Атырауда 17 жасар бозбаланы тепловоз қағып, жедел жәрдем көлігінде ауруханаға жетпей көз жұмды деп хабарлады turkystan.kz. Атырау темір жол станциясындағы желілік полиция бөлімінің хабарлауынша, қайғылы оқиға кеше, 6 шілдеде сағат 17:00 шамасында болған. Жергілікті колледждің студенті жолды қысқарту үшін «Қара депо» шағынауданындағы темір жолды кесіп өтпек болған. Жасөспірімді «Ақжайық-Теңдік» темір жол өткелінде тепловоз қағып кетті. Машинистің айтуынша, темір жол бойында келе жатқан адамды байқаған. Алайда, тежегішті басқанымен, тепловозды тоқтатуға үлгермеген.
«Қазір аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабының 2-бөлігімен (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан темір жол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.