1857
Жан жадыратар жазғы демалыс
Жан жадыратар жазғы демалыс
Балалардың жазғы демалысының екінші айы басталды. Ата-ана үшін «Баламның жазғы демалысын қалай мәнді, мағыналы өткіземін?» деген мәселе әлі өзекті. Өйткені жазғы демалыс – балалардың есінде ерекше сақталатын, олардың бойында жаңа дағдылар қалыптастыратын кезең. Психологтердің айтуынша, демалысты қызықты, тиімді әрі үнемді пайдалану үшін оны алдын ала жоспарлаған дұрыс және жоспар жасағанда баланың ішкі қалауы мен еркіндігіне мүмкіндік беру керек. Осы орайда TÚRKİSTAN халықаралық газеті «Жазғы демалыс қалай өту керек?» деген сұраққа жауап іздеген болатын.
Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы-этнограф, қоғам қайраткері:
Баланың демалысы сапалы болуы керек
– Қазір қаланың өмірі ешкімге таңсық емес. Сондықтан балалар жазғы демалысын мүмкін болса, ауылдағы ата-әжесінің қасында, туыстарының ортасында өткізгені жақсы. Ауылдың шынайы өмірі, тұмса табиғаты, адамдардың емен-жарқын әңгімелесуі, жанашыр қарым-қатынасы бала дүниетанымының қалыптасуына оң әсер етеді. Ауылда демалуға мүмкіндік болмаса, баланы ата-ана өзімен бірге этноауылдарға апарса болады. Сондай этноауылдардың бірі – Нарынқолда. Қаймағы бұзылмаған шынайы табиғат аясында орналасқан демалыс орны жанды сауықтырып, денсаулыққа күш береді. Жаз айларында 12 қанатты және 8 қанатты киіз үйлер тігіліп тұрады. Қонақүйі де бар. Мұндай демалыс орындарында таза ауамен тыныстап, бойды ширатып, санаңды серпілтіп қайтасың. Этноауылда тамақтану тәртібі де өзгеше. Демалушылар табиғи өнімдерді тұтынып, шөппен емделіп, атқа мініп, саумал ішеді. Ұлдар табиғатты зерттеп, асыр салып ойнап, садақ тартса, қыздар нан илеп, құрт жасап, айран пісіп, қолөнермен айналыса алады. Бала табиғатқа етене жақын болып, оны аялауды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қамқор болуды үйренеді.Алма НҰРҚАСЫМОВА, Нұр-Сұлтан қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Баланың демалысын ұйымдастыруға мемлекет те мүдделі
– Баланың жазғы демалысы оның тұлға ретінде қалыптасуына, дүниетанымының кеңейіп, рухани дамуына, денсаулығы мен дене бітімінің дұрыс жетілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ата-ананы баланың жазғы демалысын қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ мазалауы тиіс. Еліміздегі мектептер балаларға білім берумен қатар жазғы демалысты да ұйымдастырады. Мұндай лагерьлер саяхат, танымдық ойын түріндегі әртүрлі бағдарламаны іске асырады. Баланың демалысын ұйымдастырғанда тәрбие мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Сондай-ақ еңбекке тартудың да жолдарын қарастырған дұрыс. Мұндай кезде баланың қызығушылығын жоғалтпайтын пайдалы еңбек түрін ұйымдастырған дұрыс. Өзім тұратын Сарыарқа аудандық әкімдігі балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жас ерекшеліктеріне орай саябақ құрылысын бастағалы отыр. Қалада тұрғын үй астындағы жертөлелер сауда орындарына жалға беріледі. Соның біреуін босатып, балаларға арналған сурет, шахмат, домбыра үйірмелерін ашуға болады. Мен тұратын үйдің балалары күні бойы көше кезіп жүреді. Өйткені ата-аналар жұмысбасты. Демалысын үйден шықпай өткізіп жатқан балалар қаншама?! Өзім соңғы кезде ауламызда мысық көбейіп кеткенін байқадым. Енді күндіз-түні бейсауат жүретін балалар сол мысықтарды өлтіруді әдетке айналдырып алған. Ата-ана баланың демалысын дұрыс ұйымдастырмағандықтан, олар осылай қатыгездікті үйреніп жүр. Ал біз керісінше балалардың жазғы демалысын пайдаланып, оларды адамгершілікке, ізгілікке үйретуіміз керек. Жалпы, балалардың демалысын ұйымдастыруға мемлекет те мүдделі болуы керек. Оқушыларға арналған бағасы қолжетімді лагерьлер ұйымдастырылса құба-құп. Балалардың бойында корпоративтік қарым-қатынас негізін қалыптастыру маңызды. Өйткені қазіргі балалардың бойында өзімшілдік қасиет басым. Ауыл балаларына әкімдер, меценаттар қолдау білдіріп, қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, музейлерге апарып, таным көкжиегін кеңейтуге атсалысса дейсің. Өзім 10 жыл үзілістен соң ұстаздық қызметке қайта оралдым. Сол сәттен бастап балалардың бос уақытын сапалы өткізуге мән беріп келемін. Оқудан тыс кездерде балалардың туған күндерінде театрға, музейге, киноға, табиғат аясына демалысқа барамыз. Осылайша, балаларға білім берумен қатар ойын дамытып, санасын қалыптастырып, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіміз керек.Ержан МЫРЗАБАЙ, отбасылық психолог: Ең маңыздысы – баланың қауіпсіздігі
– Ата-ана баланың жазғы демалысын ойлағанда олардың қауіпсіздігі мен біркүндік уақытын жоспарлауды ұмытпауы керек. Өйткені бала өз уақытын дұрыс ұйымдастыра алмайды. Біркүндік жоспар құрып, оны айлық, жазғы демалыс жоспарына ұластырған дұрыс. Сол кезде бала 9 ай мектепте алған білімі мен отбасындағы тәрбиеден алшақтамайды, жағымсыз әдеттер жасамайды. Сондықтан оларды дамытатын арнайы үйірмелерге, секцияларға апарып, жаттығу алаңдарында бірге спортпен айналыссаңыз, нағыз өнеге. Оқу жылында баланың сабақ, үй жұмысы, олимпиада деп жүріп басқа үйірмелерге баруға уақыты бола бермейді. Ал жазғы демалыс – сол олқылықтың орнын толтыруға таптырмас мүмкіндік. Үш айда мынаны үйренуің керек деп алдына мақсат қойсаңыз, баланың зейіні соған ауады. Мысалы, бала тіл курсына қатысып, тігін, гитара, домбыра, шахмат үйірмелеріне барса, суда жүзіп, атқа мінуді үйренсе, оның қалауы, бұрын байқамай жүрген қабілеті ашылады. Кей ата-ана баласының жазғы демалысын ата-әжесіне тапсырады. Ал үлкендердің бала тәрбиесіндегі рөлі ата-анаға көмекші дәрежесінде болуы керек. Біз баланы бір жыл бойы жібермей, 3 айға бірден жібергенде арада алшақтық басталады. Үш айда бала бөтенсіп, ата-анасын тыңдамай, тәртіптің не екенін білмей кетуі мүмкін. Үйдің белгілі бір ережелерін ұмытып қалады. Баланың бойында жаңа бір әдеттер, қылықтар пайда болады, әке-шешесіз өмір сүруді үйренеді. Ата-ананың жайлы жағдайы бұзылады, кішігірім әрекеттері үшін балаға ашуланады, ата-әже тәрбиесінде еркіндікке үйренген балаға «ананы істе, мынаны істе» деп талап қоя бастайды. Бір-бірінсіз үйреніп қалған екі жақта келіспеушілік басталады. Осылайша, екі жақтың да мазасы қашады. Одан да бір қалада тұрса, баланы ай сайын ата-әжесіне жіберіп тұрған дұрыс. Ауылда болса күз, қыс, көктем кезіндегі демалыстарда апарған жөн. Бұл бір жағынан баланы ата-әжеден алыстатпайды, екінші жағынан ата-ана мен бала арасында алшақтық болмайды. Ал ауыл балаларының демалысы қалай өту керек? Бірнеше ата-ана бірігіп, балаларды лагерьге жіберсе болады. Ал үйде мал ұстап, бақша егетіндер баласын еңбекке баулиды. Бірақ еңбек баланың бүкіл уақытын алмауы керек. Баланы шектен тыс жұмысқа салу оның балалығын жоғалтады, тез есейіп кетеді, оқуға құлшынысы төмендейді. Баланы жұмыс күші ретінде қарастырған дұрыс емес. Оның ойнауына, демалуына, жаңа бір дағды үйренуіне көмектесу керек. Ауылда бұған жағдай жоқ деп уәж айтатындар да табылар. Бірақ қазір интернет дамыған заманда онлайн оқу тиімді болып отыр. Мысалы, ауылда отырып-ақ онлайн түрде ағылшын тілін оқуға, ораторлық қабілетті дамытуға болады. Ата-ана өз баласына өзінен артық ешкім қарамайтынын ескеру керек. Біздің қоғамда бір қызық парадокс қалыптасқан. Баланы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін мектеп тәрбиелейді, оқытады, білім береді. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталып, балаға жауапкершілік тікелей ата-анаға ауған кезде баланы ата-әжесіне жібереді. Сонда ата-ана қашан баласымен айналысады? Қашан баланың қолынан ұстап, таңғы асты бірге ішіп, әңгімелесіп, сырласып, әр күнін жоспарлап, қалауын тыңдайды? Баланың тәрбиесін балабақша, мектеп, ата-әжеге артып қояды да, кейін балам маған қарсы сөйлейді, айтқанымды тыңдамайды деп шағынады. Ата-ана өзі қалыптастырған алшақтықтың құрбаны болып отырғанын білмейді. Ал баланың қауіпсіздігі қай кезде де бірінші орында тұруы тиіс. Бүгінгі заманда балада интернетке қосылған, камерасы бар смартфон болуы керек. Бала қауіпті жағдай туындаса, тікелей ата-анасына хабарласатындай болсын. Ең дұрысы, жазғы демалыста ата-әженің немерелерінің қасына келуі. Бала сенімді қолда болады. Ал бала қай кезде қауіпке ұшырайды? Қараусыз қалған кезде. Бала жүйелі түрде қараусыз қалатын болса, оп-оңай педофильдердің құрбанына айналуы мүмкін. Негізі, балаға ата-анадан артық ешкім дұрыс қарай алмайды. Сондықтан олар жазғы демалысын балаға қарай ыңғайлағаны жөн. Ата-ана еңбек демалысына кезектесіп шықса, баланың жазғы демалысы да сапалы болмақ.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ