50898
Саналы ұрпақ – ұлт болашағы
Саналы ұрпақ – ұлт болашағы
Елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты республикалық Тамыз конференциясы өтті. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырды.
Жиынның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі, т.б. өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттік бастамаларды қолдау және жүзеге асыру.
Конференцияға еліміздің барлық облысынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, ойын ортаға салды. Сонымен қатар министрлер, депутаттар, елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, педагогтер, психологтер, бала құқығын қорғау жөніндегі заңгерлер, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.
Конференцияда Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Керімқұлқызы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов сөз алып, ата-ананың қоғамдағы, бала тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бала тәрбиесіне тек мектеп жауапты емес екенін алға тартты.
«Халықаралық тәжірибе ата-аналардың ұрпақ, бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін көрсетіп отыр. Әрине, тәрбие дегенде мектеп қана ойымызға түседі. Балалардың тәрбие жұмысы ақсап жатса, бірінші мектепті, баланы кінәлаймыз. Ата-ананың рөлі қайда? Менің ойымша, бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана саналы ұрпақты қалыптастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге өте маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, дамытып жатырмыз. Президент айтқан ең басты құндылықтар: бірінші – терең білім. Екінші – отансүйгіштік. Үшінші – еңбекқорлық. Осы құндылықтарды сынып сағатын немесе ата-аналар жиналысын өткізіп қана емес, бағдарламаға енгізу арқылы жүзеге асырамыз», – деді министр.Елімізде жоғары оқу орындарында да жаңа жүйе енгізілуі мүмкін. Негізгі мақсат – ата-аналарға қолдау көрсету. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жиында осындай мәліметті бөлісті.
«Кез келген жоғары университеттің үш миссиясы бар. Біріншісі – білім беру. Екінші миссиясы – ғылым. Негізі білім мен ғылымды ұштастыратын орталық – университет. Шетелде қызық тәжірибелер бар. Олар ата-аналармен де жұмыс істейді. Жасы келген ата-аналарға көмектеседі. Мысалы, Көкшетау университеті күміс моделіне көшіп жатыр. Олар жасы келген, зейнетке жақындаған адамдармен жұмыс істейді. Үшінші миссия, ата-аналарға әдістемелік-педагогикалық көмек беруді қолға аламыз. Жоғары оқу орындарында педагогика, психология, физиология саласында жинаған тәжірибе мен ғылыми ізденістерді бөлісіп отырамыз. Қазір педагогика тек балалармен жұмыс істеу емес, бұл көп функционалды дүниеге айналып жатыр», – деді Саясат Нұрбек.Ал Сенат депутаты Дана Нұржігіт бүгінгі идеяның қалай пайда болғанына тоқталып өтті:
«Пандемияның бір пайдалы тұсы, осындай идея өмірге келді. Оның авторы – Нұркен Асанов. Баласынан «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, «Бақыт деген – сізбен сөйлескен уақыт» депті. Баламен сөйлескеннен кейін туған идея осындай үлкен қозғалыс, ата-аналар бірлестігінің құрылуына алып келді. Бұл тек Балалар жылында атқарылатын дүние емес. Бұл іс-шара дәртүрлі түрде өткізіліп тұруы керек».Алты баланың әкесі, кәсіпкер Нұркен Асанов бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор екенін айта келіп, жауапкершілікті күшейтуге үндеді.
«Біздің мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Жаңа Қазақстанға саналы ата-аналар тіреу болсын деген тілегіміз бар. Бәріміз ата-ана ретінде жауапкершілікті сезіне білуіміз керек. Ата-ана болу үшін ешкім университетке бармайды. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген Абай атамыз. Қазір қоғамда әртүрлі жағдай болып жатыр. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселеге айналып отыр», – дейді Нұркен Асанов.