50542
Ерлан Қарин: Қуғын-сүргінге ұшыраған 250 мыңнан астам адам ақталды
Ерлан Қарин: Қуғын-сүргінге ұшыраған 250 мыңнан астам адам ақталды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын қорытындылады.
Мемлекеттік хатшы «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында бұрын қуғын-сүргін мәселелерін зерделеу ісін әртүрлі ғалым, тіпті жекелеген ұжымдар белсенді түрде зерттеп келсе, қазір бұған үлкен академиялық және сарапшылық күш біріктірілгенін айтады. «Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарында 316 сарапшы-ғалым жұмыс істейді, олардың ішінде 261 адамға жабық архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұдан бөлек, бірыңғай формат бойынша әр өңірде жергілікті комиссиялардың жұмысы ұйымдастырылды. Олардың қатарында 500-ден астам адам бар. Екіншіден, іздестіру-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың нақты әдіснамасы жасалды. Қуғын-сүргін тарихын зерттеуге мұқият, жан-жақты қарау керек. Әрбір материал, әрбір іс архивтен алынып, жұртшылыққа жариялай салатын деректер жиынтығы емес. Бұл – жекелеген адамның немесе бір топ адамның тарихы. Оларды объективті бағалау үшін тек қана фактілерге негізделген ғылыми зерттеу қажет», – дейді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар ол бұл процестерге Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресурстары да бағытталғанын мәлімдеді. Ерлан Қариннің айтуынша, осыған дейін Бас прокуратура 2,4 миллионнан астам материалды, ҰҚК 1,5 мыңнан астам архив істері мен құжаттарды, ІІМ 5,3 мыңнан астам құжатты тексерген. Соның нәтижесінде прокуратура органдары жаңа деректерді анықтады және прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталған. Ақталғандардың негізгі бөлігі – жер аударылған және күштеп көшірілген азаматтар.
«ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы қуғын-сүргін кезеңіне қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрылады. Бұл бағытта ізденіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сондай-ақ Мемлекеттік комиссия публицистикалық қызметі де бір жолға қойылды. Мемлекеттік комиссия аясындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бекіту мақсатында тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтардың топтамасы жарық көрді. Қазір қуғын-сүргін жасауға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы ақпаратты қамтитын осындай екі жинақ шығарылды. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады және Мемлекеттік комиссия қызметінің академиялық қорын құрайды», – дейді Е.Қарин.
Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта мемлекеттік комиссияның деректер базасы жинақталатын және толықтырылып отыратын арнайы портал құрылмақ. Бұл порталда ақталған, бірақ көпшілікке белгісіз қазақстандықтар туралы бұған дейін бірізге түспеген, құпия емес материалдар мен деректер жарияланып, ғылыми тұрғыда жүйеленеді. Осылайша, қуғын-сүргін құрбандары туралы жалпыға қолжетімді ақпарат көзі қалыптасып, ол үнемі толықтырылып отырады.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы тиісті органдар мен мекемелер мемлекеттік комиссияның қорытындылары мен әзірлемелеріне сүйене отырып өз жұмысын жалғастыратынын айтты.
Ә.ІЗТІЛЕУ