1 225 200 теңге: қайтарымсыз грантты қалай алуға болады?
Business.enbek.kz порталында 8 тамыздан бастап бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады деп хабарлады turkystan.kz.
Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
«Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Өтінім беру үшін қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
«Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты Жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады», - делінген хабарламада.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
- жастар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.