885
Қайтарылған жерді заңдастырудың қиындығы жоқ
Қайтарылған жерді заңдастырудың қиындығы жоқ

Ауыл шаруашылығы саласы үшін жайылым мәселесі ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді. Қордаланған мәселелерді шешу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің өңірлерін аралап, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтарумен және оны ауыл тұрғындарының арасында әділ үлестірумен айналысып келеді. Соның бір мысалы, жақында комиссия шешімімен Ақтөбе облысында 20 мың гектар жайылым жердің мемлекетке қайтарылуы болды. Осы орайда Ақтөбе облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Баянбек Қырықбаевқа хабарласып, қайтарылып жатқан жердің мәселесі жөнінде білген едік.
– Әңгімемізді «Жер аманаты» комиссиясының 20 мың гектар жерді құзырлы органдармен бірлесіп мемлекет меншігіне қайтарғанынан бастасақ. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қалай жалғасын табады?
– Биыл 1 шілдеде «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер Аманаты» комиссиясының төрағасы, партия хатшысы Д.Кәрібек және Жер ресурстарын басқару Комитетінің төрағасы М.Теміржанов бастаған топ мүшелері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Ақтөбе облысының мемлекеттік органдары басшыларымен және ұйымдардың жетекшілерімен сала мәселелеріне қатысты көшпелі мәжіліс өткізді. Содан соң Қобда ауданында жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында өзекті мәселелер көтеріліп, малшылар өз ұсынысын жеткізді. Аграрлық сала еңбеккерлері жайылым жерлер мен шабындық алқаптарының жетіспейтінін айтты. Сондай-ақ шаруалар ірі қара малы үшін белгіленетін жайылымдық жер нормаларын әр облысқа әртүрлі белгілеу қажеттігін, өйткені әр өңір жерінің климаты да, шөп шығымы да әртүрлі екенін жеткізді. Диқандардың ұсыныстарын тыңдаған комиссия төрағасы Д.Кәрібек айтылған мәселелердің аяқсыз қалмайтынын, комиссия қарауына шығарылатынын айтты. Комиссия жұмысы нәтижесінде Байғанин ауданында – 15 мың гектар, Хромтауда – 1,9 мың гектар, Қобдада – 2,1 мың гектар, Әйтеке биде – 149 гектар, Қарғалыда – 876 гектар және Ақтөбе қаласында 370 гектар жер қайтарылды. Ал жайылым жердің жалпы аумағы 25 миллион гектарға дейін жетеді. «Жер аманаты» комиссиясы осы сапар барысында 20 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарса, қазіргі таңда 193 мың гектар жер қайтарылды. Айта кетсек, Ақтөбе облысының жалпы көлемі – 30062,9 мың гектар. Жер қорының 26970,2 мың гектары – ауыл шаруашылығы алқаптары, оның ішінде 25293,9 мың гектар – жайылым, 1570,5 мың гектары – егістік. «ҚазҒарышСапары» ұсынған мәліметке сүйенсек, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 2700,0 мың гектар. Жалпы 1 000 гектар жерді пайдаланылып жатыр деп есептеу үшін 21 бас ірі қара, немесе 101 бас қой-ешкі, немесе 17 бас жылқы, немесе 17 бас түйе жеткілікті. Яғни, 1 бас ірі қараға – 10 гектар, 1 бас қой-ешкіге – 2 гектар, 1 бас жылқы мен түйеге 12 гектар жер жетеді. Бұл орташа есеппен алғандағы көрсеткіш және бұл сандар облыстың аймағына қарай өзгереді. 2023 жылдан бастап осы көрсеткіштермен 50 пайыздан кем мал басы болса, ол жер пайдаланылмайтынын айта кеткім келеді.
– Халықты жерге байланысты тағы қандай мәселелер мазалайды?
– Ең негізгі өзекті мәселенің бірі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару болып отыр. Облыстың айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері 12552,6 мың гектар, оның ішінде жайылымдық жерлер 11296,9 мың гектар. Өткен жылы облыс бойынша 25 конкурс өткізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 1364,7 мың гектар жер телімдері айналымға енгізілді, оның ішінде 27,4 мың гектар егістік. Бос жатқан жалпы көлемі 524,8 мың гектар жер телімдері қайтарылды, оның 39,2 мың гектары егістік. Халықты алаңдатып отырған екінші мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді табыстау кезінде жүргізілетін конкурстардың заңдылығы. Мысалы, 2020-2021 жылдары аудандарда өткізілген конкурс нәтижесінде біраз кемшіліктер анықталды. Нәтижесінде, үш ауданның жауапты лауазымды тұлғасы қызметтерінен босатылды.
– Департамент тарапынан жыл басынан бері ұйымдастырылған тексерулер нәтижесі қандай? Жер иеленушілер қандай заңсыздықтарға барған?
– Қазір департамент тарапынан жылдың басынан бері 508 мың гектар алаңда 217 тексеріс жүргізілді. Оның 351,3 мың гектар алаңында 128-нен заңбұзушылықтар анықталып, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілді. Жер иелері жиі жол берілетін заңбұзушылық – жерді мақсатына сай пайдаланбау. Сонымен қатар мемлекеттік жерді заңсыз иелену, жер заңнамасын бұза отырып пайдалану фактілері орын алып отыр.
– Аталған заңсыздықтарды жою үшін департамент қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің биылғы 4 мамырдағы №139 «Бақылау және қадағалау субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулерді тағайындау және жүргізу туралы» бұйрығы негізінде департамент тарапынан пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қатаң бақылауға алынып отыр.
Негізінен, заңбұзушылыққа орын берген тұлғаға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 338-бабына сәйкес айыппұл шарасы қолданылады, орындауға міндетті нұсқама табысталады, жер теліміне табысталған нұсқама негізінде ауыртпалық қойылады, 20 есе салық салынады және нұсқаманы орындамаған кезде жер телімдері сот тәртібімен мәжбүрлі түрде қайтарылады. Мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімі күшіне енгеннен бастап жер пайдаланушы жер телімдері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіміне қосылады. Аталған тізімге қойылған жер пайдаланушыға кейінгі үш жыл мерзімде жер алуға тыйым салынады.
– Биыл Ақтөбе облысында 5 рет конкурс өткізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 368,1 мың гектар жер телімі айналымға енгізілген екен. Жалпы, мұндай конкурстардың қалай өтетінін айтып беріңізші.
– Жер ресурстарын басқару департаменті Ақтөбе қаласы және аудандық жер комиссиялары құрамы бойынша талдау жүргізді. Талдау барысында комиссия құрамының уақытылы бекітілмейтіні, мүшелерінің санына және сапалық құрамына қойылатын талаптардың сақталмайтыны анықталды. Жер кодексінде көрсетілген тағы бір талап қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде 50 пайызын құрауы тиіс. Алайда бұл талаптар кейбір аудандарда сақталмаған. Аудандық жер комиссияларына қатысты заңнаманың жоғарыдағы талаптары сақталмауы, аталған комиссиялар қабылданған шешімдердің заңдылығы күмән тудырады. Осы шешімдердің негізінде жер телімдерін беру туралы әкімдіктердің қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жоюға әкеліп соғуы ықтимал. Ал жалпы конкурстардың заңдылығы сот тәртібімен қаралады.
– Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайта заңдастыруда қандай қиындықтар кездеседі?
– Қайтарылған жерді заңдастырудың қиындығы жоқ. Алдымен жергілікті атқарушы органның жер қорына қайтаруы жөнінде шешімі шығарылады. Жер қорына енгізілген бос жатқан жер телімдері конкурс арқылы табысталатын жерлердің тізіміне қосылып бекітіледі және белгілі мерзімде таратылуға конкурсқа шығарылады.
– Негізінен, жерлер сот шешімімен қайтарылып жатыр ма, әлде әкімшіліктің араласуымен бе?
– Қазір департамент жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жер пайдаланушылар пайдаланылмай жатқан жер телімдерін өз еркімен тапсыруға жазған арыздарының негізінде әкімшілік шешімдерімен мемлекетке қайтарылып жатыр. Сонымен қатар ағымдағы жылдың басынан бері жүргізілген жоғарыда мен атап өткен 217 тексерістің нәтижесінде анықталған 128 бұзушылық бойынша, нұсқаманың мерзімі аяқталған соң заңбұзушылық жойылмаған жағдайда сот шешімімен қайтарылатын болады.
– Жерді ұтымды және тиімді пайдалануға бақылау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Алдағы уақытта бұл жұмыстарды іске асыру тетіктері қандай болмақ?
– Біздің департамент жерді тиімді және ұтымды пайдалануға бақылау жүргізіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 мамырдағы «Бақылау және қадағалау субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулерді тағайындау және жүргізу туралы» бұйрығы негізінде департамент тарапынан пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қатаң бақылауға алынады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың
1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеру тоқтатылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушылардың барлығы шағын кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан 2020-2021 жылдары оларға тексеру жұмыстары жүргізілмеді.
Биыл мамыр айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерін пайдаланушылардың тізімі бекітіліп, өңірлер арасында алғашқы болып Ақтөбе облысы тексеріс жұмыстарын бастады. Бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланылмайтын жалпы көлемі 568 мың гектардан астам 244 жер телімінің тізімі аталған бұйрықпен бекітілді. Сонымен қатар Президенттің тексерулерге мораторий жарияланған жарлығына Жер саласындағы заңбұзушылықтарға тексерулерді жүргізуге рұқсат ету жөнінде 2022 жылғы 9 тамызда өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты алдағы уақытта жер саласындағы тексерулерге кедергі болмайды.
– Жерін өз еркімен мемлекет меншігіне өткізіп жатқан жер пайдаланушылары бар ма?
– Жерін өз еркімен бас тарту арқылы мемлекетке қайтару қажеттілігі туралы Департамент жер пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 184,4 мың гектар жер телімі қайтарылды. Ал былтыр 524,8 мың гектар жер телімі қайтарылған болатын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ