Әңгімелескен Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
Жанарбек ӘШІМЖАН: Комиссия жұмысына кедергі келтіргісі келетін шенеуніктер де бар

Жанарбек ӘШІМЖАН: Комиссия жұмысына кедергі келтіргісі келетін шенеуніктер де бар
Қыркүйек айы басталып, депутаттар каникулдан оралды. Жаз бойы аймақтарды аралап, өңірлердегі жағдайды көзімен көрген халық қалаулылары алдағы жұмысқа тас-түйін дайын. Қордаланған мәселелерді анықтап, маңызды сұрақтарды Үкімет сағатында талдауға асығып отыр. Осы орайда «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанмен сұхбаттасқан едік.
– Жуықта Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген тақырыпта Жолдауын жариялады. Сұхбатымызды Жаңа Қазақстанды құру жолындағы экономикалық жаңғыртуды қамтыған маңызды құжаттың нақты бағдары туралы тақырыптан бастасақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Жолдауда Президент Қазақстанның болашаққа жарқын қадам басуын қамтамасыз ететін маңызды әрі батыл бастамаларды көтерді. Еліміздің саяси өміріне оң өзгерістер алып келетін, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін бағыттарды оқып қуандық.
Ең маңыздысы, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында бола беретініне көзіміз жетті. Жалпы, Жолдаудың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмысын жақсарту.
Мемлекеттің бизнесті қолдауы, сол арқылы бәріне бірдей тең мүмкіндіктер жасауы бәсекелестікті нығайтуға, халықтың әлеуметтік табысын арттыруға әсер етеді. Ал бизнеске тең жағдай жасау үшін ашықтық пен әділдік қажет. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заңдар әзірлеуді тапсырды. Мәжіліс алдағы уақытта осы бағытта белсене жұмыс атқаратын болады.
Сонымен қатар Президент автокөліктерді елге заңсыз кіргізудің жолын кесу үшін Үкіметке түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. «Болашақта автокөліктерді әкелудің барлық заңсыз жолдарын тоқтату мақсатында шешуші шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін бір реттік тәртіпте утилизация мен бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын бірыңғай алым қолдануды ұсынамын. Бұл шара іздеу жарияланбаған және кедендік тексерістен өткен автокөліктерге қатысты қолданылуы керек», – деді Президент.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы бұған дейін де утилизация алымын қайта қарауды тапсырған болатын. Президент Жолдауда заңсыз жеткізілген көліктердің мәселесін қозғап, оны заңдастыру бойынша біржолғы алым алуды ұсынды. Осылайша, Президент көтерген утилизация мәселесін шешу шараларына жұртшылық риза болды.
Жұртшылықты елең еткізген тағы бір жаңалық – Президенттің Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы ұсынысы. «Ұлттық қор» – балаларға» бағдарламасы бойынша жинақталған қаржыны бала 18 жасқа толғанша ешкім есепшоттан шешіп ала алмайды. Бұл бастама балаларының болашағы үшін алаңдайтын әрбір ата-анаға ұнады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына қатысты маңызды мәселелерге де кеңінен тоқталды. Өйткені ауыл шаруашылығын дамыту мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Президент Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керектігін атап өтті.
Жолдауда аталған маңызды мәселенің бірі – білім беру саласындағы өзекті мәселелер. Қазақстанның білім беру жүйесі ең көп сынға ұшыраған, ең көп тәжірибе жасалған және министрі көп ауысқан сала.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы Жолдауда Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын да жеткізді. Жанар-жағармай, қант жетіспеушілігі Үкіметтің нақты шешімдер қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмайтындығынан екенін ашық айтты. Дәл осылай жалғаса берсе, нақты кадрлық шешімдер қабылдайтынын ескертті.
Қазір арқаны кеңге салатын кезең емес, керісінше халықтың жағдайын жақсарту жолында нәтижелі нақты шешімдер қабылдайтын уақыт. Жолдауда айтылған ауқымды реформаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан келешекке нық сеніммен қадам басатын болады.
– Депутаттардың жазғы демалысы басталар кезде «Алабөтен жоспар жоқ, әр жыл сайын отбасымның қасында және елде боламыз» деген едіңіз. Бір жарым айға созылған демалысыңыздың басым бөлігін ел аралаумен өткізгеніңізді әлеуметтік желі арқылы көріп отырдық. Осы орайда ауылдағы ағайынды алаңдатып отырған мәселелерді тізбелеп айтып берсеңіз…
– Бұрын депутаттар өңірлерге жылына бір-ақ рет, жазғы демалыс кезінде шығатын. Мәжіліс төрағасы болып Е.Қошанов сайланғалы депутаттардың жұмысына біраз өзгерістер енді. Мысалы, биыл елге 4 рет барып қайттым, әр екі ай сайын халықпен жүздестік десем де болады. Ал осы жолы, өзіңіз байқағаныңыздай, бір жарым ай каникулдың 10-12 күнінде ғана демалдым. Қалған уақытта аудан, ауылдарды араладым. Әлеуметтік желі арқылы алдын ала қай өңірге баратынымды хабарлап отырдым. Жергілікті атқарушы биліктегі азаматтармен өңірлерде болып жатқан ахуалдарды біліп, қордаланған мәселелерді көзбен көрдім. Атап айтсам, Жетісу облысындағы Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Алматы облысындағы Кеген, Нарынқол, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында болдым. Тәуелсіздік алған 30 жылда бірде-бір депутат бармаған ауылдарды да көрдім. Орталықтан шалғай жатқан ауылдарды аралап, ақсақалдармен жүздесіп, белсенді азаматтардың пікірін тыңдап, ел ішіндегі түйткілді мәселелерді ашық талқыладық. Өзім азамат ретінде де, журналист ретінде де ашықтықты, жариялылықты қолдаймын. Жауырды жаба тоқымай, барлық мәселені ашық қозғап, талқылап, шешімін тапқанымыз дұрыс.
Ауылдың, ағайынның жағдайын сұрап жатырсыз ғой. Аймақтағы халық Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғасынан кейінгі Үкіметтің алдына қойылған талап-тілектерінің өз деңгейінде жүзеге аспай жатқанына алаңдаулы. Одан бөлек, ауылдағы ағайынға ең бірінші тақтайдай тегіс жол керек, екінші сапалы білім керек, үшінші денсаулық саласы бойынша медициналық қызмет түрлерінің қолжетімділігі керек. Сосын егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын халыққа жайылым жер керек. Сондай-ақ дихандарға мемлекеттен қолдау керек. Естеріңізде болса, ақпан айында Энергетика министрі Мәжілісте Б.Ақшолақов мырза жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын айтқан еді. Бұл сөзін жақында ОКҚ-да өткен брифингке министр тағы да қайталады. Алайда мен егістік алқаптарда тракторлардың, комбайндардың қаңтарылып тұрғанын көрдім. Өйткені дизель отыны жоқ. Шаруаларға керек кезде жанармайдың таусылуы немесе бағасының қымбаттауы қанша жылдан бері жазылмай келе жатқан індетке айналғандай. Бұл мәселе диханшылардың өзегіне түскен өрт болды.
Аймақтағы ағайынды алаңдатқан тағы бір мәселе – апатты мектептердің жағдайы. «Жол картасына» енген, Үкіметтің тапсырмасымен салынып жатқан мектептердің көпшілігі тиісті деңгейде салынып жатқанымен, мерзімінен кешігіп те жатыр. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданына миллиардтаған қаржыға салынған мектепте спорт залы, акт залы жоспарланбаған. Бұл жерде жер теліміне қатысты да мәселе бар екені анық. Міне, осындай қордаланған мәселелерді жиып-теріп, қойын кітапшамызға жазып алып келдік. Ал жергілікті деңгейде шешуге болатын мәселелерді сол жерде талқыладық.
Өңірдегі ағайынның көңілі алаң. Халық Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге аспай жатқанына алаңдаулы. Жер мәселесіне қатысты көптеген түйінді мәселелер бар. Кезінде Әкежан Қажыгелдиннің тұсында, 1994-1997 жылдары оңтайландыру саясаты жүрді. Біздің қоғамға рухани жақтан қиындық туғызған саясаттың нәтижесінде ауылды жердегі мәдениет үйі мен кітапханалар жеке қолға өтіп, ғимараттар талқан болып, есіктеріне қара құлып салынып, кейбірі тіпті қараусыз қалып, ат қораға айналып кетті. Сол кезеңдерде қаншама рухани құндылықтарымыздан айырылдық. Содан бері 25 жыл уақыт өтсе де осы мәселе шешімін таппады. Көптеген ауылда Мәдениет үйі жоқ. Жастардың идеологиялық саясаты ақсап жатыр. Ауыл жастарының интеллектуалдық ортасының қалыптасуына, қоғамдық-саяси өмірімізге белсене араласуына жағдай жасау үшін рухани, мәдени ошақтарды қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Біз көрінген көштің соңына ілесіп салпақтап, көшеде үритсоқтап жүретін емес, білімді, зейінді, парасатты, көш бастайтын тұлғаларды дайындауымыз керек. Жастар саясаты назардан тыс қалмауға тиіс.
– Биыл негізгі күш «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына жұмылдырылды. Өзіңіз комиссия мүшесі ретінде еліміздің бірнеше облысын аралап келдіңіз. Жыл соңына дейін Президент айтқан 5 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару мүмкін бе?
– «Жер аманаты» комиссиясы – жер мәселесіне байланысты әділеттілік орнату бағытында жасалған ірі жобалардың бірі. «Жер аманатының» алдына қойылған міндет – олқылықтардың орнын толтыру, жер игеру, жер ресурстары бағытында кеткен қате-кемшіліктерді түзету. Яғни, жерді тікелей саудаға салған, әділетсіздікке, шектен тыс жер иеленушілікке жол берген өңірдегі әкімдер жауырды жаба тоқып, «бармақ басты, көз қыстыға» барған. Осындай заңсыздықтарды шешу мақсатында құрылған «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі ретінде Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында жұмыс сапарымен болып қайттық.
Президенттің заңсыз сатылған және игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасы сәтті жүзеге асып келеді. Әрине, жерді алып, оған инфрақұрылым салып, белгілі деңгейде еңбек етіп, халыққа жұмыс беріп, мемлекетке салығын төлеп жатқан азаматтар да бар. Сондай-ақ мыңдаған гектар жерді жамбасына басып, жан-жағын қоршап, елдің игілігіне бермейтін жер иеленушілердің кесірінен малшылар не жайлауға шыға алмай, не қыстауға түсе алмай, екі ортада бөлініп-жарылды. Президент жыл соңына дейін
5 млн гектар жерді мемлекеттің меншігіне қайтаруды тапсырды. Бүгінде шамамен 2,9 млн гектар көлеміндегі жер мемлекетке қайтарылды. Жыл соңына дейін мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бар күшімізді саламыз.
– «Жер аманаты» комиссиясының алдағы жұмыс жоспары қандай болмақ?
– Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында: «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс», – деп қадап айтты.
Комиссияның алдындағы ендігі міндет – заңсыз алынған және игерілмей жатқан жерлерді түбегейлі анықтау. Осы орайда пайдаланылмай жатқан жерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарып жатқан азаматтардың да бар екенін айта кетуіміз керек. Алайда соңына дейін тырмысып, күресіп, жерді бермеу жағына қарай оңтайлы амал-айлаларын жасап, ақпарат құралдарына жүгініп, өзін әділетсіздіктің құрбаны ретінде көрсетіп жүргендер де аз емес. Олардың жері сот жүйесі арқылы бәрібір қайтарылады. Жұмыс сапары барысында аудан әкімдерінің Президент тапсырмасын орындауға құлықсыз екенін, комиссия жұмысына кедергі келтіргісі келетінін байқадық. Кей әкімдер бұл іске селқос қарап, өзіне жауапкершілік алғысы келмей, қолда бар ақпараттарын көрсеткісі келмеді. Өзінің ағайын, туысы мен таныстарына, достарына бөліп берген жерлерді енді мемлекет меншігіне қайтаруға келгенде бейғамдық танытып отыр. Кезінде заңсыз иемденген жерлерден қаншама игілік көріп отырған әкімнің туыстары, достары сол жерді өз еркімен қайтарғысы келмей тырысып отыр. Алайда заңсыз алынған жерлер сот арқылы мемлекетке қайтарылатыны анық.
– Ірі жер иеленушілерден жерді қайтаруға комиссияның шамасы жете ме? Олармен жұмыс істеу, жерді қайтарып алу тетігі қандай болмақ?
– Ірі жер иеленушілердің арасында қоғамға қызмет етіп жатқандары да жоқ емес. Қазақстанның жалпы ішкі қажеттіліктерін өтеп жатқан азаматтар бар. Сонымен қатар ірі олигархтардың жекелеген тұлғаларға жалға беріп қойған жерлері бар. Мұндай жерлерге соттың шешімі арқылы құқықтық бағасы беріле жатар. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, алайда кедергілер де бар. Жерді жамбасының астына басып, ешкімге бергісі келмей отырғандардан жерді алудың жолы – сотқа жүгіну. Бұл – мемлекеттің саясаты. Мемлекеттің саясатына қарсы шыққан жер иелерінің пиғылы дұрыс емес деген сөз. Өйткені ол жерлерді кезінде әкімдердің араласуымен, жемқорлықпен заңсыз алды. Осыны біліп отырған халық, әрине, наразы болады. Өйткені олар қорасындағы 10 қойын бағатын жер таппай отыр.
– Қайтарылған жер қайта аукционға салынып, жалға берілсе, тағы да жемқорлыққа жол берілмей ме деген күмәнді сауал туындайды…
– Бұл күдігіңіз орынды. Өйткені елімізде жемқорлық жайламаған сала жоқ. Жемқорлық етімізден өтіп, сүйегімізге сіңіп кетті ме деп қорқамын. Бұл барлық салаға дендеп енген кесел болды. Жемқорлық – қоғамның жегі құрты, мемлекеттің қас жауы. Қарапайым адамның қызметі өссе, жұмысын жасаған соң қолыңның ұшына қарап тұрады. Сондықтан жемқорлық мәселесін түбегейлі шешпей, алға жылжу болмайды. Осы мәселеге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Ішкі істер органдары, Бас прокуратура, Сот жүйесі сергек қарауға тиіс. Сот жүйесіне қатысты халықтың сенімін ояту керек. Ол үшін сот жүйесі тиісті деңгейде өзінің ашықтығын, адалдығын, тазалығын көрсетуге тиіс.
Біз әділетті қоғам құрамыз десек, жемқорлықпен әрқайсымыз жеке күресуіміз керек. Жемқорлық талай мемлекеттің тоз-тозын шығарған, түбіне жеткен. Бір мысал айтайын, осы каникул кезінде мен алыс жолға жүк таситын сыныптасымның жанында шопырдың көмекшісі болып кеденнен өттім. Кеден саласындағы жемқорлық жойылмаса да азайған шығар деп жүргеніміз бекер екен. Басшыларынан бастап ауыстырдық, топ-тобымен түрмеге тоғытылды. Алайда өзгерген ештеңе жоқ, сол баяғы жемқорлық жайлап алған. Жүздеген камаз кеденнің алдында қаңтарылып тұр. Кім қаржысын береді, сол өтеді. Ал пара бермегендер солай кезек күтіп тұрады. Сол сияқты «Жер аманаты» комиссиясы қайтарған жерлер қайтадан аукцион арқылы «бармақ басты, көз қыстымен» таратылмас үшін қоғам болып бақылауымыз керек.
– Елімізде ең шұрайлы жерлерді ірі латифундистер иеленген. Олардың саны тым көп. Осы орайда олармен күресу мүмкін бе деген заңды сауал туындайды…
– Жер иеленушілердің нақты саны қанша екенін білмеймін. Алайда аймақтардағы ірі жер иеленушілерінің кім екенін халық өзі біліп отыр.
Шұрайлы жері бар олигарх пен қарапайым шаруа арасындағы балансты реттеу керек. Сондықтан бір-біріңізге шын жандарыңыз ашыса, елге деген ішкі жан дүниеңізде бір сүйіспеншілік болса, игерілмеген жерді мемлекетке қайтарып берсеңіз, болашақ ұрпақ үшін үлгі боласыз. Ешкім жиған-тергенін өзімен бірге алып кете алмайды. Жер – халықтікі. Жер – қоғамның, болашақ ұрпағымыздың игілігі.
Біз балаларымызға әділетті, ашық қоғам қалдырғымыз келсе, әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Мен осы орайда ірі жер иеленушілердге мынаны жеткізгім келеді. Жерді талас-тартыспен, күреспен өзіңізге алып қала алмайсыз. Заңсыз иеленген жер ерте ме, кеш пе сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылады.
– Сот шешімін орындамайтын латифундистермен комиссия қалай күреседі?
– Мыңдаған гектар жері бар, бірақ тышқақ лақ жайылмайтын жерлерде қағаз жүзінде бәрі тамаша. Алайда ұрының арты қуыс деген. Заңсыз алынған, игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне сот арқылы қайтарылады. Ал сот шешімін орындамайтын латифундистер жоқ деп ойлаймын. Сот жер иеленушіге нақақтан-нақақ зиян келтірмейді.
– Жерді халыққа қайтару ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қаншалықты әсер етеді?
– Еліміздің аграрлық мемлекетке айналуы қиын, бірақ аграрлық саланың дамуына үлес қосып отырған аймақтар бар. Алайда шаруалардың шаруасы шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Күз – дихандардың азап шегіп жатқан кезі. Жылда көктемде егіс басталарда техниканың, тыңайтқыштың, тұқымның жетіспеушілігі сезіледі. Көктемде көптеген шаруаларымыз тыңайтқышты Ташкенттен, сапалы тұқымдарды шетелден тасыды. Мемлекеттен субсидия бөлінді деп есеп беріледі, алайда ол субсидия барлық кәсіпкерге бірдей өз деңгейінде жеткен жоқ. Мен дихандармен көктемде, жазда, енді міне, күзде де кездестім. Қазір оларға техника немесе техникаға қажетті жабдықтар жетіспейді. Комбайндар мен тракторлар бір күн жүрсе, он күн қаңтарылып тұрады. Өйткені техникалар ескі, жаңасын алуға қаржы
жоқ.
Аграрлық саланы дамытсақ, қаншама жұмыс орындары ашылады, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етер едік. Аграрлық салада жетістікке жеткіміз келсе, көшіміз түзу болсын десек, Үкімет дихандарды қолдауы керек.
– Сұхбатымызды әділетті, Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз деген сауалмен аяқтасақ…
– Кешегі Қаңтар қырғынынан кейін Үкіметтің алдына қойылған негізгі талап-тілектер, міндеттемелер, қоғамның алдына қойылған жауапкершілік, заң шығарушы органға жүктелген міндеттемелер, саяси бетбұрыстар, әлеуметтік саладағы ауқымды мәселелерді шешудің жоспары берілді. Бұл жұмыстар әртүрлі деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен өзім халықтың сенімінің оянғанын көрдім. Кешегі бұлжымайтын, өмір-бақи сіресіп тұратын секілді көрінген заңдар қоғамның талқылауымен тиісті деңгейде парламенттің жүзеге асыруымен
қазір өзгеріске түсіп жатыр. Сондықтан ел-халықтың үміті жоғары. Сол үмітті
үзіп алмайық, сол үмітке селкеу түсіріп алмайық.
Барлығымыз осы бағытта елімді көркейтсем деген ниетімізбен жұмысымызбен кәсіби түрде айналысып, болашақ ұрпаққа дұрыс қоғам қалдырсақ екен. Мемлекеттік тілдің өркендеуіне, рухымыздың сынбауына, тіземіздің бүгілмеуіне, ел болып, жұрт болып қызмет етейік. Баршамызға амандық тілеймін, еліміздің іші даудан, жеріміздің шеті жаудан аман болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!