Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Жолдауда айтылған әрбір мәселе егжей-тегжей зерттеліп, жіті қарастырылған

Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Жолдауда айтылған әрбір мәселе егжей-тегжей зерттеліп, жіті қарастырылған

Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Жолдауда айтылған әрбір мәселе егжей-тегжей зерттеліп, жіті қарастырылған
ашық дереккөзі
494
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Жолдауда әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға қатысты көптеген өзекті мәселені ор­таға салды. Сонымен қатар ол басталған реформалар әлі де жал­ғасын табатынын айтты. Биыл Балалар жылы болып бекітіл­гендіктен, балаларға қатысты бірнеше оңтайлы шешімдердің топтамасын халық назарына ұсынды. Ең алдымен айтып өткім ке­летіні, біз бұрын бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жас толғанға дейін төленсе, ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ол мерзім бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл – ата-ана үшін өте жақсы жаңалық. Сосын Мемлекет басшысы бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға бара­тынын, мұндай олқылыққа жол беруге болмайтынын қадап айтты. Сондықтан алдағы уақытта балаларды балабақшамен қам­тамасыз ету мәселесі түпкілікті шешіледі деп сенемін. Оған қоса, «тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек» дегенді де айтып өтті. Сосын тәрбиеші аттестациядан өтуге тиіс деген бастаманы қос қолдап қолдаймын. Мен осы жөнін­де арнайы депутаттық сауал да жолдағанмын. Мектепке дейінгі білім беру мүмкіндігі барын растайтын арнайы дипломы жоқ азаматтар мектепте дейінгі мекемелерде жұмыс істеп жүр. Бірақ олар­дың балаларға беретін білімі таяз, тәлім-тәрбиесі де сол дең­гейде. Кәсіби білімі жоқ, ешқандай білігі жоқ адам балаларға қандай тәр­бие бере алады? «Тәрбие тал бесіктен» демекші, мәселенің бар­лығы мектепке дейінгі ұйымдардан басталады. Тәрбиенің де, білім­нің де көзі сол балабақшада. Сондықтан еліміздің еңсесін тіктейтін азаматтарды баптап шығарудың бастауында тұрған тәрбиешілер аттестациядан өтуге тиіс. Оның үстіне, тәрбиешілердің жалақысы көбейіп, оларға әлеуметтік пакет берілетін болса, олар неліктен аттес­тациядан өтпеуі керек? Осы ретте мұғалімдер жақсы үлгі көр­сетіп отыр. Бұрын оларға бес жылда бір рет біліктілігін арт­тыруға міндеттеліп еді, ал қазір үш жылда бір рет аттестациядан өту­ге тиіс. Одан мұғалімдердің біліктілігі артпаса, кемімейді. Сон­дықтан тәрбиешілердің білімін арттырып, біліктілігін жетілдіріп отырғаны – қоғам үшін де, білім беретін ұйымдар үшін де, тіпті тәр­биешінің өзі үшін де пайдасы зор бастама. Сосын оқушының жан-жақты дамуына септігін тигізетін «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатыны, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін түбегейлі шешу үшін 2025 жылға дейін 800 мың орындық мектеп салынатыны кімді болса да қуантпай қоймайды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­на жаңа мектептер салу ісіне жұмылдыруы да – жақсы үрдіс. Содан соң баланың сыныптан тыс үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік жасайтын ваучерлер енгізуі де ата-аналарға үлкен қолдау болғалы тұр. Та­ғы бір атап өтуге тиіс мәселе – Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жи­нақтаушы есепшотына аудару. Қаржы бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Сосын бала кәмелетке толған соң жиналған соманы өз керегіне жұмсап, қайда, қалай қолдану керек екенін өзі шешеді. Біз мұны талайдан бері айтып жүрміз. Ресейдің аналық капиталын, сосын араб елдерінде бала туғаннан кәмелетке толғанша есепшотына ақ­ша салынатын саясатын тілге тиек еттік. Енді мұндай игі бастама өзі­мізде де басталғалы тұр. Бұл – Президентіміз жасап жатқан, ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін үлкен қадам. Құдайға шүкір, жыл сайын қордағы қаражат көбейіп жатыр. Оның ақшасын балаларға бөліп бергеннен ол түгесіліп қалмайды. Бүгін Мемлекет бас­шысы Үкіметке бюджетті оңды-солды жұмсамау, Ұлттық қорға көз салуды түбегейлі тоқтату, тек нақты жобаларға қаражат қарас­тыру туралы көп тапсырма берді. Соның ішінде балалардың есеп­шотына қаржы аудару – болашағымызды жарқын етуге бағытталған жақсы тапсырма. Мұның барлығы таразы талқысына түсіп, есептеліп шешілген дүние деп ойлаймын. Бұл бастама Жолдауға жайдан-жай кіргізіле салмайды. Сарапшылар мен мамандар барлық соманы есептеп, саралап беретіні анық. Сондықтан бүгін Жолдауда айтылған әрбір тиын, әрбір мәселе егжей-тегжей зерттеліп, жіті қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары