50357
Шымкентте бесінші аудан құру туралы шешім қабылданды
Шымкентте бесінші аудан құру туралы шешім қабылданды
Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті деп хабарлады turkystan.kz ERNUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды.
Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Бұл мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.
Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.
Айта кетсек, Шымкент қаласының жаңа бас жоспарымен 5 күнде 400-ге жуық адам танысты, ал 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырған. Ол талап-тілектерді мамандар қарап, тиістісі ескерілетін болады. Бас жоспар 21 маусымнан бастап бір ай көпшілік талқылауына ұсынылып отыр. Кез келген шымкенттік тұрғын құжатпен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады.
Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді.