налистикаға байланысты ешқандай зерттеу еңбектер жоқ. Ұлыбританияда азаматтық жур­налистика жайлы арнайы жазылған том-том кітаптар бар. Осы еңбектерді оқи жүріп мына мәселеге көзім жетті. Азаматтық журналист де­геніміз – белгілі бір ақпарат құралында жұ­мыс істемейтін, арнайы журналистік ма­ман­дығы жоқ, бірақ қандай да бір мәселеге өзіндік көз­қарасын білдіре алатын адамдар. Қазір біз оларды блогерлер деп те атап жүрміз. Олар – өз­дерінің ойын, позициясын кәсіби журналист болмай-ақ таныта алатын адамдар. Осыдан 2 жыл бұрын «Интерньюс-Қа­зақ­стан» қоры азаматтық журналис­ти­каға қатысты конкурс жариялаған кезде біз оған қатысып, ұтып алдық. Біз өңірлерде тұра­тын, азаматтық позициясы айқын, бірақ жур­на­лист емес адамдарды журналистикаға бейім­деуге қандай бір мүмкіндіктер болатынын қарас­тырып көрдік. Бұл жұмысымыздан жақсы нә­тиже шықты. Мысалы, Алматы, Батыс Қазақ­стан облыстарынан адамдар тартқан едік, өте жақсы мәселе көтерілді және біз ол мәселелердің шешілуіне ықпал еттік. Биыл Шығыс Қазақстан облысынан бір ғана адам қаншама мәселені көтеріп, оның шешілу жолдарын тапты. Ол адам қоғам белсендісі, бұрын мәселені facebook-те талқылайтын болған, қазір сайтта жазу­дың артықшылығын, мәселенің оң шешім та­батынын өзі де көріп отыр. Сондай-ақ осы жо­ба аясында осыдан 30 жыл бұрын Моң­ғо­лиядан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бірақ қайтадан Моңғолияға кетіп қалған от­басылар жайлы жаздық. Олардың мәселесі әлі күн тәртібінде, біз оны қадағалап отырмыз. Бірақ Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі олар­дың мәселесін шешуге көмектесті. Азаматтық журналистика дегенде біз бір нәр­сені ескеруіміз керек. Мәселен, блогерлердің кө­бі әлеуметтік желіде парақшасын жүргізеді, сонда тіркелген. Олардың миллиондаған жа­зылу­шысы, аудиториясы бар. Бір өкініштісі, олар сол ауқымды аудиториясы арқылы кейде ха­лықты шатастырып, популизммен айн­а­лы­сатын кездері де болады. Мысалы, пандемия ке­зінде кейбір әлеуметтік желі белсенділері вак­цинаға қарсы үгіт-насихат жүргізді. Кейбірі өзі­нің сол ірі аудиториясын пайдаланып жал­ған лотереялар ойнатып, қарапайым халықты ша­тастырды. Сондықтан азаматтық журналис­тер­дің де өзіндік принципі, әдебі, тәртібі болуы қажет. Ол қандай принцип? Ол журналистика стан­дарттарын басшылыққа алуы қажет. Онда біріншіден, оқырманға адал болу, екіншіден, жалған сөйлемеу, үшіншіден, қоғамдық маңызы бар мәселені талқылауы қажет. Бірақ өкінішке қарай, біздің әлеуметтік желі белсенділерінің бағыты мен мақсаты басқаша бет алып барады. Олар қоғамдық мүдде емес, жеке басының мә­селесін бірінші орынға шығарып, пайданы ой­лап кетті. Жеке басының пайдасы үшін жүр­ген адамды мен азаматтық журналист деп атай алмас едім. Азаматтық журналист дегеніміз – журналист болмаса да, қоғамдағы маңызды мә­селені көтеріп, сол арқылы азаматтық пози­циясын білдіретін адамдар. – Отандық медиа саласының белді өкі­лі ретінде әрі шетелден білім жетілдіріп жүр­ген ғалым ретінде қазақстандық ме­диа саласын қалай бағалайсыз? Біз уақыт талабына сай медиаәлем құра алдық па? – Біздің медиаәлем үлкен өзгерісті, жаңар­туды қажет етіп тұр. Ең бірінші қаржыландыру жүйесі дұрыс емес. Мәселен, жергілікті әкім­ші­ліктен бастап өздеріне қарасты ақпарат құрал­дарын қаржыландырып, қожайын болып отыр. Иесі бар журналистика шындықты толық жет­кізе алмайды. Ол тек қана үгіт құралы бо­лып қала береді. Мемлекеттің ақпараттық сая­сатын қайта қарайтын кезең жетті. Қоғам­дағы толғақты мәселені әлеуметтік желіде емес, дәстүрлі ақпарат құралдарында талқылап, оны шешудің жолын журналистер іздеуі қажет. Шетелде журналистика әлеуметтік пікірді қалыптастырып, өзінің «төртінші билік» деген атауын лайықты ұстап отыр. Бізде керісінше. Әлеуметтік желі мен журналистиканың орны ауы­сып кеткен сияқты.

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай

Серіктес жаңалықтары