50357
«AMANAT»-тың жаңа Тұғырнамасы қоғам талқысына түседі
«AMANAT»-тың жаңа Тұғырнамасы қоғам талқысына түседі
Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеу жөнінде кеңес өткізді. Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ бейнеконференц байланыс арқылы партияның аймақтық филиалдары қосылды.
Саяси тұғырнаманы жаңарту жұмыстары биыл сәуірден бастап жүргізіліп жатыр. Кездесуді аша отырып, Ерлан Қошанов Қазақстан дамудың сапалы жаңа кезеңіне қадам басқанын және «AMANAT» партиясы қоғам талабына сай өзгеруі тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» құру ісіне қатысты ауқымды міндеттер қойды. Партия осы жұмысқа белсене қатысып, Президент реформаларына қолдау көрсетуі тиіс. Ол үшін «AMANAT»-тың Саяси тұғырнамасын қайта қарау қажет. Бұл қадам партиялықтарға жаңа бағыт-бағдар беріп, олардың халық мүддесін қорғау ісіндегі азаматтық белсенділігін арттыруы тиіс», – деп атап өтті Е.Қошанов.Партия Төрағасының пікірінше, Саяси тұғырнаманы жаңарту жұмысы тек «халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілуі тиіс. Бұл – аса маңызды мәселе. Еркін пікір алмасу, кең саяси диалог қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жұмысқа барлық аманаттық атсалысуы қажет. «Әрбір партиялық Саяси тұғырнамамызды біліп қана қоймай, ондағы құндылықтармен бөлісуі керек. Оны күнделікті жұмысында басшылыққа алғаны маңызды», – деп атап өтті Е.Қошанов. Отырыс барысында Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Ерлан Саиров, партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Марат Шибутов, қоғам қайраткерлері Мұрат Әбенов, Данат Жұмин, Марат Бәшімов, партияның аймақтық филиалдарының өкілдері және тағы басқалар сөз сөйледі. Партияның Саяси тұғырнамасында көрініс табуы тиіс тәсілдер белсенді талқыланды. Бұл қадам «AMANAT»-тың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жағдайда сайлаушылардың сенім үдесінен шығуға мүмкіндік беруі тиіс. Отырыс қорытындысы бойынша партия Төрағасы Саяси тұғырнаманы әзірлеу ісіне қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, Тұғырнама жобасын жария талқылау ұйымдастырылады. Соның ішінде, сараптамалық кездесулер, өңірлерде жеке кеңестер өткізіледі. Бұл жұмысқа партияның барлық филиалдары, Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттағы фракциялар тартылады. Ауқымды талқылау жүргізу мақсатында құжат партияның сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылады. Әр отандасымыз өз ұсынысын енгізе алады. Қоғамдық саясат институты партиялықтар арасында жаңа Саяси тұғырнаманың басымдықтары жөнінде әлеуметтік сауалнама жүргізеді. Құжат жобасы «TALQYLAU» диалог алаңында сарапшылардың, блогерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен талқыға салынады. «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасының қорытынды жобасы биыл күзде республикалық партия конференциясында талқыланады.