1479
Қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері
Қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері
23 тамызда Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының шетелдіктерге қазақ тілін оқытатын оқытушылар мен әдіскерлерге арнап ұйымдастырған «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыбындағы халықаралық біліктілікті арттыру онлайн семинары өз жұмысын бастады.
Құттықтау сөз сөйлеген Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов: «Біз қалайық, қаламайық жаһанданудың ішіндеміз. Күні кешегі «оқыту», «білім беру» дегеніміз белгілі бір ақпаратты беру және оны қайта мазмұндау деген тар түсінік аясынан шығып, алынған білімді күнделікті өмірде қолдану, адамзаттың игілігіне жарату болып өзгерді. Білім алушыларға тек жаңа ақпаратты
беріп қана қоймай, оларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелеу, анализ жасау, оны қолдануды үйрету әр оқытушының алдында тұрған үлкен міндет», – деп атап көрсетті.
Халықаралық іс-шараның алғашқы шымылдығын Сүлейман Демирел университеті MDE орталығының ғылыми координаторы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Райхан Абнасырова ашып, «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялар» туралы жан-жақты әңгімеледі. Дәріс барысында жаппай ашық онлайн курстардың мүмкіндіктері кеңінен сөз болып, қызықты тәлім соңы тәжірибелік жұмыстарға ұласты.
Семинардың келесі күні Сүлейман Демирел университетінің MDE орталығының оқытушысы Әлия Закария «Шетелдіктерге қазақ тілін үйретуде дағды қалыптастыратын тиімді бағдарламалар» мен «Қазақ тілін шет тілі ретінде ашық білім беру платформасы арқылы оқыту» туралы айтады.
Халықаралық шараның үшінші күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері Айгүл Орманова семинарға қатысушыларды «Абай институты» жобасының 2022 жылғы жұмыс барысы және болашаққа жоспарымен таныстырады.
Семинар қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификат табысталады.
Б.БАЛЫҚБАЙ