421
Әлемді дағдарыстың шеңгелі бүріп барады
Әлемді дағдарыстың шеңгелі бүріп барады
Ресей – Украина арасында шиеленіс басталып, геосаяси ахуал ушыққаннан кейін БҰҰ әлемде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Қымбатшылық әлем бойынша байқалып отыр. Бізде де қымбатшылық пен тапшылық мәселесі қатар аталып, «алда азық-түлік қат болады» деген ел ішіндегі түрлі болжамның шеті шықты.
Жыл басында елімізде 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қабылданған болатын. Ресей азық-түлік экспортына салынған тыйымдарды біртіндеп ала бастады. Ал Ресейден бізге экспортталатын азық-түлік 50 пайыздан асқан.
Бұл басқасын былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлікпен өз-өзімізді қамтуға қауқарсызбыз дегенді білдіре ме?
Ахуал алаңдатады
Жаһандық азық-түлік дағдарысы күшейе түскені туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл басында, Ресей – Украина арақатынасы шиеленіспей тұрып-ақ мәлімдеген болатын. Азық-түлік бағасының күрт қымбаттап кеткені де сол кезден бері айтыла бастады. 2021 жылы да бұл мәселе бірнеше рет көтерілген екен.
БҰҰ-ның Азық-түлік агенттігінің дерегіне сүйенсек, биылғы ақпанда азық-түліктің әлемдік бағасы 20,7 пайызға қымбаттаған. Мұны ұйым кей елдердің белгілі бір азық-түлік тауарлары экспортына шектеу қойып, азық-түлік қорын өз елінде сақтап қалуға тырысуымен байланыстыра түсіндірген еді. Мәселен, сол кезде Индонезия пальма майы экспортына шектеу қойған. Сөйтіп, оның бағасы 50 пайызға қымбаттады. Ал пальма майы – әлемдегі ең көп қолданылатын, печенье, маргарин, кір жуатын ұнтақ пен шоколад өндірісінде пайдаланылатын өсімдік майы. Сәйкесінше, тізбекті реакция – аталған тауарлардың бағасы да өскен. Тура сол кезде Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталып, бұл оқиға әлемдік астық өндірісіне, азық-түлік майларын жеткізуге және тыңайтқыштар экспортына қауіп төндіретіні алдын ала болжанған болатын.
Яғни, бұл жағдай экспортқа, логистикаға, сәйкесінше азық-түлік дағдарысы мен бағасына байланысты бұрыннан бар мәселелерді тіптен ушықтырды. Коронавирус пандемиясынан кейін шатқаяқтаған әлем экономикасының ахуалы күрделене түсіп, инфляция деңгейі өсті.
Көп ұзамай, Ресей өзіне салынған санкцияларға жауап ретінде санкциялар пакетін жариялады. Одан бөлек, наурыз айының ортасында өз ішіндегі қауіпсіздік үшін 31 тамызға дейін ЕАЭО елдеріне кей азық-түлік тауарларын экспорттауға да тыйым салған еді. Қант тапшылығы, кей тауарлардың бағасының одан сайын өсуі осы кезде басталған болатын. Себебі біздің нарық импортқа, соның ішінде Ресейден келетін тауарларға айтарлықтай тәуелді. Қазір көрші ел біртіндеп шектеулерді алып тастап жатыр. Дегенмен бұл аспандап кеткен бағаны тежей ала ма, жоқ па, ол жағы беймәлім болып тұр.
АҚШ Ресей астығын экспорттауға санкция енгізгені есте, бірақ кейінірек олардың бір бөлігін жұмсартып, кейбір транзакцияларға, соның ішінде тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық тауарларын тасымалдауға рұқсат берді. Ал 22 шілдеде Ресей, Украина, Түркия және БҰҰ өкілдері украин астығын Қара теңіз арқылы экспорттау туралы келісімге қол қойды.
Ұлттық статистика бюросының маусымдағы дерегіне сүйенсек, бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған осы азық-түлік тауарлары (17,9 пайыз). Салыстыру үшін айтып өтейік, басқа тауарлардың бағасы 11,1 пайыз, ақылы қызметтердің бағасы 8,9 пайыз өскен.
Яғни, елдегі қымбатшылық пен тапшылыққа сыртқы факторлардан бөлек, сауда жүйесіндегі делдалдар мен алыпсатарлардың, яғни спекулянттардың айтарлықтай көбеюі ықпал етіп отыр. Жауапты мемлекеттік органдардың жоспарлары мен қабылдаған шараларынан нәтиже байқалмайды. Ал әлем сарапшылары жағдай жыл соңына дейін күрделенеді деп отыр. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сәуір айындағы болжамында 2022 жылдың қорытындысы бойынша экономикасы дамыған елдерде инфляция бұрын болжанғандай 3,9 пайыз емес, 5,7 пайыз, ал дамушы елдерде және нарығы енді қалыптасып келе жатқан елдерде 5,9 пайыз емес, 8,7 пайыз, ал кей мемлекеттерде бұл бірнеше есе жоғары болатыны айтылыпты.
2023 жылы әлем елдері азық-түлік дағдарысына тап болуы мүмкін екенін Сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз мәслихатында БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммед те мәлім еткен еді.
– Украинадағы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласында қауіп-қатер бар. Дегенмен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мәселелер барша әлемдегі пандемия мен локдаундардан бастау алып отыр. Себебі індет салдарынан әлем елдері арасында өнімді жеткізу тізбегі бұзылған болатын. Ал соғыс жағдайы бұл қиындықтарды ушықтыра түсті, – деді А.Мұхаммед. Ол азық-түлік бағасын түсіру үшін Қара теңіздегі қарым-қатынасты жандандыру керегін айтқан болатын. Соғыс аяқталмаса, проблемалардың салмағы да ауырлай беретінін де қосып өтті.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, еліміз бір жыл ішінде тауарлар мен қызметтерге бағалар мен тарифтердің өсуі бойынша ЕАЭО елдері арасында үшінші орынға шыққан. 2022 жылғы мамырда сол жылғы сәуірмен салыстырғанда тұтыну бағаларының индексі Қазақстанда – 101,4 пайыз, Бела-
русьте – 100,7 пайыз, Қырғыз Республикасында – 100,3 пайыз, Армения мен Ресейде 100,1 пайыз болған.
Тұтыну тауарлары мен қызметтеріне бағалар мен тарифтер бір жылда (2022 жылғы мамырда 2021 жылғы мамырмен салыстырғанда) Ресейде – 17,1 пайыз, Беларусьте – 17 пайыз, Қазақстан мен қырғыз елінде – 14 пайыз, Арменияда 9 пайыз өскен.
Салыстырмалы түрде айта кетсек, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасының өсуі орта есеппен алғанда шамамен 40 пайыз, Өзбекстанда 48 пайыз болған.
Яғни, әлем елдеріне қымбатшылық пен тапшылықтың салқыны қатар сезіліп отыр. Дегенмен біздің елдегі шиеленіскен ахуалды сыртқы геосаяси жағдайдың ушығуы ақтап ала алмайды.
Қауқарсыздық па, әлде?
Былтыр нарықта импорт көлемі күрт ұлғайып, антирекорд тіркелген. Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы елімізге 4,9 миллиард долларға азық-түлік импортталған, экспортталған азық-түлік көлемі одан миллиард долларға кем.
2020 жылы экспорт бағытының саны 119 болса, 2021 жылы еліміз әлемнің 122 еліне тауар экспорттаған. Алайда оның 63-інде сату көлемі 10 миллион доллардан аспаған, 37-сінде 1 миллион доллардан кем болған. Жалпы экспорт көлемі кемігені байқалады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, импорт көлемі 41 млрд 173,8 миллион долларға жеткен, бұл 2020 жылға қарағанда 5,8 пайызға артық. Биыл жалпы импорт тауарлары ішіндегі азық-түліктің үлесі 11,8 пайызға жетіп отыр. Бұл – бес жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Әуелде айтып өткеніміздей, азық-түлік импортының 50 пайызы Ресей өнімдері. Жалпы алғанда, елімізге ең көп тауар Ресейден келеді: 2022 жылғы ақпанда импорт көлемі 1 353 568,2 мың долларға жетті. Одан кейін қытай, неміс тауарлары тұр.
Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларымен өз ішкі нарығымызды қамтуға мүмкіндігіміз мол екені анық. Дегенмен Жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі бұған тіпті кереғар ұғым қалыптастырады. Қазір ЖІӨ-нің 5 пайызы ғана ауыл шаруашылығы өнімдеріне тиесілі. Ал 1990 жылы бұл саладағы өндіріс ЖІӨ-нің 34 пайызы болған. Ел аумағының 80 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды немесе қолайлы деп есептеледі, алайда осы аумақтың тек 40 пайызы немесе 96 миллион гектары ғана ресми статистикаға сәйкес ауыл шаруашылығына пайдаланылады.
Тағы бір айта кететін мәселе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайыздан астамын жеке үй шаруашылықтары береді. Яғни, еліміздегі аграрлық өндіріс ұсақ тауарлы өндіріс. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, елімізде 20 154 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Жалпы, бұл саладағы өнімсіздік ауа райының қолайсыздығынан ғана емес, сонымен қатар жалпы саланың технологиялық жағынан дұрыс жабдықталмауынан туындап отырғаны қаншама рет айтылды. Өнімді өңдеу және сату процестеріне де жаңашылдық, тың бағыт керек. Мысалы, елімізде өсірілген көкөніс және жемістің 2-3 пайызы ғана қайта өңделеді. Дегенмен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесінің айтарлықтай төмен болуына қарамастан, еліміз дәнді дақылдар мен ұнды ірі өндірушілер мен экспорттаушылар қатарына кіреді. Ұн экспорты бойынша еліміз әлемдік нарықта жетекші орынға ие. Алайда қазір қарақұмық, ақ қант, картоп, пияз, сарымсақ, тұқымдар мен күнбағыс майын экспорттауға тыйым салынған. Сәбіз, қызылша, қырыққабат, сондай-ақ ұн мен бидайды шетелге шығаруға байланысты квоталар енгізілген. Экспорт мәселесінде де көлеңкелі тұстар жетерлік. Экспорттаушылар преференция мен субсидия түріндегі үлкен қолдау алып келді. Ал субсидия төңірегіндегі «бармақ басты көз қыстыны» тез арада тыю керегін Мемлекет басшысы ерекше тоқталып айтқаны есте. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да мардымды нәтиже бермегені, 30 жылымыз орындалмайтын жоспарларды құруға кеткені туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған болатынбыз. Бұл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 2774,6 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бағдарламадан күтілетін нәтижелердің ішінде өңделген өнім экспортын 2,5 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе ұлғайту болған еді.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист:
Ауыл шаруашылығы саласында нақты жұмыстар жүргізілуі керек
– Шынын айту керек, қымбатшылықтың қыспағында қалуымыздың негізгі себебінің бірі – тапшылық. Жалғыз ғана қант тапшылығының өзі жалпы инфляция көлемінің өсуіне әкеліп соқтырды. Инфляция қазір 14,5 пайыз, ал азық-түлік инфляциясы 20 пайыз. Ал кей тауарлардың бағасы тіпті 80 пайызға дейін қымбаттаған. Екі еселеніп кеткені де жоқ емес. Жалпы жағдайдың ушығуына геосаяси ахуал ықпал етті деуге негіз бар. Себебі біз тауарлардың көбін Ресейден әкелетінбіз. Әсіресе, солтүстік өңірлеріміз азық-түлікті көрші елден тасымалдайды. Осы өңірлерде бағаның өсуі тіпті қатты байқалды. Ресей нарығынан көп компанияның кетуін де тағы бір мәселе ретінде атап көрсетуге болады. Біз сүт, йогурт өнімдерін, атап айтқанда «Домик в деревне», «Простоквашино» өнімдерін Ресей өнімдері деп келдік. Шындап келгенде, ол Danone компаниясынікі болып шықты. Демек, компанияның кетуіне байланысты нарықта орын босап қалды. Бұл – бір ғана мысал. Одан бөлек, тұрмыстық-химиялық заттарға байланысты қаншама мысал келтіруге болады. Логистикалық кедергілер, әрине бағаның үстемеленуіне ықпал етіп отыр. Ал маған түсініксіз бір жайт бар: ол – нанның, ұнның бағасының өсуі. Бидай тапшылығы туралы айтудың өзі қисынсыз, біз ішкі нарықты бидаймен қамтуға толы қауқарлымыз. Яғни, бидай өнімдерінің қымбаттауы негізсіз деп сенімді түрде айтуға болады. Сондықтан күріш болсын, сұйық май болсын тура сондай жағдай. Сондықтан осы мәселеге Үкімет көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Негізінде, бізде мүмкіндік бар, Ресейден кеткен компанияларды тарту арқылы да үлкен мүмкіндік туғызуға болатын еді. Егер ол компаниялар біздің нарыққа келер болса, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады. Неге бізге Ресейден көп тауар келді? Себебі Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, онда 150 миллионнан астам халық бар. Нарығы – 170 миллион. «Сіздер осындай үлкен нарыққа тауар тарата аласыздар, бізге келіңіздер» деген саясатты ұстанған. Соның нәтижесінде шетелдік компаниялар Ресейге орныққан. Ал дәл қазіргі жағдайда Ресейден кеткен шетел компаниялары Ресей нарығынан кетсе де, Еуразиялық экономикалық одақтан қол үзгісі келмейді. Сондықтан сол компанияларды өзімізге релокация жасау мәселесі өте ұтымды болар еді. Бірақ бұл жерде екінші санкциялы елдердің қатарына қосылып қалмауды ойлау керек. Барынша сақ болып, санкциялы тауарлардың бізге өтуіне тосқауыл қоюымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – Үкіметтің алдындағы ең негізгі міндет. Тым қауқарсызбыз деуге келмейді, дегенмен ауыл шаруашылығы саласында шынымен нақты жұмыстар жүргізілуі керек.Қорыта айтқанда, шиеленіскен ахуалдың салқыны мен көлеңкесін жеңіл өткерудің жолын қарастырып қана қоймай, жылымығы мен күнгейін іздеу де артық етпейтіні анық. Ал ішкі нарықтағы мәселені реттеу үшін кешенді де жүйелі қадамдар керек.