Екінші басты кейіпкер «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сияқты бұл фильмде де бір сотқар образ бар. Ол - оқуға ынтасыз болса да, достыққа берік Қалихан. Режиссердің осы кейіпкерді фильмге қалай таңдап алғанының өзі бір қызық. Қалиханның рөлін Ұлан Сарбасов ойнады. Өкінішке қарай, актер Ұлан Сарбасов өмірден ерте өтсе де оның таланты мен өжеттілігі ел жадында жақсы сақталған.
- Қазір өзіңіз түскен фильмдерді көріп тұрасыз ба?
- Жоқ. Көптен бері қараған емеспін. Бір түрлі... ауыр.
- Сіз А.Мягков, Н.Арынбасарова, Н.Варлей, А.Миронов, т.б. КСРО кино өнерінің жұлдыздарымен бірге жүрдіңіз.
- Ол кезде мен кішкентай едім ғой. Оларға жұлдыз деп қарамаппын. Мен үшін олар да кəдімгі адамдар болатын.
- «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі əріптесіңіз Ұлан Сарбасов та көрермен жүрегінде қалды. «Ол фильмде Қалиханды емес, өзін ойнады» деген пікір де бар. Сіздің ойыңызша...
- ... ол ойнаған жоқ, өзін көрсетті. Өйткені, басқаша болуы мүмкін де емес еді.
- Қызыңызды киноға түсуге шақырса, жіберер ме едіңіз?
- Жоқ, ешқашан. Ол шыдай алмайды.
- Киноға түсе жүріп, бірте-бірте одан жерінгендей сыңай байқатасыз. Неліктен?
- Өйткені, кино менің балалығымды ұрлады. Киноға түсу салдарынан менде балалық болған жоқ. Менің құрдастарым ойнады, жүгірді, демалды. Мен ол кезде жұмыс істеп жүрдім. Қазір ойлап отырсам, балалық шақта менің өз өмірім болмапты. Мен кейіпкерлерімнің өмірін кештім. Киноға түсудің екі түрлі зардабын тарттым. Біріншіден, дұрыстап оқи алған да жоқпын. Əрқашан түсіру алаңында жүретінмін. Екіншіден, өсе келе, адамдардың бəрі тани беретіні жалықтырды. Бірінің алдында сол Алпамыс, сол Нұраш болып жүру бірте-бірте мені қатты шаршатты. Қызымның балалығының бақытты болуын қалайтыным содан.
- Сыныптастарыңыз сізді əлі күнге Алпамыс деп атайтын болар...
- Мектепте олармен Алпамыс дегендері үшін төбелескен кездерім де болды. Олар атаған сайын, өзімнің Алпамыс емес екенімді дəлелдемек болып, шу шығаратынмын.
- Сонда кино өнері сіздің өміріңіздегі бір кезең ғана болып қалды ғой?
- Солай шығар. Киноға түсудің маған берген «сыйының» бірі – біраз аурулар жабысты. Қақаған суықта жалаңаштанып, қатты ыстықта жалаңбас жүріп, суық тигізіп, күн өткізіп дегендей, біраз аурулармен «дос» болып алыппын. Егер Абдолла аға болмаса, киноға түспес те едім...
- Кішкентай кезіңізде кім болуды армандап едіңіз?
- Үлкен машиналардың жүргізушісі болғым келетін. Көріп тұрсыз, ол арманым орындалмады, қазір компьютер маманымын. Күні бойы компьютерге тесіліп отырып, кешкісін үйге шаршап жетемін де... кино көруге еш уақытым болмай қалады.
Есей Жеңісұлының «Сендер бəрің жақсысыңдар, адамдар!.» атты кітабынан.

Қалихан рөліндегі Ұланды да Әбекең (Абдолла Қарсақбаев) өзі тапты. Бұрын бір көріп қалған екен. Мені «Сары» дейтін еді. Бір күні: «Әй, Сары, жүр кеттік», — деді. «Қайда?». «Жүр, барғасын көресің». Екеуміз студияның машинасына мініп алып, Алматы-2 вокзалының батыс жағындағы жер үйлерге келдік. Балалар ойнап жүр. Солардың ортасындағы Ұланды қырық минуттай бақылап тұрдық. Ұлан ерегісе білетін, ерегісті өнер деп білетін, өзгенің емес, өзінің дегенін істейтін қайсар бала екен. Бір кезде Ұлан шамасы 10 жасар баламен ойыншық мылтыққа таласты. Бермей қойды. «Қалиханға осы мінез керек. Байқап тұрсың ба?» деді маған Әбекең. Егер біз Ұланның қасына барып, «отыршы, әңгіме айтшы» десек, бала ештеңе де айтпас еді. Әбекең сырттай бақылап-ақ, өзінің болашақ кейіпкерін дәл және тез таңдады. Бір өкінштісі, сол Ұланның өмірі кейін дұрыс қалыптасқан жоқ. 10-сыныпты бітіргенде «топ болып адам өлтіруге қатысты» деген айып тағылып, сотталып кетті. Қасындағылар бәленің бәрін Ұланға жапқан сияқты. Қолтырауынның аузына кір десең де тайсалмайтын бала еді ғой, тіпті, ерегісе келіп, оның «мен жасадым» деуі де мүмкін ғой. Түрмеден келгесін, Ұлан асылып өліпті... Мүмкін, оның мұндай әрекетке баруына біз де кінәлі шығармыз. Образ үшін жасаған әрекетіміз өміріне зиян болды ма, кім білсін?..Мұнар ата рөліне алғашында актер Кененбай Қожабеков түсуі керек болған. Алайда, ол өзін лайық көрмей, орнына актер Қанабек Байсейітовті ұсынған. Актер Кененбай Қожабековтің естелігінен:Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Мені «Алты жасар Алпамыс» фильміне түсуге шақырды. Сценарийді оқып, көңіліме тоқып, гримделуге бардым. Көпті көрген, ауылдың дана қарты, бұрынғы балуан шал бейнесі көз алдыма келді. Фильмге түсер алдында гримделіп болып, айнаға қарадым. Сценарийдегі дана қария тұлғасына сырт пішінім ғана емес, ішкі жан дүнием, ой сезімім үйлеспейтін сияқты. Шығара алмай күлкіге қалам ба деп қорқып, күдіктене бердім. Бұл образ Қанекеме (Қанабек Байсейітов) келіп тұр деген ойда қалдым. Кенет айнадан бұрылып, жапсырған сақал-мұртымды жұлып тастап, коляскімен жүріп кеттім. Машинама мінейін деп жатқанда қалбаңдап Абдолла (режиссер) келді. – Қайда барасың, ертең фильмді бастаймыз? – деп шылбырдан ұстап жібермеді. – Жоқ, мен бұл образға келмеймін. Жасай алмаймын. Бұл нағыз Қанекеңнің рөлі, – деп шынымды айттым. Қанекең дегенде Абдолла ойланып қалды… – Керек десең, ол қара шалды қазір үйіне барып машинама мінгізіп, өзім әкеп берейін, – дедім жалынып… Абдолла сонда ғана сабасына түсті. Сөйтсем, бірдеңені білгендей екенмін, бұл қарт бейнесі экранда Қанабек ағаның асқар тұлғасымен дараланып тұрды. Бұл қайран Қанекемнің өнерде жасап кеткен соңғы бейнесі болды. 3 қазан, 1986 ж.Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.


