«Болашақты» «бағындырған» басшы

«Болашақты» «бағындырған» басшы

«Болашақты» «бағындырған» басшы
ашық дереккөзі
620
Қазір қазақ қыздары қайсарлығымен қатар білімімен де биікті бағындырып жүр. Әлдиін айта жүріп, әлемнің бірқатар тілін меңгергендері баршылық. Жаһандық технология тетігінің тілі мен ебін тапқандары да жоқ емес. Отанға қызмет қыла жүріп, отбасын да бақытты ете біледі. Қысқасы, қазақ қыздарының қолынан бәрі келетінін дәлелдеп келеді. Осындай тілі жүйрік, ойы озық, білімді һәм білікті басшы қыздардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Жәдігерқызы. Саналы ғұмырын ғылым мен білім жо­лына арнап келе жатқан Сәуле Рах­­­меттулинаның білімі терең, еңбегі ерен. Ұлт­тық құндылық жолындағы ұс­та­нымы ай­қын. Білімнің телегей теңі­зіне бағытталған жүйе­лі жоспары, игі­лікті ісі көп. Ол қашанда қа­саң қағида, ес­кі танымға есесін жібермеуді мақ­сат ет­кен. Шыншылдықтың шыңынан кө­ріну­ді көздеп келеді. Сондықтан да: «Бас­шы болу біліміңе білім, тәжірибеңе тә­жірибе қос­пайды, басшы болу ба­сың­дағы жауап­кер­ші­лікті 3-4 есеге көбей­те­ді», – дейді. – Жұмыста жоғары сатыға көтерілу үшін қо­­сымша білім алып тұру керек. Мә­селен, қа­­зір ағылшын тілін меңгеріп жа­тырмын. Сол тілдегі түрлі фильм, му­льтфильмдер кө­ре­­мін. Әйел болған соң жұ­мыстан бөлек өзге қы­зығушы­лық­тар­мен көңіліңді бір сәтке бол­сын аулағың ке­ле­ді. Дәмді тағам әзірлеп, үй тірлігіне ара­ласамын, әдеттегідей. Одан бө­лек, зум­ба биін билеймін. Зумба – көңілді кө­­­теріп, энергияны толтыратын би. Ра­қат­та­намын. Жұмыста әртүрлі жағдай бо­лады. Зумба билегенде бүкіл негативті шы­ғарып, жақ­сы нәрселерді ғана ой­лай­мын. Оның бар­лығын қай кезде істей­мін? Қолым бо­саған уақытта. Көптеген әйел қолы босаса, өзін дамытумен емес, тұрмыстық жұ­мыс­тармен айналысады. Ол дұрыс емес деп ой­лай­мын. Адам өзі­не де инвестиция салуы ке­рек. Тек өзім ғана емес, университет ары қа­рай дамуы үшін, біздің қызметкерлер де шет­елден кел­ген әріптес, студенттермен бір дең­­гейде, бір толқында болып, еркін сөй­ле­сіп, қарым-қатынас құрып, зерттеу жа­сап, ғы­лыми мақалаларды бірге жаза алуы­мыз үшін тілді жетік меңгеруіміз ке­рек. Шет­елдіктердің де «қазақтар осын­дай екен ғой» деп тануына оңай бо­лады, – деп бастады әңгі­месін ректор. Сол табандылығының арқасында Сәу­ле Жәдігерқызы биыл «Бо­ла­шақ» бағ­дарламасының тағылымдама гран­ты бойынша Вашингтон уни­вер­си­те­тінің грант ие­гері атанған. Осылайша, жаңа оқу жылын өзге құрлықта қарсы алмақ. Ректордың ай­туынша, бір ғана уни­верситеттің 11 қыз­мет­кері аталмыш бағ­дарламамен грантын ұтып алған. Иә, жауапкершілікті арқалау үшін де үлкен батылдық, табандылық ке­рек. Бас­тысы – жақындарыңның сені қол­дауы. Ал бұл сенім мен төзім бала кез­ден қалып­таса­ды. Сәуле Жәдігерқызы Қа­тонқарағай ау­данында зиялылар от­басында дүниеге кел­ген. Әкесі Қазы­ке­нов Жәдігер көп жыл мек­теп директоры бо­лып қызмет атқарған. Жай директор емес, кризис-менеджер. Шы­ғыс Қа­зақ­стан­да бірінші болып «Дарынды ба­­ла­лар­ға арналған лицей-интернатын» аш­­қан ерен тұлға. – Кеңес кезінде қай жерде мектеп са­лын­бай жатыр, қай жерлерде оқу үл­герімі төмен, та­ғы да басқа мәселелер бол­са, сол жақта әкем жүретін. Қазір 12 жы­л­дық білім беруді ен­ді енгізіп жатыр ғой. Әкем сол 90-жылдары 12 жылдық мек­теп ашуды бастап кеткен. Алғаш­­қы түлектеріне келер жылы 30 жыл бо­­лады. Түлектер колледждің және мек­теп­тің де аттестатын алып шықты. Лицейден өте мықты мамандар шықты. Лицейдің ең бір ерекшелігі, жүйесі мынада – әр апта сайын университет ұстаздары қосымша бі­лім ретінде мектепке барып сабақ бе­ре­тін. Ба­лалардың да оқу-ғылымға деген құш­тар­лығы ерекше еді, – деп өткен шақ­ты еске ала­ды Сәуле Жәдігерқызы. Мектеп бітіргеннен кейін Сәуле Рах­­ме­туллина Новосібір уни­вер­­с­ите­тіне оқуға түсіп, онда «Механика, ма­тема­ти­ка» мамандығын тәмамдайды. Кейін Өске­мен­ге қайтып келіп, қаладағы оқу орын­дарын­да еңбек жолын бас­тай­ды. Қазір рек­торлық етіп жүрген уни­вер­ситетте IT са­ла­сында кандидаттық дис­сертация қорғап, экологиялық жағ­дай­дағы ақпараттық тех­нологиялар мә­селесін, әсіресе атмосферадағы мә­­се­лелерді қаузайды. Университетте аға оқы­тушы, математикалық және ком­пью­тер­лік модельдеу кафедрасының мең­герушісі, стратегия жөніндегі про­рек­тор, ары қарай ректорлық қызметке та­ғайындалады. – 15-20 жылдай уақытым таза бі­лімге кет­ті. Босқа уақыт өткізіп, оқуға осын­шама уа­қытты жұмсағаныма еш өкінген емеспін. Өзім­ді-өзім дамыттым. Бас­шы болу деген айт­тым бітті деген емес, басшы болу деген ал­дымен жауап­кершілік. Әлі де бос уақыт бол­са, жаңа курс, жаңа кітап, жаңа техно­ло­гия­ларды, жаңа трендттерді оқу – әр уақытта қы­­зығушылығымды тудырады. Себебі мы­на дү­ние қазір тез өзгеріп жатыр, – дейді уни­вер­ситет ректоры. Кеңес кезінде ашылып, тех­ни­калық ма­мандарды даярлауда ұс­тахана болған Д. Серікбаев атындағы тех­никалық уни­­верситетке басшылыққа келуі – Сәуле Жә­дігер­қызының өміріндегі ірі белестердің бірі еді. Ректор-әйел қа­зір инженерлік ма­ман­­дық­тардың дең­гейін көтеріп, маңыз­ды­лығын көр­сетіп жа­тыр. Ел Президентінің «инженер­лер­дің жаңа буынын дайындауы­мыз керек» де­ген сөзін естен шығармақ емес. Уни­вер­ситет бүгінде инженерлерді Washington Accord стандартына сай дайындай­ды. – Біздің оқу бағдарламамызда жал­пы бі­лім беру тәртібіндегі пәндер көп, яғ­ни тео­рия. Ал Washington Accord стан­дар­ты бойын­ша техникалық жағынан тәр­тіп болуы керек. Қа­зақ инженерлері көп болсын деп жұмыс іс­теп жатырмыз. Осылайша, университет ха­лықаралық жағына қадам басып келеді. Оның үстіне, студенттерді қабылдап, жұмыс қай­нап жатыр. Ең қиыны - түлектерге уни­вер­ситеттің әржақты деңгейін көр­сетіп, ақ­парат беру. Мәселен, кейбір бала­лар тек грантқа түссек деп ойлайды. Олар­ға қандай ма­­ман болып шығатыны, ары қарай ол сала­да жұмыс істей ме, бәрі­б­ір. Қай бағытты таң­дарын білмей кел­ген түлектерге кәсіби кө­мек көрсе­те­міз. Негізінен, тау-кен ісі мен ақ­парат­тық технологияларға басымдық бере­міз. Не таңдарын білмей тұрған бала­лар­ға ақпараттық технология мамандығын ұсы­­­намыз. Себебі IT қазір кез келген сала­да бар, өлмейді, – деп қосты Сәуле Рах­метул­лина. IT, инженерия демекші, Сәуле Жә­ді­гер­қызының екі бірдей баласы мен өмір­лік жол­дасы да осы салада. Жолдасы екеуі бала­лары­ның болашағын мектеп кезден айқын­дап берген. Қызы Айсұлу Қа­зақстан-Британ университетінде, одан ары Мюнхен уни­вер­ситетінде IT сала­сында маман болып, қазір Ир­лан­диядағы алпауыт Google компа­ния­сында қызмет етіп жатыр. Ұлы Өскемендегі үз­дік мектепті бітіріп, Германияда Бохум-Рур университетінде «Машина ж­асау» мамандығы бойынша білім алып жа­тыр. – Ұлымыз да физика-математика жа­ғы­нан жақсы, алайда тіл меңгеруде ба­­­­­сым­дық бере­тін Өскемендегі №10-мек­­теп-гимназияға бердік. Мектеп қа­быр­ғасында жүріп, неміс жә­не ағылшын тілдерін жетік меңгеріп шық­ты. Себебі қа­зір әлемде көптеген ком­па­ния­ның тех­никалары Германиядан шығып жа­тыр. Осылайша, балаларымыздың бо­ла­ша­ғын мектеп кезінде айқындап, олар­ды сол жол­ға бағыттадық. Қазір ұлым Германияда Рур-Бохум университетіне өз күшімен грант­қа түсіп, білім алып жа­тыр. Оқуын бітірген соң Қазақстанға ке­ліп, елге қызмет ететін шы­ғар деп отыр­мыз. Машина жасау – өте қа­жетті ма­мандық. Бұл салада маман тапшы. Көп­­теген адам машина жасау деген ма­шина құрас­тыру деп ойлайды. Ол – кез кел­ген ап­парат­ты құрау, – дейді әуелі ба­лаларының, елі­нің қамын жеген ана. Қазір экология мәселесі елді елең­детіп, халықтың уайымына ай­налды. Әсі­ре­се, Өскеменнің ауа сапасы... Сәу­ле Рах­ме­тул­лина өз сөзінде «Ат­мос­фера­дағы ауа са­па­с­ын мониторингілеу» бойын­ша ғылыми-зерт­теу жүргізгенін атап өткен еді. Десе де, ға­лым да өзге де ға­лымдар сияқты жаңа жел­деткіш тех­но­логияларға көшпей, ештеңе өн­­бей­тінін, оның үстіне халықтың кәсіп­орын жа­бу талабы ешнәрсе шешпейтінін, қай­­та экономикамыз құлдырайтынын ай­тады. – Бұл қаланың негізгі кәсіпорны сол – зауыттар. Зауыттан түскен салық­қа қаланың инфрақұрылымын, ме­ди­ци­на­сын дамытады. Кейбір адамдар тү­сін­бейді. Егер бұл зауыттар жабылса, ел эко­номикасы тұрып қалады, жұмыс­сыз­дар көбейеді. Жалпы, өмір сүру сапасы на­шарлайды. Дегенмен кәсіпорындар тех­нологияларын жаңартып, ақы­рын­дап өзгертіп жатыр. Экологиямыз тек кәсіпорындар мә­селесімен шектелмейді. Өске­мен­де көлік саны қала тұрғындарының са­нынан көп. Егер экология мәселесі қат­ты алаңдатса, жаяу немесе вело­си­пед­пен жүруге тырысу керек. Қалада тұр­ғанда жұмысқа жаяу барып, жаяу ке­ле­тінмін, қазір қала сыртында тұра­тындықтан, көлік жүргізуге тура келеді. Экология әр адамның санасында. Бір­те-бірте сол мәдениетке ке­леміз деп ойлаймын. Үшіншіден, көмір са­пасына да өте қатты байланысты. Қыс­та да, жазда да ыстық суымызды кә­сіпорындар жылытып отыр. Жы­лы­тып отырғаннан кейін отын-көмір жа­ғып отыр. Көмір жанғаннан кейін ауа да ­ластанады, – дейді Сәуле Жәдігерқызы. Осылайша, ректор біреуді не әкім­дікті күтпей, әр тұрғын ауа са­пасын, эко­ло­гияны жақсартуды ой­лап, көптеп жасыл же­лек отырғызып, кү­тіп баптаса дейді. Мә­селен, ректордың гүл­ге, оның ішінде ор­хи­дея өсімдігіне де­ген ықыласы ерекше. Тіпті, универ­си­тет­те «Орхидариум» бөлмесін де ашқан. Иә, Сәуле Жәдігерқызы жасанды­лық­тан ада жандардың қатары­нан екен. Әрбір іске ғылыми тұрғыдан ба­ға беруді ұста­нымына ұстын, тәжі­ри­бесіне таған ет­кен. Ол осындай болмы­сы­мен ортасына сәу­ле шашып тұратын сын­ды. Басқалардан бі­лімі арқылы дара­ланып тұратынын аң­ғардық. Әсілі, Абай айтқан «толық адам» осын­дай қа­сиет­тердің жиынтығынан құрал­са ке­рек-ті.

Назерке Сәлімбекқызы, Өскемен

Серіктес жаңалықтары