2180
Сләмжар АХМЕТЖАРОВ: Қазақстанды саяси өзгерістер күтіп тұр
Сләмжар АХМЕТЖАРОВ: Қазақстанды саяси өзгерістер күтіп тұр
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. Жолдаудағы әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлаудың жариялануы ел назарын ерекше аударды. Президенттік сайлау биыл күзде өтеді. Сонымен қатар президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады, ал сайланған президент келесі мерзімде қайта сайлана алмайды. Ал парламенттік сайлау 2023 жылдың бірінші жартысында өтеді. Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздік тарихында президенттік өкілеттік мерзімі 7 жыл болған кезең болды. 1998-2007 жылдар аралығында президент 7 жыл мерзімге сайланатын. Алайда Президенттің екінші мерзімге қайта сайлануына тыйым салынбайтын. Енді Конституцияға енгізілген түзетулерден кейін Қазақстан президенттік сайлаудың бұрынғы жүйесіне қайта оралады. Яғни, Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастама сайланған президентке өзінің сайлауалды тұғырнамасын және тиісті реформаларды іске асыруға жұмыла кірісуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Өз кезегінде алдағы Парламент сайлауы мен мәслихат сайлауы жаңа аралас сайлау жүйесіне сәйкес өтеді. Осылайша, сайлаушылар депутаттыққа нақты кандидаттар үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болады, егер халық сайлаған адамның жұмысына қанағаттанбаған жағдайда азаматтар депутаттық мандатты кері қайтарып алуға мүмкіндік алады. Осылайша, азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастыруға тікелей қатысуын арттыру көзделуде. Қорыта айтқанда, қазақстандықтар үшін қазір қоғамдық-саяси өмірдің белсенді кезеңі басталды.