50390
«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында 10 жылда 20-дан астам апат болды − Ерлан Саиров
«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында 10 жылда 20-дан астам апат болды − Ерлан Саиров
«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында соңғы 10 жыл ішінде 20-дан астам апат болып, одан 41 адам зардап шеккен. Ал 16 жыл ішінде жалпы саны 109 адам қаза тапқан деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров мәлімдеді.
«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-да төрт отандасымыз қаза тапты. Оның алдында «Абай» шахтасындағы болған оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Металлургия комбинатының өндірістік кешенін және көмір шахтасын тиісті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды толық қаржыландырмау салдарынан өндірістік апат болды. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар орындалмайды. Кадр саясаты дұрыс жүргізілмеген. Кәсіпорында шетелдік және отандық қызметкерлер арасында жалақы теңсіздігі бар. Сонымен қатар жазатайым оқиға мен жарақаттану жағдайын тергегеннен кейін де инженерлік-техникалық қызметкерлер соңғы орында қалып отыр. Кәсіпорынның бірінші басшылары асыраушысынан айырылған отбасының алдында моральдық жауапкершілік сезбейді. Тек өтемақы төлеумен шектеледі», - деді депутат.Оның айтуынша, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндірістік кешенге жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысы Парламент Мәжілісіне және көпшілікке баяндалуы тиіс.
«Жүргізілген аудит негізінде комбинаттың апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестиция көлемін анықтау және Л.Миттал мырзадан кәсіпорынның өндірістік базасын қалпына келтіруді талап етеміз. Адам өлімімен аяқталған апаттың жиілеп кеткені үшін кәсіпорынның бірінші басшылары жауапқа тартылуы тиіс», - деп жазды депутат.