«Қара шаңырағымнан қалған үйімнің алдында жеті сотық жерім бар. Есік алдынан темірден жасалған, ішінде жылыту жүйесі бар шағын жылыжай салғанмын. Былтыр қияр егіп, 1 жылда 3 рет өнім алдым. Осыдан екі жыл бұрын ауыл мен аудан әкімдігінің араласуымен 24 сотық жерге қолым жетті. Осы бір айдың көлемінде есік алдындағы жылыжайымды сол жерге көшірсем деген мақсатым бар. Осы жылыжайдың арқасында жылдың үш мезгілінде өнім алдым, енді қыста да өнім алсам деймін. Өзімнің 2,5 гектар суармалы жерім де бар. Былтырдан бері ол жерге ештеңе екпедім, демалдырып жатырмын. Қосымша жер болмағаннан кейін ауыспалы егістік алқабын демалдырып отырмаса болмайды», – дейді жердің жайын білетін диқан.
Шаруаға берілген 24 сотық жердің аумағында жол, жарық жоқ, электр желісі тартылмаған. Ал су мәселесін шаруаның өзі шешіп алған. Қолмен қазған құдықтан мотормен су тартып, егістік алқапты суғарады. Ал электр жарығын 200 метр жердегі көрші үйден уақытша алып отыр. Осы орайда Қарақұм ауылының әкімдігі инфрақұрылым мәселесін шешіп берсе, егістік алқаптары жайқалар еді.
Тумысынан тынымсыз, еңбекқор Самат берекені көктен емес, жерден тілейтін нағыз жер емген диқан дерсің. Ауылдастары қашан көрсең оның егістік басында жүретінін айтады. Өзі Instagram, TikTok, YouTube желілерінде белсенді, егіншілікке бет бұрғысы келетіндерге ақыл-кеңесін аямайды, білгенін бөлісіп, көкөніс өсірудің жаңа технологиялары мен оны күтіп баптаудың қыр-сырын үйретеді. Бүгінде оны халық шағын алқаптан мол өнім алудың жолын білетін диқан-блогер ретінде таниды. Ал қарапайым Саматтың өзі бұл туралы «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» дейді.
Жетістікке еңбек арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жастай түсінген ол Абайдың: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген сөзін өмірлік қағидасына айналдырған. Ерінбей еңбек еткен адамға Жер Ананың да берері мол. Қазақ «Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді» деп бекер айтпаған. Кәсібіңді жан қалауыңмен жасасаң, қай салада болмасын жетістікке жетуге болады. Былтыр ол ауыл сыртындағы арамшөп басып, қараусыз жатқан жерге қияр екті. 300 метр тереңдікте құдық қазып, жарық жүргізді. Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды деген рас екен. Бір алқаптан көктемнен жазға дейін 12 тонна қияр, жаздан күзге дейін 8 тонна қияр алды. Осылайша, 20 сотық жер 20 тонна қияр берді. Табысы да жаман болған жоқ. Былтыр шағын ғана жерден 3 млн теңгеге жуық табыс тапқан.
Самат биыл қаңтардың аяғы ақпанның басында өзінің жылыжайында қызанақтың тұқымын өндіріп, өсірді. Көктем шығып, жер жыли бастағанда тамшылатып суғару әдісімен қызанақ екті. 8 тонна өнім алды. 5 сотық жерге еккен қияры 3,5 тонна өнім берді. Осы жерді қайтадан трактормен айдап, тыңайтқышын сеуіп, екінші рет өнім алу үшін қияр егіп қойған. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген. Күзде 7-8 тонна қияр алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта тропикалық, цитрустық жемістерді көптеп өсіруді қолға алмақ.
«Болашақта 24 сотық жерімдің 7-8 сотығына үй салсам деймін. Қалған бөлігін жылыжайға арнаймын. Келесі жылғы табысыма жылыжайды үлкейтіп, жан-жағын қоршап, кәсібімді үлкейтсем деген мақсатым бар. Жылыжайды үлкейткен соң ауылдың апайларын тұрақты айлыққа жұмысқа алсақ деген мақсат бар. Сонда қысы-жазы жұмыс болады», – дейді диқан.
Самат өзі өсірген өнімдерін Шымкенттегі, сондай-ақ ауылдардағы шағын базарларға да апарып сатады. Өзі диқаншы болғандықтан, өнімдерін басқаларға қарағанда арзандау береді. Ауыл-аймақтағылар да оны танып қалған. Өнімі таза болғандықтан, тұрақты тұтынушылары да көп. Өйткені өнімдеріне селитра қоспайды.
Дала еңбегі оңай шаруа емес. Нағыз диқан болу үшін темірдей төзім мен тынымсыз еңбек қажет. Таң атқаннан кеш батқанға дейін кетпенін иығынан тастамай жүретін диқандардың еңбегі адал-ақ. Қиындығы көп кәсіпті ары қарай дамыту үшін қолдау артықтық етпейді. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау болса, Самат әлі талай адамды жұмыспен қамтамасыз етер еді.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ