50592
Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара
Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара
Гүлнара Төлешова Красноярск (Ресей) қаласында А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы қызметін атқарады. Қоғамдық жұмысқа ерте араласқан ол Красноярск өлкесіндегі қазақ жастарының көшбасшысы ретінде танылып, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін танытуды мақсат тұтқан. Бір жыл бұрын ашылған «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының негізін қалаушылардың бірі. Красноярск қазақтарының рухани-мәдени ортасын қалыптастыруды көздеп жүрген Гүлнараға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Ресейдегі қазақ қауымдастығы жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен омбылық Торғын Әшенова құрған «Омбы қазақтары» ұйымы еске түседі. Ал Красноярск қазақтарының басын біріктіретін «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясын құрған сіз туралы бірінші рет естуіміз. Бұл қоғамдық жұмысқа бел шеше кірісуіңізге не себеп болды?
– Мен Красноярск қаласында тудым, осында мектеп бітірдім. Осында персоналды басқару мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Ата-анам – Астрахань облысының қазақтары. Әкем кезінде Сібірдегі достарына келіп, осында жақсы жұмысқа тұрып, пәтер алған. Сосын Астраханьға барып, анама үйленіп, оны осында алып келген. Отбасында үш ағайындымыз. Мен – үйдің кенжесімін. 2012 жылдан бастап осындағы «Арман» атты қазақ ұйымының жұмысына атсалыстым. Бұл жұмыс арқылы мені байқаған жауапты кісілер Красноярск қаласындағы қазақ жастары автономиясының төрағасы болуды ұсынып, онда төрт жыл бойы жұмыс істедім. 2013-2017 жылдар аралығында «Мир» атты Красноярск өлкесі ұлттық жастар бірлестіктері кеңесінің төраға орынбасары қызметін атқардым. Онда осы өлкедегі барлық ұлттық автономиялардың жұмысын бақыладым. Сонымен қатар 2016-2019 жылдар аралығында екі аймақтық телеарнадан таралатын «Соседи» деген ұлтаралық телебағдарламаның жүргізушісі болдым. Диплом алар кезде осындағы А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының басшылығы жұмысқа шақырды. Соңғы бес жылда қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері өткізген іс-шараларға белсенді араласып жүргенімді байқаса керек. Осылайша, 2017 жылы осында жұмысқа тұрдым. Биыл наурыз айында осы кешендегі ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы қызметіне тағайындалдым. Осы саланың басы-қасында жүрген соң 2021 жылдың сәуір айында «Ақ Жайық» деген атпен қазақ ұлттық-мәдени автономиясын ашуды жөн санадық.
[caption id="attachment_188488" align="alignnone" width="2048"] Красноярск қазақтары[/caption]
– «Арман» ұйымы жабылып қалды ма сонда?
– 2012 жылы ашылған ол ұйым 2018 жылы әлдебір себептермен жабылып қалды. Жалпы, «Ақ Жайық» ұлттық-мәдени автономиясын ашуға бірнеше фактор әсер етті. Торғын мен Қуаныш негізін қалаған «Омбы қазақтары» ұйымы бар екенін бұрыннан білеміз. Олар да Красноярскта қазақтар бар екенін, әсіресе жастар ісіне мен жауапты екенімді жақсы біледі. 2019 жылы олар өздері «Алға!» деген атпен ұйымдастырған Ресейдегі қазақ жастарының алғашқы форумына шақырды. Онда үш күн бойы жастармен пікір алмасып, көп ой түйдім. Бастысы, түп-тамырымызды тануымыз керек екенін түсіндім, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қажет екенін ұқтым. Өкшемізді басып келе жатқан жастарға үлгі болу үшін салт-дәстүрімізді жаңғыртып, мәдениетімізді насихаттау керек екенін жете түсіндім. Негізі, ол форумға қатысқанға дейін де қазақ мәдениетін жаңғыртып, салт-дәстүрімізді таныту, қала тұрғындарына біздің көпшілік тамсанатын мәдениетіміз туралы әңгімелеу арманым болатын. Оған қоса, дәл сол кезде Красноярск өлкесі губернаторының әкімшілігі бізге хабарласып, қазақтардың басын қосатын жаңа ұйым ашып, оның жұмысына бас-көз болу туралы ұсыныс айтқан еді. Осылайша, Красноярск өлкесінде қазақ ұлттық-мәдени автономиясын ашып, 2021 жылғы сәуір айынан бастап ресми түрде жұмыс істей бастадық. Бірақ ұйымның ашылуы пандемиямен тұспа-тұс келді. Десе де, осында тұратын қазақтар біздің ашылғанымызды естіп, «Не істер екен?» деп күтіп отырғандықтан, бар күшімізді салып жұмыс істедік. Негізі, біз жұмысты жақсы бастадық деп ойлаймын, себебі бір жылдың ішінде үш үлкен іс-шара өткіздік. Мұндай шаруаны кез келген ұйым атқара алмайды. Алдымен, қазан айында «Красноярск өлкесіндегі қазақ мәдениетінің күні» деген атпен іс-шара ұйымдастырдық. Содан соң желтоқсан айында Ұлттық домбыра күнін атап өттік. Қазақстанда бұл мереке шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетінін білеміз, бірақ Ресей аумағында эпидемиологиялық талаптар бойынша шектеулер тек күз айында алынып тасталған соң, біз бұл іс-шараны жыл соңында ғана өткізе алдық. Бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтуімізге Крансоярск өлкесі губернаторының қоғамдық байланыс басқармасы мен Достық үйі көп көмектесті. Омбы қаласынан домбырашылар ансамблі келіп қатысты. Басқа ұлт өкілдері де өз өнерін ортаға салды. Осыдан соң жыл сайын ұлттық аспаптар фестивалін өткізу идеясы туындады. Биыл наурыз айында «Приветствие поколение» деген атпен Көрісу күнін тойладық. Жалпы, мен шығармашылықтың адамы әрі мәдениет қызметкері ретінде бізді өзгеден ерекшелеп тұратын айрықша дәстүрімізді танытқым келді. Наурыз мерекесін күллі түркі әлемі тойлайды. Сол секілді бәріне ортақ мейрамдар жетерлік. Ал Көрісу күнінің мәні ерекше. Тіпті, Қазақстандағы кейбір облыстарда тойланбайтынын білемін. Ал мен болсам осындағы жұртшылықты халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдірудің біз, қазақтар үшін аса маңызды екенін көрсеткім келді.
– Ұйым атауын неліктен «Ақ Жайық» деп қойғанды жөн санадыңыз?
– Ата-анам «өз жолыңды қалай атасаң, солай болады» дегенді үнемі айтатын. Оның үстіне, қазақ «Ақ жол» дегенді аузынан тастамай айтып жүреді. Жалпы, ақ түс – тазалықтың, тектіліктің символы. Ақ Жайық – бұл кеңістік. Неге кеңістік десеңіз, өйткені қазақтар – ержүрек дала халқы. Дала – біз үшін үлкен кеңістік. Әрі біз үйге келген қонаққа ақ түсті дастарқан жайып, аста-төк тағам ұсынамыз. Сондықтан ұйым атауын осылай қойған дұрыс болар деп шештік. Мен сізге мынаны айтайтын: ұйым ашылғалы бері біздің жастарымыз оянды, тарихи Отанынан алыс тұрса да, көпшілікке мәдениетімізді жеткізе алатынына көзі жетті. Ұлттық мерекелерді атап өтуден бөлек, ұлтаралық жобаларға да қатысамыз. Әсіресе спорт бағыты бойынша белсендіміз. Студенттеріміз күрес, бокс, волейбол сайыстарынан жүлделі орын иеленіп жүр. Басқа ұйымдарда жұмыс істеп жүргендер күш сынасып жатқан бауырларымызды көргенде «Уау, мында қазақтар пайда болған ба?» деп таңғалысып, оларды қолдап, жанкүйер болады. Студенттер де «Осылайша, қазақ екенімізді мақтанышпен көрсетеміз» деп дән риза болып жүр. Ресми іс-шаралардан бөлек, қайырымдылық іс-шараларға қатысып, балалар үйі мен балабақшаларға жиі барамыз. Оларға домбырада ән шырқап, ұлттық киімдеріміз туралы әңгімелейміз. Ондағы балалардың ұйып тыңдап отырған сәтін көрген кезде жүрегің жылып сала береді. Олардың көңілін аулау қиын ғой, ары кетсе бес минут қызығады, сосын басқа нәрсеге көңілі ауып кетеді. Ал біздің жағдайымызда барлығы басқаша болды, қыз балалар қасымызға жақындап «Сіз ханшайымсыз ба сонда?» деп үстімізге киген ұлттық киімімізді, әшекей-бұйымдарымызды ұстап көрді. Ал ұлдар болса шапанды киіп, қобыз, домбыраны қолдарына алып, бірдеңе орындағысы келеді. Сондай-ақ оларға «декоративтік» жылқы арқылы ұлттық ойындарымызды паш еттік. Мұндай іс-шаралардың берері мол. Ең бастысы, осылайша өскелең ұрпаққа біз олар ойлағандай мигранттар емеспіз, орысша сөйлей алатын, сөйте тұра қазақ мәдениетін дамытқысы келетін қарапайым азаматтар екенімізді түсіндіреміз.
– Красноярск өлкесінде шамамен қанша қазақ тұрады?
– Жалпы, өлкеде 159 ұлт өкілі тұрады. 33 қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл аймақта 1,5 мың қазақ тұрады, соның ішінде Красноярск қаласында тұратындардың саны – 600-ге жуық. Бұл жер «Омбыдағыдай неге қазақтар көп емес?» дейтіндей емес, Красноярск – алыс Сібірде орналасқан аймақ. Кезінде өңменіңнен өтетін қара суық болатын, қазір климат өзгерді. Мұндағы көпшілік жолдама арқылы келіп, осында қалып қойған. Қазақтардың көбі 90-жылдары Қазақстаннан осында келіп тұрақтаған. Басым бөлігі инженерия мен полицияның оқуын оқу үшін келген. Ал енді бір бөлігі кезінде Красноярск өлкесінің солтүстігінде орналасқан Норильск қаласына шахтада, мұнай-кен орындарында жұмыс істеу үшін барған. Қаражат жинап, жағдайын жасап алған соң, зейнетке шығар жаста елге оралғандары да бар. Біз азбыз, бірақ аз болсақ та бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қалайша жұмысқа жұмыла кірісе кететінімізді сөзбен сипаттай алмаймын. Біріміз үшін бәріміз жүгіріп, шапқылап жүргенімізді көргенде бойымды мақтаныш кернейді. Қазір бізге 60-қа жуық қазақ отбасы үнемі көмектесіп тұрады. Одан бөлек, 15-тен астам жас та барлық іс-шараның басы-қасында жүреді. Қазақтан бөлек, орыстардың да көмегі көп тиеді. «Мен – Қазақстаннанмын, тарихи Отанымды ештеңеге айырбастамаймын!»,– деп белсенділік танытатын орыстар да бар. Ұйым ашылғанын енді естіген орыстар «Осындай ұйым құрғаныңызға қуаныштымыз. Қазақстанды сағынып жүрген едік. Жақсы болды» деп қуанышын жасыра алмай, алғыс жаудырады. Іс-шаралар өтіп жатқан кезде «Қазақстан» дегенді естіген кейбір орыстардың көзі жанып, «Мен Көкшетауда оқығанмын», «Ал мен Шымкентте тұрмысқа шыққанмын», «Мен болсам, Қазақстанда өндірістік тәжірибеден өткен едім. Қайта саяхаттап қайтқандай болдым» дегенін естігенде кәдімгідей масаттанып қаласың. Арада 20 жыл өтсе де, Қазақстанға, қазақ мәдениетіне деген құрмет ерекше. Көзқарасы баяғыша. Өзгермеген.
– Қазағы аз өлкеде дүниеге келсеңіз де, қазақ тілін қалайша сақтап қалғаныңызды білгіміз келеді.
– Қазақшаны бала кезімнен түсінетінмін, үйдегілердің айтқанын ойша аударып, орысша жауап беретінмін. Ал қазақша еркін сөйлеуіме мына бір жайт түрткі болды. 16 жасымда Астрахань облысында туып-өскен, сонда тұратын ата-әжемнің үйіне жазғы демалысқа бардым. Атам – нағыз комсомол, ТМД елдерін аралап, талай рет трибунада сөйлеп, қазақ мәдениетінің шашбауын көтеріп, сойылын соққан мықты кісі. Ал әжем – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Нағыз қазақ әйелінің бейнесі деп әжемді айтуға болады. Ол орысша «Здравствуйте, как ваши дела?» дегенді ғана білетін. Сол барғанымда әжеммен сөйлескім келген сайын бауырларымды, басқа туыстарымды шақырып «Әжеме мына сөзімді аударып беріңдерші» деп өтіну ұят екенін түсіндім. 16 жасымда өз ана тілімде сөйлей алмайтыныма ұялдым. Осылайша, бірте-бірте «қазақша қате сөйлеуден ұялу» атты тосқауылды «аттап» өтіп, қазақша сөйлеп жүрдім. Ата-әжемнің үйінде екі ай бойы қазақша сөйлеп, қалаға оралған соң ата-анама «Өтініш, бүгіннен бастап маған тек қазақ тілінде сөйлеңіздер» дедім (күліп). Біздің үйде барлығы онсыз да қазақша сөйлесетін, бірақ ата-анам Ресей аумағында білім алып, маман ретінде қалыптасатынымды түсінген соң орыс тілінде емін-еркін сөйлеуіме мүмкіндік жасайтын. Қазір қазақша жиі сөйлеуге тырысамын. Әсіресе, осындағы белсенді қазақтармен бас қосқанда қазақша сөйлесіп, әзілдесіп, шүйіркелесіп қаламыз.
– Бір ай бұрын Семейде «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өткен форумға қатыстыңыз. Бұл сіздің Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе?
– Оған дейін Атырауда жарты күн болғанмын. Астраханьға жақын болғандықтан, сондағы туыстарымыздың бір мерекесіне келген едік. Ал Қазақстанды толыққанды өткен айда ғана араладым. Осы ретте бізге осындай мүмкіндік бергені үшін «Отандастар» қорына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Себебі ол қор себеп болмағанда Семей қаласына ешқашан бармас едім. Бұл сапарда Абайдың өмір жолы, туған жері, шығармашылығы туралы көп дерек білдік. Екіншіден, Жидебай, Қоңырәулие үңгіріндегі киелі жерлерді көріп, бұлақ суынан дәм татып, ерекше күй кештік. Тарихи деректерге қанық болдық. Мен құдды бір геолокация өзгертпеген секілдімін. Өз үйімде жүргендей сезіндім. «Уау, Қазақстанда жүргеніме сене алар емеспін» дегендей көңілім арнасынан асып-тасыды деп «қатты» айтпаймын. Саналы түрде атажұртымыз Қазақстанда жүргеніме марқайып жүрдім. Хәкім Абай туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтерді естіп-білгеніме қуандым. Семейден соң Алматыға бір апта тұрақтап, туысқандарыммен бірге тойдан тойға бардық. Жалпы, Алматы – келесі күнің қамсыз өтетініне сенім беретін, жаныңа тыныштық сыйлайтын қала. Барлығына жағдай жасалып, мүмкіндік берілген. Қазақтар – өздерін қорғап қана қоймай, өзгені де жау қолынан алып қалатын жаужүрек халық. Бізге біреу тиіспесе, өзіміз ешкімге ұрынбаймыз. Бойымыздан тәрбие, мәдениетке деген құрмет, өзгелерге деген ізет байқалып-ақ тұрады. Алматыда осыған ерекше көзім жетті. Алматыдан кейін киелі мекен Түркістанға бардым. Жолай Шымкентке соқтым. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым еткен соң біз, Ресей қазақтары «қазақ Венециясы» деп атайтын қалашыққа бардым. Онда су үстінде шоу көрсеткен әртістердің өнеріне тәнті болып, ұмытылмас әсер алдым. Бірақ Түркістанның аптап ыстығы біз, сібірліктер үшін өте қолайсыз. Ондай қалыпта жүріп-тұруға үйрену керек секілді. Бірақ астананың климаты Красноярскімен бірдей екен. Жолдары да біздегідей кең, көшелері де рет-ретімен салынған. Өте қолайлы қала.
– Қазақстанға қыдырып қана келмей, Достық үйлерінің басшылығымен іскерлік байланыс орнатып үлгеріпсіз.
– Иә. Семейдегі форумды айтпағанда, өзге қалаларға өз бастамаммен бардым. Ол кезде еңбек демалысына шыққан едім. Ресейде қазақ мәдениетін насихаттап жүрген, сондай-ақ түрлі мәдениет өкілдерімен етене жұмыс істейтін маман ретінде осындағы әріптестеріммен кездеспей кете алмадым. Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қабылдау бөлмесіне хабарласып: «Ресейден келген қонақпын. Красноярсктегі Еңбек және келісім сарайында ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы болып жұмыс істеймін. Жұмысым тура сіздер атқарып жүрген шаруалармен тығыз байланысты. Достық үйіне барып, қандай жұмыс істеліп жатқанын көргім келеді», – дедім. Жарты сағаттан соң ондағы ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту жөніндегі бөлім басшысы хабарласып, кездесуге шақырды. Ал бас қаладағы Достық үйінің басшысымен «Отандастар» қоры өкілдерінің көмегімен байланыс орнаттым. Сосын директор «Домбыра күніне» орай филармонияда өткен керемет кешке шақырды. Маған мұндай мүмкіндік тағы қашан беріледі?! Үздіктердің үздігі саналатын майталмандардың өнерін тамашаладым. Жалпы айтсам, мәдениетіміздің «иісі» аңқып тұрған барлық жерді аралап, уақытты жемісті өткіздім.
– Торғын «Бұл игі істен ешқандай табыс түспесе де, бәрінен биік тұрады. Жатсам да, тұрсам да ойлайтыным осы» деген еді. Сізде де солай-ау шамасы...
– Білесіз бе, мұндай игі іс жүректен «бастау» алады. Ал жүректен шыққан іс жанды жадыратады. Уақыт өте келе хоббиыңа айналған бұл іспен айналыспасаң, өмір сүре алмайтындай деңгейге жетесің. Егер өз мәдениетіңді жаныңды салып тұрып, насихаттай алмасаң, онда өз-өзіңді зорлап, мойныңа артылған артық жүк секілді «көтеріп» жүрудің қажеті жоқ. Иә, кейде бір мезетте үш бірдей іс-шара ұйымдастырған кездер болады. Бірақ түрлі мәдениетті дамыту арқылы қоғамға үлес қосып жатқанымызды жақсы түсінеміз. Біз жергілікті тұрғындарды менталитетті құрметтеу және толеранттылыққа үйретеміз. Өзге ұлт өкілдері біз ұйымдастырған іс-шарадан соң өзгелер туралы ойын өзгертіп, елдің аузында жүрген сөздің стереотип екенін түсініп, құрметі арта түседі. Бір қарасаң, дастарқан басында бас қосып, бір нанды бөлісіп, өздерінің ұлттық ерекшеліктері туралы әңгіме қозғап отырады. Ал «Ақ Жайықты» сөз етсем, бізді қала әкімшілігінен бастап кішкене ұйымдарға дейін қолдайды. Біз атқарып жатқан шаруаның пайдасы зор. Қосымша жұмысым болса да, бұл отбасыма қарауға, баламды бағуға, үйдегі үлкендеріме қамқор болуға еш кедергі келтірмейді. Керісінше, мұнда барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мұның пайдасы болмаса зияны мүлдем жоқ. Бір айта кетерлігі, анам кезінде Астраханьда мәдениет үйінің директоры болған, сондай-ақ хор дирижері әрі жетекшісі болып жұмыс істеген. Әңгіме басында айтып өткендей, атам да – ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің жоқтаушысы. Ал қазір бұл істі мен жалғастырып жүрмін. Бұл маған қанмен берілсе керек. Студенттер де «Сіз осы жұмысты істеу үшін туған секілдісіз» деп мақтайды кеп. Бірақ мен «Мен – қазақпын. Қазақ екенімді көрсетемін» деп кеудемді соқпаймын. Барлығын тыныш жүріп істеймін. Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Бізді барлығы біледі, барлығы құрметтейді. Құқығымызға ешкім шектеу қомайды, ешкім түрпектемейді. Олай болса, неліктен 550 жылдық тарихы бар мәдениетімізді неге танытпасқа?! Бір дана айтқандай, «мәдениетсіз ұлт жоқ». Бай мәдениетімізді өзгелерге таныту үшін барымды салуға әзірмін. Кезінде Мәскеуде, сосын Красноярскте тұрған, ал қазір елордаға тұрақтаған кейбір қазақтар Ресей қазақтарынан Торғын екеуімізді ғана таниды. «Сіздермен мақтанамыз. Қазақстанда кейбір қазақтардың шамасы жетпей жүрген тірлікті жасап жүрсіңдер» деп айтады. Өткенде Құрбан айт мерекесін қалай атап өткенімізді әлеуметтік желі арқылы көрсетсек, Қазақстандағылар хабарласып «Ресейдегі қазақтар бізден гөрі дәстүрге берік секілді», – деп қалжыңдайды. Бастысы, төбемізде бейбіт, ашық аспан болсын! Шынайы жанашырлар барда мәдениет өлмейді. Қазақстан көркейе берсін! Бірлік пен ынтымақтың арқасында өсіп-өркендей түссін! Ал біз бірте-бірте үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін. Бастысы, 50 жылдан соң балаларымыз бен немерелеріміз «Красноярск өлкесінде қазақ мәдениеті ерекше дамыған екен ғой» деп таңғалыса айтып жүретіндей деңгейге жетсек болғаны.
– Красноярск қазақтарын толғандыратын не мәселе? Не қажет? Қандай көмек керек?
– Бізде қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болмай тұр. Біздің өлкеге тіл маманы кем дегенде бір айға келіп, аптасына үш рет сабақ берсе, ары қарай өздері-ақ іліп әкетеді. Қазір үйде балаларымызға қазақша сөйлейміз. Оның ұлты – қазақ, діні – мұсылман, дала халқының ұрпағы екенін біліп-өссін деп мейлінше айтып отырамыз. Екінші мәселе, ұлттық киімдер аса қажет. Бір комплектінің өзі жетеді. Менде көрмеге қоятын киімдер бар. Бірақ бір іс-шараға қатысарда топпен бірге шығу үшін төрт киім керек. Ал бізде ондай көп киім жоқ. Арамызда ұлттық биімізді билегісі келетін қыздар бар. Олар ұлттық киімді Сібір Федералды университеті арқылы уақытша алып, концерт біткен соң қайта өткізеді. Дегенмен ондағылар ол киімдерді әркез бере бермейді. Бірақ біз университеттің әкімшілігіне тәуелді болғымыз келмейді. Өзгелерге төл мәдениетімізді толыққанды, еш кедергісіз көрсеткіміз келеді. Алға қойған мақсатымыз көп. Қазір Красноярск пен Көкшетау қалаларының арасында шығармашылық байланыс орнату үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, «Ұлттық аспаптар фестивалін қалай өткізсек болады?» деп бас қатырып жүрміз. Сонымен қатар осында ат спортын дамыту да жоспарда бар. Жылқы – біз үшін киелі, қасиетті жануар, сондықтан оны жеті қазынаның бірі санайды. Қыз қуу, көкпар секілді ұлттық ойындардың ерекшелігін көрсеткіміз келеді. Жалпы, бізде жоспар көп, үміт зор.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ