562
Жер еңбек еткенге берілуі керек
Жер еңбек еткенге берілуі керек
«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы еліміздің барлық аймағында жалғасуда. Комиссия тұрақты жұмыс істеп, жер дауына қатысты мәселелердің шешімін тауып, түйінін тарқатуға күш салып жатыр. Осы орайда жақында жұмыс сапарымен Қызылорда облысынан келген Парламент Сенаты депутаты Мұрат Бақтиярұлы әңгімелескен едік.
– Ауылдағы ағайынның жалпы ахуалы, әлеуметтік жағдайы қалай екен?
– Жұмыс сапарымен Қызылорда облысының бірнеше ауданында болдым. Шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, мұғалімдер, дәрігерлермен кездесу өткіздік. Кездесудің алдында өзім дүкендерді, базарларды аралап шықтым. Өйткені қазір халықты алаңдататын басты мәселе – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Әсіресе отандық азық-түлік, оның ішінде бидай, күріш, күнбағыс өнімдерінің бағасы тұрақтамай отыр. Қазір 50 келі ұнның бағасы – 13 500 теңге. Күріш келісінің бағасы 300 теңгеге дейін жетті. Былтыр осы уақытта күріштің бағасы 170-180 теңге болған. Бір жылда 120 теңгеге көтерілген, бұл баға 70-80 пайызға өскен деген сөз. Күнбағыс майының да бағасы қымбат. Жаз мезгілі болғандықтан көкөніс пен жеміс-жидек бағасы ғана салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Халық «Неге өзімізден шығатын өнімдердің бағасы қымбат?» деп сұрақ қойды. Өйткені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың өзі 20 пайыздан 80 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл – өте жоғары баға, ал халықтың басым көпшілігінің жалақысы жоғары деп тағы айта алмаймыз. Жалақымен бірге баға да көтеріліп жатыр. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе – жыл сайын қымбаттайтын коммуналдық тарифтер. Электр энергиясы, судың бағасы 10 пайызға қымбаттаса, азық-түлік бағасы тағы аспандап шыға келеді. Міне, халық осы екі мәселеге ерекше алаңдаулы.
Үшінші мәселе – жұмыссыздық. Әсіресе, ауылдық жерде халықтың басым бөлігі екі қолға бір күрек таппай отыр. Төртінші мәселе – ағын судың тапшылығы.
Аталған мәселелерді шешу бағытында сәуір айынан бастап жаңадан келген облыс басшылығы біраз жұмыс атқарыпты. Көптеген елді мекендерде шаруа қожалықтарына, тракторы бар азаматтарға өтініш жасатып, жерді айдатып, жырттырып, арық қазып, соған егін егіп алуға біраз жағдай жасалыпты. Сапар барысында осыған куә болдық, бұл да бір жақсы бастама екен деп ой түйіп қайттық.
Базардағы бағаны әкімдер ұстап тұра алмайды. Бұған жүйелі түрде келіп, Үкіметтің ауыл шаруашылығына байланысты саясатын өзгерту керек. Бізде азық-түлік қорын сақтайтын қоймалар бар. Бірақ оларды салғаннан мәселе түбегейлі шешілмейді. Мысалы, осы жолы Жайылма ауылында болдым. Егіс басында қарбыздың келісі 40-45 теңге. Қызылорда қаласына жеткенше 120 теңге, астанаға келгенше 250 теңгеге дейін барады. Сонда ауылдағы қарбыз астанаға жеткенше 5 есе қымбаттап отыр. Кооперативтер арқылы соны мүмкіндігінше Қызылордада 70-80 теңгеден, ал астанада 100-120 теңгеден асырмау керек. Ортадағы алыпсатарлар бағаны көтеріп, пайдаға батып отыр. Алыпсатарлардың жолын кесу – бірінші мәселе. Үкіметке бұл мәселені шешу туралы сауал жолдайтын боламын.
– Қымбатшылық мәселесі барлық өңірде күйіп тұр. Күз басталғанда азық-түлік бағасы тағы да қымбаттайды деген сөз желдей есіп жүр. Бұл турасында депутаттардың ұсыныстарын Үкімет пен Парламент қаншалықты ескереді?
– Отандық өнімдерді инфляция кезінде экспортқа шығаруды шектеу мәселесін жылда айтамыз, бірақ орындалмайды. «Өзімізден шығатын тыңайтқыштардың бағасы өте қымбат болғандықтан, өніміміз де қымбат болады» дейді бидай, күріш өндірушілер. Мемлекет субсидияны шаруаларға емес, тыңайтқыш өндірушілерге беріп, «сен шаруаға мына бағада бересің» деу керек. Шаруаларға дизель отындарын субсидиялайды, бірақ ол да аз. Мемлекет оны мойнына алып, белгілі тарифпен, белгілі тұрақты бағада беруі керек. Сондай-ақ техникалардың қосалқы бөлшектеріне субсидия көлемін көбейткен дұрыс. Сонда шаруаларға «тыңайтқышты, дизельдік отын мен жанармайды арзанмен алып жатырсыңдар, бағаңды көтерме» деп айта аласың. Сол кезде базардағы баға тұрақтайды.
Жақында Ақмоладағы шаруалармен сөйлескенімде келешекте бидайдың тоннасын 240-250 мың теңгеден сатамыз деді. Онда нанның бағасы 250-300 теңге болады. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді, қазір халықтың 70-80 пайызы тек күнелтумен отыр. «Шықпа, жаным, шықпа» деп отырғандар бар. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру нарыққа қарсы қадам, алайда қымбатшылықты бір жолға қоя алмасақ, халықтың тұрмыс жағдайы қиындай береді. Нарықтың бағасы осы екен деп бағаны аспандатуға болмайды. Ортадағы алыпсатарлар мен делдалдарды максималды түрде азайту керек. Осының бір тетігін жасап, өнім егістіктен базарға келіп тура түсетіндей жағдай жасаған дұрыс.
– Жер дауына байланысты шағымданғандар бар шығар?
– Кезінде пайларын ЖШС-ға беріп тастаған шартты жер үлесі иелерінің мәселелері шешілмеген. Ал ЖШС басшылары 1-2 жыл оларға дивиденд беріп, ары қарай беруді ұмытып кеткен немесе бермейді. Шаруалар бөлініп шыққысы келеді, бірақ бізде шаруалардың бөлініп кетуін қиындатып қойған. Осы мәселе Сырдария, Жалағаш ауданында жиі-жиі көтеріліп отыр.
– «Жер аманаты» комиссиясына өзіңіз де мүше болдыңыз. Бүгінде бұл бағыт бойынша жұмыс басталып кетті, жер мемлекетке қайтарыла бастады. Алайда ірі жер иеленушілер меншігіне заңсыз өткен жерлерді қайтару жағына күмәнмен қарайтындар да баршылық. Осы жағы қалай шешіліп жатыр?
– 5 маусымда Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесі бойынша референдум өтті. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деп Конституцияға енгізілді, бекітілді. Ал Конституция – елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң. Енді Қазақстан азаматына да, шетелдікке де бір шаршы метр жер сатылмайды.
Ал сіз айтып отырған мәселе жер комиссиясында ұзақ қаралды. Осы кезге дейін бөлген жерлер сол бөлінген күйінде кетті, бірақ Жер кодексі бойынша қазір жерді сатуға болмайды. Пайдаланылмаған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайтадан аукционға салынып, жерді пайдаланамын деген басқа адамға жалға беріледі. Бұл процесс еліміздің барлық аумағында жүргізіліп жатыр. Халық жұмыс істеймін деген Қазақстан азаматына жердің жалға берілетінін білуі керек. Егер жалға алған адам оны игермейтін болса, онда 3 жылдан кейін жерді қайтадан алып қояды. Шаруасын дөңгелентіп отырғандардың жерін алып қою әділетсіздік болар еді. Ал енді бәленбай мың гектар жерді алып, оны іске асыра алмайтындардан мемлекет оны алып қойғаны дұрыс.
– Жер иесінің жерді игеріп-игермегенін қалай анықтаймыз?
– Оны жергілікті әкімдіктер анықтайды. Ауыл әкімдіктері, аудандық жер қатынастары бөлімдері жерді бақылап, мониторинг жүргізіп отырады. Мемлекетке қайтарылған, игерілмеген жерлерді жақсы бизнес жобасы барлар алып жатыр. Сондықтан пайдаға аспай тұрған жерлер ендігі жерде арамшөп қаптап, шаңы шығып жата бермейді.
– Осы арада жасырын қосалқы жалдау (субаренда) мәселесіне тоқтала кетсек.
– Қосалқы жалдау турасында алуан түрлі пікір бар. Бұл мәселе Жер кодексімен реттелмеген. Кейбір азаматтар жер иесі оны қосалқы жалдауға бермей, толықтай өзі пайдалануы керек дейді. Меніңше, нарықтық қатынаста қосалқы жалдау процесі болуы керек. Мысалы, бір шаруаның 500 гектар жері бар делік. Барлығын болмаса да ол жерінің бір бөлігін игеріп отыр. Қалған бөлігін басқа біреулерге қосалқы жалдауға беруге оның құқы бар. Бұған заңмен шектеу қойылмаған. Мұндай тәжірибеге әлемнің көптеген елінде бар. Мысалы сіздің жекеменшігіңізде ғимаратыңыз бар делік. Бір бөлігін өзіңіз пайдаланып, қалған аумағын жалға бересіз ғой. Жерді қосалқы жалдау мәселесі де тура осылай.
– «Жер аманаты» биыл 5 млн гектар жер қайтаруды көздеп отыр. Бұл процесс қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Кезінде заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен, пайдаланылмай тұрған жерлер рет-ретімен мемлекетке қайтарылып жатыр. Ауылдың айналасындағы жайылымдық, егістік жерлер де заңмен реттеліп жатыр. Қазір мониторинг жасалып, игеріліп жатқан және іске аспай жатқан жерлер қашықтан түсіру әдісі арқылы анықталып жатыр. Бұл жерде жердің қайтарылуынан кейінгі маңызды мәселе сол жерді қайтадан пайдаға жаратуда болып отыр. Қызылордаға барған сапарымда жыртылған, арығы қазылған жерге егін егетін адам жоқ екенін көріп қайттым. Дайын тұқымды жерге сеуіп, арам шөбін отап, суарып, піскенде жемісін жеп, өнімін сатып, отбасын асыраудың орнына «базардан сатып аламын» дейді. Бірақ диванда жатып «өйту керек, бүйту керек» деп қызыл сөздің майын тамызады. Есігінің алдына келіп тұрған аяқсуды өз қорасына бұрып алуға ерінеді. Халықтың бәрі жаман болмайды, бірақ масылдық пиғылдағылар әлі бар екенін көзіміз көріп отыр. Бір көшенің бойынан үш үйді көресің. Біріншісінің есігінің алды жайқалып тұр, екінші үйдің қорасы жартылай қисайып жатыр, ал үшіншісі үйдің есігінің алдының шаңы шығып жатыр. Үш үйдің айналасы үш түрлі, бірақ ауасы бір, жері бір, суы бір. Кімді кінәлайды?
Мен осыдан 3 жыл бұрын Өзбекстанда болдым. Олардың жерге деген махаббаты, мәдениеті деген өте жоғары. «Сіздер неге жерге қарамайсыздар? Есігіміздің алдында 10 сотық жеріміз болса, бізге жұмыс істеп керегі жоқ. Сол жерге жылыжай салып, бір жылда 2-3 рет өнім алар едік» дейді.
Жалқаулық қанымызда бар, оны мойындау керек. Көп сөйлейміз, іске келгенде жоқпыз. Өзім туып-өскен ауылыма барғанда да біраз ренжіп қайттым. «Нәнсай» су бұру арнасының жанында жер бос жатыр. Несие алып, егін егуге болады. Соны айтсам, қағазынан қашады. Ал жер жалқауларға емес, еңбек ететін адамға берілуі керек.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ