50646
Фатима Молдашова: Америкада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткім келеді
Фатима Молдашова: Америкада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткім келеді
Фатима Молдашова әлемдегі ең беделді университеттердің бірі Стэнфорд университетінде қазақ тілін үйренемін деушілерге сабақ береді. Оған дейін ол Индиана университетінде интенсивті қазақ тілінен дәріс берген. Лос-Анджелес мектептеріндегі ІТ жүйесіне қазақ тілін енгізуге септігін тигізген Фатима Америкада алдағы уақытта бізді жеке ұлт ретінде қарастыруға бар күшін салатынын айтады. Қазақ мәдениетін қайтсем де дәріптеймін деп жүрген Фатимаға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Ең алдымен, кезінде Индиана университетінде қазақ тілінен сабақ беруге қалай шақырту алғаныңызды білгім келіп отыр. Еуропа университеттерінде өзіңіз секілді қазақ тілін үйретіп жүрген мамандар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын оқығанымен, шетелдіктерге қазақ тілін оқыту мақсаты бәрінен биік тұрғанын айтады. Сізде де солай болды ма?
– Иә. Әңгімені арыдан бастасам, мен Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында дүниеге келгенмін. 13 жасымда шалғайда орналасқан ол ауылдан облыс орталығына келіп, ондағы Ж.Досмұхамбетов атындағы техникалық лицейге оқуға түстім. Қазақ тілі мен әдебиетіне осыншалық әуес болуыма ауылымдағы білікті ұстаздарым себепші болды. Техникалық лицей болса да, ондағылар мені қазақ тілінен өтетін олимпиадаларға жиі қатыстыратын. Ол кезде өлең шығарып, шығарманы «бұрқыратып» жазатынмын. Қазір Америкада тұрып жатқаныма он үш жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде қазақ тілін ұмытпауыма ауылдағы ұстаздарым қалап берген іргетас септігін тигізсе керек. Лицейді бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша білім алдым. Оны тәмамдаған соң, сонда оқытушы қызметін атқардым. Бірде университет қабырғасында ілулі тұрған хабарландырудан Американың Индиана университетіне барып, қазақ тілінен сабақ беріп, оған қоса, лингвистика мамандығын меңгеріп шығуға мүмкіндік беретін бағдарламаға конкурс жарияланғанын білдім. Ол бағдарлама Индиана университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеуші ғалым, қазақ тілінің жанашыры Уильям Фирманның мұрындық болуымен ашылған. Республика бойынша 150 үміткер қатысқан сол конкурстан мүдірмей өтіп, Америкада қазақ тілін оқыту мүмкіндігін иелендім. Бір қызығы, жеңімпазға лайық деп саналған күннің ертесі-ақ жолға дайындалуға тура келді. Барлығы аяқ астынан болды. Тіпті, үйдегілермен де қоштасып үлгермедім. Жұма күні сонда ұшып келіп, үш күннен соң интенсивті қазақ тілінен сабақ жүргізуім керек болды. Еш дайындықсыз бардым. Университеттің жүйесімен де таныс емеспін, тіпті, корпустарын шатастырып, адасып жүргенім есімде қалып қойыпты. Ол уақытта қазақ тілін үйрететін оқулық жоқтың қасы, оқулықты айтпағанда шетелдіктерге арналған материал жоқ. Өзім елден апарған 2-3 кітапқа сүйене отырып, түрлі материалдар әзірледім. Төрт сағат сабақ беремін, үйге келе сала келесі сабаққа қызық материалдар әзірлеп, жаздыгүні бос уақытымды соған жұмсайтынмын. Сосын күзде бағдарлама ережесіне сәйкес қолданбалы лингвистика мамандығы бойынша оқуым басталды. Онда екі жыл оқып, тиісінше екі жыл қазақ тілінен сабақ бердім.
– Онда қазақ тілінен сабақ бұрыннан жүргізілетін бе еді, әлде сіз барғасын жаңадан ашылды ма?
– Жоқ, ол бағдарлама Индиана университетіндегі Орталық Азия зерттеулері факультетінде 1986 жылдан бастап жүргізіліп келген. Профессор, қазір зейнетке шыққан Алма Құнанбаева сабақ берген. Негізі, мен Америкаға сол жерде қаламын деп барған адам емеспін. Оқу аяқталған соң елге оралып, бар үйренгенімді студенттерге үйретуге асықтым. Сол кезде ҚБТУ-дан ұсыныс түсті. Сөйтіп, ондағы оқу десе ішер асын жерге қоятын, амбициясы мықты балаларды маман етіп әзірлеп шығаруға күш салдым. Сол жерде шетел азаматымен көңіл жарастырып, отбасылы болдым. Үлкен ұлым Себастьян Алматыда дүниеге келді. Сосын Индиана университетіндегі әлгі бағдарламаны жүргізуге жауапты кісілер мені жазда тағы жұмысқа шақырды. Ол кезде түбі бір оқулық әзірлеп шығаруды көздеп жүрген мен оны жазуды бастап кеткен едім. Әңгіме басында айтып өткендей, оқулық жоқ болғандықтан, есіл-дертім сол оқулық жазуда болды. Ел ішін аралап, материалдар жинап жүрген кезім болатын. Десе де, қайтадан Америкаға барып, Индианадағы қазақ тілі сабағын тағы жүргізуге келістім. Алайда кейіннен қаржылық қолдау көрсетілмеуі себебінен ол бағдарлама тоқтап қалды.
– Ал әлемге әйгілі әрі аса беделді Стэнфорд университетіне қалай шақырылдыңыз? Индианада бағдарламаны сәтті жүргізе білген соң шақырған болып тұр ғой сізді?
– Ондағылар «Біздің факультетте қазақ тілінен арнайы тіл бағдарламасы бар. Сізді жұмысқа шақырайық деп едік» деп маған өздері бірінші болып хабарласты. Оған дейін ол жерде қазақ тілінен сабақ жүргізіледі деп еш ойламаппын. Өзіңіз білетін боларсыз, Стэнфорд университеті медицинаға, ғылымға баса назар аударады. Әлемдегі зерттеудің түгелі Стэнфорд пен Брукли университеттерінде жүргізіледі. Бірақ Стэнфордта тілге аса мән бермейді, гуманитарлық бағыттан гөрі техникалық ғылымдар бәрінен жоғары тұрады. Ал олар қазақ тілін неге керек етті десеңіз, Славян және Шығыс Еуропа зерттеулері факультетінде оқып, славян әлемін зерттеп жүрген студенттер қазақ тілін оқығысы келеді екен. Өтініш көптеп түскен соң, әлгі бағдарламаны ашқан. Маған дейін жоғарыда айтып өткен Алма апай сабақ берген. Ол кісі зейнетке шыққан соң мені шақырды. Қазір сонда жұмыс істеймін. Сабақты онлайн форматта жүргіземін. Бүкіл әлемді пандемия жайлаған кезде Zoom платформасының маңызы арта түсті ғой, ал мен оған дейін сол Zoom арқылы қашықтан сабақ беруді бастағанмын. Негізі, қазір бізге қарағанда Америкадағы Мэдисон университетінде қазақ тіліне көп мән беріледі. Онда жазғы бағдарлама бойынша Раушан есімді мықты маман сабақ береді. Бізде студенттер қосымша пән ретінде таңдайды. Десе де, осы он үш жыл ішінде мен көп ғалымға сабақ бердім. Назарбаев университетіндегі шетелдік профессорлардың түгелі дерлік кезінде Индианада менен сабақ алған. Жалпы, осында Қазақстанға қатысты зерттеу жүргізіп жүргеннің көбіне сабақ бергенмін. Докторантурада оқитын студенттердің жеке кеңесшілері бар, десе де оларға Қазақстанда қай салада, қандай тақырыпта зерттеу жүргізген дұрыс екенін бағамдап, бағыт беріп, байланыс орнатып, тіпті малшыға дейін тауып беріп, көмектескенмін. Индиана университетінде сабақ беріп жүрген кезде тек Орталық Азияға қызығатындар ғана емес, басқа мамандықты меңгеріп жүрген студенттер де болды. Тіпті, басқа штаттан келіп оқығандар да бар. Одан бөлек, лингвистика бойынша зерттеу жүргізген антрополог кәрістерге де көмектестім. Негізі, қазақ тіліне қызығатын студенттер екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі, мемлекеттік жұмыс істеуді мақсат еткендер шет тілін білуі керек, сондықтан олар араб я қазақ тілін таңдауы мүмкін. Екіншісі, жаңа айтып өткендей, зерттеу жүргізетіндер ана тілімізді үйренгісі келеді. Мысалы, Крис Рис деген студентім Мәншүк Мәметованың ескерткіші туралы диссертация жазды. Мен оның зерттеуіне көмектесіп, барынша қолдау білдірдім. Қазақстанның батыс аймағында туып-өскендіктен, бастапқыда тікмінезділік танытып, бірбеткей болдым. Талабым күшті болды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген студенттерім факультеттегілерге мені қатқыл мінезді деп қалжыңдап айтса керек. Сондай сәтте жоғарыда айтып өткен Уильям «Ол – Адай, сіздер оны түсінбейсіздер» деп айттым» дейді (күліп). Ізінше осы жақтың сабақ беру мәдениетін үйреніп алдым.
– Ағылшынтілді студенттер қазақ тілін тек зерттеуіне қажет материалдарды іздеу үшін қолданатын секілді көрінеді. Олардың қазақ тілін білу деңгейі, анау айтқандай, жоғары емес шығар?
– Жоқ, арасында жоғары деңгейге дейін жеткендер бар. Тіпті, Стэнфорд университетінде қазақ тілін ең жоғары деңгейге жеткізген студенттерім жетерлік. Онда оқитын Стю Маклафлин деген студентім қазақша сөйлегенде бізден асып түспесе, кем түспейді. Еңбекқор бала. Стэнфордқа кез келген студент түсе бермейді, онда оқу қиынның қиыны, ізденушіге артылатын жүк көп. Соның өзінде қазақ тіліне үйренуге уақыт тауып жүргеніне риза боласың. Жазда Қазақстанға барғанда Geographic Qazaqstan журналы нөмірлерінің арасынан Стюға пайдалысын таңдап, сатып алып, «Осы журналдарды оқып көрші» деп оның қолына тапсырғанмын. Жалпы, олар сабаққа жүрдім-бардым қарамайды. Үйренемін деген мақсатпен келеді. Артыңнан қалмай жүріп, үйреніп алады. Біреуіне оңай, ал енді біреуіне қиын соғады, барлығы студенттің әлеуетіне байланысты. Бірақ қазақ тілі әуезді тіл ғой. Кейде көптің ортасында балаларыма қазақша сөйлесем, айналамдағылар жалт бұрылып «Өте әдемі тіл, қай тілде сөйлеп жатырсыз?» деп сұрайды. Осы ретте айта кетейін дегенім, бізде, қазақ дүниетанымында зерттейтін нәрсе көп. Мен соны студенттеріме тауып беремін. Мысалы, анимацияға әуес бір студентіме Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты картинасындағы музыкамен контраст жасайтын жерін тауып беріп ем, қызығушылығы арта түсті. Тақырып тауып беріп қана қоймай, оның қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғары еместігін ескеріп, бүкіл мақаланы аударып бердім. Сол үшін факультеттегілерден сөз естігенім бар (күліп). Кейін ол сол зерттеуін беделді журналға мақала етіп шығарды. Кейде дәріс беру кезінде тақырыптан тыс басқа дүниелер айтып, студенттерімнің қызығушылығын оятып аламын. Сондай сәтте олар «Осы тақырып бойынша дерек тауып беріңізші» деп кетпей, тұрып алады. Бірде «қазақ ұғымында айдаһар қалай қабылданады?» деген тақырыпты өрбітіп отырғаным сол еді, Джек деген студентім сол тақырыпты бірден таңдап, зерттеу жүргізіп, ақырында зерттеген дүниесін журналға жариялады. Мұндай мысалдар көп. Байқап отырсаңыз, расымен де қазақ дүниетанымында зерттейін нәрсе көп екеніне көзіңіз жетеді. Алдағы уақытта мұны зерттейтін студенттердің қарасы көбейеді деп сенемін. Ұлдарым Себастьян мен Жанасарға да күй үйретіп жатқаным да сондықтан. Екеуі де қазақшаға судай. Музыкаға әуес үлкен ұлым күйлер тарихын зерттесе екен деймін. Балам арқылы қазақ мәдениетін дәріптегім келеді. Жалпы, шетелдік студенттер жан-жақты болған соң, біздің қоржында жатқан тың тақырыптарды таңдауға тырысады. Ал біздікілердің көзқарасы басқаша. Қазір де осында келген қазақ студенттерден «Қазақ тілі болашаққа есік ашпайды» деген тұжырымды жиі естимін. Студент кезімізде қазақтың ұлттық киіміне жиіркене қарайтын көзқарас болды. Қазір ол киімдерге бұрыннан оң көзқарас танытып келе жатқан секілді көрінеді ғой, ал негізінде олай емес-тін. Ол заманда ұлттық киім киген жанды ескіліктің адамы деп қабылдайтын. Қазір кейбір студенттердің де қазақ тілі туралы көзқарасы, өкінішке қарай, соған ұқсас.
– Лос-Анджелес мектептеріндегі білім беру бағдарламасының ІТ жүйесіне бізді жеке ұлт ретінде қарастыру үшін көп уақыт жүгіріпсіз. Барлығы неден басталды?
– Балам екі жыл бұрын мектеп ауыстырды. Онда оқитын балалармен әңгімелесіп, арасында қазақша сөйлесе, үзіліс кезінде барлығын бақылап жүретін супервайзері оған келіп ағылшыннан өзге шет тілде сөйлеуге тыйым салынғанын айтқан. Оны естіген мен «Неге сөйлемейді екенбіз? Өмір бойы сол тілде сөйлеп келе жатырмыз. Ол неге олай айтады?» деп ашуға булықтым. Негізі, мұнда жаңа мектепке ауысқан соң, шу шығармай, балаларды қабылдағаны үшін алғыстан басқа айтарың болмауы керек. Ал мен ана жайттан соң директормен кездесу уақытын белгілеп, мектепке жеткенше өрекпіп, ойымды жеткізуге асықтым. Сол кездесуде «Осы жердегі университетте мұғаліммін әрі лингвиспін. Баламның тілі ағылшыннан бұрын қазақша шыққан. Қазақша жетік біледі. Ол тілде сөйлеуге болмайтынын айтқан әлгі супервайзер Калифорнияның тіл туралы заңын білмейді» деп сол заңда жазылған ережелерді тізіп шықтым. Аң-таң болған директор шет тілде сөйлеуге ешкім тыйым салмайтынын айтты.
Лос-Анджелесте қазақ көп тұрады. Олардан балаларын мектепке қалай тіркейтінін, қай ұлттар тобына жатқызатынын сұрасам, бірі ақ нәсіл, енді бірі азиялық топты таңдайтынын айтады. Сосын ол жүйеге қазақ дегенді енгізу мақсатында петиция жинадым, бірақ аз қол жинадым. Содан соң осындағы қазақтардың балалары қай мектепке баратынын біліп, білім басқармасына хабарласып, көп уақыт бойы олардың қыр соңынан қалмай жүгірдім. Олар оған аса мән бермеген соң, ақырында Zoom арқылы кездесу өткізіп, «Осында тұратын қазақ деген ұлт бар. Олар орыс не қытайлық емес. Шығыс Азия тобына да кірмейді. Біз басқамыз. Бөлек қарастырылуымыз қажет» деп түсіндірдім. Көп ұзамай олар хабарласып, 19 шілдеден бастап балалар мектепке тіркелгенде ана тілі ретінде қазақ тілін көрсете алатынын, қазақ тілінің ІТ жүйеге енгізілгенін айтты. Білім басқармасының басшысы «Негізі, біз басқа тілдерді енгізгелі жатқан едік, бірақ сіз ешкімге дес бермей, көп уақыт жүгірген соң, қазақ тілін бірінші қылып енгізіп отырмыз» дейді. Осылайша, барлық оқушы өзінің ұлты – қазақ екенін ІТ жүйесінде растай алатын болды. Негізі, мен бұл келесі жылы жүзеге асар деп ойлаған едім, шілде айында іске асқанына қуаныштымын. Алдағы уақытта тұтастай Калифорния штатының ІТ жүйесіне де енгізіледі деді.
– Сонда ұлты – қазақ деген опцияны көп адам таңдаса, алдағы уақытта тек Лос-Анджелес емес, түгел Американың мектептеріне енгізуге мүмкіндік бар ғой?
– Иә. Көбіне сол опцияны таңдау керек екенін айтып жүрмін. Мүмкіндік болса, мұны ары қарай дамытқым келеді. Ағылшын тілінде cultural awareness деген түсінік бар, мұның мағынасы – өзгелерге өз мәдениетіңнің нюанстарын мойындату. Ондай қадам жасау үшін алдымен осындай жүйелерді дұрыстау керек. Жоғарыда біз сөз еткен, қазақшаға судай студентім Стю қазақ тілінің бар екенін Стэнфордқа келіп естімей, басқа жерден де танып-білсе екен деймін. Қазақ тілін осындағы мектептердің ІТ жүйесіне енгізу – тек бастамасы ғана. Ары қарай ілгерілету үшін көп адам осы опцияны таңдауы керек. «Кәне, сонша жүгіргеніңде жиырма шақты қазақ қана тіркелді ме сонда?» деп айтпас үшін қолдау қажет. Білім басқармасындағылармен қазақ тілін дамытуға қатысты басқа мәселелер туралы да сөйлестім. Олар «Алдымен, осы бастаманы іске асырайық, сосын басқасын қарастыра жатармыз» деді. Бірақ осы бастамаға да шүкір деймін. Біздің identity қазақ екенін көрсету үшін, қазақ ретінде танылу үшін бұл бастаманың маңызы зор. Жеке ұлт ретінде танылу үшін осындай жайттар маңызды. Осындағы қазақтың көбі орысша сөйлеген соң, айналадағылар оларды орыс деп санайтын. Бұрын қазақтар ІТ жүйеде қазақ тілі жоқ болғандықтан, орыс тілін таңдап, оларға орыс аудармашы тауып беріп, орыс ретінде қарайтын. Ал қазір қазақ ретінде таниды. Мен осында емделуге келген отбасыларға көмектескенде және сотта аудармашы болып жұмыс істегенде ұлтымыздың қазақ екенін ерекшелеп көрсету маңызды екенін ұқтым. Бұйырса, алдағы уақытта бұдан да көп шаруа атқарылады.
– Әңгімеңізге рақмет! Дегеніңізге жетіңіз!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ