Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
Киікбай ЕШМАНОВ: Жерін өз еркімен қайтарып жатқандар көп

Киікбай ЕШМАНОВ: Жерін өз еркімен қайтарып жатқандар көп
Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы осыған дейін сегіз өңірді аралап, 660 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жерін қайтарды. Өткен аптада Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған комиссия 240 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Осы орайда «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Киікбай Жақыпұлына хабарласып, өңірдегі жер мәселесінің жайы туралы сұрап білген едік.
– Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі қанша және қандай мақсатта пайдаланылып жатыр?
– Маңғыстау облысының жалпы көлемі – 16,5 млн гектар. Жер қорының 12,64 млн гектары, яғни 76,3 пайызы ауыл шаруашылығы алқаптары. Айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 3,4 млн гектар (оның 2,908 млн гектары – жайылым жерлер).
Облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жерлердің жалпы алаңы 3 422 600 гектарды құрайды, жер иелері мен жер пайдаланушылар саны – 3 350.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің, оның ішінде жайылым алқаптарының игерілуіне әр субъектінің АШЖБ базасында тіркелген мал санына байланысты талдау жүргізіліп, нәтижесінде 787 субъекті бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлердің жалпы алаңы 973 мың гектар екені анықталды. Бұл – жалпы ауыл шаруашылығы айналымындағы жердің 28,6 пайызы. Игерілмей отырған осы жерлердің 41 пайызы, яғни 406 мың гектары 3 ірі жер пайдаланушыға тиесілі. Олар «Сенек» ЖШС – 168 900 гектар, «Қарағантүбек» ЖШС – 167 мың гектар және «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС – 70 мың гектар жер.
– Облыстағы жайылым тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Ауыл тұрғындарының басты табыс көзі – мал шаруашылығы. Олар үшін жайылым жер өте маңызды. Алайда жайылым жерлер жекеге берілген. Ал жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр.
Бүгінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша үй-үйлерді аралау арқылы тексеру жүргізу туралы хабарламалар таратылып, пайдаланылмай жатқан жерлерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтару туралы түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жер иелері пайдаланбай отырған телімдерін қайтаруға келісім беріп отыр.
– Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қалай жалғасады?
– Тұрғындардың әлеуметтік желіде көтеріп отырған жер мәселелері бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және электронды ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтерге сәйкес облыс бойынша, Ақтау қаласы бойынша берілген жерлердің бас жоспарға және қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарларына сәйкестігіне мониторинг жүргізіліп, заңсыз жолмен иемденген жерлер бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгінге дейін сот арқылы жер қайтару мәселесі болған жоқ.
– Маңғыстау облысындағы мемлекет меншігіне қайтарылған 240 мың гектар жердің иелері кімдер?
– Ауылдағы ағайынның мұңы – жайылым жердің тапшылығы. Ауылға жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Меншігіндегі жерді пайдаланбайтын жер иелері де кездеседі. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр. Өткен аптада «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов облысымызға келіп, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына қатысып, нәтижесінде 240 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Кездесу барысында шаруашылықпен айналысып отырған ауыл тұрғындары «жерімізді кеңейтіп беріңдерші» деген өтінішін жеткізді. Жерлерді заңдастыру кезінде қиындықтар туындамайды деп айта аламын. Өйткені «Жер аманаты» комиссиясының қүрамында заң өкілдері де бар. Құжаттандыру жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС 70 мың гектар жерді, «Сенек» ЖШС 168 946 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл дегеніміз – жерді пайдалану заңнамасына құрметпен қарау. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 26 жер пайдаланушы өз еркімен жалпы аумағы 40 370 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды.
– Жер қатынастары басқармасының жұмысы қалай жүріп жатыр? Биыл қанша тексеру ұйымдастырылды, қандай заңбұзушылықтар анықталды?
– Біздің басты мақсатымыз – жер заңнамасының сақталуын, жердің ұтымды және тиімді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды қамтамасыз ету, жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау.
Жалпы жинақталған ақпарат негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі бұйрығы қабылданып, (2022 жылғы 4 мамырдағы №139 және 29 маусымдағы №208 бұйрықтары) облыс бойынша 279 субъектіге (997 018 гектар) жоспардан тыс тексеріс жүргізуге рұқсат берілді.
Осыған байланысты Маңғыстау облысының Жер ресурстарын басқару департаменті өз құзыреті шегінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, жалпы алаңы 319 931 гектар болатын 30 ауылшаруашылық субъектісіне қатысты жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша барлығына заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Жалпы көлемі 206 584 гектар болатын 9 ауыл шаруашылық субъектісіне қатысты материалдар құқықтық статистика органына тіркелуде. Сондай-ақ 29 474 гектар болатын 42 ауылшаруашылық субъектісіне қатысты тексеру жүргізілетіні туралы хабарлама берілді.
– Жер иеленушілері негізінен қандай заңсыздықтарға барған?
– «Жер аманаты» комиссиясының жұртшылықпен кездесуінде Түпқараған ауданының тұрғындары малын жаюға жер иелерінің рұқсат бермейтінін және жер иелері телімдерін дұрыс пайдаланбайтынын айтып шағымданды. Бұл да бірінші орындағы заңбұзушылық деп есептеймін. Өйткені игерілмей жатқан жерлер халықтың пайдалануына берілуі керек.
Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға 33 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде, бас жоспарда көзделмеген аумақтардан көпқабатты үйлер салу үшін жер учаскесін беру немесе нысаналы мақсатын өзгерту; бас жоспарда ортақ пайдаланудағы жасыл желекке арналған аумақтарды, рекреациялық аумақтарды, көпқабатты үйлердің кондоминиум құрамына кірмеген үй жанындағы жер учаскелерін кәсіпкерлік мақсаттарға беру; ортақ пайдаланудағы жолдарды кәсіпкерлік мақсаттарға беру, жер телімін рәсімдеуде қызыл сызықтарды сақтамау; өндірістік аймақтардан көппәтерлі тұрғын үй құрылыстарын салу; уәкілетті органның келісімінсіз су қорғау аймақтарынан жер учаскелерін беру; шешім қабылдау кезінде өз құзыреттіліктерін асыра пайдалану фактілері анықталды. Ал игерілмей отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің берілу заңдылығына талдау жүргізу барысында жалпы көлемі 20 мың гектар жер телімі сауда-саттықтан тыс берілгені анықталды. Қазір анықталған факт бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатыр.
– Жайылымдардың өнімділігін арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының, шаруашылық иелерінің басты назы – жайылымның тапшылығы. Сондықтан игерілмей жатқан жерлерді қайтару туралы түсіндіру жұмыстары жалғаса береді. Игерілмей жатқан жерлер халық игілігіне беріліп, ауыл шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасалуы керек. Тұрғындар «AMANAT» партияcының араласуымен жұмыстың жанданып жатқанына, қайтарылған жер көлемінің артып отырғанына қуанышты. Алдағы уақытта да «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы осы қарқынмен жалғаса береді.
– Әңгімеңізге рақмет!