1451
Ұлттық құрылтай ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алды
Ұлттық құрылтай ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алды
Бүгін Ұлытауда Ұлттық құрылтай жұмысын бастайды. Мемлекет басшысының 16 наурыздағы Жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таратылатыны айтылған еді. Президент оның орнына ауқымы кеңірек, жаңадан құрамдалған Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Ал өткен аптада Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтетіні белгілі болды.
Ұлттық құрылтайдан үміт көп
Құрылтайдың алғашқы отырысы өтетін күннен бір күн бұрын Ұлттық құрылтайды құру туралы Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Жарлықта Ұлттық құрылтайдың ережесі мен құрамы, негізгі міндеттері, сонымен қатар жұмыс тәртібі бекітілді. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган деп бекітілді.
Жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайдың бағыты мен ерекшелігі қандай болмақ? Оны құрудың қандай маңызы бар?
Құрылтайдың Төрағасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, ал хатшы қызметіне Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева бекітілді. Одан бөлек, құрылтайға мүше 113 адамның тізімі жарияланды. Олардың біразы – Қоғамдық сенім кеңесіне мүше болғандар. Құжатқа сәйкес, Төраға Ұлттық құрылтайдың қызметін басқарады, құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, Төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді. Төраға орынбасары Мемлекеттік кеңесші құрылтай отырыстарының күн тәртібін бекітеді және Төрағаның тапсырмаларын орындайды.
Хатшы белгілі бір мәселеге байланысты белгіленген тәртіппен сарапшылар, ғалымдар мен мамандардың басын қосады, Ұлттық құрылтай отырыстарын ұйымдастырып, өткізеді, оған қоса Төрағаның және Төраға орынбасарларының тапсырмалары бойынша басқа да жұмыстарды атқарады.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінен жасақталған құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен, ротация жүргізу тәртібімен жаңартылып тұратыны да айтылған. Ұлттық құрылтай мүшелері жұмыс жоспары, отырыстардың күн тәртібі мен талқылауға ұсыныс айта алады, материалдарды дайындауға қатысуға, құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғаммен талқылайды және түсіндіреді. Құрылтай мүшелері өз құзыретін басқа азаматтарға бере алмайды.
Құжатта құрылтайдың негізгі 3 міндеті айқындалған: қоғам бірлігін дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға байланысты ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
Құрылтайдың өту тәртібі бойынша оның отырыстары қажеттігіне қарай, жылына кемінде бір рет өткізілуге тиіс. Егер Ұлттық құрылтайдың отырысына оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп саналады. Сонымен қатар отырыстарға Төрағаның шешімі бойынша құрылтайға мүше емес лауазымды тұлғалар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін екені жазылған.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар айтылған күйі қалмайды, сол мәселенің бағытына байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерге жолданады. Жауапты органдар оларды қарап, шара қабылдап, жұмыс нәтижесі туралы мәліметті құрылтай мүшелеріне белгіленген тәртіппен жолдайды. Құрылтайдың жұмысы, онда айтылған, қаралған, талқыланған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады.
Әу баста айтып өткеніміздей, құрылтайдың алғашқы жиыны жаңадан құрылған үш облыстың бірі – Ұлытауда өтеді. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғаны тарихтан, тарихшылардың нақты зерттеу еңбектерінен белгілі.
Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын Мемлекет басшысы осы құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде айтып өткен болатын.
– Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институтционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері және тағы басқалар кіреді, – деген еді Мемлекет басшысы.
Бүгін өтетін құрылтайдың негізгі бағыты мен бағыт-бағдары туралы ұлттық құрылтай мүшелерінен сұрап көрдік. Олардың айтуынша, құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғамды жұдырықтай жұмылдыру, бірлік пен ынтымақты нығайтып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару, тек сонда ғана ел жаңарып, өшкеніміз жаңғырады, болашағымыз айқындалады.
Ерлан САЙЫРОВ,
Мәжіліс депутаты,
Ұлттық құрылтай мүшесі:
Ұлттық құрылтайдың ең негізгі міндеті – елдің бірлігін, ынтымағын нығайту
– Ұлттық құрылтайдың ең негізгі мінде-ті – қазіргі өте күрделі, шиеленісіп тұрған геосаяси жағдайда біздің елдің бірлігін, ынтымағын нығайту, ұлттық консолидация тетіктерін әзірлеу. Яғни, ең негізгі мақсат – мемлекетіміздің моральдық, рухани, саяси дамуы үшін қандай алғышарттар керек екенін анықтау. Болашақ ұрпаққа мығым, мызғымас мемлекетті аманаттап тапсыру үшін еліміздің тұғырнамасы қандай болуы керек екенін анықтауға тырысу. Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Ұлттық құрылтай сыртқы оқиғалардың еліміздегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі саяси көзқарастағы жандардың басын қосуды көздеуі керек. Біздің ұстанымымыз, кейбір мәселеге қатысты пікіріміз басқаша болғанымен, ортақ құндылығымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалуда бірігуіміз керек. Ең алдымен әлеуметтік әділетсіздік, экономикадағы монополия секілді өзекті мәселелерді шешіп алмай, қоғамды тұтастай біріктіру мүмкін емес.Светқали НҰРЖАН, ақын, Ұлттық құрылтай мүшесі: Түп қазығымызға оралып, болашақты бағдарлайтын келелі жиын өтетініне сенемін
– Ұлттық құрылтайдан үмітім үлкен. Ең алдымен айта кететін нәрсе – бұл бастаманың ым-ишара, ырымының өзі ерекше. Жиынның баяғы бабаларымыздың ізін жалғастырып, Ұлытау жерінде Жошы ханның басында өткізілгелі отырғанының өзі мемлекетіміздің шынымен де өз түп қазығына оралып, сол арқылы болашаққа бағытын бағдарлайтын үлкен, келелі жиын болады деген сенімнің ұшқынын ұялатады. Қазақ даласында талай-талай құрылтай өткені белгілі. Әбілқайыр ханды бас сардар сайлаған 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы бар, Мәртөбеде өткен, Күлтөбеде, Ордабасында, Ұлытауда өткен жиынның барлығы біздің тұғырлы кезеңдерімізде де, сындарлы кезеңдерімізде де, қиын-қыстау кездерімізде де күш алып, рух алып отыратын қасиетті ордаларымыз болған ғой. Ал бұл құрылтайда еліміздің мемлекеттігін баянды ететін, ұлтымызды тұғырлы ететін, елге рухани серпін беретін мәселелер қамтылады деп есептеймін, соған үміт ететмін.Сенім кеңесі сенімді ақтай алды ма? Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтылған еді. Кеңес Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі несімен есте қалды? Ұлттық деген сөздің жүгін көтеретіндей нендей маңызды мәселелер көтерілді? Сенім кеңесінің ресми сайтында органның негізгі мақсаты халық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауынан өткен мемлекет саясатындағы өзекті мәселелерге байланысты ұсыныстар мен ұстанымдарды жинау екені айтылған. Жалпы, органның мақсаты мемлекеттік бағдарламалар және нормативтік-құқықтық актілердің жобасына қоғамдық сараптама жасау, маңызды стратегиялық проблемаларды талқылау, оған қатысты жұртшылықтың пікірін ескеру, халық пен билік, мемлекеттік органдардың арасында диалог орнатуға ықпал ету болды. 3 жылда Сенім кеңесінің көтерген бастамаларының біразы заңмен бекітілген екен. Ресми мәліметке сүйенсек, бейбіт жиындарды өткізу тәртібінің өзгергені, сайлаудағы партия тізіміне әйелдер мен жастардың 30 пайыз квотасының енгізілгені, өлім жазасына тыйым салынғаны, педофилдерге қолданатын жазаның күшейгені, саяси партияларды тіркеу межесі төмендетілгені, сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» графасы енгізілгені, саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілгені, ауыл әкімдерін тікелей сайлау және ең бастысы – шетел азаматтарына жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынғаны осы кеңес жұмысының нәтижесі екені айтылады. Нақты сандармен дәйектейтін болсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бойынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданған екен. Соның ішінде Президент Жарлықтары, үкімет қаулылары мен заңдар бар. Мәселен, Президенттің биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалар мен жүктелген міндеттердің біразы, референдумға шығарылған ұсыныстардың кейбірі Сенім кеңесінде бастама ретінде көтерілген. Соның ішінде Президенттің партияға жетекшілік етуіне тыйым салу, әкімдердің партия филиалдарын басқару құзыретін шектеу, Мәжіліс депутаттарын аралас жүйемен сайлау, сайлаудағы бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындау, саяси партияны тіркеуге қажет адам санын азайту, Мәжілістегі Ассамблеяның квотасын қысқарту сияқты күн тәртібіндегі өзекті болып тұрған мәселелерді айтып өту керек. Яғни, осыған дейін тізбектеп айтқан мәліметтер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген мәселелер жетер жеріне жетіп, мақсат орындалды деп айтуға мүмкіндік беретін сияқты. Кей сарапшылардың сөзіне сүйенсек, орган өз миссиясын сәтті орындаған, сонымен қатар Сенім кеңесі Конституция реформасына ықпал етті деген де пікір айтылып жүр. Марат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі институт директоры: Қоғамдық саяси кеңес құрылмаған болса, референдум да, реформалар да болмас еді
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси-құқықтық реформалардың моделінің жасақталуына үлкен үлесін қосты. Осылайша, тізе беруге, жалғастыра беруге болады, Ұлттық кеңес үлкен-үлкен мәселелерді көтеріп отырды. Оның ішінде тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері, жалпы адам құқықтары мәселелері қаралды. Ал қарапайым азаматтың құқығын қорғайтындар аз. Сөз бостандығы мәселесі көтерілді, ол да демократиялық дамудың бір тетігі екені анық. Одан бөлек, Бейбіт жиналыстар туралы заңды Президент осы сенім кеңесі отырысында ұсынды. Заң жобасы халықаралық стандарттарға, атап айтқанда азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына сәйкес келеді, өйткені ең бастысы – ерік білдіру құқығы қамтамасыз етілді. Кеңес құрамында біршама еңбек еткен азаматтардың біразы Мәжіліске барды, енді олардың кейбірі Ұлттық құрылтайдың құрамына кіріп отыр. Қорыта айтқанда, орган үш жыл ішінде табысты да жемісті жұмыс атқарды. Қоғамдық саяси кеңес құрылмаған болса, референдум да, реформалар да болмас еді.P.S. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, орнына Ұлттық құрылтай құрылады дегеннен-ақ оның маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде шақырылып отыратыны айтылды. Яғни, сенім кеңесінің жұмысы одан әрі кеңейтілген түрде жалғасып, тың бастамалар көтеріледі, мәртебесі де жоғары болады. Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін азаматтар, кәсіпкерлер және басқа да қоғам белсенділері шақырылатыны, одан бөлек аймақтағы қоғамдық кеңестердің атынан кем дегенде бір адам мүше болатыны сол кезден белгілі болды. Яғни, қоғамдық кеңестердің бәрі Ұлттық құрылтайға топтастырылмақ. Осы арқылы халықтың билікке жетпей жатқан базынасы мен талап-тілегі тегіс тыңдалады деген үміт бар. Атына, ұйымдастырылу тәртібіне қарап, бұл жиынның бұрынғы жиыннан өзгеше болатынына сенім артқандар көп. Не десек те, бүгін ел үмітін арқалаған азаматтардың басын қосатын құрылтай бұрынғы ата жолын жалғастырып, сол арқылы болашаққа бағдар алатын, халықтың мәселесі көтерілетін, көтерілген мәселелер ескерусіз-елеусіз қалмайтын келелі жиынға айналуға тиіс.