50382
Ұлытауда Ұлттық құрылтай басталды
Ұлытауда Ұлттық құрылтай басталды
Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы басталды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр деп хабарлады turkystan.kz.
Алқалы отырысты жаңадан құрылған – Ұлытау облысы Ұлытау ауданында өткізу туралы шешім 6 маусымда шығарылды.
Ал Ұлттық құрылтай кеше МҚР Президенті жанынан Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай институтының құрылатыны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы халыққа Жолдауында айтқан еді. Құрылтайдың құрамы кеңестен де ауқымды. Оның құрамына мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер сынды барлығы 117 адам кіріп отыр.
Айта кетсек, олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова бар.