Арқадан Аршатыға

Арқадан Аршатыға

Арқадан Аршатыға
ашық дереккөзі
881
Астана қаласынан аттап шықсаң аңқыма жыр келеді! Асқақ, жыр мұңлылау. Теміржол бе­кетіне келе жан-жаққа ағылған жұрттың арасына сіңіп кете бересің. Қалай дегенмен де Қа­зақтың ұйығы һәм ұлы жүрегі – беу, Астана! Шойын жол, от арба һәм баяғы қазақы кеп бойынша құйындай ұйтқымалы – шайтан арба. Астанадан Өскеменге дейінгі сара жол ұзын­дығы шамамен 1200 шақырымға тең. Еуро­па стиліндегі ескі жаңа шаһар Шанхай мен Бейжің арасында жүретін пойыз әлемдегі ең жүрдек пойыз болса керек!? Ертедегі же­лаяқ сойқан. Автокөлікпен 13 сағатта жүретін жо­лды, сол жүйрік пойыз 4 сағат 28 минутта еңсереді екен... Біз болсақ шамамен 18 сағат сал­қақ кешерміз! Шүкір болса – «асықпай арбаға мініп, қоянға жету» пайымы бойынша оған да жетерміз!? Шойын жолдың керуен кө­лігі – Қазақстан өзі құрастырған тізбек­те­пең. Тәуір, таза әрі ыңғайлы. Бас қалада омал­ған бізді орнымыздан қопарған – інім, ақын, журналист Олжас Керейхан. Басында ақын Бауыржан Қарағыз тізгін қымқырып, әнші, сері ақын інішек Ықылас Ожай үшеуіміз сүр­леуге түскен едік. Жолай дәм-тұз бұйырмады ма, Бауыржанның кішкентай баласы сәл ауы­рып, Керекуден кері қайтуға межбүр болған. Үйге қайтқан үлкен саналы шайырдың орны үңі­рейіп қалар да еді егер: Өр Алтайдан жет­кен көкірегіне жыршы құс ұялаған талант Та­­лапбек Тынысбекұлы болмағанда ше!? Ты­нысымыз сәл ашылғандай болды... Ұшы-қиыры шексіз құланиен ұзақтан ұзақ дала жолында небір ойларға жү­зе­сіз. Қып-қызыл жапырақтай жандардың ба­тыстан шығысқа жөңкіген сапарымен бір­геміз, әйтеуір! Астана һәм Ақмола аумағының ор­м­ан қоры 522,7 гектар һәм қарақатты, кө­шетті орманды алқап. Жаңғырған қала. ХХ ға­сырдағы ғаламдық картада қарындаштың ұшындай жұрынмен жұпталған жұзақ Астана. Отыз жылдағы қазақтың орда-ошағы. Алтын Орданың тарихи жалғасы секілді, «мола»-дан моноқалаларға айналып келе жатқан келісті тәж­шаһар дейік! Несі бар... Өтірік емес... Әлем­дегі үздік жүз қала болса, бірі – осы алып инф­­­рақұрылымды мегаполис, өз құн­дағым секілді. Миллионнан астам тұр­ғы­ны, өзіне шақ алуан түрлі қыр-сыры бар қо­лайлы орта. Есілдің екі қапталы кеңейіп бара­ды күн санап. Біз үшін Италиядағы көне Рим мен көгілдір Вена, Канаданың Торонтосы мен Ванкувері, алыстағы Аустралияның Сиднейі, Еуразия Тұрандарының ататұрағы Ыстанбұл, Эква­дор­дағы Кито, АҚШ-тағы Чикаго, Жердің майы­нан құйылған бірегей Біріккен Арабтағы Дубай, тіптен өнебойын­да адамзаттық әде­бие­ті аңқыған Париж да анағұрлым ештеңе емес­тей... Ақмола облысы қа­ланы жастанып жа­тыр. Жер көлемі де аз емес,146,2 мың шаршы ша­қырым көкорай егіс­тік пен көл-көсір өрісті жайылым. Жан са­ны шамамен 1 миллионға жуық. Еуразияда жер көлемі жағынан бұдан да кіші мемлекеттер бар. Мысалы, Макао (порт. Macau) жер көлемі 29,5 шаршы шақы­рым, жан саны 700 мыңға жуық. Олардың қасында «атқа шап­қандай» аймақ, айтарлық­тай қорықтары да жетеді. Алтыны жоқ елдер­дің аузының суын құрытар – Ақкөлден ары жат­қан байтақ Бурабай, Бұланды, Зеренді, Шор­танды да­ла­ларын саусақпен түртіп қал­саң құм арасынан құйма алтын сауысы жар­қырай төгіледі дейді. Атақты Біржан Сал мен Сарыар­қаның сандалы Сандықтаудың терең қалта, қалтарысында уран қоры мол. Уран (Uranium) – бәсекелестiк қабiлетi анағұрлым жоғары Мен­делеев ашқан энергия көзі. Өте жеңiл әрi ар­зан тасымал­данатын энергия отыны. Мә­се­лен, 1 кг уран дәл осы мөлшердегi көмiрден бө­лi­нетiн энер­гиядан 20 мың есе жоғары электр қуатын бө­ледi. Қазақстан әлемде ал­ғаш­қы ондықтың ба­сында тұр. Ең бергісі еңсесі жазыққа жайыл­ған Ереймен­таудың мол етегінен молибден мен көмір ке­ніші табылған, Жарқайың жарық­тық те­мірге бай. Бұл баға жет­пес бақ-дәулет-ті! Ойыңа Иманжүсіп Құтпанұлының «Ерей­ментау» әні оралады. «...Көзіме бір көрінші Ерейментау....». Қа­сыңда келе жатқан Ықылас Ожай әуенге ора­ған әңгімесін осыған бұрады. «...Қатар-қа­тар қойылған тастарың-ай!» дейді. Ерекше бір сағынышты саз.

Ұлы даланың ұлық ұйығы – Жетішаһар һәм Семьпалат

Жер қуаңдау, жаңбыр сараңдау жауса да биылғы жаздың өз өңі бар. Қыс­тай қыртысқа сіңген қыраулы күртіктің тү­бінен күнге тырыса өскен бөзкекіл тарлау мен шөлкөденің толқыны пойыздың екі жағында жайқалып қалып жатыр. Керекуден өтіп, Се­мейдің мұнарлы даласымен желдіртіп келеміз. «Аһооу Семей, тіл мен көмей...»! Ертістің оң са­­ғасы ІХ ғасырдағы Қимақ кентінің тағаны – Семей шаһарының орнына сәйкес дейді. Бұған да хош! Қимақтың шамамен (840-940 ж.ж.) ғасырға жуық түтін түтеткен орны десек не деу­ге болады!? Жеті тайпа бірлесе түзген Жеті­ша­тыр. ХІІІ ғасырда Дешті Қыпшақ, Шыңғыс хан орда­сына қарай барлаумен беттеген, Бату хан­ның ордасынан дәм-тұз түйген, Шың­ғыстың немересі Күйік ханның Ұлы хан болу (1246-1248 ж.ж) рәсіміне қатысқан ита­льян жиһангері монах Жованни Плано Кар­пини (Iohannes de Plano Carpini 1182-1252) жаз­ба­сын­да Ертістің орта сағасында алып шаһар­дың бар екені айтылады... Планоның «планы» 1245-1247 жылда жүргізілген. Тіпті, Ақсақ Темір­дің тұсында (1368 ж.) да Жеті­шаһар (Жетішәрі) болған. Соңыра Жоңғар шапқыны кезінде де 1660 жылдан кейін жар­ты ғасырға жуық будда мінәжатханасы (сүм хийд) орнаған болуы керек. Кім көріпті, әй­теуір білікте солай дейді екен!? Петр патша 1718 жылы Қазақияға (кеудесіне) шерік бекі­нісін салғанда да – «Семьпалат» аталған!

Жетішәрінің жеті кереметі

Жетішәрі, жеті киелі пері, жеті даныш­паны; Қоңыр әулие, Кеңгірбай би, Құнан­бай, Өскенбай көсем, Абай хакім, Мұх­тар Әуезов тұма-қайнар, Шәкерім Құдайберді шер-әулие, Мұхтар Мағауин – ұлы классик.

Кеңестің үш бұтағы мен жеті танабын тар­қа­туға келгенде Талапбек Тынысбек тіпті тыныс­ты тапқыр, Ықылас Ожай – ұқыпты, ұғынық­ты ой ширататын шебер. Ықылас аң­қылдаса Талап­бек таңданады! Менде екеуіне там­сану ғана! Жеті қат жердің үстінде жекен тұр­ған Жеті шаһардың «топ жетеуі кімдер?» дейміз... Өзімізше өріп-өріп өң берейік?! Тек өзімізше ғана. Марһабат!

Қасиетті ене тәңірлері: Аңыздың ақ пе­рісі Баян сұлу мен Еңлік ару, Құрса­ғынан Құнан­байдай көсемді жыртып берген ұмай ене Зере Бектемірқызы (1785-1873), Ұлы Абайдың анасы Ұлжан Тұрпанқызы (1810-1887), Абай­дың алғашқысы Ай дидарлы Ділдә Ал­шынбай немересі (1843-1924) және Әйгерім Бай­шора­қызы, Еркежан Ибаққызы (1858-1927).

Әдебиет білгірлері: «Қыр әңгімелерінің» шым бұлағы шың Мұхтар Әуезов, «Ала­сапыран» заманның алдаспаны Мұхтар Ма­ғауин, атақты ақтаңгерлер Қайым Мұқа­мет­хан, Рымғали Нұрғали, Төкен Ибрагим, Бекен Исабай, Мекемтас Мырзахмет (бұл кісі тек абайтанушы ретінде – Р.С), Сейіт Қасқабас, Тұрсын Жұртбай.

Әуени нәздің әндігерлері: Ақылбай Құнанбай, Мұхаметжан Майбасар, Шәкір Әбенов, Болат Сыбанов, Теміржан Ба­зарбай, Бекен Жамақай,Тұрсынғазы Рахимов.

Бұлбұл көмей әншілері: Әлмағамбет Қапсәлем, Әміре Қашаубаев (1888-1934), Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Роза Рымбаева, Толғанбай Сембай, Еркін Шүкіман.

Бармағында Бахтың қылы бар, көкірегі күңгір-күңгір күйшілері: Байжігіт Жулыұлы (1705-1795) , Жүнісбай Станбайұлы, Секен Тұрысбек, Таласбек Әсемқұл, Ғабдылхақ Бар­лықов, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы. Ақындары: Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатай, Тыныш­тық­бек Әбдікәкім, Несіпбек Айтұлы, Талғат Ешен­ұлы.

Жазушылары: Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайық, Медеу Сәрсеке,Таласбек Әсемқұл, Роллан Сейсенбай, Талғат Кеңесбай.

Күш иелері: Дәулет Тұрлыханов, Қамит Ысқақ, Айбек Нұғыман, Шалқар Жо­ламан, Мұхит Тұрсынов, Дәурен Нұрлан, Ера­сыл Қажыбай.

Таң атып, шұғыласын шашқанда ғалам­дық ұғымдағы ұлы даланың даныш­паны Ұлы Абайдың атымен ұлықталған руха­нияттың кенті – Абай облысы орта­лы­ғына жеттік. Алдымыздан ақеспе ақын ініміз қо­лында бір дорба түйіншегі, кеудесінде «қа­зақ­ша сөйле!» деген жазуымен Мерей Қарт шықты. Семейдің мерейі, Абай ұрпақтарының ақын жалғасы әрі жас ақын әдепті азамат – Қарт Мерей! Бір сағат аял, таңғы ауа, жайлы сәт, қайта жаңғырған Абай! Семей десе ядро­лық аймақ, қасірет еске түсетін түсі сұсты түк­сиген түзем елестейтін. Бүгін осы қасы­реттің өзі мұңлы мұражайға, ұмытылмас жара­лы, зақымды орынға айналса керек. Зардаптың қасіретті жұртын көруге келетін туристер де болашақта көбеймесе азаймас. Абайдың балағын түрген балаң ізі сақталған қасиетті Ахмет Ризаның мұнарасынан ғұлама Құнанбай жақтырған Қабдылжаппар имам­ның шариғаты, тауыриһаты, мағырифаты жауып тұрғандай! Алланың хаһ дініне нақ сенген софы Аллаяр абыздың үнінен шығыс поэ­зиясының сыры, араб, парсының үр үні ес­тілердей... Арғы бір мүйісте Гете – Лермонтов – Абай тағылымдар, әріде Әуезов мемориалдық мұражайы тұр. Жалғыз андыз секілді жаһан жаңғырығындай үш түстіктің жамбылы – Жәміш қақпасы (Ямыш 1773 ж.) ХVІІІ ғасыр жарқыны дейді. Семей мен Абай – егіз атау. Жерасты байлығы өте мол, өнеркәсібі мен өндірісі тең өлке. Көмір кені іргесінде жатқан қара алтынды Қаражырасы бар. Ел көлемінде көмір кенімен айналысатын 30-дан астам ірі компаниялар бар. Бұл Қазақ жылына шамамен 100 миллионннан астам тонна көмір өндіреді. Қазақ көмірі әлемде алғашқы ондықтағы тізімде тұрады. Алайда ішкі нарықта ең қымбат, әрі сапалы көмір де осы Абайдікі. Ұлы ғұлама өңірінің көмірі де алтыннан қымбат! Тетеқұрылымы Ресей мен Қытайға жақын һәм ғаламдық базарға бір табан жақын, ұрымтал, оңды. Алтын кені жағынан – бар байлықтың хас маңдайында. Алтынның құны қазіргі COMEX-те қымбат металл фьючерстерінің бағасы бір троя унциясына 1 442-1 461 доллар шамасында саудаланды. «Алел»-ден аман қалса түсті металдарының түсі мен пайдасы жетеді. Торғын топырағы толған өнім. Кірпіш пен цементі өз алдына мақтауға тұрарлық. Қашанғы жамандай береміз... Бірақ бізбен бірге сапарлас болған бір азамат осы жақтағы бір стратегиялық кен орындарының бірінде істейді екен. Небір сұмдық әңгімелерді сол жігіттен естіп, аузымызды аңқитып, көмейіміз құрғап, бір сәт мәңгіріп қалғанымызды тезірек ұмыту үшін басқа әңгімеге ойыстық.

Өскеменнен Өрелге қарай

«Өскен Ел» – деген бір әуеннің сарыны алыс­тан құлаққа естілердей. «Өскен ел сен аман бол сайрандаған...», «...өскен елім, өскен же­рім, қоңыр аң – қойдай өрген қоңыр бе­лім...» Шіңгілдің атақты жеті әнінің бірі. Ақиесі Қожікен Шотайұлы деген жайсаң қазақ. Соған ұқсас сарын сағынышпен Өскеменге келдік. Төр Алтайдың өңіріндегі өз еліңе! Өскемен туралы осындай бір ән бар ма екен деген ой ке­леді. Мүмкін бар шығар... Иә, Паң Шығыста бәрі бар. Осы реткі саяхаттың ақылшысы от тіл­ді бауырым Олжас Керейхан. Қасындағы нөкерлері бойы тапал, ойы зау Тоқтаубек Дүйсен мен Есенбек Нақтыбай мыс шегедей мығым. Кештегі кездесу сәтті өтті. Ақын да еге талантты ініміз қос облыстың телі шайыры Қалқаман Сариннің ішкі ұғымы байсын, пайымы ұтымды ерекше, ниеті тым етене. Шығыстағы поэзияның шырақшысы, қалқаны осы Сарының баласы іспетті. Балалар және жасөспірімдер кітапханасына кілең жас ақындар келген. Ақеспе беренді, жаңашыл әрі шырайлы шым назымды жастар жүр. Тізгінші Ақерке Досанова – әдебиеттің қыры мен сырына әбден қанық маман. Тебінді топтан тереңнен терген меруерт жырлар төгілсін келіп! Иә, Ықылас ән мен жыр салған қос атты Сал серідей самалдатады. Талапбектің жаңа өлеңдері де жанды сүгіреттердей. Екі көбесінен ентіге аққан Ертістің түнгі ағысы – құм көшегі секілді бедерлі. Шығыс Көк төрінің жауһар үзім жұлдыздары Ертіске шомған керімсал іңірде ай мүйізін бұлтқа ілген кербұғыдай керемет елес! Елең кемердегі ақ қайыңдарға сұқтанып қарап тұрмыз. Шы­ғыс пен мұхит­тың арасындағы тәңірдің күміс көпіріндей көк тамыры бұлқынған бұрнағы көне Ертіс ештеңеге алаңдамастан бұлаң сырғып өтіп барды. Ертіс – байырғы сағат, уақыттай! ...Керме иық далам, келем көсіліп, Аяғым асты көк шалғын. Төсіңнен текті өлең көшіріп, Батыр бабамды еске алдым... Бұл өлең ұзақ болуы мүмкін, демек бұла ақын Қалқаман Сариннің қолтаңбасы осылай жұлдыз кешіп мөлдіреп тұрады, ләйім.

Өскеменнің еңізі

Өскен өңірдің Өскемені кенді өңір! Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­мадан үш жыл бұрын (1720) қамал салынып, сенделген 80 жылдан кейін шағын қалашық, тағы да шамамен 60 жыл өткенде (1868) Өскемен алтын құмдақты, мыс құндақты қала болған. Қара өлеңде: «...айтайын айт дегенің тау мұраған, таудың тасы етекке саудыраған...» деген жолдары бар. Мұндағы «мұраған» сөзі көне түркіше «нұраған» атауын білдіреді. Осы таудың саудыраған тастарының бәрі алтын, түгел түсті мыс, жез екенін ерте білген баба­лар! Соғыс жылдарынан сәл бұрын мұртты Ста­линнің пәрменімен мыс зауытының та­ғаны тартыла бастаса керек. Тұңғыш өнім­дері де оқ болып ұшқаны белгілі. Соғыстан кейін де үдеріс соңы Үлбінің пайдасы ұшан-теңіз металл зауытын тұрғызған. 1945-1955 жылдар аралығында Төр Алтай Өскемен түгелдей мыс-мырышты жартылай жабық қалаға айналған. Ақ сағалды жұмсақ кад­мииі аса құнды. Айталық, жылына ша­мамен жиыр­мадан астам мың тонна кадмии өндіріледі де түсті металдардың түтінін көкке самғатады. Бұл бір ғана мысал. Арғы жағы Ертістің – бергі жағы кәдуелгі ұлпа кадмии... Өскемен өнер­кәсіптік аймақ һәм әлемдік деңгейдегі 40 шақ­ты ірілі, орта өндірістер, зауыттардың ор­тасы. Қорғасын мен мырыш, титан – маг­ний, Бұқтырмадағы цемент, машина құрас­тырудан кейінгі деңгейде ерекшеге еге қағаз-картон қаттамаларын жа­сайтын зауытқа дейінгі аты аталмаған сан­түрлі технологиялы өндірістердің өзі бір төбе. Ағаштан – қағаз, топырақтан – металл, ал­қаптан – егін мен дән, дәнектен май, судан электр, өсімдіктен ем, таудан аң, бұғыдан қан, арадан бал, жылқыдан қымыз, түліктен өнім, өнімнен киім, т.с.с. толып жатқан ен байлық, ел ішіндегі ел, байтағы жайлау, жайлауы саялы саяхатты мекен. Жалпы жер көлемі – 54,4 мың шаршы шақырым. Шри-Ланка деген 25 мил­лион халқы бар елдің жер көлемі де осындай ғана. Құдай, Шри-Ланканың көрген күнін ау­лақ қылсын! Қара өлеңде Ықылас Ожай ай­татын ерекше тәмсіл бар: «Әкесін ала жаз­дай ауру қылып, құлағын шешесінің саңырау қылғай!» Бүгінгі империяшыл алпауыттарға айтылар бұдан зор қарғыс болмаса керек!?

Төр Алтайға сапар

Өскеменнен ертемен шығып тау жолы­мен сыпыртып келеміз. Шамамен Алтай қаласына дейін 185 шақырым жол. Ор­ман­ды таудың ирелең асфальтымен өрле­ген сайын бұрылыс, қиылысы көп күдір. Ес­кілеу сүрлеудің жағасы қысаң болса да жа­мауы жоқ жинақы. Алтайға дейінгі қара жол­­дың екі қанаты, қос қапталы түгелдей би­дай мен күнбағыс егін алқаптары. Сондай ұзақ алқаптың түсімі де доллармен өлшенбек. Тау басына бұлт үйірілсе, нөсер төпеп өтетін қасиетті кенеулі қойнау. Қолатты қолтық­шаларда бұрынғы сәбеттік ауылдардың (дере­вня) бірнешеуі кездеседі. Алдымызда Аққайың ауылы. Күдірейіп тұрған жалдың жағалау уы­сына қонған ауыл құдды ықтырмадағы бір қауым елдің жарымы, Бұқтырмаға сұғынған тіре­ме сай, ауылды қиып өтетін күре жолдың үстін­дегі Аққайың Талапбектің атбайлары, ата­қонысы. Ары қарай Тынысбектің дарасы, сұлу қаптал, түгел түңкелі мекен. Талапбектің көзіне кіреуке тұнады, көкірегімен күллі Алтай­ды құшып тұрып әкесіне арнауын оқы­ды... Бұқтырманың көбесінде көп ауыл! Солардың бірі бұрынағы Күмісбұлақ ауылы (Серебрянск) бейорганикалық өндіріс зауыты болған. Күмістің ең көп қоры осында болуы мүмкін. Осы ауылға жаңадан қандастар орналаса бастаса деген ой да ай­тылады. Қалай дегенмен де бұрынғы жабық, бүгінгі ашық сәттің ұшырасқан тұсы моно қалада – жаңғырған Елге сеп. Үлкен Нарын аудан орталығы кең етегін жайып, өңірін аша түсетіндей мекен тәрізді. Жол қапталы биебау, жеміс-жидек саудасы. Қойбүлдірген өсімін ұсақ малдың иегінің алқызыл бояуы мен жылқының қанқызыл тұяғынан ғана байқауға болады. Қаптай өскен жоңышқа мен бидайық, балауса мен жалбыз, андыздап өскен сырғын мен сарғалдақ, табаншөп, таушымылдық, ал­тын тамыр, тамырдәрі, изен, қызылша, қымыз­дық, қойжуа, қозықұлақ, ермен мен егеужал, еңлікгүл, есекжем, қалың итмұрын, қалақай мен бозжусан... Төр Алтай жарықтық осы мі­не­ки. Кездесе кеткен жандардың түгелі Үлкен Нарынды айтсаң – шекаралық ауданнан шалғай дейді. Қалихан Ысқақ ұлықтаған Қатонқарағайдың нақ есімі – Қатынқарағай дейді. Осы Қатынқарағай үлкен шекаралық қалаға лайықты екен. Мүмкін қазіргі арман­дары да сол секілді. Қатынқарағайда халық­аралық аламан айтыс өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, бүкіл қазақ қаламгерінің басшысы атақты ақын Ұлықбек Есдәулеттің өзі айтыс тізгінін қолына алған. Шаппа алаңындағы сабан тө­селген алаңқайда айтыс шабандоздарын сәл тыңдадық. Қатынқарағайдағы дәл осы орынға Берелдің көк жасыл тасы мен Аршатының ақ қайыңдарынан қиып қаланған алып Айтыс ордасында Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Қыр­ғыз елдерінен келген айтыскерлердің ой тур­нирі өтетін орын боларына сенетін Олжас Керейханның һақ арманымен қанаттанып ары аттандық...

Төр Алтайда – «Өр Алтай»

Төр Алтайда «Өр Алтай» атымен атала­тын бір салқын саяжай бар. Үкіметтің шапағатынан тыс өз қара күшімен орнаған тынықтыру үйлерін салқар жайлау, орманды сайдың жәннатты етегіне орда тіккен арда аза­маттың есімі Шалқар Ұлықпан. Хан орда­сының түндігін Айға апарып қақ ортаға, ақ­боз отауларын алқа-қотан түзімдеген «эт­ноауыл». Бұдан ары кетсе тақталап барып марал­ды Тарбағатайға, Жалпақ жұрт, Мәметек шат­қалы­мен кезеңге өрлеп, Шабанбай жай­лауына, Аршаты жаққа аз өрлесең Өрелге, арғы беттегі Кемпіртаудың кең етегіне жатқан Берелге, ыраңоты жайқалған Раһыман қай­нары­на жетесіз! Төр Алтай түгел саяхат ай­мағы бола­ды кешікпей!

Топқайыңда – Қалихан

Шекара түбіндегі ең керемет орталық расында Қатынқарағай мекені се­кілді. Қайран да асыл Қалихан Ысқақтың ал­тын ұйығы – Топқайың Алтайдан шығысқа 70 шақырым ғана, ескі есеппен қой көш жер! Топ-топ шоғыр қайыңдардың көркіне көз тоймастай көкше – мұнарлы Белқарағай тепе төңірегі. Топқайың – Қалихан Ысқақұлы (1935-2014) – қазақ прозасының қара нарының тал бе­сігі, жер бесігі. Бұл ауылда Қалихан атындағы – «Ақсу – жер жәннаты» баламасыз туристік ке­шені де салынар!

Шыңғыстайда – шың Оралхан

Шың басына шарбы бұлттан шәлі жапқан әлетте – Оралханның ауы­лы Шыңғыстайға бардық. Бұлт-бұйра толқын шашын Шыңғыстайдың құбақоңыр самалына беріп, еңселі еге Оралхан аға тұр! Аттан түсіп, атақты ауылдың өр іргесіне, бұл әлемге осын­дай құдыретті жазушыны қазаққа жолдаған жаратушыға тәубе еттік. Енді аз жүр­сең Елең­ша­дыр, Түрген мен Құрған (Хур­ган), Қыпшал... Қасқа құлындарын ерткен бір топ үйір кесе көлденең өтіп барады. Өңшең қас­қа құлын­дары құлдыраңдаған даланың дара­ла теңбіл жылқылары! Тірі алау секілді шоқ үйір! Атау-кере (Кауіпті будан) «Мұзтау» (Соң­ғы ертек): хи­каяттар... Әсіресе «Атау кере» еске жиі орала­ды. Беу, Оралхан аға! Мұзтауға жете алмадық! Марал­дының марқасқасы Әлі­бек Асқар ағам айтқандай: «Өр Алтай, мен қай­тейін биігіңді!!!»

Жаңа Үлгіде – Дидахметтің Ай дидары

Қазақ қаламгерлеріне бір кезеңде үлгі болған «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын­ның сыры» деп бірегей аңсардың пірі тау­ди­дарлы Дидаш ағаның рухына андалық риясыз хош көңіліміз бар. Дидахмет Әшімхан аға дер кезінде моңғолдың классигі Пүрэвжавын Пүрэвсүрэннің «Кек» («Өшөө») әңгімесін қазақ тіліне шебер тәржімалаған-ды. Соңыра заман бір өткенде Дидаштың «Жынды жел» тра­гедиялық монороманын мен аударып моңғол оқырмандарына жария еткен едім. Ағаның маған жазған үшбу сәлем хаты сақ­таулы. Бұл енді үлкен кеңеске татитын бө­лек­ше көкей­кескенім болатын секілді! Соңыра бұйыр­са тағы да ақ парақтың бетіне шыр се­бер­міз. Қайта айналғанда шілденің туған Айы көрінді. Тіп-тік!

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

   

Серіктес жаңалықтары