Жері жекеменшікке өтіп кеткен университеттерді тексереміз – Бақытжан Базарбек

Жері жекеменшікке өтіп кеткен университеттерді тексереміз – Бақытжан Базарбек

Жері жекеменшікке өтіп кеткен университеттерді тексереміз – Бақытжан Базарбек
ашық дереккөзі
50264
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерлерді қайтарып, ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Президент тапсырмасынан кейін «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Қазір комиссия өкілдері аймақтарды аралап, пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып жатыр. Осы орайда,  turkystan.kz  тілшісі «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарын сұрады. – Президент тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылуы тиіс. «Жер аманаты» комиссиясының осы бағыттағы жұмысы қалай жүріп жатыр? – Республикалық «Жер аманаты» комиссиясы игерілмеген ауыл шаруашылығы алқаптарын, заң нормаларын қатаң түрде бұза отырып, берілген жерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып жатыр.  Негізгі мақсат – осы. Жақында Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Жер дауындағы ең негізгі мәселе үлескерлерге қатысты. Колхоз, совхоз ыдырағаннан кейін кейбір жерлер ЖШС-нің құрамына кірген. Сөйтіп, жер иелері ЖШС құрамына кірген жерлерінен айырылып қалған. ЖШС олардың жерін кепілге қойған. Несие алып, қарызын банкке қайтармаған. Сөйтіп, екі ортада жерді пайдалану құқығы банкке өтіп кеткен. Қазіргі санақ бойынша, Қазақстанда банктердің иелігіндегі жерлер – 2 млн гектарға жуық. Банктер оны игеріп жатқан жоқ. Өзгеге де бермейді. Неге бұл жерлер осыған дейін алынбаған? Өздеріңіз білесіздер, әр банктің артында үлкен-үлкен олигархтар бар. Сотқа талап арыз берілген күннің өзінде олардың ықпалымен соттар істі қараусыз қалдырған кездер болған. Яғни, банктің пайдасына шешкен. Осылайша, банк лоббиі қалыптасты. Қазір бұл банктердің артында тіреп тұрған олигархтар жоқ. Қаңтар оқиғаларынан кейін жағдай өзгерді. Қазір банктердің иелігіндегі барлық жерді мемлекетке қайтару мәселесін көтеріп жатырмыз. Осының аясында Жер ресурсын басқару комитетіне, барлық бақылау функцияларын қайтардық. Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылға дейін орта және кіші бизнеске қатысты мораторий енгізу туралы Президенттің Жарлығы бар. Сол Жарлыққа тиісті өзгерістер енгізілді. Енді жер саласындағы өзгерістер мораторийге кірмейді. Жер ресурсын басқару комитеті тексеру жұмыстарын ұйымдастырады. Қазір әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Жер ресурсын басқару комитетінің жұмысы жанданып жатыр. Өкінішке қарай, ауылдық жерлердегі ең өзекті проблема – жайылымға арналған жердің болмауы. Жер шаруа қожалықтарының, ЖШС-нің меншігіне өтіп кеткен. Жергілікті әкімдіктер заңсыз беріп жіберген. Өткен жылы 30 маусымда Жер кодексіне және жайылым туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Әр ауылдың маңында радиус қалыптастыру (5-6 шақырым жерге) туралы менің өтінішім қабылданды. Осының аясында барлық жер мемлекетке қайтарылуы керек және жайылымға айналуы керек. Әр ауылдың ішкі, сыртқы шекарасы, жайылымды басқару жобасы болады. Оны жыл сайын өзгертуге мүмкіндік бар. Ауыл халқына жайылым жетіспейтінін білеміз. Барлық облыста осы проблема бар. Ең бастысы, механизм қалыптасты. Ендігі мақсат – осы мәселені шешу.  – Жердің көбі кезінде жекеменшікке өтіп кеткенін айтып отырсыз. Осындай жағдайлар қай өңірде кездесіп жатыр, атап айта аласыз ба? – Атырау қаласындағы саябақтар, Шымкент қаласындағы Шымсая, Самал, Дендросаябақтың кейбір жерлері жекеменшікке өтіп кеткен. Тізімді жалғастыра беруге болады: Талдықорған қаласындағы Ардагерлер саябағы, Алматы қаласының орталық саябағы. Сол сияқты университеттердің жері де жекенің қолына өткен.  Мысалы, Алматыдағы әл-Фараби атындағы университеттің жері. Осы мәселе бойынша сотқа талап арыз берілді. Заңбұзушылық анықталды. Ақтөбе облысы мемлекеттік университетінің жері де жекенің қолында болған. Жаңа ақпарат бойынша, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінде де осындай жағдай бар. Енді осы мәселе бойынша тексеру жүргіземіз. Жерді пайдалану мен қорғау бойынша уәкілетті органның талап арызына сәйкес соттың шешімімен жерді мемлекетке қайтарамыз. – Комиссияның көмегімен 285 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мәселе құжат жүзінде шешіліп жатыр ма? – Жайылым, шабындық, егістік жерлерді өз еркімен қайтарып жатқандар бар. Ешқандай сотқа жүгінбей, өздері қайтарып жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 18 мың гектар жер сот шешімінсіз мемлекет меншігіне өтті. Ал Қарағанды, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарындағы мәселе бойынша Жер инспекциясының талап арызы сотқа жолданды.

Әңгімеңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары