50979
Ота жасаудың 50-ден астам түрін енгізген ғалым-дәрігер – Анарбек Моңғол
Ота жасаудың 50-ден астам түрін енгізген ғалым-дәрігер – Анарбек Моңғол
Анарбек Моңғол – травматологияда ота жасау әдістері мен жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 50-ден астам түрін енгізген білікті маман. Еңбек жолын Талдықорғандағы облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде травматолог-дәрігер қызметінен бастаған ол сол кездегі медицина өрісінің хал-ахуалына алаңдап, оны жақсартудың жолын ғылымнан іздеп, біліктілігі мен білімін арттыра түскен. Осы еңбегі үшін облыстың үздік дәрігері атанып, «Алтын скальпель» халықаралық сыйлығына лайық деп танылған. Газетіміздің осы санынан бастап «Жаңа есім» айдарын ашып отырмыз. Жобаның алғашқы қонағы ретінде Жетісу облыстық ауруханасының директоры Анарбек Моңғолдан алған сұхбатты ұсынамыз.
– Ел ішінде «жұрт іздейтін дәрігер» атағына қалай жеткеніңізді сұрамас бұрын алдымен бұл мамандықты таңдауға кім немесе не түрткі болғанын білгіміз келеді. Тарихи Отанға «адам өмірін арашалаймын» деген арман жетеледі ме?
– Солай десем болады. Негізі, мен – Ұлан-Батырдың тумасымын. Тарихи Отанға, нақтырақ айтсам Алматы облысына қарасты Алакөл ауданы Бибақан ауылына 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған соң көшіп келдік. Онда 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқып, сосын Қабанбайдағы мектепті тәмамдадым. Негізі, дәрігер болуыма зағип жан, әкемнің үлкен әпкесі түрткі болды. Мен оны әже дейтінмін. Ол кісіні бір жарым жасымнан 16 жасыма дейін жетектеп жүрдім. Сыртқа жиі алып шығамын, қонаққа ертіп барамын. Сондай кездерде кішкентай болсам да, әжемді қолтығынан демеп, жетектеп жүргенімді көрген жұрт маған ризашылығын білдіріп кәмпит, ақша беретін-ді. Сол кезде әжем «Бұл балаға ақша бермеңдер. Оған тек бата беріңдер. Бұйырса, ол дәрігер болады» деп айтатын. Сонда «әжемді ауруханаға апарып, ондағы дәрігер оған ем-дом жасағанда оның көзі көріп кетсе ғой, шіркін!» деп армандайтынмын. Сөйтіп, алты жасымнан бастап дәрігер болуды армандадым. 9-сыныпты бітірген соң биология пәніне ерекше ден қойып оқыдым, аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жардым. Бірақ мектеп бітірген соң бірден оқуға түсе алмай, Таразда даярлық курсын оқыдым. Сосын 1999 жылы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Емдеу факультетінің грантын жеңіп алып, алты жыл оқыдым. Одан кейін сол оқу орнының хирургия кафедрасындағы интернатура бөлімінде тағы бір жыл білім алдым. 2006 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау саласын жандандыруға, тұрғындардың өмір сүру жасын ұзартуға бар білім-білігін жұмсаған, бұрын осында директор болған марқұм Маралбек Мейірбеков облыстық ауруханадағы қабылдау бөліміне травмотолог-дәрігер ретінде жұмысқа алды. Онда он жыл жұмыс істеген соң облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, әкімнің ұсынысымен Талдықорғанда жаңадан ашылған қалалық көппрофильді ауруханаға жұмысқа ауыстым. Ол жерде травмотология, ортопедия бөлімін, күндіз-түні істейтін травпункт ашып, жаңа технологиялар енгізіп, үш жылдай сонда еңбек еттім. Сол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетінде магистратура, сондай-ақ Калифорния-Бішкек Халықаралық медицина академиясының Медицина факультетінде докторантура бөлімінде оқып, екі дипломды қатар қорғап, ғылыми атақ иелендім. Бішкектегі академияда жұмыстан қол үзбей оқуға мүмкіндік бар. Ал елде оқысаң, үш жыл жұмысты ысыра тұруға тура келеді. Өйтейін десең, маған қарап отырған отбасым бар, үлкен кісілер бар. Сосын біраз уақыт ота жасамай, хирургияға араласпасаң, «қолың» да шығып қалады ғой. Сондықтан ғылыми жұмыс пен жұмысты қатар алып жүруге тырыстым. Оқығанымды практикада қолданып, ота жасауда жаңа әдістер мен жоғары технологияларды кіріктіруге атсалыстым. Сосын 40 жасқа толған соң артқа қарап, өткенге көз жүгіртсем, алға қойған жоспарымның түгелін орындап қойыппын. Сосын үлкен «теңізге» шығып, өзімді сынап көрейін деп Алматыға басымды бұрдым. 2019 жылы Алматыдағы беткеұстар травматологиялық орталықтардың бірі №4 ауруханада директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа тұрып, екі жыл сонда қызмет еттім. Бет-беделің болған соң онда алғаш барғанда сыни көзбен қарағандар да болды. Бірақ көбі мені қолдап, мен қолданысқа енгізген ота жасау әдістерімді үйреніп, тығыз байланыста болдық.
– Алматыдан еңбек жолыңыз басталған облыстық ауруханаға қайта оралуыңызға не себеп болды?
– Сол кезде облыстан «Облыстық аурухананың басшысы зейнетке шығып жатыр. Оның орнына өзің келсеңші. Сен бұл істі алып кете аласың. Саған сенеміз» деген ұсыныс келіп түсті. Дәл сол мезетте Алматыдағылар бір мекемеден басшылық қызмет ұсынған еді. Арман қуып барған Алматыда қалып кетуге де болатын еді, бірақ облыстағы науқастардың көбі мені іздеп Алматыға келеді. Қазір көпшіліктің дертіне дауа тауып беретін дәрігерді іздеп, содан ғана ем алғысы келетіні өтірік емес қой. Расымен, оңтүстік астанада жұмыс істеген екі жыл ішінде облыстың қалталысы да, қарапайымы жаны қиналғанда мені көп іздейтінін байқадым. Сосын еңбекке араласуыма жол ашқан мекеме, оның дамуына мен көмектеспесем, кім көмектеседі?! Сөйтіп, 2021 жылдың басында облыстағылардың ұсынысын қабыл алып, «ауылыма» оралдым. Білек сыбанып жұмысқа кіріскен уақытта коронавирустың екінші толқыны басталып кетті. Облыстағы жағдайды тұрақтандыруға тырыстық, тіпті жауапты тұлғалардың бізге сенгені соншалық, вирус жұқтырған жүкті әйелдердің көбін осында алдыртып, емдеттік. Бүгінде біздің ауруханда 18 бөлімше жұмыс істейді. Оның 11-і адам емдейтін, қалғаны зертхана, қабылдау бөлмесі секілді қосалқы бөлімдер. Ал бұл бөлімдерде жалпы саны 554 қызметкер жұмыс істейді. Барлығының дерлік біліктілігі жоғары, білімі терең. Бірлігіміз жарасқан, қызыға да, қызғана да қарайтын ұжымбыз. Қызметкерлерімді отбасымның мүшесі секілді ерекше жақсы көремін. Жалпы, аурухананың өзін қатты «жақсы көремін». Оның жұмысын ілгерілету үшін қолымнан келгеннің барлығын істеп жүрмін.
– Түйіндемеңізді оқып отырсам, басшылық қызметпен қатар ғылыми жұмысқа да ерекше көңіл бөлген екенсіз. Біздің түсінігімізде травматолог дәрігер ота жасап, кабинетінен ары аса алмайтын маман секілді көрінеді. Бірақ сіз дәрігердің де бесаспап бола алатынын дәлелдеп жүргенге ұқсайсыз.
– Мықты маман болғысы келетін адам еңбекке араласқан соң із қалдыру керек. Ал ол ізді жалғастырып отыру үшін шәкірт тәрбиелеуің қажет. Бірақ ол шәкіртке жол көрсету үшін ғылымдағы жаңалықтардан хабардар болуға тиіссің. Менің ә дегендегі басты мақсатым осы – соңымнан із қалдыратындай жаңа әдіс ойлап табу. Еңбек жолында жүрген соң тайталас, бәсеке болмай тұрмайды. Шынын айту керек. Ал сол «қайнаған қазанда» өзіңнің жеке тұлға екеніңді көрсету үшін ғылыми атағың болуға тиіс. Менің ізденісте жүруіме себеп болған мына оқиға. Облыстық ауруханаға алғаш жұмысқа тұрған кезде елдегі жағдай анау айтқандай мәз емес-тін. Талдықорғанның да облыс орталығы ретінде енді-енді еңсесін көтеріп келе жатқан кезі. Біздегі құрал-жабдықтар да қазіргі заманға сай емес-тін. Сол кезде көп адам алған жарақатынан айыға алмай, көз жұмған сәттер жиілеп кетті. Жолдар да нашар. Науқастарға медициналық көмек көрсетілсе де, бәрі бұрынғы әдіс бойынша емдеп, жаңашылдық енгізілмейтін еді. Сол кезде менің кезекшілігімде түнде екі көліктің соқтығысуынан ауыр жарақат алған 8 адамды біздің ауруханаға жеткізді. Хирургтер оларды бөліп алып, шама-шарқымыз келгенше көмек көрсетсек те, 8 адамның екеуі көз жұмды. Сосын ойланып, кіреберісте отырған хирург, реаниматологтерге «Халқымыз қашанға осылай қырыла береді? Жағдайды түзеу үшін бір шешімін тауып, бір жоба жасау керек қой» деп айтқаным есімде. Сол кезде әріптестерімнің «Барлығы оңалады» деп жұбатқаны бар. Бізге әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі, ал бізді алаңдатқан мәселенің шешімін табу біздің қолымызда. Сол кезде бізді ерекше жақын тартқан бастығыммен ақылдасып, «медицинаны қалай дамытсақ болады?» деген сауалға жауап, оңтайлы шешім іздедік. Ол уақытта шетелге оқуға жібермейді, ал елде біліктілігіңді арттырайын десең, барлық жерде қолданатыны бір технолгия, бір әдіс. Сөйтіп, 2010 жылы елдегі барлық травмотолог-ортопедтердің басын қосып, үлкен конференция өткіздік. Үш күнге жалғасқан ол жиынға 25 елден келген 500-ге жуық профессор мен маман қатысты. Сол кезде ұршық буынын айырбастау секілді қиын ота жасау әдісін шетелдік профессорлардан көрдік. Содан соң шеберлік сағатын өткіздік. Дәл сол жылы Мемлекет басшысының жаңа технологияларды медицинаға енгізуге бағытталған бағдарламасы аясында шетелге шығып, жаңа технологияларды меңгеруді үйрендік. 2011 жылдан бастап сол оқыған-тоқығанымызды, көрген-түйгенімізді өзімізге енгізе бастадық. Сол жылдан бастап қазіргі күнге дейін 50-ден астам жаңа әдіс енгіздік. Бұрын науқас сан сүйегі сынған жағдайда ота жасаған соң салынған гипспен төрт ай жүруге мәжбүр болатын. Ал қазір ондай жоқ. Гипстің көмегіне өте сирек жүгінеміз, ота жасалған күні ертесі-ақ тұрғызуға тырысамыз. Бұл нені білдіреді? Бұл әлем бойынша қолданылып жүрген жоғары деңгейлі ота әдістерінің бізге де кіріктіріліп жатқанын аңғартады. Ал бұл әдістің барлығын ғылымға деген сүйіспеншілігің болмаса қолданысқа енгізе алмайтының түсінікті. Хирург бір кабинетте отырып тек ота жасаумен айналысса кері кетеді. Сондықтан шыңдалып отыруы қажет. Сондай-ақ осы әдістерді енгізу үшін, әлбетте, шетелге жиі шығып, идея алмастыру керек. Мен 22 елде болып, ол елдердің медицинасын алға бастырып отырған құралдарымен таныстым. Қызу жұмыста жүретін біз шетелде көп бола алмаймыз. Ең ұзақ мерзімге тек Оңтүстік Кореяға бардым. 2012 жылы «Алматы облысының үздік дәрігері» номинациясын жеңіп алған соң облыстық Денсаулық сақтау басқармасы сонда бір айға біліктілік арттыруға жіберді. Осы ретте бір қызық әңгіме айта отырайын. «Тың әдістерді қалай ойлап тапсам болады?» деп құлшынып жүргенде ота жасап жатқан кезде «Мынаны неге былай жасамасқа? Қалыптасқан стандарт бойынша емес, осылай жасасаң, жеңілдеу болады ғой» дегендей небір ойлар келеді. Кореяда біліктілік арттыру кезінде аудармашыға маған жетекшілік еткен кореялық ұстазыма бір әдіс ойлап тапқанымды айтуын өтіндім. Медицина тілімен айтқанда, «Халюс Вальгус» деген аурумен ауыратын адамдардың бірінші бақайы қисайып, сүйегі өсіп кетеді. Сол аурудың емін табудың жаңа әдісін ойлап отырған кезде «Былай жасасақ қайтеді?» деп көкейімде жүрген бір идеяны ортаға салған едім, әлгі профессор табылған ақыл екенін дереу түсініп, сол әдіспен ота жасап, сәтті өткізді. Сосын оны бірден патенттеп алды. Сонда әлгі кореялық «Сөздің шыны керек, Азиядан келіп, бізді үйретеді, жаңа әдіс ойлап табады деп ойламадық» деп қалжыңдаған болатын.
– Сіз жеңіп алған «Алтын скальпель» халықаралық сыйлығы, расымен өз иесін тапқан екен.
– Ол сыйлықты дәрігерлер қауымдастығы былтыр желтоқсан айында берді. «Алтын скальпель» – екінің біріне беріле бермейтін, беделді сыйлық. Хирургиядағы ең үлкен марапат. Оған лайық деп танығанына қуаныштымын.
– Директор болғалы бері ота жасау залына аз кіретін боларсыз.
– Жоқ, бізге скальпельді тастамау керек. Бірақ кейбір басшылар емдеу ісінен шаршап, тек басшылық қызметпен айналысады. Егер менің ота жасауыма мұқтаж адамдар көп болса, мен неге тек директор болып отыруым керек? Бұл қызметке кіріскен алғашқы айда аурухананың «ішкі асханасын» жете түсіну үшін ұйымдастырушылық қызметке бас қатырып, бір айдай ешбір науқасты қабылдамадым. Сол кезде бір науқас апа кабинетіме көтеріліп «Иә балам, орның құтты болсын! Бәрі халықтың арқасы ғой. Директор болып отыра бермей, бізге де кеңес берсеңші. Бір сағат болса да уақытыңды бөлсең қайтеді?» деді. Сол кезде «тек басшылықпен айналыссам жұртшылық көкірегіне нан пісіп, тайраңдап жүр» деуі мүмкін деп аптасына үш рет түскі екі мен төрттердің арасында науқастарды қабылдап, кеңес беретін болдым. Жиналыстар бітіп, ұйымдастырушылық жұмыстарды реттеген соң арасында отаға кіремін. Жаңа әдістер мен жаңа технологиядарды түсіндіремін. Қол астымда жұмыс істейтін травматолог мамандар қағілез, айтқаныңды бірден түсіне қойып, іліп әкетеді.
– Облыстық аурухана болған соң аудандық ауруханалармен арадағы тығыз жұмысты сұрамай кетпесек болмас.
– Аудандық ауруханадағы мамандар бізге жиі келіп, біліктілік арттырып қайтады. Біз де оларға тәжірибе алмасу үшін мамандарды арнайы жібереміз. Мысалы, шілде айында аудандарға 4 бірдей хирург жібердім. Төртеуін бірден жібере сала алмаймын, сондықтан әрқайсысын 10 күннен жіберіп отырдым. Аудандағы дәрігер бізге келгенде оның орнына біздің маман барып, орнын алмастырады. Аудандағы ауруханада да орын босап қалмауға тиіс. Жалпы, мұндай практиканың берері зор. Өйткені облыс орталығында жұмыс істейтін мамандар да аудан, ауылдың ахуалынан хабардар болуы керек, ал аудандық аурухананың маманы үшін орталыққа келіп жұмыс істеу таптырмас мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті.
– Шетелдік тәжірибені көп қолданған маман ретінде бізге мынаны айтыңызшы, Қазақстан халқының өз денсаулығын күтіп ұстауға байланысты таным-түсінігі қай деңгейде?
– Бізде көп мемлекетпен салыстырғанда медицина толығымен тегін. Барлық жағдай жасалған. Бірақ біздің халық көп нәрсені байыбына барып түсіне бермейді. Мысалы, шетелде ауруханаға жататын адамның емдеуге жұмсайтын қаражатының 50-60 пайызын медсақтандыру жүйесі төлейді. Ал қалғанын науқас өз қалтасынан шығарады. Ал бізде барлығы тегін. Біз, дәрігерлер мінсізбіз деуден аулақпын. Бізден де мін табылады. Біз де адамбыз, ет пен теріден жаралғанбыз. Бізден де кемшілік кетеді. Бірақ біздің қазіргі медицинада қаражат бар, бет алған бағыты дұрыс. Дегенмен халық осыны түсіне бермейді. Мысалы, түнде аяғын бірдеңе шағып алса, таңертеңге дейін басылып қалар деп немқұрайды қарайды. Сосын әбден асқынып, ақсап, табанын жерге тигізе алмайтын жағдайға жеткен кезде ғана дәрігерге барып қаралады. Осы жағынан алып қарағанда халықтың медициналық көмек көрсетуге қатысты көзқарасын әлі жетілдіре түсу керек.
– Сонда біздегілер дәрігерге 100 пайыз сенуге қорқақтай ма сіздіңше?
– Иә. Бойымызда бұрынғы менталитет сақталып қалған. Көбі ауырмаудың жолын іздеп, бақсы, емшіге барады. Олар әуелі бізге келіп, біз көмек көрсете алмасақ бір жөн. Жоқ, бірден солардың есігін сығалап жүреді. Мысалы, сіз Германия, Францияның ауруханаларына барып «Бақсыға қаралған едім, қолымды теріс салып берді» деп айта алмайсыз. Ал біздікілер «Бір ай жүрген едім, тәуір болмады, сосын сынықшыға бардым. Ол да көмектеспеді, содан соң сізге келдім» деп алдыңа асқынған ауруымен келіп тұрады. Сосын мен «Алдымен сынықшыға сеніп, болмаған соң біздің білімімізді сынауға келіп тұрсыз ба?» деп қалжыңдаймын. Кезінде қызметтес болған бір мықты маманның «Халыққа Нью-Йоркті де салып беруге болады, бірақ олар екі жылдан соң одан Алматы жасап алады ғой» дегені есімде. Одан бері халықтың сапасы артты, күнкөріс деңгейі жақсарды. Бірақ бізге әлі де болса дәрігерге сенуді мойындату керек. Қазір бізде барлығы қарқынды дамып келе жатыр. Үш күн бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің коллегиясына онлайн форматта қатыстық. Жоспар бекітіліп, тапсырма берілді. Ана мен бала өлімін азайту, халықтың ұзақ өмір сүру ұзақтығын арттыру, содан соң стационар жағына емес, профилактикаға көп көңіл бөлуге қатысты бағыт-бағдар көрсетіп, жұмысты екі есе істеуге ерекше серпін берді. Енді осы үлкен жұмысты бастауға кіріскелі отырмыз.
– Облыстық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу де осы жұмыстың ішіне кіретін шығар?
– Қазір басты мақсат – аурухананың «еңсесін» көтеру. Облыста Денсаулық сақтау басқармасынан кейінгі ірі мекеме – осы облыстық аурухана. Барлығы осында келіп қаралады, мамандар осында келіп шыңдалады. Қазір сол Денсаулық сақтау басқармасы және әкімдікпен бірге ауруханамызды күрделі жөндеуден өткізіп, келесі жылы жаңарған ғимаратта науқастарды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Аурухана ашылған 47 жылдың ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Құдай қаласа, бәрі дұрыс болады деп отырмын. Қазір облыста, аудандағы әрбір мекеме өз алдына бөлек дамып жатыр. Сосын жөндеу жұмысы жүргізілмеген, жағдай онша жасалмағандықтан, кейбір науқастар ауданда жаңа бой көтерген ауруханаларға барып емделеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, мені еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп келіп, ем алатындар жетерлік. Өткенде Маңғыстау өлкесінен ота жасатуға келген бір апа «Балам, мұнда барлығы жақсы-ақ, қызметкерлерің де, олардың бізге көрсеткен сыпайылығы да керемет. Бірақ ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жасау керек секілді ме, қалай?» дейді. Бұйырса, келушілердің көңілінен шығатын жұмыс жасалмақ. Дегенмен ауруханаға түрлі жарақатымен келетін науқастар саны азайсын деп тілеймін. Бірақ халық саны өскен сайын жарақат саны да көбейеді. Облыс бойынша жасалған статистикаға сенсек, былтыр жарақат алған адам саны 22 пайызға көп. Бірақ өлім-жітім, жол апаты саны азайған. Былтыр әкімдік, Денсаулық сақтау басқармасы, Травматология институтының қолдауымен облыс аумағында жол апаты болған кезде дереу мамандарды жібере қоятын ситуациялық орталық ашқанбыз. Мен сол орталықтың жұмысын да басқарып отырамын. Ондағы мамандар 24 сағат бойы жұмыс істейді. Жол апаты болған жерге өздері барады, егер шамасы жетпей жатса, орталыққа хабарласып консультация алады. Осылайша, қолдан келген көмектің барлығын көрсете-міз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ісіңізге береке берсін!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ