50190
Қостанайдағы өрт сөндірілді
Қостанайдағы өрт сөндірілді
Қостанай облысының Әулиекөл ауданында табиғи өрт оқшауландырылды. Бұл туралы жедел штаб басшысы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Айтуынша, 7 қыркүйек күні, сағат 15.00-де Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тұтанған табиғи өрт оқшауландырылды. Өрт аумағы – 43 мың гектар. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жүргізіліп жатыр. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылған.
«Өрт салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылды. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, Шығыс РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады», - деді Юрий Ильин.Өртті сөндіруге ТЖМ-нің, Ұлттық ұланның, Ішкі істер министрлігінің Қостанай қаласындағы академиясының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары, барлығы 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 адам жұмылдырылды. Жалынмен күрес басталған сәттен тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты. От тұтанғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан - 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына - 250 адам). Әулиекөл орта мектебінің (16 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде. Қазір ТЖМ жедел желісі жұмыс істеп тұр. ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түскен. Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Консультативтік көмек 124 адамға көрсетілген. Сондай-ақ топтық форматта 45 баламен әңгіме жүргізілген. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.