995
Арқаға ажар берген ару қала
Арқаға ажар берген ару қала
Сонау 1997 жылы Ақмола қаласы ресми түрде еліміздің астанасы атанған болатын. Содан бері 25 жыл өтіпті. Бүгінде елорда еліміз үшін түбегейлі маңызды шешімдер қабылдайтын, әлем халқы үшін «Бейбітшілік қаласы» атанған ірі саяси, қаржы, экономикалық орталыққа айналды. Астана әлемнің атақты қалаларымен тең тұрып, әлемдік мәселелерді талқылайтын халықаралық диалог орнатуда да жақсы тәжірибе жинады.
Байғұтты ТОРТАЙ,
архитектор, Қазасқтан Сәулетшілер одағының мүшесі:
Ақорда – ерекше сәулет жобамның бірі
Астана Алатаудың баурайынан Сарыарқа төсіне қоныс аударғаннан кейін көп күттірмей бас қаланы дамыту, көркейтуге бағытталған жұмыстар басталып кетті. Архитектура факультетін бітіргеннен кейін жас маман ретінде мені Таразға, бауырым Арапбайды (ол да сәулетші) Ақтөбеге жұмысқа жіберді. Алайда екеуміз де бас қалаға қоныс аударып, ел дамуына үлес қоссақ деп армандап жүрдік. Содан сәулетші Қалдыбай Монтақаевтың компьютерлік бағдарламамен жұмыс істей алатын сәулетшілерді іздестіріп жатқаны туралы естіп, өз жұмысымызды көрсеттік. Бір айдан соң хабарласып, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Бұл 1999 жылдың аяғы еді... Ағайынды Тортаевтардың қаламы мен қиялынан туған ерекше сәулет жобасы – Ақорда. Мемлекет тарихында бір рет қана салынатын орданы бірнеше автор идеямызды біріктіре отырып, екі жылда жобасын сызып, жасап бердік. Шетелдіктер қатысқан конкурста 17 жобаның ішінен үздік деп танылуымыздың өзі үлкен жетістік еді. Жобаның авторы ретінде ғимараттың өзіне тән ерекшеліктерін ескерту, маңыздылығын түсіндіру менің мойнымда болды. Ғимаратты сыртынан қарасаңыз төртбұрышты, ал ішіне кірсеңіз, үлкен кеңістік. Тіреусіз салынғаны талай адамды таңдай қақтырды. Ақордадағы әр залдың өзіндік маңызы бар десе болғандай. Күмбезді залда сән-салтанатты шаралар өткізіледі. Ішіне кірген кезде жан сарайың жарқырап ашыла түскендей боласың. Жиын залының табалдырығын аттаған сәттен бойыңды жинап аласың. Резиденцияның қабырғалары өткізілетін шараның маңыздылығынан хабар беріп тұрғандай. Ішкі дизайнын жасаған италиялық мамандар түстерді де сәйкес таңдай білген. Келген қонақтарды салтанатты түрде қарсы алатын жердің маңыздылығын ескере отырып, конструкциялық шешімнің арқасында көлемін мүмкіндігінше ұйымдастырдық. Жобаны жасау барысында жердің отыруы, жауын-шашынның әсері мен оған түсетін салмақты да ескердік. Құрылысы 2001 жылы басталып, 4 жылға созылған көркі көз тартатын әсем ғимарат қалаға ерекше көрік беріп тұр. Бірнеше жыл бұрын ағылшындық Theestle.Net порталы әлемдегі президент сарайларын салыстырып, рейтингін анықтаған болатын. Еңсесі биік, хан сарайындай келбеті бар, салиқалы да тәкаппар Ақорда үздік үштікке енді. АҚШ-тың Ақ үйі ең үздік сарай деп танылса, екінші орынды – Тәжікстан президентінің Ұлт сарайы – Касри Миллат иеленді. Астана алғаш құрылған кезде үлкен үш-ақ көше болатын: қазіргі Бейбітшілік, Республика және Жеңіс даңғылы. Ал көзге түсер ғимараттардан – қазіргі ескі орталықтағы қалалық әкімдік, бұрынғы Парламент үйі, Сыртқы істер министрлігі болды. Жолы дұрыс салынбаған қалада батпақ кешіп жүріп сан түрлі ғимараттың бой көтеруіне атсалыстық. Сол кезде «Елорда қашан астана атына лайық әдемі қала болар екен?» деп ойлайтынмын. Бірақ бәрі де тез екен. Құрылысы қарқынды жүрген қалада 2-3 жылдың ішінде әкімшілік нысандары пайдалануға берілді. Ақорда мен Үкімет үйінің айналасына әсем ғимараттар салына бастады. Бауырым Арапбай екеуіміз Ақордадан бөлек, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот сынды жалпы саны 30-дан астам ғимараттың сызбасын сыздық, авторы атандық. Осы қалада өстік, өркендедік, балаларымның болашағы елордамен тығыз байланысты. Қаланың күн сайын сұлуланып, ерекше көркеюі қиялға қанат бітіреді.Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: Еуразия кеңістігіндегі ірі орталық
– Осыдан 25 жыл бұрын 1997 жылы 10 желтоқсанда Алматыдан елордаға қоныс аудардық. Сол кезде астана 250 мың халқы бар, екі және бес қабатты Хрущев заманынан келе жатқан үйлері бар шағын қала болатын. Бүгін осыны жастарға айтсақ ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Мен ол кезде Парламент депутаты болдым, кейін осы қалада бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ел дамуына үлес қостым деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, Алматыдан қоныс аударып келгенде далаға келгендей күй кешкеніміз рас. Ауа райы да қолайсыз тиді, қысы суық әрі ұзақ, жазы ыстық. «Қашан еліміздің бас қаласына айналады?» деген күдікті сауал көкейде тұрды. Біз келген жылдары қалада бірді-екілі ғана тамақтанатын орын болды. Орталықта Республика көшесінде «Меруерт» мейрамханасы бар еді, сосын «Тереза» деген шағын мейрамхана болды. Осы екеуінен өзге тамақтанатын жер жоқ. Қалада көшелер де аз, жол салынбаған көшелердің миы шыққан батпақ болатын. Астана бүгінгідей әсем қалаға айналу үшін бәріміз еңбек еттік. Өзім Көлік және коммуникация министрі болған тұста қаланың ішіндегі және қаладан шығатын жолдарды жасадық, ескі көшелерді жөндедік. Осылай үлкен қарқынмен басталған ауқымды жұмыстар көп өтпей нәтижесін көрсете бастады. Елорда 25 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Бұрынғы қала мен қазіргі қала салыстыруға келмейді, айырмашылық жер мен көктей. Мектеп, аурухана, концерт залдары, театрлар, университеттер, Есілдің сол жағалауы мен оң жағалауын байланыстыратын әдемі көпірлер, сан алуан тұрғын үй және бизнес кешендері көздің жауын алады. Ең бастысы, халық саны көбейді. Елорда жастардың қаласына айналды. Бүгінде елорда халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігіндегі ірі орталық. Сіздердің газеттеріңізді пайдалана отырып, астана тұрғындарын, бүкіл қазақстандықтарды қала күнімен құттықтаймын. Бізге қазір ең бастысы –бейбіт өмір, халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Білімді жастар көбейсін деп тілеймін.Кентау НАЗАРБЕК, композитор, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы вокал бөлімінің меңгерушісі: «Астана» туындысын 7 жыл жаздым
– Астанаға алғаш қоныс аударғанда қала халқы 600 мың болатын, қазір миллионнан асты. Сол жағалаудағы Сауран көшесінен ары қарай айдала болатын. Ал бүгін сол аумақта тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған Ботаникалық бақ жайқалып тұр. Кейінірек салынған ЭКСПО кешені бүгінде елорданың туристік және қаржылық орталығына айналды. Астана Сарыарқа төсіне қоныс аударғаннан бастап еліміздің шартарабынан ағылған жұрттың көші тоқтамақ емес. Көкейінде елдің бас ордасымен бірге дамимын, ертеңге нық қадам басамын, болашағымды астанамен байланыстырамын деген үкілі арманы бар жастарға жол ашық. Астананың күн санап көркейіп, аз уақытта еліміздің ғана емес, әлемнің астанасы атағына ие болуына әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі зор деп білемін. Елорда еліміздің рухани орталығына айналуға да жайлап қадам басып келе жатыр. Халық пандемиядан кейін адамға денсаулықтан соң ең керегі рухани байлық екенін сезіне бастады. Хакім Абай: «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық» дейді ғой. Сол сияқты бізде де даңғаза шоу, жеңіл әзілдерге қызығушылық көп болатын, ал қазір бұл азайып, руханиятқа бетбұрыс жасалды. Руханияттың биік деңгейі – есті дүние ғой, ол спектакль, әдемі кеш, концерт болсын, бастысы тәрбиелік мәні бар дүние болғаны жақсы. Мұндай рухани дүниелер науқаншылдыққа емес, шынайылыққа құрылуы тиіс. Менің бас қаламыздың мәдениетіне, руханиятына қосқан үлесімнің бірі – «Астана» атты туындым. Әні мен сөзі өзімдікі. Бұл туындыны 7 жыл жаздым. Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Мен қазақпын» толғауы да тарихқа бойлай отырып жазылған патриоттық туындымның бірі. Өзім отаншылдық өлеңдерге бойұсына отырып, болашақ ұрпақтың танымына, пайымы мен парасатына әсер еткім келеді. Ал елордамыздың туған күнінде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін. Қазақ үйлі, қазақ күйлі болса екен. Ұрпағымыз ұлт тілін терең меңгерген, салт-дәстүрін дәріптеген, елі мен жерін сүйетін патриот болсын. Балаларымыз ұлтжанды емес, ұлтшыл болып өскей. Қаланың әр бұрышынан қазақылықтың иісі шығып тұрса деймін.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ