50331
Елімізде жас журналистер мектебі ашылады
Елімізде жас журналистер мектебі ашылады
Жобаға кем дегенде қазақстандық 300 жас қатыса алады деп хабарлады turkystan.kz Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік жоба жас журналистердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға, коммуникация құруға арналған жаңа алаңдарды қалыптастыруға, жас журналистердің шығармашылық және қоғамдық белсенділігін ынталандыруға бағытталған.
«Жобаның маңызды міндеттерінің бірі – жас журналистердің кәсіби құзыреттілігін арттыру. Медиа мамандарына онлайн форматта жұмыс істеу ыңғайлы болғандықтан, біз электронды платформаны дайындайтын боламыз. Мұнда жоба қатысушылары үшін оқыту курстары мен жаңалықтар порталы қолжетімді болады», – деді «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ директорының орынбасары Камила Амуртаева.Жоба аясында конкурстық негізде жас журналистерге 20 шағын грант бөлінеді. Кәсіби білім алу және үздік тәжірибе алмасу бағытындағы оқытудан кемінде 300 жас қазақстандық өтеді. Сондай-ақ Нұр-Cұлтан, Шымкент және Ақтөбе қалаларында жастарға арналған пікірталас алаңдары жұмыс істейді.
«Форумдар үш күндік оқыту форматында өтеді. Біз журналист болуды армандайтын жас азаматтарды, журналистика факультетінің студенттерін, жас мамандарды жинаймыз. Форум қатысушылары теориялық қана емес, практикалық тұрғыда білім алуы үшін медиа саласының сарапшылары мен кәсіпқойлары жобаға тренер ретінде шақырылады», – деді Камила Амуртаева.Әлеуметтік жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында жүзеге асырылады.