50543
Елордада бокстан І халықаралық турнир аяқталды
Елордада бокстан І халықаралық турнир аяқталды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп қала күніне орай ұйымдастырған бокстан I халықаралық турнирінің жеңімпаздары анықталды деп хабарлады turkystan.kz.
Турнирдің салтанатты жабылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев және 1996 және 2000 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, елімізге белгілі қазақ боксшысы Болат Жұмаділов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Айта кетсек, қала күніне орай, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен «Елорда кубогі» 29 маусымнан 4 шілдеге дейін жалғасты. Бұл турнирге 10 елден 250-ден астам былғары қолғап шебері 25 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынады. Яғни, ерлер арасында 13 салмақ, әйелдер арасында 12 салмақтың үздіктері анықталды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналғандықтан, турнирге қатысушылар бұл доданы «Кіші Әлем чемпионаты» деп атап кетті.
Дүбірлі доданың финалына 50 боксшы шықты, оның 23-і - қазақстандық. Ақтық айқасқа жолдама алғандардың ішінде Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Олимпиада ойындарының қатысушылары да болды.
Сонымен елордалық ағайынды-егіздер Оралбай Нурбек пен Айбек, Валентина Хальзова, Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Жайна Шекербекова және Карина Ибрагимовалар Қазақстанның ғана емес, әлемнің де үздіктері екендіктерін кезекті рет дәлелдеді. Соның ішінде ерлер құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 67 келідегі әлем чемпионы жапон Севон Оказаваны жеңді.
Жарыс қорытындысына келер болсақ, Қазақстан құрамасы бұл турнирде 16 алтын, 7 күміс, 20 қола, яғни барлығы 43 медаль жеңіп, әлемдік деңгейдегі бокс держава мемлекеті екендігін тағы дәлелдеді.
Командалық рейтингте екінші орынға 3 алтын, 7 күміс, 2 қоламен Қытай құрамасы орналасты. Ал, үздік үштікті түйіндеген Өзбекстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 5 күміс, 8 қола медаль бар.
Ал, жекелей номинацияда турнирдің үздік боксшысы атағын ерлер арасында Сәкен Бибосынов жеңіп алса, әйелдер арасында қытайлық Янг Венлу үздік деп танылды. Сондай-ақ, үздік рефери атағы қырғызстандық Әбдімәлік Айтиевке бұйырса, үздік төреші номинациясы өзбекстандық маман Әлішер Палвановқа табысталды.
Турнирдің қорытындысы бойынша, ринг қожайыны – Қазақстан құрама сапындағы спортшыларымыз өз мықтылықтарын тағы бір дәлелдеді.