50727
Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел
Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел
Әнел Әлімова – былтыр Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан жас кәсіпкер. 14 жасынан бастап еңбекке араласқан ол жетістікке жалғыз талантпен жету мүмкін емес екенін айтады. Қазақстанда кәсібін дөңгелетіп отырған ол әлемдік нарыққа шығып, бьюти индустрияда өз есімін жазып қалдырғысы келеді. Қазақстанда арнайы орталық ашып, визажист болуға икемі бар қыздарға жол көрсетсем деген ойы да жоқ емес. Еңбексүйгіштігімен ерекшеленетін, мақсаты айқын, жоспары анық Әнелге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «14 жасымда аула сыпырдым» деп жазғаныңызды оқып қалдым...
– Оқушы кезімізде асханаға барып, тағам алып жегің келеді. Соған ата-анамнан үнемі ақша сұрай бермес үшін бірде үйдің қасында орналасқан дүкенге кіріп, ондағылардан «Сіздерге жұмысшы керек емес пе?» деп сұрадым. Олар біз тұратын ауданға аула сыпырушы керек екенін айтты. Аптасына ма, әлде айына ма, нақтысы есімде жоқ, аула сыпырушыға 500 теңге төленетін. Сөйтіп, таңғы сағат алтыдан бастап аула сыпыратын болдым. Спортқа жақын болып өскендіктен таңертең тұрып, жүгіруді әдетке айналдырған едім. Ала таңда жұмысқа кетіп бара жатқанымды көрген анам мені жүгіруге бара жатыр деп ойласа керек. Содан бір күні анам қоқыс тастап жатқанымды көріп, «Мұнда не істеп жүрсің?» деп «ұстап» алды. Сосын дүкеншіге барып, «Оқушы қызды аула сыпырушы қылып жұмысқа алғаныңыз үшін сізді соттатамын» деп дүрсе қойғаны есімде (күліп). Содан соң жұмыс істеуге құлшынысымды байқаған анам жазғы каникул кезінде көшірме жасайтын орынға «отырғызып» қойды. Ата-анам таңнан кешке дейін дамыл таппай жұмыс істейді. Тапқан-таянғанын біздің аузымызға тосады. Бір бөлмеде бес қыз тұрамыз. Бесеуміздің шығынымыз көп екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін ата-анама салмақ түсірмей, оқушы кезімнен өзім ақша табуды мақсат еттім. 9-сынып оқып жүргенде дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Сосын анамды несие алып, жеке дүкен ашуға көндіріп, сонда әпкем екеуміз кезекпен жұмыс істедік.
– Сауда-саттық жасауға жастайыңыздан қызықсаңыз, оқыған мамандығыңыз да осы саламен байланысты болар.
– Әкем – инженер, анам – есепші. Анам есепші болған соң экономист мамандығының болашағы зор екенін айтып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге оқуға түсуіме себепкер болды. Негізі, оқытушылар студенттерді қызықтыра білсе, экономист – өте қызық әрі ерекше мамандық. Мен мұны сонда оқып жүргенде түсіндім. Оқумен қатар жұмысты бірге алып жүрдім. Дүкенде істеген тәжірибем бар болған соң Қытайдан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысуды қолға алдым. Астанадан Алматыға, сосын Қорғасқа, одан соң Үрімшіге автобуспен барып, тауар алып қайтатынмын. Тауар салынған сөмкелердің салмағы ауыр, бірақ ол кезде жастықтың буымен ештеңе білінбейтін. Алты жыл бойы осылай ары-бері шапқылап жүрдім. Осы уақыт ішінде астанадағы ірі сауда орталығының бірінен дүңгіршектер ашып, мол табыс таптым. 3-курс оқып жүргенде өзге қатарластарым секілді Work and Travel бағдарламасы бойынша жаз кезінде Нью-Йоркке бардым. Онда жолдасыммен танысып, елге келген соң екеуміз шаңырақ көтердік. Бала сүйдік. Үй-жайымыз болғанын қалаған біз Америкаға барып жұмыс істеп, ақша жинап келуді көздедік. Абыр-сабыры таусылмайтын Нью-Йоркте 24 сағат бойы жұмыс істейтіндер бар. Мен де бала күтуші, аула сыпырушы, даяшы секілді уысыма түскен жұмыстың барлығын істеп, таңғы алтыға дейін ұйықтамай жүре беретінмін. Тіпті, бір долларды депозитке салып, тірнектеп жинайтынмын. Қазір олай жұмыс істей алмаймын, «сол кезде энергияның барлығын қайдан алғанмын?» деп кейде өз-өзіме таңғаламын. Елге оралған соң, жиған-тергенімізді пәтерге емес, бизнеске жұмсайық деп келістік. Сөйтіп, кафе ашып, бұл істің қыр-сырына қаныға бастадық. Әлі есімде, кафе орналасқан аудандағы базарды аралап, сатушыларға подноспен тағам тарататынмын. Кейін екінші кафе ашып, банкет жасауды қолға алдық. Айына бір рет тауарға барып, екі дүңгіршектегі сауданы да жүргізуге тырыстым. Өкінішке қарай, осы аралықта жолдасым екеуіміздің жолымыз екіге бөлінді.
– Ал бьюти индустрияға келуіңізге кім түрткі болды?
– Екі кафе мен екі дүңгіршектің арасында жүгіріп жүріп, өзіңе қарауға да уақыт табыла бермейді. Бір күні достарым «Сен ер адам болып барасың. Өз-өзіңе қарауың қажет. Сәния Ілиясованың курсына баршы» деп ақыл айтты. Мен оған дейін мүлде боянбайтынмын, сол курстан соң боянуды үйрендім. Бьюти индустрия секілді жаңа әлем аштым. Осы саланы зерттегім келді. Кәсіппен айналысып жүрген соң бір емес, бірнеше сала бойынша ізденіп, оқымасаң, ісің алға баспайды. Мұны ерте түсінген мен қолым қалт етсе кітап оқып, жаңа дүниелер ашуға тырысатынмын. Экономистен бөлек, заңгер және психоаналитиктің оқуын оқыдым. Неге екі мамандық десеңіз, біртіндеп түсіндіре кетейін. Кафе ашқан кезде әдепкіде жауапты кісілер «Ой, сіз заң білмейсіз» деп жиі айыппұл салып кететін. Мысалы, авторлық құқық тіркеу қажет екені туралы біздегі кәсіпкердің көбі білмейді. Бірде «Кафеңізге Қайрат Нұртастың әнін қойыпсың. Авторлық құқық тіркелмеген. Келісімшарт жасамағансыз» деп 100 000 теңге айыппұл салды. Ал мен ол туралы мүлде білмейді екенмін. Содан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып сұрасам, заң бойынша кафеде қойылатын музыкаға авторлық құқық тіркеп, тиісті мекемемен келісімшарт жасасып, ай сайын белгілі мөлшерде ақша төлеп тұруым керек екен. Сөйтіп, заң факультетінде білім алған соң, учаскелік инспектор келіп, наразылығын білдіріп жатса, «Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, менің құқым бар» деп қайтарып жіберетінді шығардым (күліп). Ал психоаналитиканы неліктен оқығанымды түсіндірер болсам, макияж жасағанда адамдар бір-бірін сезеді. Танымал, талабы мықтылар сені қасына жайдан-жай жақындатпайды. Агенттік арқылы таңдап, шақырған соң, сені тексереді. Бірінші рет жұмыс істегенде, оларға энергетикаң ұнаса, олар сені екінші рет шақырады. Ал энергетикаң жақпай қалса, сені ешкім шақырмайды. Сол үшін адам жанын, не қажет екенін, не қызықтыратынын ә дегеннен-ақ түсінетін психолог болуың керек. Жоғарыда айтқан Сәнияның курсын бітірген соң, отандық телеарналардың бірінде гример болып жұмыс істедім. Сосын Мәскеуге барып, ТМД елдеріне танымал визажист Гоар Аветисяннің екі апталық курсынан өттім. Содан кейін сұлулық салонын ашу идеясы пайда болды. Сөйтіп, елге келген соң салон аштым. Қызыққан көпшілікке мэйкап жасауды үйрете бастадым. Клиент саны көбейе түскен соң, тағы екі салон аштым. Осылайша, үш жыл ішінде есімім елге танылып, ісім алға басты. Мені бьюти жарыстарға қазы ретінде шақыра бастады. Гуанчжоу, Бейжің, Киевте өткен сайыстарға қатыстым. Шетелдік мамандардың көзіне түстім. Сән астанасы Парижге барып, бір ай бойы косметика жасаудың технологиясын үйрендім. «Business Lady Qazaqstan» республикалық конкурсына қатысып, жүлдегер атандым. Сосын аталған ұйымның аймақтық директоры қызметін атқарып, түрлі іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Атқарған істерім жемісті болып, біршама марапатқа ие болдым. Көрген түйгенімді «Ерік-жігер» атты кітабымда тізіп, оқырманға пайдалы дүние жаратуға тырыстым.
– Нью-Йорктен салон ашуды қай кезден бері көздеп жүрген едіңіз?
– Әдепкіде америкалықтар мені осында мэйкаптан шеберлік сабағын өткізуге шақырып жүрді. Кейіннен ғылым, білім, бизнес және спорт саласында ерекше қабілеті бар шетелдіктерге арналған уақытша жұмыс визасына тапсыруды жөн санадым. Осында келген соң алдымен компания, сосын сұлулық салонын аштым. Қазір командамдағы маркетолог мамандармен салонды қалай атағанымыз дұрыс деп бас қатырып жүрміз. Командамдағылар «әлемдік нарыққа шығатын болсақ, атағанға оңай әрі қолайлы болуға тиіс» дейді. Одан бөлек, жеке брендпен косметика өнімдері шығарылатын болады. Жалпы, Нью-Йорк – fashion-индустрия қыз-қыз қайнап тұрған мегаполис. Есімін әлем білетін дүкендер, брендтер, модельдер, бәрі-бәрі осында. Үйренерім көп, үйретерім де жетерлік. Қазір біз көбіне қара нәсілді, испандық, қытайлар, жапондық, филипиндік модельдермен жұмыс істейміз. Одан бөлек, дүкен, журналдармен байланыс орнаттық. Алда бірлесіп атқаратын шаруа көп.
– Жеке брендпен косметика өнімдерін жасау идеясы Парижде болған бір айдың ішінде туындады ма?
– Иә. Парижде косметика жасаудың құпияларымен танысып қайтқан соң, осы ой маған маза бермей жүрді. Кейін бұл менің қолымнан келетін іс екеніне көзім жетті. Тауар белгісін бекітіп, алты ай бойы қажет құжаттарды рәсімдеумен болдым. Жалпы, алдағы уақытта макияж жасауды үйрететін мектеп ашқым келеді. Визажист болуға икемі бар жастарға бар білгенімді үйретсем деймін. Айтпақшы, алдыма келгендердің тек макияж жасауға ғана емес, өмір сүруге деген құлшынысын да арттырып жіберемін (күліп). Салонымнан шыққан соң олар өмірге деген құштарлығы артып, ұмтылысы ұлғая түскенін айтып, алғысын білдіріп, хабарлама жібереді. Мұндай кезде біреудің жүзіне қуаныш сыйлауға титтей де көмегім тигеніне қуанып қаламын.
– «Еңбек – адамның екінші анасы» деген мақал сіз секілді ерік-жігері мықты жандарға қарата айтылса керек.
– Жетістікке жалғыз талантпен жете алмайсың. Бәрін жеңетін – еңбек. Біздің әр күніміз күреске толы. Мұнда еңбек десе ерінбейтіндер ғана алға қадам басады. Көбі «Америкаға баю үшін барады» дейді. Мен мұнда байлық жию үшін келгенім жоқ. Құлқының тоймай жиған байлықты өзіңмен бірге о дүниеге алып кете алмайсың. Мұнда келгендегі мақсатым – әйелдердің қолынан барлығы келетінін көрсету. Нәзік болсақ та, біз бағындырмайтын белес, алмайтын асу жоқ. Біз бәріне лайықпыз. Дәл қазір мен есімімді әлемдік нарыққа шығаруды көздеймін. Мақтанғаным емес, бірақ мен оған лайықпын. Негізі, мен Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты ауылда дүниеге келгенмін. Бірақ кішкентай кезімде ата-анамның жұмыс бабымен алдымен Қостанайға, сосын елордамызға қоныс аудардық. Менің түп-тамырым тұтас ауылмен байланысты. Сондықтан ауылдан шыққан Әнел әлемдік нарықты бағындыруды қалайды. Сосын Қазақстанға оралып, үлкен салон ашуды жоспарлап отырмын. Оның ішінен жоғарыда айтып өткен оқу орталығын ашу ойым бар. Көбі «Америкаға бір бас сұққан соң, қайтпайды» деп ойлайтын шығар. Елдегі кәсібімді жемісті жүргізіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз отырған менің елге берерім мол. Нью-Йоркте бьюти индустрияның қағидаларымен танысып, құпиясын білген соң, астанамызда ашылатын орталықта қаракөз қыздарымызды жинап, оларға бар білгеніме үйретуді мақсат етіп отырмын.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ