Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір

Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір

Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір
ашық дереккөзі
Бұған дейін кәрі құрлықтың белді университеттерінде қазақ тілі мен әде­­биетінен дәріс оқып жүрген мамандар тура­лы жиі жазған едік. Сол кезде «Ал Америкада қазақ тілін оқытып жүрген кім бар екен?» деп қызыққанымыз бар. Мөлдір Оразбаева – АҚШ-тағы жетекші ЖОО-лар қатарына енетін Индиана университетінде америкалықтарға қазақ ті­лін үйретіп жүрген жас мұғалім. Аме­ри­када қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дұрыс жолға қоюға бағытталған Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағ­дар­ламасының грантын ұтып алған Мөл­дір америкалықтардың қазақ тіліне деген қызығушылығы зор екенін айтады. Елге келген соң, Америкада жиған-тергенін қа­зақстандық студенттерге бөлісуді көз­деп жүрген Мөлдірге хабарласып, әңгі­ме­ге тартқан едік. – Индиана университетінің студент­тері­не қазақ тілін үйрету мүмкіндігі қай­дан туындағанын сұрамас бұрын, ал­дымен қиыны мен қызығы қатар жүре­тін ұстаздық қызметке қалай ара­ласқаныңызды айта кетсеңіз. – Жалпы шет тілін, соның ішінде ағыл­шын тілін үйрену процесіне деген қызы­ғу­шы­лық бала кезімнен бастау алған. 6 жаста бол­ғанымда анам Жезқазғандағы Оқушылар сарайына ертіп келіп, «Көңілің қалаған үйір­мені таңда» дегенде «ағылшын тілі курсына бара­мын» деп айтқаным есімде. Сосын, есіңіз­де ме, бір кездері Қазақстанның алыс ай­мақ­тарына ағылшын тілін үйреткісі келетін аме­­­рикалық еріктілер келіп, лагерь ұйым­дас­тырып, қызыққа толы сабақтар өткізетін еді ғой. Сол мамандардың өткізген сабақ­тары­нан әсер алғаным соншалық, оқуға де­ген ынтызарлығым бұрынғыдан бетер арта түс­ті. Сөйтіп, Жезқазғанда орта мектепті тә­­мам­даған соң Е.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды мемлекеттік университетінде «шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім ал­дым. Екінші шет тілі қытай тілі бол­ған­дық­тан, 2-курста академиялық ұтқырлық бағ­дарламасы бойынша Қытайда бір семес­тер оқыдым. Ол оқудан келген соң, қытай тілін үйренуге қызығушылығым жоғарылап, оны жетік меңгеруді мақсат еттім. Еліміздегі Конфуций институты филиалының өкілдері қытай тілін меңгергендерге арнайы шәкір­тақы тағайындап, аспан асты еліне оқуға жібереді. Ол грантты ұтып алған мен ба­ка­лавриатта оқып жүріп Қытайда тағы бір­неше ай оқып келдім. Содан соң «Бола­шақ» бағдарламасымен пара-пар Қытай мем­лекеттік грантын жеңіп алып, Шандон про­винициясында орналасқан Циндао уни­верситетінде магистратура бөлімінде білім алдым. Онда оқып жүргенде белсенділік таны­тып, көп іс-шараға қатыстым, әсіресе, Шан­хай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мү­ше мемлекеттер басшыларының самми­тін­де, Теңіз экспосында қазақ және қытай тілі­нен аудармашы болып жұмыс істедім. Ма­гистратураны бітірген соң, өзім оқыған Қара­ғанды мемлекеттік университетінің бас­шылығы оқытушылық қызметке шақы­рып, еңбек жолымды сонда бастадым.  width=– Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері­не Америкада қазақ тілін насихаттауға мүм­кіндік беретін Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдар­ла­ма­сы жайлы бұрыннан білетін бе едіңіз? – Жоқ. Қарағанды мемлекеттік универ­си­тетінде сабақ беріп жүргенімде қатары­мыз­ға Валерий Сартор деген фулбрайтер ке­ліп қосылды. Ол жоғарыда сіз айтып өткен бағ­дарлама бойынша қазақстандықтарға ағыл­шын тілін оқыту, сондай-ақ диссертация та­қырыбына байланысты зерттеу жүргізу үшін Қарағандыға келген болатын. Мен оны­мен көп әңгімелесіп, Қарағандының көрікті жер­лерін көрсетіп, қолдап жүретінмін. Бірде ол «Дәл осы бағдарламамен Америкаға ба­рып, ондағыларға неге қазақ тілін үйре­т­пес­ке?» деп ой салды. Сөйтіп, бірінші мүмкін­дік­тен-ақ бұл грантты ұтып алдым. Неге бірін­ші мүмкіндік десеңіз, бұл бағдарламаға Қа­зақстан бойынша жылына 100-ден астам үміт­кер тапсырады, бірақ бұл – жылына бір, кей­де екі мұғалімге ғана берілетін мүмкіндік. Кей­бір америкалық университеттер қазақ ті­лі сыныбын ашса да, екінші жылы сту­дент­тер тарапынан сұраныс болмаса оны жауып тас­тауы мүмкін. Негізі, аталған бағдарлама бойын­ша мұхит асып, америкалықтарға қа­зақ тілінен сабақ беретін мұғалім санының көп болуы студенттердің сұранысына бай­ла­нысты. – Демек іріктеу қатаң жүргізіледі ғой... – Әлбетте. Құжат тапсырып, өтініш жаз­ған соң, «Америкаға неліктен барғыңыз ке­ле­ді?», «Әріптестеріңізге қандай үлгі көр­се­те­сіз?», «Қазақ мәдениетін қалай наси­хат­тай­сыз?» тақырыптары бойынша эссе жазуыңыз қа­жет. Одан өткен соң, Америкада бұл грант­­ты тағайындайтын мемлекеттік бас­қар­ма мен біздегі елшілік өкілдері ағылшын ті­лінде сұхбаттасады. Бұл кезеңнен іркелмей өт­кен соң, қазақ тілін меңгеру деңгейіңізді тек­середі. Мысалы, менен Хангук шет тілдер уни­верситетінде қазақ тілінен сабақ беретін про­фессор Әлия Құрышжанова емтихан алд­ы. Ең соңында ағылшын тілін жетік мең­гергеніңізді айқындайтын TOEFL емтиханын тапсыруыңыз қажет. Бастапқыда тапсырған 100 адамның ішінен TOEFL емтиханына төрт қана үміткер жіберілді. Олардың ара­сы­нан топ жарып, шетелде қазақ тілін оқыту мүм­кіндігі бұйырғанына қатты қуаныш­ты­мын. [caption id="attachment_173210" align="alignnone" width="1280"] width= Сабақ барысында[/caption] – Елшіліктің ресми сайтында бұл бағ­дарлама «Америка университеттері мен колледждерінде қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дамытуға көмектеседі» де­лінген. Бізді Американың ЖОО-ларында қа­зақ тілін үйренгісі келетін амери­ка­лық студенттерге мүмкіндік жаса­ла­ты­ны таңғалдырып отыр. – Иә, қазақша сөйлегісі келетін аме­ри­ка­лықтың Америкадан ары аспай-ақ ана ті­лімізді үйренуге мүмкіндігі бар. FLTA же­тек­шілері маған оқу бағдарламасына қазақ ті­лі пәні кіріктірілген екі университет: Ин­диа­на мен Джорджия университеттерінің біреуін таңдау құқығын берді. Индиана уни­вер­ситетінде Орта Азия елдерінің тілі мен мәдениеттін зерттеуге бағытталған ка­фед­ра бар. Онда оқитын студент осы аймақ­қа кіретін елдердің бірінің тілін үйренуі қа­жет. Ал Джорджия университінде орыс флаг­­маны бағдарламасы бойынша оқы­ты­латын қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып қояды. Онда Қазақстанның ірі қа­ла­лары­на барып, орыс тілін үйренгісі келетін сту­денттер алдымен қазақ тілінен емтихан тап­сыруы қажет. Осылайша, олар бұл емти­ханнан мүдірмей өту үшін қазақ тілінің бір­­неше деңгейін меңгеруді көздейді. Ин­диа­на университетіндегі кафедраны таңдаған се­­­бебім – онда қазақ тілі ешбір тілдің кө­лең­кесіне жасырынбай, негізгі тіл ретінде оқы­тылады, сондай-ақ Қазақстан туралы да көп мә­лімет беруге мүмкіндік бар. Мен – Ин­диа­на университетінде қазақ тілінен сабақ бере­тін жалғыз мұғаліммін. Мұны мен ана тілі­мізді, төл мәдениетіміз бен салт-дәс­түрі­мізді дәріптеу үшін маған берілген бақ деп біле­мін. Айта кетерлігі, мен сабақ беретін сту­денттердің басым бөлігі – қазақ тілін жүр­дім-бардым емес, шындап үйренгісі келе­тін энтузиастар. Қазақ тілін үйренудегі мақ­сатын түсіндірген олардың бірі «Қазақ­стан­да көздің жауын алатын жер көп. Алдағы уа­қытта сонда саяхаттап бармақпын. Сол кез­де қазақтармен қазақша сөйлеп, бар­лы­ғын өзім сұрап білгім келеді» деп түсіндірсе, америкалықтар Қазақстаннан асырап алған, ұлты бөлек екінші студентім «Мен – Қазақ­стан­нанмын, сол үшін қазақ тілін білуім тиіс» дейді. Олар мектепте Орта Азия елдері­нің географиясын оқымағандықтан, осы ай­мақта орналасқан әсем жерлер туралы естіп-білген соң, өз көзімен көргісі келеді. Со­дан соң докторантура бөлімінде оқитын сту­денттер Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қызығатындықтан қа­зақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Ал хок­кейге қатты қызығатын бір студентім уни­верситетте дәл ортасында елтаңбамыз бейнеленген, Қазақстан деген жазуы бар ұлт­тық құраманың жейдесін киіп жүреді. Қа­зақстандық хоккейшілердің өнерін ба­қылап, ойынын қалт жібермей, жанкүйерлік танытады. Жалпы, америкалықтар біре­гей, жан-жақты болу үшін көп елдің мә­де­ние­тінен хабардар, сарапшы болғанды жөн са­найды. [caption id="attachment_173209" align="alignnone" width="2048"] width= Студенттермен бірге[/caption] – Университет ішінде жеке каби­не­тіңіз бар ма? Студенттерді қалай іріктеп ал­дыңыз? Аптасына қанша рет сабақ бересіз? – Маңдайшасында Kazakh Fulbright Teaching Assistant деп жазылған жеке каби­не­тім бар. Ал іріктеу туралы сөз етсем, мен Аме­рикаға келгенге дейін кафедра адми­нистраторлары жаз бойы қазақ тілі сабағына қатысқысы келген студенттерді іріктеп қой­ған. Мен тек дайын тұрған тізімді алып, он­да тізілген студенттерді деңгейі бойынша екі топқа бөлдім. «Қазақша мүлде білмеймін. Бастапқы деңгейде оқығаным дұрыс» дегенін бірінші топқа бөлдім. Ал қазақ тілін бұрын­нан үйреніп жүргендерді тестілеуден өт­кізіп, орташа деңгейді үйрететін топқа енгіздім. Ал үшінші топта жоғарыда айтып өткен Джорджия университетіндегідей Қазақстан­ға барып орыс тілін үйрену үшін қазақ тілін меңгеріп жүрген студенттерге сабақ беремін. Бас­тапқы деңгейді оқып жатқан бірінші топ­қа аптасына бес рет сабақ беремін. Олар­ды күн сайын интенсивті түрде оқыту қажет. Ал екінші топтағылар аптасына төрт рет оқи­ды. Үшінші топ орыс тіліне басымдық бере­тіндіктен оларға аптасына бір-ақ рет са­бақ өткіземін, бірақ бұл сабақ екі сағатқа жал­ғасады. Айта кетерлігі, біздің универси­те­тте 100-ден астам тіл оқытылады, тіпті ұй­ғыр, күрд тілдері бойынша курстар жүр­гізі­леді. Бірнеше тілді қоса үйреніп жүрген аме­рикалықтар таза сөйлегенді құп санайды, кейбіреулер секілді түбі бір түркі тілдерін араластырып сөйлемейді. Қырғыз ті­лін жақсы білетін бір студентім сабақ ке­зін­де тек қазақша сөйлеп отырады. Мен де са­бақты тек қазақ тілінде жүргіземін, бір күн­де өтетін қаптаған ағылшынтілді сабақ­тар­дың ішінде кемі бір сағатын өзге тілде сөй­леуді үйренсін, қазақтілді ортада жүрген­дей сезінсін деп ағылшын тілін араластыр­мау­ға тырысамын. – Еуропа университеттерінде қазақ тілінен сабақ беретін профессорлар шетелдіктердің төл дыбыстарымызды дыбыстауды қиын көретінін айтады. Сіздің сабағыңызда да солай болған шығар? – Иә, төл дыбыстарды шатастырады. Бірақ мен оларды ажырата білетін жақсы жүйе ойлап таптым. Әр төл дыбысты бір сөз­бен байланыстыруды үйреттім. Мысалы, ү әр­пі кездесетін сөзді дыбыстау керек болса «Қан­дай ү? Үй сөзіндегі ү ме?», «Төр сөзіндегі ө ғой?», «Бірлік сөзіндегі і-ні айтып тұрсыз ба?» деп байланыстырады. Бастапқыда олардың үндестік заңын түсінбей қиналғаны бар. «Неге мектептар емес, неліктен мек­теп­тер?» деп сұрайды. Сосын қазақ тілінде син­гармонизм бойынша сөздердің не біркелкі жуан, не біркелкі жінішке болып айтылу қалы­бы бар екенін айтып түсіндіремін. Тағы бір қиналатыны, ағылшын тілінде сөйлем алдымен бастауыш, сосын баяндауыш, содан соң толықтауыштан құралады. Ал олар бас­тауышпен басталып, баяндауышпен аяқ­талатын қазақ тілінде сөйлем құрауды қиын­сынып, автоматты түрде ағылшын тілі­нің құрылымы бойынша сөйлем құрай­ды. Ондай кезде «Қазақ тілінде ереже солай ма еді? Қане, есімізге түсіріп көрейікші» деп, ережені қайталатқызамын. Ә дегенде көбі қиналатын еді, ал қазір бар­лық ережені жетік біледі. Десе де бай қазақ тілінің кейбір сөздерін түсіндіруімді талап етіп, ақырында бар уақытым соған кетіп қалады. Мысалы, біздегі тәлім-тәрбие деген сөздің мағынасын дөп беретін ағылшын тілінде эквивалентті сөз жоқ. Көпшілігі upbringing деп айтып жүр, бірақ бұл – дұрыс емес, бұл термин өсе келе пайда болатын процеске байланысты айтылады. Ал шетел­діктерге үлкендердің үлгісімен, көрсеткен өнегесімен, салт-дәстүрімізбен кішкен­тайы­мыздан бойымызға сіңетін тәлім-тәрбиенің ма­ғынасын түсіндіру оңай емес екен. Сосын олар «Ән айтамыз», «Әңгіме айтамыз» дегенді ес­тіген соң «Сонда сіздер біз секілді «sing the song» деп емес, «say the song» деп айтасыздар ма? Әнді қалай айтуға болады, әнді шырқа­май ма?» деп сұрақтың астына алады (күліп). Сабақ үстінде ойламаған жерден осындай сұрақ­ты көп қояды. Барлығын арнайы видео, бейнематериалдар, презентация әзірлеу ар­қылы түсіндіруге тырысамын. [caption id="attachment_173212" align="alignnone" width="2048"] width= Наурыз мерекесін тойлау кезінде[/caption] – Сабақ үстінде мәдениетіміз туралы да төпелей сұрайтын болар. – Иә, оларды ұлттық бірегейлігімізге қа­тыс­тының барлығы қызықтырады. Сабақ ор­тасында «Неге сіздер дәл осылай жасай­сыз­дар?», «Қалай сонда?» деп таңғала сұрай­ды. Апта сайын еркін форматта әңгілемесу са­ғатын өткіземін. Сонда олар салт-дәстүр тура­лы көп білгісі келетінін айтады. Қыз қуу тура­лы естіген бойда «Қызды неге қуасыздар сон­да?» деп сұрайды, көкпар ойынын сөз ет­­сем, «Неге ешкінің терісін ғана қолда­на­сыз­дар?» деп сұрақтың астына алады. Мұның барлығын кішкентайдан біліп өскеніміз өз алдына, дегенмен алдыңа өзге ұлт өкілі ке­ліп, себебін сұрағанда «қалай түсіндірсем бо­лады?» деп қипалақтап қалады екенсің (кү­ліп). Түнеугүні Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» өлеңін оқытсам, «Қалай сонда? Қазақтар қа­лайша мың рет өліп, мың рет тіріледі?» деп сұрайды (күліп). Бірақ олар осындай сөйлемдердің астарына үңіліп, сырына қа­ны­ғып, тұңғиығына терең бойлаған сайын ана тіліміздің құдіреті шексіз екенін түсіне бас­тағандай. Содан соң «Қызық екен, иә. Ал бізде былай...» деп салыстыратын болды. Өт­кен­де елден әкелген көп асықты алып, сырт­қа шығып, ойнатқыздым. Сонда олар бала­лық шаққа саяхаттап, сол кездегі ойнаған ойын­дарын еске алды. Кеше Наурыз мере­ке­сінде камзол киіп, бауырсақ пісіріп әкелдім. Со­сын ұлық мерекенің Қазақстанда қалай той­ланатынын айтып, наурыз көже, алты­ба­қан, бата беру туралы дәріс оқыдым. Қа­зақ­тардың жетіні неліктен киелі сан деп есеп­тейтінін де түсіндірдім. Жалпы, қазір олар біз туралы көп дерек біледі деп мақта­ныш­пен айта аламын. Бағдарлама ережесіне сәй­кес мұнда тоғыз ай ғана сабақ беремін, де­се де алдағы уақытта барлығы Қазақстанға ке­летін болғандықтан, тілді ұмыта қояды деп ойламаймын. Кейбірі келесі жылы басқа мұға­лім келсе оқуды жалғастырмақ ойы бар. Бі­рақ оларға «қазақша сөйлескілерің келсе, күн демей, түн демей, маған хабарласыңдар, әркез көмектесемін» деп осы бастан айтып жүр­мін. – Америкалықтарды ана тілімізді үйрену­ге ынтықтырудан бөлек, өзіңіз де көп нәрсе үйреніп жүргенге ұқсайсыз. Оқытушылықпен қатар, сіз де студент ре­тінде білім алып жүрсіз бе? – Иә. Бізге бірінші семестрде екі курс бойын­ша сабақ оқу міндеттеледі. Алғашында лингвистика және психолингвистика пәнін оқып, сосын көп оқытылмайтын тілдерді оқы­ту әдістемесі курсынан көп нәрсе үйрен­дім. Қазақ тілі көп оқытылмайтын тілдер тобына кіретіндіктен, оны оқыту әдістемесін әлем тілдері арасында көш бастап тұрған үз­дік бес тілді үйретудің әдістемесімен тіпті са­лыс­тыруға келмейтіні белгілі. Сон­дық­тан қазақ тілін әлеме әйгілегіміз келетін біз­дің шетелдіктерден үйренеріміз көп. Ал осы семестерде жаһандық нарратив және мультикультурализм, америкалық мәдениет жә­не ағылшын тілін шет тілі ретінде оқыту (TESOL) бойынша дәрістерге қатыстым. Бұйырса, мамыр айында елге қайтамын. Әр­бір фулбрайтер бағдарлама біткен соң еліне барып, екі жыл жұмыс істеуі қажет. Осында жиған-тергенімнің барлығын қазақстандық сту­денттерге үйретуге асықпын. Мақтан­бай­мын, бірақ менің тіл үйретуден талантым бар деп ойлаймын. Бұған дәлел көп, нәтиже де жетерлік. Айналам да үнемі айтады. Ағыл­шын десе ағылшын, қытай десе қытай, қазақ де­се қазақ тілін үйретемін. Алдағы уақытта шет­елдіктерге қазақ тілін оқытуды жал­ғастыра беруім мүмкін. Бәлкім, басқа тілді үйретуге көңіл бөлуім ықтимал. Десек те қазір бойымды кернеген басты мақтаныш – Америкада қазақ тілі үйретуге бар күшімді сал­ғаным. Бұл – екінің біріне бұйыра бер­мей­тін бақ. Студенттерім фойеде мені көріп қалса анау жақтан «Сәлеметсіз бе, Мөлдір Ға­лымжанқызы!» деп бүкілінің көзінше ай­қай­лап келіп, амандасқанда ет жүрегім ел­жі­реп сала береді. Үзіліске шығып тұрған бас­қа студенттер «Мынау қай тілде сөйлеп жатыр?» деп сыбырласып, бір-бірінен сұрап жа­тады. Ал мен болсам «Америкада амери­ка­лық азамат маған қазақша амандасып жатыр ма? Рас па?» деп өз көзіме өзім сенбей, бі­раз кідіріп қаламын. Сәлден соң мұның бар­лығы түс емес, өңім екенін түсінген соң, ерек­ше сезімді бастан кешіремін. Мұғалім үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ