50229
Сапалы ұрпақтың оқу үлгерімі тек мұғалімге байланысты емес – министр
Сапалы ұрпақтың оқу үлгерімі тек мұғалімге байланысты емес – министр
Оқушылардың сабақ үлгеріміне тек мұғалім жауапты емес. Бұл тұрғыда ата-ананың да рөлі зор. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осы мәселеге тоқталып, халықаралық зерттеулерді мысалға келтірді.
«Халықаралық деңгейдегі TIMSS және PISA деп аталатын білім сапасын бағалау жүйелері бар. TIMSS зерттеуі бойынша, 4-сынып оқушыларының оқу үлгеріміне қандай факторлар жауап беретіні анықталды. Қазақстан оқушыларына математика және дүниетану пәні бойынша зерттеу жүргізілген болатын. Нәтижесінде, баласының өміріне, сабағына араласпайтын ата-аналардың балы баланың оқу үлгерімін қадағалайтын ата-аналардан 20-25 балға аз болған. Бұл – нақты көрсеткіш», – деді Асхат Аймағамбетов.Министрдің айтуынша, баланың сабақ үлгерімін қадағалап қана қоймай, оның жан-жақты дамуына көңіл бөлу маңызды. «Екінші фактор бар. Онда оқушылар «Үйде ата-аналармен бірге кітап оқисыңдар ма? Үйде интернет, қажетті құрал-жабдықтар бар ма?» деген сұрақтарға жауап берген. Осыған байланысты бір корреляция табылды. Үйінде ата-анасымен бірге кітап оқитын әрі жағдай жасалғандардың балы 129-143 болған. Бұл факторлар оқу үлгеріміне әсер етеді. Оқушыда 3-4 жыл айырмашылық болуы мүмкін. Осы жағдай ертеңгі күні балалардың бәсекеге қабілетті болуына әсер ететінін көріп отырмыз.
PISA зерттеуі бойынша, Жаңа Зеландияда ата-аналардың баланың оқу үлгерімін қадағалуына 44 балл берілген. Ал Катар мен Германия 27 балл алды. Қазақстаннан да дәл осындай көрсеткішті көре аламыз. Балалардың оқу үлгерімі тек мұғалімге байланысты емес. Ата-аналардың осы жұмысқа белсенді араласуына да байланысты», – деді министр республикалық Тамыз конференциясында.