51052
Тай массажын моңғол қыздарынан үйрендім – Ару Кеңесқызы
Тай массажын моңғол қыздарынан үйрендім – Ару Кеңесқызы
Елімізде адамның қабілеті, икемі мен қызығушылығына қарай кәсіп бастауға жағдай жасалған. Мәселен, бүгінгі кейіпкеріміз Ару Кеңесқызы – еңбектенген адам қай кезде де жетістікке жететінін дәлелдеген көпбалалы ана. Ол бүгінде ерекше кәсіпті қолға алып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тurkystan.kz тілшісі тай массажын меңгерген маманмен сұхбаттасып, осы саланың қыр-сырын сұраған еді.
– Елімізде тай массажын меңгерген қазақ қыздары аз. Негізінен, көбіне тай қыздарының өзі жасап жатады. Сіз бұл өнерді қайдан үйрендіңіз, тай массажы несімен қызықтырды?
– Тай массажы басқа массаждарға қарағанда тез әсер ететінімен қызықтырды. Бұл өнерді моңғол қыздарынан үйрендім.
– Қалай?
– Шынымды айтсам, массаж маманы боламын деп мүлде ойламаппын. 2017 жыл еді. 3 қызым өмірге келген. Алматыда пәтер жалдап тұратынбыз. Тапқан табысымыз жетпейді. Қызымның аяғында дисплазия болды. Сосын массажға апарып жүрдім. Қарап тұрып, «Адамды сипалап, уқалап та ақша табуға болады екен ғой» деп таңғалдым. Ол кезде 25 жаста едім. Қызымның жағдайын ойлағаным бар, осыдан кейін массажға деген қызығушылығым ояна бастады. Ең алдымен Қытайдан келген әйелден үйренген едім.
– Ал моңғол қыздарын қайдан кездестіріп жүрсіз?
– 2018 жылы Алматыға моңғол қыздары келіп, массаж салонында 3 жыл жұмыс істеді. Еліне кететін уақытта оларға «қазақ қыздарын үйретіп кетіңдерші» деген ұсыныс болған. Сол бақыт маған бұйырған екен.
Басында қызық болды. «Кәрістердің массаж орталығына массаж мамандары керек» деген хабарландыруды естіп, 4-5 қыз бардық. Аздаған тәжірибеміз бар, бағымызды сынап көргіміз келді.
Орталықта кәріс, моңғол және т.б. елдің адамдары бар екен. Бір-бірімізді түсінбейміз. Қызықтың көкесі бірінші күннен басталған. Ол жердегі моңғол қыздары Қазақстанда массаж жасап, 6 млн ақша тауып жүр екен. Пайызға жұмыс істегеннің өзінде. «Бұл не деген батпан құйрық» деп таңғалдық. Ол кезде 6 млн көп болып көрінді. Бірақ өзім де сондай табыс тауып жүрген адам ұқсап сыр білдірмедім (күліп). Несін жасырайын, тура солар секілді массаж жасап үйреніп алғым келді. Сөйтіп, бір-бірімізді түсінбесек те, тай массажының техникаларын қимылмен, іс-әрекетпен көрсетті. Массажға қатты қызыққаным сол, көрген нәрсемді бірден қағып алдым. Сосын кәрістерге емтихан тапсырып, алғашқылардың бірі болып жұмысқа қабылдандым. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанғаннан аяғымды кушеткаға ұрып, ең кішкентай саусағымды сындырып алғаным есімде. Тура жұмысқа шығатын кезде 1 ай киесің деген гипсті 2 күнде шешіп тастағаным бар (күліп).
– Қызық оқиға екен. Туған жеріңіз туралы біле отырсық.
– Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қараой ауылында туып-өстім. Оңтүстіктің киелі Қазығұрт еліне келін болып, 4 баланы өмірге әкелдім. Қазір бесінші сәбиімді күтіп отырмын.
– Массаждың денсаулыққа қандай пайдасы бар?
– Қан айналымды қалыпқа келтіреді, ұйқысыздықты реттейді. Қатып қалған дене мүшелерін қозғалысқа келтіріп, спортпен шұғылданып шыққандай әсер қалдырады. Сіңірлерді босатады, адамның басына жаңа идеялар келуіне ықпал етеді. Ісінуді басады, денедегі токсиндерді шығарады, жүйке жүйесін тыныштандырады, тыныс алуды жеңілдетеді. Ішке жасаса, ас қорыту жолдары тұрақтанады. Тері жамылғысының жағдайын жақсартады.
– Біз білмейтін пайдалы тұстары көп екен. Қоғамда «массажға тек артық уақыты, ақшасы бар адамдар демалу үшін барады» деген түсінік кездеседі. Негізі, массаж саласы елімізде қалай дамыған?
– Орынды сұрақ қойдыңыз. Елімізде бұл сала кеңінен дамымағандықтан көбі массажды тек ауырған адам қабылдайды деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Массаж ауруды емдемейді, алдын алады. Олай дейтінім, нүктелер басылған сайын адамның иммундық жүйесі көтеріледі. Ал иммундық жүйесі жоғарылаған адамның организмі кез келген ауруға қарсы тұра біледі.
– Сізге массаж алуға көбіне қай жастағы адамдар келеді?
– Жалпы, массаж саласы ұлтқа бөлінбейді. Жас, жыныс таңдамайды. Салоныма ер де, әйел адамдар да келеді. Негізінен, өзге ұлт өкілдері (кәріс, орыс, қытай, түрік) көп келеді. Ал жас ерекшелігіне келер болсам, 25 пен 60 жас аралығындағы адамдар келеді.
– Тай массажын кез келген адам меңгеріп кете ала ма? Жалпы, массаж жасағанда неге мән беру керек?
– Әрине, үйренуге болады. Бірақ адамның қызығушылығы болу керек. Барлық нәрсе тәжірибемен келеді ғой. Адамның істегенін адам істейді. Тек ерінбей еңбектену керек. Массаж – табысты сала. Адамдардың алғысын да аласың. Массаж жасағанда, ең бірінші тазалыққа, жеке гигиенаға көңіл бөлу керек. Сосын адамның денсаулығына, өз күшіңді қалай жұмсау керек екеніне мән берген жөн.
– Қанша уақытта үйренуге болады?
– Қатты қызығушылық болса, бір аптада үйренуге болады. Техникаларды тәжірибемен үйренесің.
– Ал қандай жағдайда массаж жасауға болмайды?
– 6 ай ішінде ота жасатқан, органдарын ауыстырған адамдарға массаж жасауға болмайды. Массажға қарсы көрсетілімдер бар. Жарық (грыжа) қатты өсіп кеткенде, баста ісік болған жағдайда массаж алмау қажет.
– Байқағаным, тай массажын жасағанда адам денесіндегі нүктелерді қолмен ғана емес, аяқпен де басады. Ол үшін салмаққа мән беру керек шығар. Өзіңіз сымбатыңызды қалай сақтайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Тай массажын өте ауыр салмақтағы қыздар жасай алмайды. Адамның үстіне шығып жасағанда оның өзіндік техникалары бар. Өз салмағыңды басқарып, тепе-теңдікті сақтай білу керек. Мен үнемі қозғалыста жүретін адаммын. Аз ұйықтап, көп жұмыс істеймін.
– Ал тай массажын киіммен жасаудың сыры неде?
– Тай массажы өздерінің салт-дәстүрі бойынша киіммен жасалады. Адамның аяқ-қолын, денесін созып, тартамыз. Сол кезде ыңғайсыздық тудырмау үшін. Шығу тарихына үңілсек, басында массажды тек императорлар қабылдайтын болған және оған ер массажист жасайтын болған. Әрине, билеушіні шешіндіру туралы ой туындамаған. Бұл жерде таза физиологиялық жағдай да бар. Денеге қысым түскен кезде организмнің жүктемені көтеру мүмкіндігі артады. Нүктелерді киімнің сыртынан басып, аяқ пен қолды ұстап алып тартқан кезде қол сырғып кетпеуі керек.
Сонымен қатар киім «шекараның» сақталуын білдіреді. Массаж кезінде адамның киініп жатуы - психологиялық тұрғыдан да ыңғайлы. Массаж қабылдап жатқан адам өзін жеңіл, еркін сезінуі керек. Сосын массаж кезінде клиенттің тоңып қалмауы да өте маңызды. Өйткені, адамның денесі босаңсиды, буындары созылып, өзін жеңіл сезінеді. Сол сәтте, тіпті ауа температурасы жеткілікті жоғары болса да, сәл салқындап қалуы мүмкін. Сондықтан тай массажын киіммен жасаудың тағы бір себебі осы. Маймен жасалатын түрі де бар, ол – классикалық массаж түрі.
– Бүгінде өз кәсібіңізді аштыңыз. Қандай қиындықтар болды?
– Өз-өзіме жұмыс істеп келе жатқалы 5 жыл болды. Басында кішкентай 1 кабинетті жалға алып жұмыс істедім. Арасында үйге барып жасадым. Қазір, Құдайға шүкір, Алматы қаласында екі массаж орталығым бар. Әрине, кез келген нәрсені бастарда қиындық, кедергі болады. Бірақ мен қиындық жарқын болашаққа бастайтын баспалдақ деп білемін. Бір кәсіппен айналысу үшін өзің сол салада әбден пісіп-жетілуің қажет, терең зерттеу керек. Сосын ол жұмыс сізге ұнауы керек.
– Орталығыңызда жұмыс істейтін қыздарды өзіңіз үйретесіз бе? Жалпы, қазақ қыздарының тай массажына деген қызығушылығы қандай?
– Иә, орталықта өзім үйреткен шәкірттерім, 8 қыз жұмыс істеп жатыр. SPA-ларда тай қыздарын Таиландтан алдыртып жасатады ғой. Соны көріп, «Неге шетелден әкелуіміз керек? Неге қазақ қыздарына үйретпейміз?» деген ой келді. Массаж табысты кәсіп екенін көрдім. Айына кем дегенде 500 мың, миллион табуға болады. Ал күніне 4-5 адам қабылдаса, бір жарым миллион табады. Тек еңбектен қашпау керек. Қазір қыздар қызық. Үйреніп алады да, бірден жұмысқа кіріп кеткісі келеді. Бірден көп ақша тапқысы келеді. Басында 500 теңгеге массаж жасаған күнім болды. Бірақ қандай жағдай болса да, тынбай еңбектене бердім. Массажбен шектелмей, бизнесті қалай жүргізу керек екенін де оқыдым. Қосымша білім алуға көп мән беремін. Адам өзін дамытып отыруы қажет. Кәсіп ашып, адамдарды басқару үшін де қабілет керек.
– Жұмысқа аларда қандай талап қоясыз?
– Ең бірінші - жұмысқа деген адалдық. Өтірік айтпау, ақшаға таласпау, көреалмаушылық қасиеттерден аулақ болғаны маңызды.
– Ендігі мақсатыңыз қандай?
– Ендігі мақсатым – еліміздің әр қаласынан өзімнің массаж орталығымды ашу. Қыздарға массаж үйретіп, оларды жұмыспен қамту. Сонымен қатар Түркия, Корея, Дубайдан да өз салонымды ашсам деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!