Африкалық қыз қазақ тілін тегін әрі оңай жолмен үйренді

Африкалық қыз қазақ тілін тегін әрі оңай жолмен үйренді

Африкалық қыз қазақ тілін тегін әрі оңай жолмен үйренді
ашық дереккөзі
50557
Қазақстандық тележүргізуші Амината Айша Уэдраого тегін онлайн порталда қазақ тілін қалай үйренгенін айтты деп хабарлады turkystan.kz. Аминатаның анасы – қазақ, әкесі Буркина-Фасодан (Батыс Африка). Отбасы 10 жылдан кейін Қазақстанға келген. Ламината өзін екі нәсілдің өкілі деп санайды. Өйткені ол өзіне тән дәстүрі, менталитеті, тілі бар, әртүрлі континентте орналасқан екі елде өмір сүріп келеді. Амината – алдына мақсат қоя білетін адам. Тележүргізуші төрт тіл біледі: француз, ағылшын, орыс және қазақ тілі. 14 жасында модель болды. Бимен айналысады, саяхаттағанды жақсы көреді және өзін дамытуға көңіл бөледі. «Қайырлы таң, Қазақстан» таңғы бағдарламасының тележүргізушісі Soyle жобасы туралы 2018 жылы білген.
«Өзіме қазақ тілі мұғалімін іздеп жүрген кезде сайтқа тіркелген болатынмын. Мұғалім таппаған соң Soyle.kz сайтынан өз бетімше үйрене бастадым. Ең алдымен сайт мені түрлі-түсті дизайнымен және ыңғайлы интерфейсімен қызықтырды. Барлық материал қолжетімді болғаны соншалық, алғашқы сабақтан бастап қазақ тілі әлеміне саяхат жасадым. Барлық сабақ қазақ тілінде сөйлеп көрмеген кез келген адамның грамматиканы өз бетінше игеріп, тіл үйренуіне ыңғайлы етіп жасалған. Әсіресе, тыңдалымы бар сөздік бөлімін, қазақ тілін тыңдауға және түсінуге көмектесетін диалогтары бар ойындарды, тапсырмалар мен бейнесабақтарды ерекше атап өткім келеді, – дейді Амината Уэдраого.
Аминатаның айтуынша, пандемия кезінде порталдың көп пайдасы тиген. Бүгінде оның онлайн-платформалар арасындағы маңызы арта түсті.
«Мобильді қосымшаның тиімділігін айтпай кетуге болмас. Мен Soyle мобильді қосымшасын жолда немесе жұмыстағы үзіліс кезінде қолданамын. Бұл қазір өте ыңғайлы дүние. Әлеуметтік желілерге келетін болсақ, Telegram және Instagram-дағы Soyle парақшасына жазылдым. Парақшаларда сайттан алынған материалдар бар. Олар қызықты әрі заманауи форматта беріледі, - дейді тележүргізуші.
Амината бұл сайт қазақ тілін жаңадан үйреніп жүргендерге де, одан жоғары деңгейде білетіндерге де таптырмас дүние деп санайды. Мысалы, қазақ тілі мұғалімдері мен мектеп түлектері сайттан қосымша білім алуына болады. Soyle.kz жобасынан көптеген материал табуға болады: бастапқы деңгейден күрделі деңгейге дейінгі тегін сабақтар, сөздік, аудио және бейнематериалдар. Жобаны Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауы аясында мемлекеттік тілді дамыту қорының мамандары жасады. Бүгінде сайтқа әлемнің түкпір-түкпірінен 240 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Қазақ тілін Германия, Ресей, Чехия және басқа елдің тұрғындары үйреніп жатыр. Сайттың орыс, ағылшын және түрік тіліндегі нұсқалары да бар.  

Серіктес жаңалықтары