50272
«AMANAT»: мектептерді жөндеу, азық-түлік бағасын қадағалау мәселесі талқыланды
«AMANAT»: мектептерді жөндеу, азық-түлік бағасын қадағалау мәселесі талқыланды
«AMANAT»партиясының Қостанай облыстық филиалында депутаттық фракцияның жетекшісі Қырмызы Жанбыршинаның төрағалығымен фракцияның отырысы өтті. Облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында мектептерді жөндеу, азық-түлік бағасын қадағалау, студенттерге арналған жатақханалардың жағдайын талқылады.
Қостанай облысындағы мектептерді күрделі жөндеу және салу барысы туралы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева баяндады. Айман Еламанқызы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу және олардың қатты отынмен қамтамасыз ету туралы баршаны толғандырған сұрақтарға жауап берді. Қазір облыс аумағында мектептерді жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 20 нысанға күрделі жөндеу қарастырылған. Бүгінде 14 нысанда жұмыс жүргізілуде, оның ішінде 12 нысан бойынша жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Күн тәртібінде, сонымен қатар, студенттерді колледж жатақханаларында орындармен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Барлық оқушылар оқу жылын қолайлы жағдайда бастауы үшін барлығын уақытында жасау маңызды. Мұнда көптеген нюанс бар: құрылысшылар белгіленген мерзімде орындап, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі қажет.
Қостанай облысы Қоғамдық даму басқармасының жастар ісі және азаматтық қоғам бөлімінің басшысы Әлішер Валиев өңірдегі жоғары оқу орындарындағы жағдаймен таныстырды: жөндеу жұмыстары, студенттердің жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету барысы талқыланды.
Отырыс барысында облыстық мәслихат депутаты Мәди Ихтиляпов Наурызым ауданының екі мектебінде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы мәселені көтерді. Жөндеу жұмыстары Раздольный және Өлеңді мектептерінде қажет. М.Ихтиляпов Айман Еламанқызына комиссия құрып, осы мектептерге барып, жағдайды сол жерде зерттеп, шешімді баяндауды өтінді.
Өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар жалғасуда. Қабылданған шаралар мен нәтижелер туралы Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов мәлімдеді. Оның деректері бойынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға белгілеу тетігін іске асыруға 6 млрд 653 млн теңге бөлінді, тұрақтандыру қорында 15 атау бойынша 10,3 мың тонна көлемінде 2,2 млрд теңге сомасына қорлар қалыптастырылды.
Бұл бағытта «AMANAT» партиясының мониторинг тобы да үлкен үлес қосуда. Олар қалалар мен ауылдардың сауда нүктелеріне барып, әлеуметтік тауарлардың бағасын бақылап тұрады.
Жиын соңында фракцияның жетекшісі Қырмызы Жанбыршина облыстық мәслихат депутаттарына партияның жаңартылған үлгідегі билеттерін табыстап, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген партия мүшелеріне алғыс айтты.