Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады деп хабарлады turkystan.kz.
«Қадірлі жамағат! Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік пен береке тілеймін. Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен нығметтің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген. Халқымыз «Бота алғанша, бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.Ол өз кезегінде еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырды.
«Құрбан айттың негізгі мәні - мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.Бүгінде әлем мұсылмандары екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен қажылық жасауда. Мүфти олардың қатарында Мекке қаласында қажылық парызын өтеп жүрген 4 мың отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тіледі.