50262
Полигондағы сарбаз өлімі: жақындары жауаптылардың жазалануын талап етті
Полигондағы сарбаз өлімі: жақындары жауаптылардың жазалануын талап етті
Әскерге көктемде өзі сұранып барған көкшетаулық Алмас Шахимовты туған-туыстары мен жерлестері бүгін соңғы сапарға шығарып салды. 19 жастағы сарбаз күні кеше Алматы іргесіндегі полигонда оқу-жаттығу кезінде оқыс жағдайдан қаза тапқан болатын деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Алмас әскерге кеткен шаңырақтағы жалғыз ұлы болатын, Шахимовтардың үкілеген үміті. Отан алдындағы борышын өтегенге дейін құтқарушы мамандығына ие болған.
«Сол күні далада жаттығу жұмысы кезінде аяқ астынан басталған құмды дауылда өзгелерді құтқаруға ұмтылғаны да кәсібіне деген адалдығы болар», - дейді қайғы жұтып отырған туған-туыстары. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген қаруластары мен әскери бөлім командирі Алмастың көзсіз ерлігі жайлы баяндап берді. Қаруластарын құтқарамын деп жүргенде жас жігіттің басына темір құрастырма құлап, ауруханада қайтыс болды. Алмас Шахимов мемлекеттік наградаға ұсынылған. Әйтсе де, сарбаздың ажалына жауаптылар болуға тиіс деп санайды жақындары.
«Әскерге ешкім шақырған жоқ. Өзі әскерге барам деп кеткен. Өз аяғын басып кетіп еді. Өлтіріп, табытқа салып алып келді. Әскерде тәртіптің жоқтығы бұл. Палатка құлағанда ішінде балалар айғайлады деді. Балалар айғайлағаны қалып қойған. Соған командир кірмей, неге солдат кіреді?» - дейді марқұмның әжесі Гүлмайда Туғамбаева.